ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы өтетін кезекті 19-сессиясында 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы қарар қабылданғаны белгілі. Одан кейін ол ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде қолдау тауып, Саммит Астанада өтетін болып шешілді. Қазақстан тарапынан төрағалық еткен жартыжылдық уақыт аралығында істелген жұмыстар мүше мемлекеттердің оң бағасына ие болды. Саммиттің өтуі де осы жартыжылдықтағы істердің барысына байланысты болды десек, артық айтқандық емес.
Соңғы рет түрік жерінде өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммитінен бері 11 жыл өте шығыпты. Алайда осы уақыт аралығында қордаланған проблемалар жетерлік. Әлемде бірқатар сындарлы оқиғалар орын алып, оның соңы саяси-экономикалық ахуалдың өзгеруіне алып келді. Олардың шешіміне жеткілікті ықпал ете алмаған Ұйым соңғы жылдары жекелеген елдердің жергілікті проблемаларына араласа бастағаны мәлім. Оның арты бір-бірін кінәлауға, “қос стандарттар” туралы ауыр сөздерге ұласып жатты. Міне, Ұйым еліміз төрағалықты қолына алғаннан кейін осындай ыңғайсыз жағдайдан шығып, бейпіл әңгімелер сап тыйылғандай болды. ЕҚЫҰ төрағалығында бірқатар іс-шаралар өткізіліп, туындаған проблемалардың шешімі қарастырыла бастады.
ЕҚЫҰ Саммитін биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өткізу туралы шешім шығарылғанына байланысты жасаған мәлімдемесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммиті стратегиялық бағыттар мен ЕҚЫҰ дамуының “жол картасын” белгілеп беруді көздейді деп ерекше атап өтті. Бұл – Ұйымның ары қарай қандай бағытпен жүрерін айқындап алу деген сөз. “Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы шешімнің тарихи күнге сәйкес келуінің терең символикалық мәні бар деп есептеймін. Осыдан 35 жыл бұрын, 1975 жылдың 1 тамызында Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылды. Жоғары дәрежелі кездесудің біздің Ұйымды қазіргі өмір шындығына бейімдеуге жағдай жасайтынына сенімім мол”, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы ретте еліміз Ұйым төрағасы ретінде жаңа қауіп-қатерлерге, әсіресе, лаңкестік пен есірткі тасымалына қарсы күресті күшейтуге, ол үшін Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға күш салып отыр. Осылайша Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Еуратлантикалық және Еуразиялық кеңістігінде туындаған қатерлеріне тосқауыл қою мақсатында Ұйым жұмысын айтарлықтай жетілдіре түсуге күш салуда. “Біз үшін біздің қоғамымыздың толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтарын паш етудің таңғажайып мүмкіндігі тұр”, дей келе, Н.Назарбаев Қазақстанның әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар екендігін де анық байқатты.
Жаһандану заманында Еуропа құрлығындағы елдер өз қауіпсіздіктері мен тұрақтылықтарын өздері шешіп ала алмайтынына анық көз жеткізіп отыр. Бір кездері кәрі құрлықта көміршілер мен теміршілердің мүддесін қорғау үшін құрылған Ұйым қазір әлемдік сипатқа ие. Сондықтан да Еуропа, Америка және өзге құрлықтағы елдер ЕҚЫҰ-дан үлкен үміт күтеді. Астанада өткен ЕҚЫҰ ПА-ның 17-сессиясында ПА төрағасы Йоран Леннмаркер былай деген-ді: “Мен 2010 жылды тағатсызданып күтіп жүрмін, өйткені Қазақстан төрағалығы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыстарды күшейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ осы ықпалды да үлкен елде ашықтық пен демократияны нығайтады”. Әрине, төрағаның бұл шынайы лебізін біз ерекше ықыласпен қабыл алдық. Осы ретте Еуропа елдерінің энергетикалық қауіпсіздікке жауап бере алатын Ресеймен және Орталық Азия елдерімен стратегиялық әріптестікке ынталы екендігін де байқау қиын емес. Оны еуропалықтардың өздері де жасырмайды. Егер 2009 жылғы көрсеткішке көз салсақ, онда Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 40 пайызы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі екенін көреміз. Яғни, былтыр сауда-саттық 29 миллиард АҚШ долларына жеткен. Энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда еуропалық елдер Батыс пен Шығыстың арасына көпір сала алатын Қазақстанға үлкен үміт артады.
Осы орайда тұрақсыздық жайлаған Ауғанстанда миллиардтаған долларға бағаланатын жерасты қазба байлықтары бар екендігі бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болып отыр. Мұншалықты иен байлық сол ел халқынының игілігіне жұмсалуы керек болса, алдымен тұрақтылық орнату қажет. Міне, осы бағытта еліміз бірқатар іс-шараларды қолға алып, айтарлықтай көмек көрсетті. Төраға ретінде Ауғанстанда бейбіт өмір қалыптастыру мақсатында бірқатар бастамаларға мұрындық болды. Сондай-ақ көршілес Қырғызстанға гуманитарлық жәрдем қолын созды. Бұдан басқа 1 миллиард АҚШ долларындай донорлық көмекке қол жеткізуге ықпал етті. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген еліміз халықаралық ұйымдар мен ірі мемлекеттермен иық біріктіре әрекет етуде.
Ұйым халықтың жағдайын жақсартуға, адам құқының жан-жақты қорғалуына, әділдік пен ізгілікке құрылған қоғам орнатуға және билік пен халық арасын жақындатуға бағытталған стандарттар қалыптастыратын институт ретінде де қызмет ете алады. Сайлаулар барысына байқаушы болып келе жатқан ЕҚЫҰ халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға қажетті ұсыныстар мен стандарттар әзірлеу бағытында айтарлықтай әлеуетке ие. Мәселен, “Нью-Йорк Таймс” газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы елшісі Уильям Кортни былай депті: “Қазақстан – тәуелсіздік алған сәтінен бастап өзінің даму бағытында көптеген сәтті қадамдар жасаған мемлекет. Ал енді Қазақстан басқарған жылы ЕҚЫҰ-ның жемісті қызмет атқаруы – беделді мемлекеттердің оның бастамаларын қолдауына тікелей байланысты”.
АҚШ-тың Халықаралық және стратегиялық зерттеулер орталығында өткен “2010 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммиті қажеттігін бағалау” атты дөңгелек үстелде сарапшылар мұндай шараның қажеттігін ерекше атап көрсеткен. ЕҚЫҰ өз жауапкершілігі шеңберінде сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі өзінің міндетін толық атқара алмайды және дағдарыс жағдайында тұр. Ол тек Балқан мен Кавказға ғана байланысты емес, сонымен бірге, Орталық Азиядағы, әсіресе соңғы кездегі Қырғызстандағы оқиғалардан да байқалуда дейді. Осы ретте сарапшылар ЕҚЫҰ-ны НАТО, ҰҚШҰ және ШЫҰ кірмейтін, яғни “қауіпсіздігі күңгірт аймақтардағы” елдердің проблемаларын шешуде үлкен әлеуетке ие, ерекше тетік ретінде бағалайды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен вице-президент Джо Байденнің сөздерімен айтқанда, Ұйым еуразиялық және еуратлантикалық кеңістіктегі барлық қауіпсіздіктің архитектурасын нығайтушы және толықтырушы іргетас болып табылады. Шынында да қазір еліміз Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жайын, Ресей мен Грузия арасындағы Оңтүстік Осетия мәселесін, Молдова мен ешкім әлі мойындай қоймаған Приднестровье проблемасын қарастыруға күш салып отыр.
Брюссельде өткен ЕҚЫҰ мен ЕО-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Ұйымның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев: “Бүгін Еуропа қауіпсіздігі тұжырымдамасы еуропалық құрлық шеңберінен алыс кетіп, Еуразияның үлкен кеңістігін өзіне қосып отыр. Егер біз өзіміздің ортақ қауіпсіздік проблемаларымызды шешкіміз келсе, онда Еуразия мен Еуратлантика аймақтарындағы мемлекеттерді біріктіретін қауіпсіздік жөніндегі жалғыз аймақтық ұйым – ЕҚЫҰ мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ұмтылыс танытуға тиіспіз, өйткені, бұл жәйт үлкен маңызға ие”, деген болатын. Самитте болашақ еуропалық қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстанды қалпына келтіру және толеранттылық қағидаларын ынталандыру басты тақырыптардың біріне айналатыны да белгілі болып қалды. Қазіргі кезде бұл тақырыптардың бағыты мен бағдары кеңіп, пысықталу үстінде.
Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін өткізу арқылы аймақтарда туындаған проблемалар айналасындағы жел сөздерді сейілтіп, Ұйымның жұмысын қазіргі өмір шындығына бейімдеуді және нақты істермен айшықтауды мақсат тұтуда. Мәселен, шағын мемлекет – Ауғанстан Еуразия кеңістігіне ғана емес, сонымен қатар, Еуратлантика кеңістігіне де өзінің салқынын тигізіп отырғанын жасырудың жөні жоқ. Жер шарындағы туындаған тұрақсыздық пен қауіп-қатерлер қиырдағы үлкен державалардың өзіне де қауіп төндіруі мүмкіндігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан кішігірім елдердің проблемасына ешкім де бей-жай қарай алмайды. Басқаша айтқанда, бос кеңістік ешқашан “бос жатпақ емес”.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жұмысының жандануына байланысты бірқатар алып елдер осы Ұйым аясында өз бағыттары мен мүдделерін айқындай бастады. Олай болса, Ұйым беделіне нұқсан келтірмеу үшін оның мінберін жеке мемлекеттер мен топтардың ықпал ету тетігіне айналдырмау төраға елге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.