07 Қыркүйек, 2010

Уақыт жаңа міндеттер жүктейді

470 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекеттік мәселе

Елбасы Н. Назарбаев үстіміздегі жылғы 17 тамызда “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Осынау көп тармақты маңызды шараларды жүзеге асыру Ақмола облысында да шұғыл қолға алынып отыр. Біз уақытпен үндес қадамның тірек тұтқалары мен қоғам күтер қайтарымдар туралы облыс прокуроры Болат АБДУЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Елімізде құқықтық мемлекетті қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды, жұмсалған қаржы мен білік-жігер де аз емес. Енді саланы реформалаудың жаңа кезеңі басталып отыр. Мұның мәнісі неде? – Бұл үдемелі даму үстіндегі мемлекеттің заңды қадамдарын айқындайды. Бұрын қабылданған шаралардың нәтижесінде жүйе осы заманғы жедел өзгерістерге бейімделе алды. Бірақ, уақыт жаңа міндеттер жүктеуде. Ол бірнеше бағыттағы олқылықтардан көрініс беруде. Құқық қорғау органдарының басқару жүйесі үлкейтілгенімен, қызметтің нақты айқындығының болмауы қайталаушылыққа, бағалау өлшемдеріндегі шатасушылыққа ұрындырды. Мұндай жағдайда қалыпты арна мен ырғақ бұзылатыны белгілі. Елбасы Н. Назарбаев кеңестегі сөзінде “Үстіміздегі жылы Президент Әкімшілігіне түскен азаматтардың хат-хабарларының үштен бірі құқық қорғау органдары мен соттардың іс-әрекеттеріне шағымдар болған” деуі сондықтан. Демек, реформаның негізгі мәні мен қозғаушы күші халықтың құқық қорғау жүйесіне, осы арқылы тұтастай мемлекеттік билікке сенімін нығайтуды мақсат санайды. Ел ішіндегі пікір – алға басуымыздың құбылнамасы. Облыстың құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратураға түсіп жатқан ұсыныс-тілектер жаңа реформаның пісіп-жетілгенін дәлелдейді. Елбасы Жарлығы жарияланысымен, заңдар мен қолданыстағы актілерге өзгерістер енгізуді күтпей-ақ жұмыс­тың жаңа сипатта жанданғаны байқалады. – Кез келген реформаның уақыт сынына төтеп беруі ұйымдық шаралардың бекемдігі мен босаң­ды­ғына байланысты екендігі анық. Әйт­кенмен, нақты істің, қызмет ауқымының, аумақ­та­ғы криминогендік жағдайдың қалыптасқан бағамы шұғыл өзгерістерге бастайтыны да анық. Бұл дұрыс қой. – Әрине. Президент алға қойған басты алты міндет іс-тәжірибедегі кемшіліктерді жою­ды, қызмет бағытын жаңа арнаға бұруды көз­дей­ді. Арнайы комиссияның байлам қорытын­дылары да криминогендік жағдайды мұқият зерттеуден туындап отыр. Ақмола облысында 2005-2008 жылдар ара­лығында тіркелген қылмыстардың жалпы саны 7400-ден 6000-ға дейін азайса, соңғы екі жылда оның өсуі байқалады. Былтыр ол 6234 болса, биылғы жеті айда ғана 4209-ға жетті. Ауыр қыл­мыстар саны айтарлықтай кеміді. Бірақ, үстіміздегі жылғы 7 айда жалпы қылмыстың саны 17,7 пайызға артқанын көреміз. Бұл ретте мынадай жағдайға назар салу керек. Тіркелген істердің 50 пайызы орта және одан төмен дәре­жедегі қылмыстарға жатады. Ішкі істер орган­дарының ұсақ қылмыстарды белсенді түрде тіркеуге алуынан 7 айдың көрсеткіші 2009 жыл­дың сәйкес мерзіміндегіден 213 қылмысқа кө­бей­ді. Сондай-ақ, адам өміріне қауіп төндір­мей­тін әрекеттер барысында жасалған ұрлық, барымташылық, есірткі айналымы, жасөспі­рім­дер мен кәмелетке толмағандар арасындағы және алкогольді ішімдік салдарынан жасалған қылмыстар саны артып келеді. Былтыр анықталған 5074 қылмыстың 70 пайыздан астамы жұмыссыздар, ал 10 пайызы мектеп, лицей, гимназия және колледж оқу­шы­ла­рының қолымен жасалған. Жағдай биыл да жақсара қойған жоқ. Әйелдер арасындағы қыл­мыс былтыр 508 болса, биылғы жеті айда ғана 379 қылмыс тіркелді. Сондай-ақ, аталған тәртіп бұзушылықтардың қайталану сипаты алаң­да­тады. Елбасының “Жергілікті атқару органдары (әкімдіктер) реформадан тыс қалмайды, оларға құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық тәртібін қамтамасыз ету жөнінде жоғары жауап­кершілік жүктеледі”, деуі сондықтан. Құқық қорғау органдары бұл ретте өзінің басты міндетін күшейтуде жергілікті билік, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері және қоғамдық ұйымдар тарапынан болатын қолдауды тиімді пайдаланатыны даусыз. – Болат Қасымұлы, сіз Көкшетау тұрғын­да­рының тең жартысы погонда жүретіндей әсер­ге бөленбейсіз бе? Соған қарамастан, кей ретте көмектің шұғыл жетпейтіні, тиісті қызметкердің есігіндегі кезектің азаймайтыны, арыз-шағым­дардың ұзақ қаралатыны неліктен? – Реформаның қажеттілігі де осында. Елбасы оны құқық қорғау жүйесін беймили­та­ризациялаудан бастау қажеттігін атап көр­сет­ті. Яғни, погонды тиісті ведомстволарда негізгі функцияларды атқаратын адамдар ғана тағатын болады. Бұл құқық қорғау қызметін, бірінші кезекте ішкі істер органдарын қосалқы жұ­мыстардан босатады. Мынадай талдау жасайық. Облыс аума­ғын­дағы үш қалада медициналық айықтырғыш бар. Өткен жылы оларға 14300 адам алып келінсе, биыл жеті мыңға жақындап қалды. Оның үс­ті­не, облыс бойынша 16 мың адам нарколо­гия­лық диспансер есебінде тұрады. Бұлардың 14,5 мыңы маскүнемдер, 2500-і әйелдер, жүзден астамы жасөспірімдер мен балалар. Соған қа­ра­мастан, облыс аумағында жалғыз арнайы ма­мандандырылған емдеу-алдын алу мекемесі жұмыс істейді. Ішімдікке салынушылардың криминогендік ортаға кірігу бейімділігін ескеріп және қоғамның жалпы саламаттығын қамтамсыз ету мақсатында бұл кеселден зардап шегушілерге медициналық көмек көрсетуде салмақты шаралар атқарылуы керек. Оларды орналастыру, жағдай жасау, ем-шараның тиімді тәсілдерін қолдану бағытындағы жұмыс күшейтіледі. Сондықтан, медициналық айықтырғыштарды денсаулық сақтау саласына өткізу дұрыс шешім болып табылады. – Елбасының “Реформаның шешуші мәсе­лелерінің бірі құқық қорғау органдарының құ­зы­ретін айқын шектеу және оларды сай емес қыз­меттерден босату, қылмыстық істерді тергеу жүйесін оңтайландыру және құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру болып та­былады” деуі жаңағы сұраққа берілген жауапты кеңейте түседі. Бұл сонымен бірге құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің жауапкершілігін артты­рып, беделін көтеретіні анық. Ол қандай жағдайлардан көрініс береді? – Құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік саясат әлемдік сұраныстарға сай болуы керек. Еліміз реформаның жаңа кезеңіне өзіндік дай­ындықпен келіп отыр. Оңтайландыру, ең алды­мен, кадрға қойылатын талапты күшейтеді және бізге жүктелген міндеттерді нақты атқа­ру­ға жол ашады. Жоғарыда медициналық айық­тырғыштар жөнінде айттым. Президент Жарлығындағы өзге де өзгерістер туралы қайта­лап жатпайын. Бұл қадам жұртшылық көңілінен шықты. Өйткені, құқықтық сала халыққа барынша жақындай түсті, өзара байланыс та нығаяды. Бедел дегеніңіз осы. Әрине, оның көптеген басқа да талаптары бар. Жарлықтағы ұйымдық шаралар, оны мүлтіксіз жүзеге асыру, ішкі тәртіптің мінсіздігін қамтамасыз ету оны сөз жоқ күшейте түседі. – Жарлықта атқарушы билікке, қоғамдық ұйымдарға, әлеуметтік салаға салмақты міндеттер жүк­тел­ген. Ортақ істен тиісті қайтарым болуы үшін облысымызда не істелуі қажет? – Қылмыстық саясатты ізгі­лен­діруді алып қарайық. Оның көптеген құрамы әкімшілік шара жауап­кершілігін арттырудан көрі­ніс бермек. Мысал ретінде бос­тан­дық­тан айырмай-ақ, айыппұл, қоғамдық жұ­мыс­тар шеңберін кеңейту арқылы бостандықты шектеу мәселесін айтуға болады. Облыс сот­та­ры 2009 жылы 69 адамды қоғамдық жұмыс­тар­ға тарту жөнінде үкім кессе, оны өзге ай­мақ­тардан келгендерді қосқанда 145 адам өте­ген. Үстіміздегі жылы ол сәйкесінше 53 және 98 адам болып отыр. Түскен кіріс былтыр 1 миллион 58 мың теңгені құраса, биыл 333 мың теңгенің айналасында. Жарлықтың қабыл­да­нуы­на байланысты мұндай жаза жиі қолда­ны­лады деп күтілуде. Демек, жергілікті атқарушы билік сотталғандарды орналастыру нысандарын анықтағанда еңбек тиімділігін арттыру арқылы бюджетке нақты түсімдер көлемін еселеуді де ойластыруы қажет. Қазіргі күні әкімшілік түріндегі тұтқындар стандарттардың төменгі шегіне де жауап бермейтін қарабайыр бөлме­лер­де, ішкі істер бөлімдерінің уақытша оқшау­лау ғимараттарында ұсталуда. Әділет орган­дарының жергілікті құрылымдары атқарушы билікпен бірлесіп көптеген жұмыс жасауы керек. Бұған құрылыс, қаржы құйылымдарын жатқызуға болады. Атқарушы билікке қылмыстық жазасын өтегендер мен шартты түрде мерзімінен бұрын бос­атылғандарды әлеуметтік оңалту міндеті берілгендіктен, бұл бағытта да ауқымды жұ­мыс­тар атқарылуы тиіс. Облыста 2009 жылы 155 адам жаза мерзімін аяқтаса, 95 кісі қыл­мыс­тық жазадан мерзімінен бұрын босатылды. Биылғы 6 айдағы көрсеткіш сәйкесінше 172 және 376-ны құрады. Өткен жылы соларды 33-і, биыл 26-сы ғана еңбекпен қамту бөлімдері ар­қылы жұмысқа орналастырылған. Бұл әкімшіліктердегі кеңестердің жұмыс істемегенін байқатады. Ал Ерейментау, Қорғалжын аудан­да­рында ондай ұйым құрылмаған. Жақсы, Есіл, Сандықтау аудандарындағы комиссиялардың жұмыс жоспары жоқ, оның көптеген мүшесі баяғыда басқа жақтарға көшіп кеткені анық­тал­ды. Прокуратура барлық әкімдерге ескерт­пе-ұсыныс жолдады. Мұның салдары жұмыс­сыз­дықты өрістетіп, қылмыстың қайта жаса­луы­на алып келуде. Алдағы кезде заңды талап­тардың қатаң сақталуы қамтамасыз етілумен қоса, қылмыстық және әкімшілік жазасын өтеген азаматтарды жұмысқа орналастыру квота­сын көбейту қажет. Осы бағыттағы істер күзет қызметін бәсе­ке­лестік ортаға беру, бизнес қызметін жандан­ды­ру арқылы инвестициялық тартымдылықты арттыру, экономикалық және сыбайластық қылмыстарға қарсы күресті күшейту, құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің жауап­кер­ші­лігін қатаң бақылауда ұстаудан өркенді өріс алады. Прокуратура органдарының құқық қор­ғау жүйесінің қызметін үйлестірудегі рөлі бұ­рынғыдан да күшейтілетіні даусыз. Сөз соңын­да азаматтардың ұсыныс-тілектері мен шағым­дарына барынша мұқият қарап, тұрғындармен ара-қатынасты мейлінше жақындата түсу, толғақты мәселелерді дер кезінде әрі әділ шешу арқылы жұртшылық сенімін қалыптастыру абыройлы міндет екендігін айтқым келеді. — Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.