11 Қыркүйек, 2010

Жайнаған Қарағанды

537 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өңір өмірі Астананың аз уақытта ғана әс­ем шаһарға айналуы өзге өңірлер­дегі серіктестерінің де көркемдік, сәндік жағынан қалыспауына әсер етуде. Ол әсіресе Қарағандыда ай­рық­ша байқала түсіп келе жат­қан­дығын көріп жүрміз. Өмірмен жарыса өрбіген өзгерістер қаланы құлпыртып, жайнатып барады. Бұған таңданатындай ештеңе жоқ, солай болуға тиісті де. Даму жолы соны талап етеді. Қазір қандайда бір игілікті істерге қабілеттілік кеншілер ордасы келбетін одан сайын көрікті қылуға мүмкіндікті кеңейтіп отыр. Қала ажарының қамы бүгінгі күнмен ғана емес, келешек кескінімен бітістіріле он ойланып, жүз толғанып пішілуі сол бағыттағы қадам. Келешегі демекші, мұның өзі соншалықты алыстағы емес, осы алдағы екі-үш жылда бастапқы ны­шандары көзге түсіруді діттеген мұрат. Мұны қуана қарсы алған сәулетші, құрылысшы қауымның небір ой-армандарын жүзеге асы­руы басталып та кетті. Солардың ара­сында жаңа мешіт, мұз ай­дыны, бокс, теннис орталықта­ры­ның құрылысына қазық қағылға­нына бірнеше ай болып қалды. Шаһардың ең көрнекті тұстарында бой көтерген осынау ғимараттар заман талғамына сай әсемдігімен көз көркіне айналғалы тұр. Нүркен Әбдіров атындағы әйгілі спорт кешені сәулет өнерінің үздік үлгісі ретінде қала төрінде тіпті жарқырай түспек. Қарағанды бейнесін безенді­ре­тін осындай құрылыстардың са­лына бермектігі ақиқат. Негізінен шаһардың жаңа орталық бөлігіне ауысуға айналған Оңтүстік-Шығыс аймағы Есілдің сол жағалауындағы елорда төріндей жарқыраған бейнеге бөленеді. Бұрыннан да әдемі, келісті Қа­рағанды ажарын ашуға арналған шаралардың ішінде жолдарды жөндеу, көшелерді көріктендіру, ау­лаларды айшықтандырудың ша­рапаты тұрғындар көңілін сүй­сін­терлік құбылыс болып жатыр. Бұл жайында сан мысалды алға тартуға болады. Жақында Қарағанды мем­лекеттік техникалық универси­те­тінің алдында ашылған сәулелі су­бұрқақ соның бірі дер едік. Ол әсі­ресе түнде ерекше көрініске көм­ке­ріледі. Мың құбылған сәуле­лер­ге оранып, 10-15 метр жоғары шап­шып барып төмен төгілетін су­бұрқақ маңы кешкісін үлкен-кі­шіге рақаттана бас қосатын орын. Қала әкімі Бауыржан Әбдішевтің айтуына қарағанда, мұндай су­бұр­қақтар саны келесі жазда 10-ға жетеді. Сөз орайында атап өтетін жәйт, бұларды орнатуға баста­машылық танытушылар – жоғары оқу орындары. Қолдаушылар көп. Қаладағы ең бір күрделі мәселе ағаштардың қиындықпен өсетін­дігі, оларға тиянақты күтімнің қажеттігі. Бұдан 70 жыл бұрын отыр­ғызылған жасыл желектер дені қураған. Ағаштарды алмас­тыру, жас көшеттермен толықтыру ісі де маңызды саналады. Осы орайда енді әдеттегіше қолға ілі­к­кен ағаш еге бермей, жер ың­ғайы­на, табиғат ерекшелігіне бей­імді әрі төзімді өсімдіктерді өсіру на­зарда. Сол үшін құрылған ар­наулы тұқымдық қорықта тамыр жайған, өсімталдығы анықталған ағаштар бұдан былай көшелер мен саябақ­тарды құлпыртып тұрмақ. Біз білетіндей қала өміріне қа­тысты мәселелер қарағанды­лық­тар­дың пікірін сұрастыру, сауалда­ма­лар жүргізу арқылы сарапт­а­лады. Мәселен, ой-ұсыныстар қа­та­рын­да тұрғындарды үйлер ау­ла­лары­ның жайы алаңдататын­ды­ғы­на байланысты шаралар қарасты­ры­луы да ешқандай ұсақ-түйек мә­селе жоқтығын көрсетеді. Таяу арада пайда болатын 30 ішкі ау­мақтық және аулалық шағын саябақтар, балалардың ойын алаң­ы саны жылдан жылға ұлғая бермек. Көліктер аялдамаларын әсем­ден­діру, жаңа дизайнмен безендіру де қолға алынып жатқан істердің елеулісі. Қала бойынша 381 аял­да­ма болса, соның 208-і жалға алын­ғандар. Бірінші кезекте соларды орта көркіне жарасты қылу талап етілуде. Жарық беру бағандары, тарату жүйелері жаңартылу үстінде. “Театр киім ілгіштен баста­ла­ды” делінбекші, әр қаланың бет-бейнесі вокзал басынан таныла­тын­дығы белгілі. Өкінішке қарай, кейінгі кезге дейін Қарағанды бұл ретте жақсы қырынан көріне ал­май келеді. Темір жол және авто­бе­кет арасындағы алаңқайдағы қап­таған жалдамалы көлікшелер­дің айқай-шуы, аяқ алғысыз күл-қоқыс, айналасында дүкен аздай, дәл ортасында орныға қалған қос дүңгіршек жанында теңселген жүріс-тұрыс сәтін салса, келмеске кететін сыңайлы. Кезінде әлде­кім­ге сатылып жіберіліп, мүлдем кү­тімсіз қалған алаңқай қала мен­ші­гіне қайтарылған бетте адам танымас­тай өзгереді. Сондай-ақ бұған дейін жұрт оншалықты жолай қоймай­тын қаладағы Ертіс-Қарағанды каналы бойын қайың тоғайы көмкеріп, жасыл мүйіске айналады. Иә, жетпіс жылдан астам та­ри­хы бар Қарағандының күн санап жайнап-жадырай түскен ажары ке­мел келешегіндей болып елестейді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.