14 Қыркүйек, 2010

Зиялы қауым зиялы ой білдірді

525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Президентінің Алма­тыдағы  резиденциясында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қазақ әдебиетінің бір топ қаламгерлерін және республикадағы белгілі ақпарат құралдары жетекшілерін қабылдап, алқалы кездесу өткізді. Кездесуге келгендер арасында көрнекті ғалым, сыншы, академик Серік Қирабаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Шерияздан Елеукенов, Дулат Исабеков, Оразбек Сәрсенбаев, Нұрлан Оразалин, жазушылар Марал Сқақбаев, Бексұлтан Нұржекеев, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, т.б. қаламгерлер, сонымен қатар, “Қазақстан” телерадиокорпора­ция­сының президенті Жанай Омаров, “Қазақ газеттері” ЖШС төрағасы Жұмабек Кенжалин, белгілі басылымдар бас редакторлары Жұмабай Шаштайұлы, Бақыт Сарбалаев, Ұлықбек Есдәулетов, Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Пәттеев, Қали Сәрсенбаев, Жанарбек Әшімжан болды. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен екі жарым айдан кейін Астанада өтетін Ұйым Саммиті жайында баяндай келе, Мемлекет басшысының рухани саланы дамытуға тұрақты түрде қамқорлық пен қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. – 8 айдан бері Қазақстан әлемдегі ең беделді де белді ұйымның бірі – ЕҚЫҰ-ға төраға болып отыр, – деді Қанат Саудабаев. – Сондай-ақ, 11 жыл­ға созылған үзілістен кейін Ұйым­ға мүше елдер Мемлекет басшылары­ның саммиті Ақордада өтпекші. Сам­митке әлемнің 67 елінен Ұйымға қа­тысушы мемлекеттер басшыларының және әріптес мемлекеттер жетекші­лері­нің келуі – ел тарихында бол­ма­ған айтулы оқиға. Оның үстіне жиын тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында өткелі тұр. Бұл – Қазақстан­ның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген орасан зор табыстары мен жетістіктерін халықаралық қауым­дастықтың бағалауы. Әрі үлкен ха­лықаралық табыс, үлкен жеңіс, ортақ қуаныш. Міне, осы үлкен жеңісті, ор­тақ қуанышты еліміздің рухани, мәдени саласындағы тұлғалар ретінде басы-қасында болып, халыққа жет­кізетін, ойларыңызбен бөлісетін сіз­дер. Сондықтан Елбасы сіздерге осы сәлемін жолдап, халықаралық жиынға үлкен үлес қосады деп үміт артып отыр. Өз кезегінде сөз алған әдебиет қайраткерлері рухани саланы тұрақты түрде қолдап, қамқорлыққа алып келе жатқаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық сезімдерін білдіре келе, Қазақстан тарихында ерекше оқиға болып саналатын салиқалы жиын туралы өз ойларын ортаға салды. Бел­гілі әдебиетанушы-ғалым Серік Қирабаев қаламгерлердің желтоқсан айында өтетін үлкен халықаралық жиын өткізуге атсалысуға, біздің осы саладағы қол жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымызды насихаттауға, екінші жағынан сырт елдермен қарым-қатынастарымыз жөнінде пікір білдіруге шақырылғанын алға тартты. “Міне, соған барлығымыз да бірауыз­дан тілек қостық. Бұл еліміздің, Пре­зи­дентіміздің үлкен абыройы және хал­қымыздың әлемге танылатын, көрі­нетін мезгілі туғандай”, деді академик. Бұл басқосуды рухани кеңістіктің алтын арқауы ретінде атап өткен Жа­зу­шылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жыл басынан бері ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы міндетін атқарып келе жатқан Қанат Бекмыр­заұлымен өткен әңгіме қаламгерлер үшін де, билік үшін де, халық үшін де келелі кеңес екенін жеткізді. “Олай дейтін себебіміз, қазақ халқының мыңдаған жылға созылатын ұлы тарихына көз жү­гірт­сек, қазақ хал­қының мемлекет ретінде қалып­тасқан ­хандық, әр­түрлі ордалардың құрамында, ұлыстардың жеке-жеке билігінде болған кезеңдерін білеміз. Бірақ, тұтасып, шын мағына­сындағы әлем таныған үлкен іргелі мемлекет болуы – ХХ ғасырдың соңғы он жыл­дығында жүзеге асқан үлкен оқиға, ұлт үшін үлкен құбылыс. Сол жиырма жылға жетпейтін уа­қыт ішінде өзінің тәуелсіздігін алып, енді-енді қанаттанып, ел та­нып үлгерген мемлекеттің әлемдегі үлкен белді халықаралық ұйымды басқаруы – халық үшін, мемлекет үшін үлкен жеңіс. Ал енді оның объективті, субъективті фак­тор­ла­рын түгендеп келген кезде тұлға, ел дейтін ұғым болады. Яғни, елің­ді басқарған тұлғаңа байланысты сіздің мемлекетіңіз, еліңіз жөнінде баға беріле бастайды”, деді Н.Оразалин. Әрі қарай Нұрлан Оразалин қалай дегенде де әлем мойындап, бағалаған жауапты кезеңде тұрға­нымызды айта келіп, қаламгерлер қауымы елдің осындай үлкен емтиханды абыройлы аяқтауға, желтоқсан айында өтетін Ұйым Саммитінің қарсаңында өз үндерін қосатындығына сенім білдірді. Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төр­ағасы, жазушы-драматург, “Құрмет Белгісі” орденінің иегері Ахметжан Ашири да бүгінгі кездесудің үлкен мәні бар деп есептейді. Елбасы халық үшін, халқының бақыты үшін қыруар жұмыс атқарып жат­қанда, әлемге танылған Көшбас­шы жайында өз ойларын жеткізу зиялы қауымның парызы деп біледі. Сондай-ақ, Қазақстанда 132 ұлт өкілдері тұратын болса, ұй­ғыр­лар бір тамырлы ­– тіліміз де, дініміз де бір түркі халықтары екенін, ал Елбасының туысқандық, татулық­тан қымбат ұлы қасиет жоқ­тығын айтқан данышпандық ойларын оқырмандарымызға жет­кізуге мүдделі екендігін ерекше ықылас­пен атады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.