10 Қыркүйек, 2010

Алға басуға алғышарттар бар

598 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жыл басынан бергі өткен жеті ай ішінде еліміздегі өнеркәсіп өн­ді­рісі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға өсіп, бірін­ші жартыжылдықтағы ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 8 пайызды құраған. Бұл туралы сәрсенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мовтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында мәлім болды. Сондай-ақ Үкімет отырысында экономикамыздың бірқатар сала­ла­ры­ның 2010-2014 жылдарға арналған даму бағдарламалары талқыланды. Отырыста елімізде 2010 жылғы негізгі макроэкономикалық көр­сет­кіштердің нақтыланған болжа­мы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова осы жеті ай ішінде сауда айналымы­ның 13,3 пайызға, көлік қызметі­нің көлемі 6,8 пайызға өскенін атап көрсетті. Осы өсу деңгейлері отандық тұтынушылар тарапынан нақты салалардағы кәсіпорындар өніміне деген сұранымның артып отырғандығын көрсетеді. Еліміздің ұсынылып отырған бұл макр­о­эко­номикалық болжамы мұнайдың 2010 жылы орташа әлемдік бағасы 1 баррельге 65 АҚШ доллар бо­ла­ды деген болжаммен алынып отыр. Осыған байланысты ел эко­но­микасының нақты салаларының даму динамикасы мен сыртқы жағдайларды ескере келіп, 2010 жылғы ІЖӨ-нің нақты өсуі 5 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. 2010 жылғы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсу қарқыны бұдан бұрын болжанған 3,3 пайыздың орнына 7,5 пайызға дейін артады. Бұған мынандай игі жағдайлар ықпал етпек. Біріншіден, алғашқы жартыжылдықта тау-кен өнер­кә­сі­бінде өсу қарқыны 4,4 пайыздан 5,1 пайызға артты. Атап айтқанда, биылғы қаңтар-шілде айларында металл рудасын өндіру 6,1 пайызға, көмір өндірісі 6 пайыз­ға мұнай өндіру 5,9 пайызға және табиғи газ шығару 5,1 пай­ызға өсті. Сонымен бірге биылғы жылы еліміздің қайта өңдеу са­ла­ларындағы өсу деңгейі 2 пайыздан 11,9 пайызға артады деп күтілуде. Бұл азық-түлік, сусын, химия өнеркәсібі өнімдері, минералды өнімдер, металлургия және мә­ши­не жасау салаларындағы өсудің жоғары қарқынына байланысты болып отыр. Мәселен, 2010 жылғы қаң­тар-шілде аралығында азық-түлік өнімдерінің көлемі 14,8 пайызға, химия өнеркәсібі өнім­дері­нің мөлшері 70,5 пайызға, мә­шине жасау өндірісінің көлемі 55,7 пайызға өсіп отыр. Құрылыс саласында, оның ішінде, тұрғын үй рыногында жаңа кешендердің бой көтеруі есебінен биылғы жылғы 7 айдың қорытын­ды­сы бойынша құрылыс жұмыс­тарының өсу динамикасы орын алған. Ол өткен жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады. Нақты салалар­дың өсу деңгейі еліміздегі қызмет көрсету нысандарының да жақсы жетістікке қол жеткізуіне ықпал етуде. Осыған байланысты 2010 жылы сауда айналымы 8 пайызға, көлік қызметі 5 пайызға, ақпарат және байланыс қызметінің көлемі 6 пайызға өседі деп болжануда. Биылғы жылы еліміздің экс­порт­тық әлеуеті болжам бойынша 51,4 миллиард АҚШ доллары кө­ле­мінде болады деп күтілуде. Экс­порт­тық болжам көрсеткіштерінің жоғары болуы негізінен Қазақстан­ның экспорттық тауарларына әлем­дік бағаның өсуі оң ықпал етуде. Жыл соңына дейін импорт көлемі 30,1 миллиард доллар мөлшерінде болмақ. Жоғарыда айтылған оң жетістіктерге сәйкес еліміздегі 2010 жылғы инфляция деңгейі Үкімет пен Ұлттық банк белгілеген 6,0-8,0 пайыз аралығында сақталады деп болжануда. Үкімет отырысында 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Респуб­ли­касының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Қар­жы министрі Болат Жәмішев баян­дама жасады. Ол өз сөзінде 2010-2014 жылдарға арналған экономи­ка­мыздың макроэкономикалық көрсеткіштері болжамының өзгеруі республикалық бюджеттің пара­ме­тр­лерін нақтылау үшін негіз бол­ған­дығын атап көрсетті. Сөйтіп, 2010 жылға арналған республика­лық бюджеттің түсімдері 3 517,8 мил­лиард теңге көлемінде немесе қол­даныстағы бюджетпен салыс­тыр­­ғанда 4,1 пайызға артық өсім­мен айқындалды. Кірістердің өсуі 169,1 миллиард теңге болады деп болжануда. Сонымен республикалық бюд­жет­­­тің нақтыланған өлшемдері мы­нандай көлемде бекітілді: түсімдер 3 517,8 миллиард теңге, шығыстар 4 321,4 миллиард теңге, бюджет тап­шы­­лығы 803,6 миллиард теңге болмақ. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алда­бергенов Үкімет мүшелерін Қазақ­стан Республикасындағы 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат жөніндегі салалық бағдарламасы­мен таныстырды. Бүгінгі таңда елімізде тәуліктік аймақтар бойын­ша электр қуатына тұтыну деңгейі бойынша диф­ференцияландырыл­ған тариф қолданылып келеді. Осы үрдісті пайдалануға байланысты бүгінгі таңда елімізде 150 миллион ки­ловатт сағат электр қуатын, 30 мың тонна отын үнемдеуге мүм­кіндік жасалды. Н.Алдабергеновтің айту­ынша, тарифтің осындай әдісі қол­даныла бастағаннан бері еліміз­дің тұтынушылары 2,1 миллиард теңге қаржы үнемдеуге қол жет­кізді. Индустрия және жаңа техно­логиялар вице-министрі Берік Кама­лиев 2010-2014 жылдарға дейін еліміздің жеңіл өнеркәсібін және құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығару өнеркәсібін дамыту жөнінде баян­дама жасады. Баяндамашының айтуы бойынша, осы мерзім ішінде құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейін 80 пайыз­ға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен бірге бұл саладағы еңбек өнімділігі 40 пайызға дейін арттырылмақ. Үкімет отырысында тағы бір жан-жақты талқыланған мәселе 2010-2014 жылдар аралығында елі­міз­дің жеңіл өнеркәсібін дамы­тудың бағдарламасы болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технология­лар вице-министрі Берік Камалиев­тің айтуы бойынша, қазіргі таңда еліміздің жеңіл өнеркәсібі тоқырау жағдайын бастан кешіруде. Қазір бұл салада еліміз бойынша 13700  адам жұмыс істейді. Бүгінгі қабыл­да­нып отырған бағдарлама шең­берінде 2014 жылға дейін салада еңбек ететіндердің санын 15 мың адамға дейін жеткізу көзделінуде. Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытын­дылап, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті органдар мен ведомстволарға тапсырмалар беріп, еліміздің экономикасын да­мыту мақсатында жүзеге асырыла­тын бірегей бағдарламалардың іске асыруына жауапкершілікпен қарау­ды тапсырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.