Мәселенің мәнісі
Өрт болардан бір күн бұрын ғана біз Шалдай орман шаруашылығында болып, “Ертіс орманы” табиғи резерватының басшысы Қазбек Әметовпен кездесіп, орман шаруашылықтарында жасалып жатқан жұмыстар барысымен танысып қайтқан едік. Өкінішке қарай, 8 қыркүйек күні басталған дауыл кезінде Шарбақты және Лебяжі аудандарына қарасты орман шаруашылықтары қызыл өртке оранды. Облыстық төтенше жағдайлар басқармасының хабарына қарағанда, орманға жақын орналасқан Көкжал, Шоқтал, Жабағылы ауылдарында орманшылар арасында адам шығыны орын алды, 6 адам қаза болды, жарақат алғандары да бар. Көпшілік тұрғындар көршілес Беген, Төсағаш ауылдарына уақытша көшірілді. Шамамен орман шаруашылығының 2 мың гектардай жері өртеніп кетті.
Орман өрті орын алған аумаққа Үкіметтің осы оқиғаны ерекше назарға алуы нәтижесінде Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко және облыс әкім Бақытжан Сағынтаев та жедел келіп жетті. Өртті ауыздықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб құрылды. Қазір барлық техникалар жұмылып, ұшақтар келіп, өртті сөндіруге әскерилер, құқық қорғау орындары, өрт сөндіру қызметтерінің және жергілікті әкімдіктер тарапынан бүкіл күш-қуаттар жұмылдырылуда. Астанадан осы салаға қатысы бар министрлік өкілдері де келіп жетті. Лебяжі аудандық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан барған жедел санитарлық бригадалар өртке күйіп жараланған орманшыларға, ауыл адамдарына көмек жасауда. Сөйтіп, ала жаздай тыныш жатқан Шалдай ормандарына өрт қайта айналып соқты. Қатты желден электр сымдары оралып ұшқыннан өрт шықты ма деген дүдәмал бар. Жергілікті жұртшылық мұның себебі, қалың ағашты қырқып, пайда көрмек болғандардың орман ішін бөлісе алмай бірімен-бірі “қырық пышақ” болуының кесірінен болуы да мүмкін деп отыр. Біреулер шырпы шақпаса өздігінен тұрған қалың ағаш қандай жел болса да өзінен-өзі тұтанбайды ғой... Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.