08 Қыркүйек, 2010

Аралдың табанынан су кеткенмен, жұртының жүрегінен жыр кеткен жоқ

1776 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Мен Аралға кө­мек­тесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын” деген сөзі барша аралдықтардың жүрегіне мәңгілікке жазылып қалған десек, асыра айт­қандығымыз болмас. Елбасы айтса айтқандай, күні кеше келмеске кетіп бара жатқан Арал теңізінің ор­нына Кіші Арал келіп, арал­дық­тардың ахуалы жақсара түсті. Ақ ша­ғалалар қаңқыл қағып, сары сазандар мен ақ тырналар тіршілік тыныстарын кеңейтті. Кезінде үдере көшкен аралдықтар туған топы­рақ­тарына қайта келіп, теңіз төс­кей­ін­дегі қайықтарының ақ желкен­де­рін қайта көре бастады. Әңгіменің ашығын айтар болсақ, тікелей Ел­басының нұсқауымен Кіші Аралды сақтап қалу жөніндегі ғаламат жобаның жүзеге асырылуы ел-халықтың еңселерін қайта тіктеу­леріне бірден бір себепші болды. Аралдықтардың осындай шат-шадыман тыныс-тіршіліктерін жыл сайын дүйім жұртқа жеткізуді мұрат тұтқан облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың бастамасымен Арал күндері өткізілетін болды. Күні кешегі мереке – Арал аймағы халқының шаттық бастауы болды. Екі күнге созылған Арал күндері мерекесінде шаңқылдап шағалалар ұшты, күмбірлеп күй төгілді, сың­ғырлата ән салынып, сыл­қылдай би биленді. Арал күндері мерекесі Қамбаш көлінің жаға­сын­да бастау алды, яғни осы көл жағасында болашақта бой көтерер демалыс ор­нының жо­басының тұ­сауы кесілді. Алма­ты­лық “Ур­бостиль” ЖШС ди­рек­­торы Л.Ны­сан­баева сол жоба нұсқа­сы­мен жан-жақты таныстырды. Осы күні кешкілік Арал қаласының орталық ала­ңы­на жиналған халық­тан жер қайысты. “Арал – адам­зат­тың ақ желкені” атты шара ашылар ал­дын­да қойылған театрлан­дырған көріністе “Аралым – анам келе жа­тыр” деген көпшілік даусы құлақ тұн­дыр­ды. Теңіз төс­кейіндегі кеме­ден түскен капитан облыс әкі­мі­не қайта орал­ған теңіз қайы­ғы­ның ес­кегін табыс етті. Арал аймағы – айтулы жер. Бұл аймақта кезінде 16 Еңбек Ері өмірге келсе, Нұртуған, Нұр­ма­ғанбет, Жа­ңа­берген, Дәріқұл, Жап­парберді сын­ды от ауызды, орақ тіл­ді шай­ыр­­лар мен Зейнолла Шү­кіров, Әбді­жә­міл Нұрпейісов сынды ақын-жа­зу­шылар, Темірхан, Набат, Құдай­бер­­ген сияқты өнер саңлақ­тары туып-өсіп, өркен жайған. Облыс әкімі Елбасының Арал аймағына жасап жатқан қамқор­лы­ғына ерекше тоқталды. Прези­дент­тің бастамасынан бастау алған САРАТС жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталып, Кіші Аралдың су кө­лемі 27 млрд. текше метрге жетті. Ке­зінде кеуіп қалған 70 көлдің 30-ы қалпына келіп, 14 түрлі балық ау­ланып жатыр. Бүгінде 2 мыңнан астам адам өздерінің ата кәсіптері – балықшылыққа бел шеше, білек түре кірісіп кеткен. Б.Қуандықов аудан азаматта­ры­на облыстың “Құрмет грамотасы” мен “Алғыс хаттарын” табыс етсе, аудан әкімі Н.Мұсабаев “Арал ау­да­нының құрметті азаматтары” төс­белгілерін – жазушы Бегімбай Ұзақбаев пен арда­гер-заңгер Иман­ғали Сейітовке тақты. Мұнан соң алаңға жиналған қа­рақұрым халық Тұрмағанбет атын­дағы ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлерге құлақ құрыштарын қандырды. Мерекенің екінші күні А.Бай­тұр­­сынов көшесінің бойында футбол және ойын алаңдары аш­ыл­ды. Одан соң жаңа спорттық-сау­ық­тыру ке­ше­нінде акробатикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Дәри Құтты­мұ­ратов атындағы еркін күрес турнирі өтті. Екі күнге созылған мереке соңы “Арал – болашақтың бойтұмары” га­ла-концертімен мәреге жетті. Айт­қандай, “Аралым – айдын шал­қа­рым” атты жазба ақындар мүшәй­ра­сы мен айтыс ақындарының сөз тартысында Назгүл Бердіқожа бас жүлдені ием­денсе, айтыскер ақын Айдос Рахметов темір тұлпарды тақымына басты. Сал­танат соңында Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, ақын Қадыр Мырза Әли өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді. Бұл мақаланың тақырыбын жоғарыдағыдай етіп айқайлатып қоюда бір негіз бар. Заманында те­ңіз суы тартылып, аралдықтар аб­ыр­­жып қалғанда тума талант, мар­­­­құм Бекұзақ Тәңірбергенов осылай деп өмірден өтіп еді. Енді, міне, жыр да, су да Аралға оралды. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы, Арал қаласы.