Қостанай облысындағы ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың бірінші форумы өтті
Облыстың ауылдық жерлеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың бірінші форумы Федоров ауданындағы Пешков ауылында өтті. “Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды дамыту: проблемалары мен болашағы” деген тақырыпқа негізделген жиында облыста осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға шолу жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тамара Жақыпова алдымен үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды. 90-шы жылдары бұл сектор туралы екінің бірі біле бермейтін, ал қазір ол әлеуметтік мәселелерді дербес шеше алатын қарымын көрсетіп отыр. Рас, бұрнағы жылдары қалаға қарағанда ауыл-селоларда азаматтық белсенділік нашар болатын. Соңғы бес жылда ауылдағы қоғамдық ұйымдардың саны екі есе артты. Қазір олар облыстағы барлық үкіметтік емес ұйымдардың 22 пайызын құрайды.
– Ең алғашқы әлеуметтік сұраныс Федоров және Наурызым аудандарында басталды. Ол 2006-2007 жылы барлығы 431 мың теңгені ғана құраған. Дегенмен, қазірде де ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдар алған әлеуметтік сұраныс көлемі тым өсіп кеткен жоқ. Ауылдағы қоғамдық ұйымдардың әрқайсысының алған қаражаты бар болғаны 1 миллион теңгеден сәл асады. Бірақ олардың қатары көбейді. Мысалы, облыстық ішкі саясат басқармасы жүзеге асырған 40 жобаның 29-ы ауылға бағытталған. Яғни, облыстық бюджеттен осы мақсатқа бөлінген қаржының 64 пайызы ауылдың қажетіне жұмсалды, – деді Тамара Сәлімқызы.
Қоғамдық ұйымдар ауылда не істейді? Жергілікті жердегі тұрмыс-тіршілікті жақсы білетін және өмірлік ұстанымы мықты, бүгінгі уақыттың ағымынан қалғысы келмейтін белсенді жандар үшін мұндай сұрақтың өзі тым артық. Мысалы, Таран ауданында тұратын Павел Абрамов мүгедектер арбасында отырады. Мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы бар. Бірақ жүрек соғып тұрғанда қант-шайға ғана жететін жәрдемақыны қанағат тұтып, телміріп отыра беруге бола ма? Ол да замандастары сияқты жақсы өмір сүргісі келеді. Ал ауданда өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары да жетіп артылады. Олардың барлығының жағдайы да біркелкі емес, бірінің жұмысы, бірінің қарасар ешкімі жоқ дегендей. Сондықтан Павел Владимирович “Таран аудандық мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлестігін құрды.
Ауылдық жерде тұрып жатқан ғаріп жандардың проблемасы тек жұмыссыздық қана емес екен. Бойында шығармашылық қабілеті бар жандар үшін түрлі көрмелер, байқаулар, жылына екі рет спартакиада, мүгедек балаларға арналған фестивальдер өткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың оқуына, кәсіпкерлікпен айналысуына осы қоғамдық ұйым ықпал-көмегін тигізеді. Аудандағы көпшілік орындарда мүгедектер арбасының жүруіне лайықталып пандустар салынды, дәрі-дәрмектер алуға, коммуналдық төлемдер төлеуге, оқу ақысы үшін жеңілдіктерге қол жеткізілді. Қазір Таран ауданындағы жергілікті атқарушы билік қандай жұмысты бастағанда да осы ұйымның пікіріне құлақ қоймаған кезі болған емес.
Ал Қарабалық ауданындағы “Қайырымдылық пен үміт” қоғамдық ұйымы тек мүгедек балалар мәселесімен айналысады.
– Ауылда арбаға таңылып, үйде отырып қалған балалар бар. Ал олардың арасында жүре алмайтыны болмаса, ақыл-есі бүтін, қабілеттілері қаншама. Рас, мүгедек жандардың барлығы да мемлекеттен жәрдемақы алады. Бірақ ол бар мәселені шешпейді. Оларға айналадағы адамдардың қамқорлығы, адамгершілік көзқарасы күннің жылуындай қажет. 10-13 жасқа жеткен жасөспірім “мен неге мүгедекпін, қатарым сияқты неге жүгіре алмаймын, доп қуа алмаймын, ойынның қызығын көре алмаймын” деген күйзелісті бастан кешеді. Тағдырдың тауқыметіне ұшыраған осындай балаларға психологиялық-моральдық көмекті ешқандай мемлекеттік орган бере алмайды. Біздің ұйым аудандағы мүгедек балалардың барлығын және олардың проблемаларын бес саусақтай біледі. Биыл жазда демеушілік қаржы тауып, бес баланы қасына медбике мен бір мұғалімді қосып, Астана қаласына қыдырып келуге аттандырдық. Біздің ұйым бастама көтеріп еді, біреу қаржылай көмек, бір кәсіпкер автобусын берді, алдына барған ешкім қарап қалмады. Соның арқасында балалардың жарақат көңілі жазылып, қанша өсіп қайтады десеңші, – деді “Қайырымдылық пен үміт” қоғамдық ұйымының төрайымы Мәрия Сапарова.
Бүгінде ауылдағы 124 үкіметтік емес ұйымның атқарып отырған жұмысы тек мүгедектер мәселесі ғана емес, сан алуан. Облыс аудандарындағы олардың 21 пайызы өзінің қызметін әлеуметтік қорғау саласында атқарса, 19 пайызы балалар мен жастардың проблемасымен айналысады, 15 пайызы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқысы келеді. 10 пайызға жуық ұйым мүгедектерді қолдау-көмек жұмыстарын ұйымдастырады және экологиялық проблемаларды шешуге ұмтылады, 5 пайызы кәсіпкерлік және әйелдер ұйымы болып саналады.
Ауыл адамдарының белсенділігі бар жерде шешімін таппайтын проблема аз. Үкіметтік емес ұйымдар соны дәлелдеп отыр. Мысалы, Жітіқара ауданында “Арман” балалар мен жасөспірімдер орталығы” қоғамдық ұйымының төрайымы Кенжегүл Алтынбаева бастаған белсенділер тобы ауыл тұрғындарына денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйенің түпкі мақсатын түсіндірді. Өздерінің құқығы бұзылғанын анықтап, бұрынғы дәрігерді қайтып алды.
– Ауыл адамдары өздерінің құқықтарын білмейді және ақпараттан тыс қалып отырады. Мысалы, ауылда қант диабетімен ауыратын жас қыз өз өмірін қиды. Осы қайғылы оқиғадан кейін “Арман” қоғамдық ұйымы зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізді. Сонда жыл сайын қарасы көбейіп келе жатқан қант диабеті ауруына шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің кеселдің зардабы, емі, оның алдын алу, профилактикасы туралы өте аз білетіндігі белгілі болды. Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау жұмысын күшейту керек деген тоқтамға келдік, – деді Кенжегүл Жолаушыбайқызы.
Ал жастардың патриоттық тәрбиесімен айналысатын “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер орталығы Арқалық қаласында Кейкі батырға ескерткіш қойылуына, Ақкөлде Ахмет Байтұрсынов туған үйдің қалпына келтірілуіне мұрындық болып, тұрғындарды жұмылдырды. Облыстық ішкі істер басқармасының бастамасымен облыстағы ауылдық үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік көмек және қолдау көрсету мақсатымен Әулиекөл, Жітіқара аудандары мен Арқалық қаласында үш қор орталығы құрылды. Оларды “Милосердие”, “Арман” және “Жас ұлан” қоғамдық ұйымдары атқарады.
– “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер орталығының мүшелері бізге келіп, екі рет тренинг, семинар өткізіп кетті. Көп нәрсеге қанықтық. Енді Амангелді ауданында да азаматтық сектор жұмысы жандана бастады. Мысалы, “Амангелді ауданының жастар кеңесі” қоғамдық ұйымы жақында ғана құрылды. Біз жастардың бос уақытын мағыналы өткізуді қолға алдық. Өйткені, бұл – орталықтан тым қашықта жатқан біздің аудан үшін өткір мәселе. Өзіміз қаржы көзін тауып, жастар кездесуін, “Ақсүйек” ойын-сауық кешін өткіздік. Біздің мұндай бастамамыз аудан басшылығы тарапынан қолдау тауып, енді жастарға байланысты басқа да мәселелерді көтеріп отырмыз, – деді қоғамдық ұйым мүшесі Дауылбай Сәкетов.
Негізі үкіметтік емес ұйымдар жұмысының белсенділігіне байланысты облыста Қостанай, Жітіқара және Қарабалық аудандарын айырықша бөліп айту керек. Оларда қоғамдық ұйымдар саны жиырмаға дейін жетеді. Оның есесіне асықпай жүріп, арбамен қоян аламыз дейтін өз ағайындарымыз басым тұратын Жангелдин, Амангелді аудандарында азаматтық сектордың саны тым аз, жоқтың қасы. Сонымен қатар, Алтынсарин, Денисов аудандарында да қоғамдық ұйымдар мардымсыз. Ал социологиялық зерттеу барысында осы өңірдегі респонденттер қордаланған мәселелердің барлығын және олардың шешімін табуда қоғамдық ұйымдар үлесінің болуы керектігін айтқан. Мысалы, мүгедек, ғаріп жандар мәселесі барлық жерде де бар. Шалғай ауылдарда ол тым өткір болуы мүмкін. Арадан суырылып шығар көшбасшы біреу болмаса, мүмкіндігі шектеулі жандар өз құқығын да білмей, езіліп отыра береді. Амангелді ауданынан келген бастамашыл топ өкілдері мұны жасырған жоқ.
– Ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы облыстық форумына қатысқанымыз өте дұрыс болды. Көп нәрсеге көзіміз ашылды. Аудан алыс болғандықтан шығар, бізде ақпараттану жағы нашар. Ауылда мүгедектер мәселесі бар деп ешкімнің ойына келмейді. Ал басқа аудандардан келген ұйымдардың ғаріп жандарға жасаған қамқорлықтары жүректі қозғап жіберді. Енді біз де осы мәселені көтеретін боламыз, – деді Амангелді ауданынан келген Дархан Ахметов.
Ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы облыстық форумында “Ауыл тұрғындарының азаматтық белсенділігін қалай қалыптастыруға болады?”, “Аймақтарда жастардың азаматтық бастамаларын дамыту”, “Жақсы команда – ҮЕҰ тұрақтылығының кепілі”, “Азаматтардың қайшылық діни бірлестіктерге кіруіне тосқауыл жасау” сияқты көптеген өткір мәселелер қаралды. Оларды дамыту және жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып жұмыс істеу керектігі тағы да тапсырылды.
Үкіметтік емес ұйымдар көтерген бастамаларды атқарушы билік әрдайым қолдап отырады. Тізе қосқанда қозғалмайтын сең, алынбайтын асу болмайды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.
----------------------------------
Суретті түсірген Валерий ВЕДЕНКО.