Көрмеде көретін дүниелер көп
Газетіміздің кешегі санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кенді Алтайға жұмыс сапары аясында бірқатар өнеркәсіп кешендерінде болып, көктемде су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданы тұрғындарымен кездесіп, жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үйлерді өз көзімен көргені жайлы хабарлағанбыз. 7 қыркүйекте өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын жалғастырды. Дүйсенбі күні іңір қараңғысы қоюлана бергенде Өскеменге Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев ұшып келді. Оны әуежайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев қарсы алды.
Сейсенбіде таңертең қос елдің президенттері Н.Назарбаев пен Д.Медведев бастаған топ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бас корпусына атбасын тіреді. Бұл жерде жоғары оқу орнының студенттері, университет ректоры Ғ.Мүтәнов, форумның құрметті қонақтары күтіп тұрды. Н.Назарбаев пен Д.Медведев жастармен амандық-саулықтан соң оларға қолтаңба берді. Сосын бірінші қабатта орналасқан қос елдің өнеркәсіп кешендерін, мәдени саладағы жетістіктері көрмесін тамашалады. Содан кейін қос Президент “Алтай” технологиялық паркіндегі “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инновациялық технологиялар” атты көрмені қызықтады. Бұл көрмені Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық істері агенттігі, Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитеті, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы акционерлік қоғамы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған. Көрмеге қойылған құнды жәдігерлер, осы саладағы жаңа қондырғылар мен жабдықтарды екі елдің мемлекет басшылары қызыға көрді. Дәл осы жерде Дмитрий Медведев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына қарап: “Екі елде де тұрғын үй-коммуналдық саласы реформаны қажет етеді, біз ертеңгі күні жаңалықтарды бірігіп батыл енгізуіміз қажет”, – деді.
Тек Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, еліміздегі басқа аймақтарда енгізіліп жатқан жаңа техникалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тиімді әдіс-тәсілдер жайлы пайдалы мағлұматтарды осы жерден алуға болады. Еліміздің батыс облыстарындағы газ-мұнай өндірудегі инновациялық жетістіктер де көрменің көрнекті жерінен орын алған.
“Тұрақты даму және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық” форумы Өскеменде неліктен өткізіліп отыр? Себебі, бұл өңірде ынтымақтастықты дамытуға қажетті мол мүмкіндіктер бар. “Токамак”, “Бейбіт атом” сияқты экономикалық және гуманитарлық жобалар баяғыдан жүзеге асып келеді. “Алтай – біздің ортақ үйіміз” атты ұйым оншақты жылдан бері өз жұмысын жандандыруда. Оның мақсаты Қазақтан, Ресей және Моңғолия мемлекеттері арасында сауда-экономикалық байланыстарды жақсарту, әр елдің әдет-ғұрпын, салтын сақтау, ұлттық мәдениетті жаңғырту болып табылады. Оның үстіне шығыс өңірінде славян ұлты өкілдерінің тығыз орналасқаны да форумның өтуіне түрткі болар жайлар.
“Алтай” технопаркінде орналасқан көрмеден мол мағлұматтар аласыз. Қазақстан мен Ресей кәсіпорындарының өңіраралық ынтымақтастығын дамыту, инвестициялық және инновациялық саясат саласындағы өзара байланысты нығайту, екі мемлекеттің іскерлік және қоғамдық құрылымдарына жан-жақты қолдау көрсету, басқа да мәселелер жайлы кітапшалар, түрлі-түсті суреттер алыстан менмұндалайды. Қос мемлекет басшыларының қатысуымен түске таман форум өз жұмысын бастады.
Ықпалдастық — ілгерілеу кепілі
Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды.
– Құрметті Дмитрий Анатольевич! Ресей мен Қазақстаннан келген қонақтар, сіздерді Шығыс Қазақстанға, Өскеменге келулеріңізбен құттықтаймын. Ресей мен Қазақстанның шекаралас облыстары басшыларының бірінші форумы 2003 жылғы сәуірде, екіншісі – 2005 жылғы мамырда Челябіде, үшіншісі – 2006 жылдың қазанында Орал қаласында, төртіншісі – 2007 жылғы қазанда Новосібірде, бесіншісі – 2008 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде, ал алтыншысы былтыр Орынборда өтті. Ежелден достығы мен татулығы, ынтымағы жарасқан екі ел арасындағы форум аясында қол жеткен келісімдер бірнеше ірі өңіраралық бағдарламаларға серпін беріп, көлік қатынасына, кедендік салаға, шекаралық бақылауға қатысты бірқатар мәселелердің жеделдете қаралуына ықпал жасады. Бұл форумның жұмысынан да нәтиже күтеміз. Үстіміздегі жылдың алты айында екі ел арасындағы сауда айналымы 8 миллиард АҚШ долларына жетіп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 40 пайызға артқан. Кешелі-бүгін өңіраралық 27 ірі келісімге қол қойылмақ. Олар ғылым мен инновацияны, атом энергетикасын, өнеркәсіпті, туристік саланы, көлік инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіп кешенін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мәселелеріне арналған, – деді Елбасы.
Сауда-экономикалық байланыс екі жақты ынтымақтастықтың маңызды аспектісі болып табылады. Ресей Қазақстанның сауда саласындағы ең ірі әріптесі екенін екінің бірі біледі. Бір ғана мысал. Қазір екі жақты сауда айналымының үлесі Қазақстанның сыртқы сауда айналымы көлемінің 18 пайыздан астамын құрап отыр. Бүгінгі таңда қазақстандық мұнайды экспортқа шығарушы негізгі қолданыстағы маршруттар қатарына Атырау-Самара және Каспий құбыр консорциумы, Атасу-Алашаңқай құбыры мен Ақтау порты кіреді. “Атырау-Самара” мұнай құбыры қолданыстағы экспорттық маршруттардың ірісі, одан әрі еліміздің мұнайы “Транснефть” жүйесі арқылы Одесса, Приморск, Новороссийск порттарына, “Достық” жүйесі арқылы Солтүстік-Батыс, Орталық және Шығыс Еуропа рыноктарына жол тартпақ. Өткен жылдың қараша айында тараптар табиғи уран, байытылған уран өндіру жөніндегі бірлескен жобаларды бастады. Қазақстан аумағында атом энергетикасы нысандарын жобалау және салу арқылы атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану бағытында Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын іске асырудың қосымша шаралары жөніндегі “Жол картасы” қабылданып отыр. Осы орайда Елбасы Өскемендегі “Алтай” технопаркіне жобаларын ұсынғысы келетіндерге есіктің ашық екенін ескерте кетті. Индустриялық-инновациялық жобалардың жыл сайын көбейіп келе жатқаны да назардан тыс қалған жоқ. Қазір 142 жаңа кәсіпорынның ашылғаны, олардың 5 миллиард АҚШ доллары өнімдерін шығаратыны, алдағы уақытта да жаңадан 40 ірі кәсіпорын ашылатыны, 25 миллиард АҚШ долларының өнімдері шығатыны жайлы деректер келтірілді.
Бұдан кейін Елбасы көлік және жол инфрақұрылымын дамыту жайлы ойларын ортаға салды. Қазақстан бүгіндері 2700 шақырым болатын халықаралық жол құрылысын салуда, ол келер жылы аяқталмақ. Бұдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Алтай өлкесіне Риддер қаласы арқылы төте жолды біз аяқтағанбыз, ал көршілер өздері салуға тиесілі бірнеше шақырымды аяқтауды кейінге шегеруде. Осы мәселе шешімін табатын уақыт жеткен сияқты, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Ресей Президенті Д.Медведев те өз кезегінде қысқа да тұжырымды пікірлері мен ойларын ортаға салды.
– Қазақстанда, Өскемендегі техникалық университетте осындай маңызды форумды өткізіп жатқан сіздерге алғыс сезімімді жеткізгім келеді, – деді Дмитрий Анатольевич. – Осымен жетінші мәрте екі ел ынтымақтастық форумын өткізіп жатыр. Оның берері мол. Бір ғана мысал. Жаңа ғана көрмені тамашалау кезінде сауда кооперативін дамыту жөнінде қызықты материалдарды көрдік. Шынында да, кооперативті өркендетуді назардан шығарып алғанымыз жөн емес. Нанотехнологияны, индустриялық-инновацияны өркендету жөнінде біршама істер атқарылып жатыр. Бірақ әлі де шығармашылық ізденістер қажет. Биыл Ресейде өрт өршіп тұр. Су тапшылығын бастан кешудеміз. Сын сәтте қазақстандықтардың, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығын сезіндік. Олар қиналған жандарға көмектесті, азық-түлік, басқа да заттар жіберді. Ол үшін алғысымыз ұшан-теңіз. Тұрғын үй-коммуналдық саланы, атом энергетикасы, өнеркәсіпті, туризмді бірлесіп дамыту басты міндет болса керек.
ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өз сөзінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың алға басып келе жатқанынан, бүгін отызға тарта келісімдерге қол қойылатынынан хабардар етті. Үш мемлекет арасындағы Кеден одағы жұмыс істегелі тауар айналымы едәуір өскен, бірақ әлі түйткіл жайлар да бар. Кеден одағы күшіне енгенімен, басқару тетіктері әлі толық пайдаланылмай отыр.
Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Юрий Трутнев өз сөзінде екі мемлекет арасында табиғи байлықтар – газ және мұнай өндіруді бірігіп жүзеге асыру, осы салада жаңа технологияны қолдану мәселелерін көтерді. Жаңа кен орындарын іздестіру үшін мол қаржы керек. Тіпті олар ашылған соң да проблемалар кездеседі. Демек, көрші елдер бұл мәселеге көңіл бөлсе, ұтары анық, деді ресейлік министр.
Қазақстан Республикасы Үкіметі басшысының орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзі жиналғандар көңілінен шықты. Ол Қазақстанның барлық облыстарының Ресеймен бірлесе, ынтымақпен жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Өскемендегі “Жаңа металлургия” бағдарламасы бойынша “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа балқыту зауыты, Өскемен титан-магний комбинатында титан құймалары цехы, Үлбі металлургия зауытында жаңа қуаттар іске қосылған. Олар Ресейдің Томь, Новосібір, басқа да қалаларындағы ірі өндірістермен біте қайнаса еңбек етуде. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында да кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Марал, күнбағыс, бал өнімдерін шығаруда да жаңа технология қолданылуы тиіс, деді Әсет Исекешев.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Өскемендегі өңіраралық форумды өткізуге ерекше әзірленген Бердібек Сапарбаев құрметті қонақтарды жиынның ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Біздің облыс аумағында 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олар 300 миллион АҚШ долларының өнімдерін шығарды. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға баса көңіл бөлудеміз. Бұл бағыттағы Кенді Алтайдың әлеуеті бірқатар инновациялық жобалардан нақты көрініс табуда. Атап айтқанда, “Жаңа металлургия” электролиз цехы бар мыс зауытының құрылысы, сол сияқты “Казцинк” ЖШС Өскемен металлургиялық кешенінің қорғасын және қосалқы өндірісін қайтадан жарақтандыру аяқталуға жақын. Жаңа зауыттың құрылысына кәсіпорын 750 миллион АҚШ долларын салды. Ал Өскемен титан-магний комбинаты титан құймалары мен қорытпасын өндіру зауытын пайдалануға берді. Сонымен бірге, облыста жиырмадан астам жаңа жобалар жүзеге аспақ. Туризмді дамыту үшін бізде қолайлы жағдай бар. Алайда, жолдар мен ұйымдастыру шараларының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан көп істерді атқару міндеті тұр. Пантымен емдеу, омарта шаруашылығын өркендетуде де нақты шаралар жүзеге асырылуда, деді өңір басшысы.
Қос губернатор да форум өткізуге мүдделі
Қос губернатор кімдер дейсіздер ғой. Бірінен кейін бірі қатар сөз алған Астрахань және Свердлов облыстарының губернаторлары А.Жилкин мен А.Мишариннің қысқа болса да нұсқа ой-пікірі жиналғандарды елең еткізді.
А.Жилкин Қазақстанның көрші облысымен экономикалық қарым-қатынастың жыл сайын нығайып келе жатқанына тоқтала кетті. Өткен жылы жарты миллиард АҚШ долларының саудасы жасалса, биылғы жарты жылда ол 1 миллиард доллардан асып жығылған. Қазір екі елдің жоғары оқу орындарының студенттері де қарым-қатынас жасай бастаған. Біз жақында ғана студенттер форумын өткіздік, оған көршілеріміздің қатысқанын мақтан тұтамыз. Келер жылы форум өткізуді бізге сеніп тапсырсаңыздар, өкінбейсіздер, деді Астрахань облысының губернаторы.
Әлемдегі қаржы дағдарысы тереңдей түссе де былтыр Қазақстанмен арадағы сауда-саттық 1 миллиард рубльден асып түсті. Ал биыл ол 1,5 миллиард рубльді құрамақ. Оралдағы тау-кен металлургия комбинаты көрші елдің кәсіпорындарымен ынтымақтаса еңбек етуде. Биылғы қалың өрт кезінде сіздердің аялы алақандарыңыздың табын айқын сезіндік. “Миг-8” тікұшағы екі елді мекенді өрттен қорғап қалды, 3 мың адамның өмірін сақтады. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал келер жылы екі ел арасындағы өңіраралық форумды Екатеринбургте өткізуге әзірміз, деді өңір басшысы Александр Мишарин.
Бұдан кейін өзара пікір алмасу кезінде Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сөз алып, екі ел арасындағы экономикалық, мәдени, сауда-саттық байланыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім білдірді. Бұл өңірде газ, мұнай бәрі бар, тұрғындардың орташа айлық жалақысы 800 АҚШ долларын құрайды, сумен қамтамасыз етуді көрші мемлекетпен бірге шешудеміз, деді Қ.Көшербаев.
Келелі іске бастайтын келісімдер
Пленарлық мәжіліс аяқталған соң жоғары деңгейдегі басшылар арасында келісім-шарттарға қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, қазақстандық және ресейлік министрлер Жанар Айтжанова мен Виктор Басаргин, Сауат Мыңбаев пен Юрий Трутнев, Ақылбек Күрішбаев пен Юрий Трутнев, еліміздегі және көрші елдегі темір жол басшылары Асқар Мамин мен Владимир Якунин өңіраралық және шекарааралық ынтымақтастықты, “Имашев” кен орнындағы газ конденсантын бірлесіп зерттеу және геологиялық жағынан іздестіру, су қорларын пайдалану және қорғау жөнінде келісімдерге қол қойды. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Алтай Республикасының басшысы Александр Бердинков екі өңірдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени қарым-қатынастарын дамытуды ұйғарып, оны құжат арқылы бекітіп алды. Сондай-ақ Б.Сапарбаев Алтай өлкесі әкімшілігінің басшысы Александр Карлин мен Новосібір облысының губернаторы Виктор Толоконскиймен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени байланыстарды күшейту, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени шараларды бірлесіп жүзеге асыру жөніндегі келісімдерге қол жеткізді. Форумда, сонымен бірге, екі елдегі ірі кәсіпорындар мен ұжым басшылары өзара уағдаластық жайлы отызға тарта шартқа қол қойды. Ал бизнес-форум аясында “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің физика-техникалық институты мен Ресей академиясының Сібір бөлімшесі лазер физикасы институты арасында лазерлік технология орталығын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, ядролық орталық, Ресей мен Шығыс Қазақстанда туризмді бірлесіп дамыту, басқа да мәселелер бойынша бірнеше келісімдер бекітілді. Кенді Алтайда марал шаруашылығын өркендету, омартаны дамыту, мал тұқымын асылдандыруды бірлесіп жүзеге асыру да назардан тыс қалған жоқ.
Өскемендегі форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны, оған аса жауапкершілікпен қарап, 800-ден астам қонақты күтіп алу кезінде кемшіліктің болмағаны жайлы көпшіліктің пікірін естідік.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастың, сауда-саттықтың жақсарып келе жатқаны байқалады. Форум барысында келген қонақтар қаланың кәсіпорындарын, көрікті жерлерін тамашалады. Винное ауылындағы киіз үйлер қалашығында болып, ұлттық ойындарды қызықтады.
Кеше кешкісін “Восток” орталық стадионында “Достық мерекесі” деген атпен театрландырылған көрініс болып өтті. Оған Ресейдің, Қазақстанның өнер жұлдыздары қатысты. Ресей Президенті Д.Медведев қазақстандықтардың қонақжайлылығына, ежелден достығы жарасқан екі ел арасындағы қарым-қатынастың алдағы уақытта да жемісін беретініне көз жеткізді.
Иә, бұл жолғы өңіраралық форум нәтижелі өтті деуге толық негіз бар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.