Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кенді Алтайда жұмыс сапарымен жүр
Өркендеуге бастайтын өңіраралық форум
Өскемен Өскемен болғалы мұндай халықаралық ірі форумды екінші мәрте өткізіп отыр. Бұдан үш жыл бұрын халықаралық инвестициялық форум өтіп, оның жұмысына шетелдік ірі компаниялар, көрші мемлекеттердің өкілдері қатысып, көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде өзекті мәселелерді талқылаған. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысып, елімізде аталмыш саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Ал бұл жолғы форумның алатын орны мен салмағы басым болмаса кем емес. Ежелден достығы мен татулығы жарасқан қос мемлекеттің басшылары Н.Назарбаев пен Д.Медведев қатысатын форумда қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті, инвестиция мен инновацияны алға қарай бастыру жолдарын қарастыру, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамыту, басқа да маңызды салалардың Қазақстан мен Ресейде өркен жаю мәселелерін кеңінен талқылау және бірлескен меморандумдарға қол қою мәселелері қарастырылған. Қазақстан мен Ресей арасындағы VІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына Ресейдің барлық өлкелерінен және елімізден 800-ден астам адам қатысып, маңызды мәселелер бойынша келісімдерге қол қоймақ.
Өзендер өрнектеген Өскемен екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты тереңдете түсетін форумға жарты жылдан бері қызу әзірленді. Шынын айту керек, Елбасының қамқорлығы нәтижесінде облыс орталығына қыруар қаржы бөлінді. Форум өтетін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен “Шығыс Қазақстан өңірлік “Алтай” технологиялық паркі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі корпусын қайтадан жарақтандыруға Қазақстанның инновациялық қоры жүздеген миллион теңге қаржы бөлді. Қазір мұнда көп салалы инновациялық инфрақұрылым бойынша қызмет түрлері, 13 ғылыми-зерттеу лабораториялары, 7 инновациялық компания, бизнес-орталық, көрме залдары, арнайы жабдықталған дыбыс және бейнезалдар бар. Қысқасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Мүтәнов жетекшілік ететін жоғары оқу орны өңіраралық форумның ойдағыдай өтуіне жақсы әзірленген.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев форумға әзірлік барысын күн сайын дерлік қатаң бақылауға алды. “Театр киімілгіштен басталады” дегендей, әуе қақпасы – Өскемен әуежайы күрделі жөндеуден өтіп, ірі деңгейдегі қонақтарды қабылдайтын “VІP” зал құрылысы аяқталды. Әуежай алдындағы субұрқақтан атқылаған күміс су әркімді нұрға бөлегендей. Қала көшелеріне асфальт төселіп, тұрғын үйлер сырты әшекейленді. Апта сайын мекемелер мен ұжымдар сенбілікке қатысып, өз қалаларының көркем болуына үлес қосты. Қалада ірі нысандар құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, түсті металлургияның алыптары – “Қазцинк”, “Өскемен титан-магний комбинаты”, “Үлбі металлургия зауыты” акционерлік қоғамдарында ірі өндірістік қуаттар іске қосылмақ. Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп пен халықаралық “Нұрорда” мектебі де шәкірттердің күміс күлкісіне толды. Қала тұрғындарының есінде ұзақ уақыт қалатын Кенді Алтайда тұңғыш рет өткізілген халықаралық мүшәйра, жыршылардың жарысы үш бірдей мерекеге айналып, көпшіліктің еңсесін бір көтеріп тастады. Өңір басшысы Б.Сапарбаевтың елдің мәдениеті мен тілін құрметтеуге деген бастамасы қызу қолдау тапты. Абай және Пушкинге арналған ескерткіш асқақтап тұр. “Туған ел – алтын бесігім” акциясы бойынша әр аудан мен қала жетістіктері облыс орталығында тұрақты өте бастады.
Елбасы тұсауын кескен нысандар
Жексенбі күні сағат 17.00-де Елбасы Н.Назарбаев бастаған топ Абай ескерткіші асқақтап тұрған Республика алаңына келді. Бұл жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция генерал-майоры Қалмұханбет Қасымов күтіп тұрған. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қамқорлығы нәтижесінде бюджеттен бөлінген 232 миллион теңгеге 40 “УАЗ” және 30 “Шкода” көліктері тапсырылуы тиіс. Елбасы Н.Назарбаев полиция сақшыларымен амандасқан соң ішкі істер басқармасының бастығы Қ.Қасымовтан өңірдегі жағдаймен таныстыруды сұрады. Жол полициясы қызметкерлерінің жұмысына тұрғындардың наразылығы жиі естіледі. Құқық қорғау саласындағы реформамен танысқан боларсыздар. Демек, бұдан былай өздеріңіздің негізгі қызметтеріңіз – халықтың тыныш өмір сүруін қадағалап, қылмыстарды тез ашуға көңіл бөлсеңіздер, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан кейін облыс әкімі Б.Сапарбаев алдағы уақытта да ел тыныштығын сақтауға көңіл бөлетіндерін, жақын арада тағы 50 көлікке 52 миллион теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Елбасы ішкі істер басқармасының жол полициясы және патрульдік-кезекшілік қызметкерлерімен ескерткіш суретке түсті.
Өткен жылдың маусымында Елбасы Н.Назарбаев Кенді Алтайға келген сапарында “Қазцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Никола Поповичпен кездесу кезінде алып компанияның жұмыстарына жақсы баға беріп, балабақша және теннис корттарын салып беру жөніндегі ойын жеткізген. Артынша облыс әкімі Б.Сапарбаев пен “Қазцинктың” басшысы Никола Попович өзара уағдаластық шеңберінде жалпы құны бір жарым миллиард теңгеден асатын балабақша және алты теннис корттарын салып беру жөнінде меморандумға қол қойған. 30 тамызда екі құрылыстың іргетасы құйылды. Арада бір жыл өткенде “Балапан” бағдарламасы бойынша 280 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Мұндай бассейні мен қысқы бау-бақшасы бар балабақша елімізде санаулы ғана.
Елбасы Н.Назарбаевқа балабақша ерекше ұнады. Мемлекет басшысы бөбектерге амандық тілеп, балдырғандармен тілдесті. Бір сәби Елбасына қуыршақ сыйлады. Балабақшаның жан-жағында 12 ойын алаңдары, демалатын жер, басқа да орындар бар. Әдемі салынған ғимарат ішін аралап көрген Елбасы оның сапасына жоғары баға берді. Кәсіпорын басшысына берген уәделерінде тұрғаны үшін алғысын білдірді.
Төрт жабық, екі ашық теннис корттары еуропалық стандарт талабына сай салыныпты. Оның құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаржы кеткен. Тіпті көрермендердің жайлы орындықтарда тамашалау мүмкіндігі де назардан тыс қалмаған. Бұл теннис корты Алматыдағыдан да тамаша. Менің қызым Аделаида Аллахбердиева бірнеше жылдан бері үлкен тенниспен шұғылдануда. Жақын арада ол Швейцариядағы теннис академиясына оқуға аттанбақ. Демек, бұдан былай қазақстандық теннисшілер арасынан да мықты спортшылар шығатыны сөзсіз, деді Адалат қажы да сүйінішін жасыра алмай.
Сөз реті келгенде айта кету керек, шырайлы Шығыста спорттың бұқаралылығын арттыруда соңғы жылдары көп істер тындырылуда. Қазір өңірде 135 балалар спорт алаңы жұмыс істеп тұр. 106 жеткіншектер клубы бар, спортпен шұғылданатындар саны 129 мың адамнан асады. Өткен жылы Өскеменнің өзінде жиырмаға тарта спорт алаңдары іске қосылып, хоккей, футбол алаңдары пайдалануға берілді. Жақында ғана Жарма ауданында жасанды төсеніші бар футбол алаңы іске қосылды. Биылдың өзінде облыста 12 орта мектеп іске қосылмақ. Жалпы, отыз мектеп құрылысы жалғасуда. “ҮМЗ” және “Қазақмыс” компаниялары да таяуда осындай балабақша құрылысын өзара келісім бойынша салып бітірмек.
Көкжыралықтар қуанышы
Ойды ой қозғайды. Аспан түстес тікұшақ шалғайдағы Тарбағатай ауданына қарай бет алғанда ой құшағына берілдік. Әлі есімізде, бұдан 20 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 14 маусымында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында қуаты сегіз баллдан асатын күшті зілзала тіркелді. Бас-аяғы бірнеше минөтте төрт-бес ауданда он мыңнан астам тұрғын үй қирап, бір сәби шетінеп кетті. Ол кезде КСРО деген алып мемлекеттің қабырғасы сөгіліп, ыдыраудың алдында тұрған. Сондықтан болар, көрші Ресейден көмек болмады, өз күш-қуатымызды пайдалануға тура келді. Сол кезде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев арада төрт күннен кейін апат аймағына ұшып келіп, Зайсан қаласы мен Дайыр ауылында тұрғындармен жүздесті, сын сәтте көмек көрсетуге уәде берді. Бас-аяғы төрт жылда апат зардаптары толық жойылды. Енді, міне, елін сүйген, елі сүйген Елбасы тағы да Тарбағатай ауданына келіп, өзінің қамқорлығы арқасында бой көтерген тұрғын үйлердің кілтін тапсырып, тұрғындармен кездесуге асығуда.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған топ жиналғандармен амандасқан соң дәрігерлік амбулаторияны аралап шықты. Қазір Көкжыра ауылын тану оңайға соқпайды. Бұрынғы қираған үйлер келмеске кеткен. Жаңа жерде бой көтерген 210 тұрғын үй алыстан менмұндалайды. Дәрігерлік амбулаторияны құрылысшылар бас-аяғы екі айда салып бітірді. Іші-сырты әдемі, сапалы, жаңа өзіңіз көрдіңіз. Қазір мұнда 16 дәрігер қызмет етуде. Күніне 80 адам тексеруден өтеді. Сізге алғысымыз ерекше, деді Елбасына аға дәрігер Жөміш Биғазина. Жалпы алғанда облыс бойынша 52 елді мекенді су басып қалды. 64 көпір, 178 шақырым жол бұзылды. Бұл күндері 618 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тарбағатай ауданында 444 тұрғын үй салынбақ. Сонымен бірге, үш мектеп, төрт дәрігерлік амбулатория, пошта үйі, әкімдік ғимараты пайдалануға берілмек. Тасқын судан 23 мыңдай мал қырылды. Жылына екі пайыз ғана жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Мына тұрғын үйлер жанында су құбырлары тартылмақ, ағаш отырғызылады, – деп облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы жағдаймен таныстыра кетті.
– Табиғат апаттары Еуропада, Ресейде жиі қайталанып кетті. Ресейдегі жағдай қиын, қалың өрт басылар емес. Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы апаттан қаншама адамның қайтыс болғанын білесіздер. Ол жерде қазір жаңа ауыл бой көтерді. Сіздерге де 8 миллиард теңге қаржы бердік. Біздің қамқорлығымыздың нәтижесінде жаңа ауылдар бой көтеруде. Енді ынтымақпен жұмыс істеу керек. Мемлекеттің оңды-солды шаша беретін қаржысы жоқ. Бұдан былай мал өсіріп, пайдалы іспен шұғылдану керек, – деді Елбасы.
Еңбек Ері Қазыбек Демеубаев, тоғыз баланың анасы Күлзия Демеубаева, жеті баланың анасы Самал Шаймарданова Елбасына алғысын айтып, баталарын берді. Бұдан кейін Н.Назарбаев 85 жастағы Гүлнәз Омарованың жаңа пәтеріне кіріп, кейуанамен әңгімелесті. 7 бала, 22 немере, 15 шөберенің шуағына малынып отырған әже Елбасына алғысын айтып, Қазақстанның өсіп, өркендей беруін тіледі.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне сын сәтте халықпен бірге болып, қиындықтарды жеңіп шыққаны және іскерлігі мен біліктілігі үшін алғысын айтып, қолын қысты. Өскемен бір жылда керемет өзгерген, аудандарда көп өзгеріс бар, деді Елбасы. Сондай-ақ Президент Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен Көлік және коммуникациялар министрі Ә.Құсайыновқа да ризашылығын білдірді.
Келешегі кемел кешендер
Тарбағатай сапарынан кейін Елбасы Өскемен титан-магний комбинатына келді. Әр келген сайын Н.Назарбаев қанатты металл өндірушілермен кездесуді дәстүрге енгізген. Оның өзіндік себебі де бар. Нарықтың сонау өтпелі шағында аталмыш комбинат жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Елбасы еліміздегі титан өндірісін дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдады. Шығыс пен батыс облыстарда кеніштер құрылысы аяқталып, шикізат базасының берік қоры қалыптасты. Осы жолы Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметов жетекшілік ететін кәсіпорын титан кесектері және балқымалар өндірісі бойынша жаңа зауытты іске қоспақ. Қазір әлем бойынша аталмыш кәсіпорын титанның 14 пайызын шығаруда. Құрылысы үш жыл бұрын басталған жаңа зауыт жылына 11 мың тонна өнім өндірмек. Елбасы титан кеуегін өндірушілерге табыс тіледі.
Бұдан кейін Елбасы “Қазцинк” ЖШС-де болып, индустрияландыру картасы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жұмысымен танысты. Мыс қорытатын электролиз зауытының болашағы зор. Әдетте жаңа зауыт салынса қоршаған орта зиянды қалдықтармен бүлінеді деген ұғым қалыптасқан. Ал шын мәнінде күкіртті диоксидті ауаға тарату көлемі 13 мың тоннаға дейін кемімек. Алып кәсіпорын жүзеге асырып жатқан “Жаңа металлургия” жобасының құрылысы 783,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Демек, жаңадан 700 жұмыс орны ашылмақ. “Қазцинк” жауапкершілігі шектеулі секіртестігінің президенті Никола Попович алдағы уақытта да ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қоса беретіндіктерін, жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартуды басты назарда ұстайтынын, өңірге пайдалы әлеуметтік шараларды белсенді жүзеге асыра беретіндерін айтты. Сол күні Елбасы бастаған топ этноауылды аралап көрді. Этноауылдағы кездесуде бір қария Бердібек баламызды алып кетпеңізші, көп істер атқарып жатыр деп өтініш білдіргенде, Елбасы істегеніне бір жарым жыл енді болды, оған сенемін, оған көмектесу қажет деп ойын білдірді.
Форум бізге не береді?
Әрине бұл сауалдың көпшілікті толғандыратыны сөзсіз. Кенді Алтайдың экономикасы сауыға түсуде. Бір ғана мысал. Облыс бойынша ағымдағы жыл басынан бері 537 миллиард теңгенің өнімдері өндірілді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 22 жоба іске қосылды. Оларда мыңдаған адам жұмыс істемек. Биыл 12 жоба жүзеге аспақ. Бірінші маусымнан бастап күш беретін және бақылау кабельдері өндірісі бойынша цех өз жұмысын бастады. Қазақстанда кабель жасау жағы ақсап жатқаны белгілі. Форумға келген ресейліктер ғана емес, көрші облыстардағы кәсіпорындар да Өскемен кабельдерін тұтынса, ұтарымыз анық.
Жетінші өңіраралық форумның бірінші күнгі секциялық жұмысы аясында “Алтай” технопаркінің атшаптырым залында “Инновация мен технологияны дамыту және тұрғын үй-коммуналық шаруашылығын жетілдіру” деген тақырыпта көрме ұйымдастырылды. Онда Шығыс Қазақстан кәсіпорындарының бұйымдары қойылған. Көрмені Қазақстанның барлық облыстарынан және Ресейдің бірқатар өңірлерінен келген өңір басшылары, кәсіпорын жетекшілері тамашалады. Ара-арасында слайдтар көрсетіліп, суреттер мол мағлұматтар берді.
“Елімізде туризмді жетілдіру” деген тақырып бойынша отырыс қызықты өтті. Туризмнің Қазақстанда әлі күнге ақсап жатқаны белгілі. Түркия, Грекия, Алмания, Италия, Франция сияқты дамыған мемлекеттер туризмнен ғана жылына миллиардтаған доллар табады екен. Кенді Алтайда туризмді өркендетудің бағдарламасы жасалынған. Бірақ ол жемісін берер емес. Табиғаты тамаша Катонқарағай, Риддер, Зырян, басқа аудандарда шетелден келген қонақтарды қызықтырып ат спорты, альпинизм мен тау шыңдарына өрмелеуді іске асырса, пайдаға кенелетініміз рас.
Алғашқы күні бизнес-форум өтіп, оған министрліктердің, ведомстволардың, мемлекеттік институттардың, жоғары оқу орындарының жетекшілері қатысты. Қазақстан мен Ресейдегі жоғары оқу орындары білім берудің озық үлгілерін өздерінде жүзеге асыруды ниет еткен.
“Агроөнеркәсіп кешенін дамыту” секциясы жұмысын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Хасенов ашып, жүргізіп отырды. Онда Мал өнімдері корпорациясының атқарушы директоры Б.Күзембаев баяндама жасап, Кеден одағы бойынша нан өнімдерімен тиімді қамтамасыз етудің жолдарын айтып берді. Елімізде мал өсіру басым бағыт алса да ет пен сүтті, басқа тағам түрлерін алыс-жақын шетелдерден алатынымыз шындық. Ендеше бұл проблеманы шешетін мерзім жетті, дейді бизнес форумға қатысушылар. Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов Алтайдағы марал мен теңбіл бұғыны Ресейде өсетін тиімді марал тұқымымен алмастыру жөнінде ойын ортаға салды. Сонымен бірге күнбағыс өсірудегі проблемалар төңірегінде де пікір алмасулар болды. Биыл Қазақстанда егін шығымы жаман емес, ал көрші мемлекетте құрғақшылық салдарынан астық шығымы нашар. Ендеше астықпен көршілерімізді қамтамасыз ету жағын да ойластырған жөн.
Бүгін өңіраралық форум өз жұмысын жалғастырмақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.