15 Қыркүйек, 2010

Қырдағы еңбек дүбірі

794 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Орақ  –2010 Серіктестіктердегі серпін Новомихайлов ауылдық округі­не қарасты ірі агроқұрылымдар бірнешеу. Солардың біріне Нә­биол­ла Сағындықов жетекшілік етеді. Токарев селосында орналас­қан “Хуландой” ЖШС-нің 50-ге тарта шаңырақты сүттей ұйытып отырған тірлігіне адам қызығады. Қамал бұзар кемел жасқа жеткен Нәбиолла осы өңірдің тумасы. Оның ел десе етбауыры елжіреп тұ­ратын мінезін ауыл-аймақ тегіс қадірлейді. Жастайынан әке тәлімін алып өскен азамат мал дә­рігері, бөлімше басқарушысы қыз­меттерін абыроймен атқарды. Эко­номикалық тоқырау кезінде шаруа қожалығын, кейін серіктестік құ­рып, бар қажыр-қайратын ауыл­дас­тарының игілігіне арнады. Аудандық мәслихаттың үш дүркін депутаты биыл 3,5 мың гектар ал­қапқа астық өсірді. Оның 2 мыңы бидай, қалғандары – арпа мен сұлы. Соңғы жылдары мал ша­руа­шылығымен де айналыса бастады. Шаруашылықтың қарамағында 200-дей ірі қара малы, 100-ден аса жылқы бар. Осы салада жиырмаға жуық адам еңбек етеді. Біз егін танаптарына бармас бұрын ауыл тұрғындарының тұрмыс-тірші­лі­гімен танысуды жөн көрдік. Олар­дың қай-қайсысы болсын өмір­лерінің мәнді, тұрмыстарының сәнді екенін ризашылықпен айта­ды. Жер үлесін сеніп тапсыр­ғандарға он пайыз пай беріледі. Шамамен отбасының бір мүшесіне 8 центнер бидайдан, 2 центнер арпадан келеді. Қарттар, көп бала­лы, аз қамтылған отбасылар жем-шөппен бірінші кезекте қамтама­сыз етілген. Арпа мен бидай са­бандары іле маяланып, қалаған­дарын­ша тасып берілуде. Біз егіс басына ерте жетсек те, серіктестік жетекшісімен кездесе алмадық. Шаруа қамымен аудан орталығына жүріп кетіпті. Ша­руа­шы­лықтың бас есепшісі Елена Кә­рімова оның жоғын білдірмеді. Қа­жетті мәліметтерді алдымызға жайып салды. Деректерге әредік көз жүгіртіп қоямыз. Күзгі ораққа 8 “Есіл”, “Енисей” комбайндары, 2 “ЖВП-9,1” жаткасы жұмылды­рыл­ған. Дәнді дақылдардың 88 пайызы жиналып, әр гектардан 11,5 центнер өнім алынуда. – Лизинг арқылы “Лидер-4” культиваторы мен 4 “МТЗ” трак­то­рын сатып алып, қолымыз ұза­рып қалды. Мемлекет көмегін ая­май беріп жатыр. Оған рахмет, — дейді бас есепші есеп-қисабы­нан жаңылып қалмайын дегендей қо­лындағы блокнотқа үңілген күйі. Ауыл іргесіндегі танаптардың егінін жинау аяқталуға жақын. Осында атжалдарды бастырып жүрген “Есіл” комбайнына Елена белгі беріп еді, тоқтай қалды. Штур­валдан түскен комбайн­шы­ның шаршағаны еш білінбейді. Жарау аттай лыпып тұр. Ол өзін Александр Ластовец деп таныс­тырды. – Қостанайда құрастырылған белоруссиялық техника қалай екен? – деп сұрап едік, тісі ақсиған күйі бас бармағын көрсетті. Елена қарындасымыз оның мақтауын әбден келістірді. “Ата Заңы­мыз­дың 15 жылдығы мерекесі күні 700 центнер астық бастырып, 22 мың теңге еңбеккүн тапқан батырымыз осы”. Негізгі мамандығы электр шебері болғанымен, 4 жылдан бері “қыр кемесінің” құлағында ойнап келеді. А.Петерс, В.Звягинцев секілді оның әріптестері де озаттар қатарында. Александрдың анасы­мен де танысудың сәті түсті. 8 жыл­дан бері қос басында мінсіз қыз­мет етіп келе жатқан Валенти­на апайдың пісірген асы дәм­ді­лігімен тіл үйіреді. Тәжірибелі ас­паз комбайншы-механизаторларды ыстық тағаммен қамтамасыз етуді өз міндетіне алған. Бидай алқабы көздің жауын алады. Тымық күндері сап-сары масақтар бастарын иіп сәлемдес­кен­дей болса, майда жел соқса жа­ғалауға асыққан теңіз толқынына ұқсап кетеді. Шаруашылық биыл бидайдың “Омбы-35”, “Астана”, “Светланка”, арпаның “Кедр”, сұлының “Мирный” сұрыптарын егіпті. Таңдаудан қателеспегені байқалады. Гектар берекесі 13 центнерден айналып жатса, қалай ғана қуанбассың. Былтырғыға қарағанда астық сапасы да анағұрлым жоғары. Біз уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан диқандардың ерен қимылына риза болып аттандық. Қырманда қызу қарбалас “Мәмбетов және К” коман­дит­тік серіктестігіне қарасты Бексейіт бөлімшесінің басқарушысы, “Отан” орденінің иегері Арыстан Жүнісовті де табу оңайға соққан жоқ. Жай­шы­лықта тыным таппайтын ең­бек­қор жан жиын-теріннің нағыз қыз­ған сәтінде оңайлықпен ұстата қояр ма? Ұялы телефонын қайта-қайта қоңыраулатып, іздеу салып келеміз. Бір байланысқанымызда “Міңгесер ауылының оң жақ беткейінде егін шауып жатырмыз. Тез келме­сең­із­дер тағы кетіп қалуым мүмкін” деп сөз аяғын әзілге бұрды. Тез-ақ жеттік. Алқаптағы техникалардың көптігін көріп таңданысымызды жасыра алмадық. Соны сезді білем “ақырғы еңбек аккордтары” деп ақы­рын ғана жымиып қойды. Бө­лімше 9 мың гектар жердің ас­ты­ғын түгелге жуық жинап алыпты. Шығымдылық 17,5 центнерден айна­лыпты. Серіктестіктің “Век­тор”, “Енисей”, “Агрос”, “Есіл” мар­калы 14 комбайны соңғы дес­телерді бастыруға қызу кіріскен. Амантай Қаражұманов, Жәнібек Ысмайылов, Аманғали Мұстафин, тағы басқа комбайншылар қыр­ман­ға 5-7 мың центнерден алтын дән жөнелтіпті. Серіктестіктің бас агро­номы Батыржан Сауытбаев астық­ты жинауда негізінен дестеге түсіру әдісі қолданылғанын, 36 комбайн­ның, 10 тіркемелі кең алымды жат­каның қатысып жүргенін әң­гі­меледі. Комбайн паркінің 80 па­йы­зы жаңартылып, игілігін көрудеміз. Гек­тар берекелігін 15 центнерге жеткізсек деген үмітіміз бар, дейді бас агроном. Агроқұрылымның директоры Константин Мишеневті қырман басында кездестірдік. Мұнда күніне 14-15 мың центнер астық тазала­й­тын 5 механикалық қырман үздіксіз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 360-380 тонна дән кептіретін қондырғы іске қосылыпты. Бидайдың ылғал­ды­лығы 12-14 пайыздан аспайды. Ба­л­уыз­дығы 28-30-ды құрайды. Ме­ха­ни­калық қырманда 70 адам екі ауы­сымда еңбек етеді. Николай Данильченко, Қайырбай Жүсіпов се­кілді жүргізушілер элеваторға күніне 70-90 тоннаға дейін астық жеткізуде. Екі тіркемелі қорабы бар “К-700” тракторының жүргізушісі Қозыбай Шамғановты әңгімеге әзер иліктірдік. Астық даласынан қырманға астық тасымалдайтын оның асығатын жөнін Константин Савельевич айтып берді. Ол кеше 11 мың теңге табыс тапқан. Бүгінгідей қимылмен одан да асып түсетін мүмкіндігі бар көрінеді. – Комбайншылардың еңбек­ақы­сы бұдан 2-2,5 есе көп. Нағыз еңбек солардікі. Науқан кезінде 300-600 мың теңгеге дейін жалақы ал­а­тындар бар. Күзгі ораққа 350-дей адам тартылған. Оларды 3 мез­гіл тамақтандырамыз. Тамақ құ­ны­ның 10 пайызын ғана төлейді. Кей егіс алқаптары алыста. Сон­дық­тан ас­тық тасымалдауда кідіріске жол бе­рілмеуін жан-жақты ой­ла­с­тыр­дық. Бұл іске 31 техниканы қойып отырмыз. Жи­нақтаушы қораптарды пайдала­нудамыз. Астықты Мамлют және Кондратов элеваторларына тап­сырудамыз. Іркіліс жоқ. Ендігі міндет­ келер жылдың өніміне бе­рік негіз қалау. Серіктестік элиталы тұқым өсірумен де айналысады. Бүгін Ақмола облысының агро­құ­рылым жетекшілері 400 тонна тұқым алуға келісім-шарт жасасып кетті. Сатып алушылар қатарының молаятын түрі бар. Биыл 8 мил­лион теңгенің жәрдемақысын алып, әр гектарға 50 килодан ми­не­ралды тыңайтқыш сіңірдік. Жыл сайын 6-7 мың гектар жерді парға қалдырамыз. АҚШ ғалымдары ал­дағы 2-3 жылда қуаңшылық бо­лады деп болжам жасап отыр. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, табиғаттың тосын мінез­деріне осы бастан дайын болуымыз керек. Елбасымыз облыста болған жұмыс сапарында осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, ауа райының қандай күрделі жа­да­йы­на қарамастан, өнімділікті ке­м­іт­пеу міндеттерін атап көрс­еткен еді. Барлық іс-әрекетімізді осы мақ­сат­қа үйлестіріп жатырмыз. Ылғал сақтау технологиясы мен 3 танапты ауыспалы егіс жүйесін кеңінен қол­да­нып, парды барынша мол қал­дырсақ, Президент айтқан 10-15 цент­нер орташа өнімділікті қуаң­шы­лық жылдары да қалыпты үр­діске айналдыра аларымыз анық, деп аг­роқұрылым басшысы агро­ном-ғалым ретінде әріден ой тол­ғай сөйледі. Біз қайтар жолда Бексейіт ауы­лы­на соғып, қысқа әзірлігін көре кеттік. Үй басына 3 тоннадан шөп та­ра­­тылыпты. Отын жеткілікті үйіл­ген. Арпа, бидай сабаны тегін үлес­тірілуде. Науқан аяқталғаннан ке­йін жемазық таратылады. Оның әр тоннасы 3-4 мың теңге мөл­ше­рін­де ғана. Тазаланған қарақұмық жер­гілікті тұрғындарға арзан бағаға сатылады. Ауылдан шыға бергенімізде Арыстан Жүнісовтің ұялы телефоны безек қағып қоя берді. Ол бізбен егін орағын аяқтағаны туралы қуанышты хабарды бөлісуге асыққанын жеткізді. Нұрсайын Әбу-ШӘРІП,  журналист, Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы.