17 Қыркүйек, 2010

Дүбір толы дүние

501 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Референдум халықты біріктіре ме, жоқ бөле ме? Түрік елінде үлкен оқиға болып жатыр. Өткен жек­сен­біде болған референдумда халықтың көпшілігі ел конс­ти­туциясына үкімет ұсынған біршама өзгерістер енгізуді жақ­тап дауыс берді. Референдумға халық белсенді қатысты. Жалпы, конс­титуцияға өзгер­ту­лер енгізу мә­селесі біраздан бері халықтың на­зарын аударып ке­леді. Оны құп көр­гендер де бар, ай­ыптағандар да жеткілікті. Түрік еліндегі бұл саяси оқиғаға бүкіл әлем көз тікті. Ол да түсінікті. Бұл ел – көп елдің бірі емес. Түркия – түркі дүниесі дейтін қауымдастықта көшбастаушы ел. Сондай-ақ Еура­зия дейтін кеңістікті тұтастыратын да мемлекеттің бірі. Оның аумағы географиялық тұрғыдан алғанда негізінен азиялық (97 пайызы) болғанмен, саяси сипаты жағынан еуропалық десе де болғандай. Қазіргі ел басшылығы өз мем­ле­ке­тінің кәрі құрлық қауымдастығына тереңірек кірігуін құп көреді. Түркия НАТО блогына бұрынырақ енсе, Еуроодаққа әлі кіре алмай жүр. Оның бір себебі де елдің конституциялық сипаты болса, референдумның нәтижесінде ол біршама өзгеруге тиіс. Констиуцияны өзгертудің бастамашысы қазіргі биліктегі “Әділеттілік және даму партиясы”, оның көсемі және елдің премьер-министрі Реджеп Тәйіп Ердоған екені белгілі. 26-бапқа өзгерту ұсынылғанда, ол елдегі жағдайды демократияландыру бағытын көздейді деп тұжырым жасалып отыр. Бірқатарын атағанда, бала­лар­дың, қарттардың, мүгедек­тер­дің, ардагерлер мен жетімдердің құқы артпақ. Сондай-ақ азамат­тар­ды кемсітуден қорғауға ба­й­ланысты біраз жаңалық болмақ. Жұрт тарапынан біраз дау ту­дырған мәселелер сот ре­фор­ма­сына қатысты жәйттер. Жаңа өз­гертулер, әсіресе, әскерилердің қо­ғамдағы бұрынғы орнын ай­тарлықтай шектейтін болады. Әс­кери соттың рөлі төмендеп, аза­маттық соттың ықпалы күшеймек. Жалпы, елдің конституциялық сотын, жоғарғы сот және про­ку­ратура кеңесін сайлау жүйесіне де біраз өзгертулер енгізілмек. Жалпы, бұл референдумға ха­лық­тың, саяси топтардың мүд­де­лілігі жоғары болғаны анық. Оған дауыс беруге сайлау­шы­лар­дың 77 пайызы қатысқаны айқын дәлел. Осы жерде жақында Молдавияда президентті сайлауға қатысты мәселеге бай­ла­нысты өткен ре­фе­рендумға халықтың үштен бірі де қатыспай, сөйтіп, оның кү­ші болмай қал­­ғанын еске сала кеткен жөн-ау. Ал түрік ел­і­­н­дегі ре­ферендумға халықтың көп қатысуымен бірге, оның 58 пайызы конституцияға үкімет ұсынған өзгерістерді қолдады. Бұл референдумға беріліп жатқан ел ішіндегі баға да сол дауыс берудің нәтижесіне сәйкес. Ал сырттағы баға ел ішіндегіге қарағанда өзгешерек. Онда үкімет ұсынған өзгерістерді қолдаушылар басым. Референдум нәтижесі белгілі болған сәтте үкімет басшысы Ердоған қуанышын жасыра алмай, оны демократияның мерекесі, тарихи оқиға деп жар салды. Бұл дауыс әлемге естілді. Көп елдің басшылары да оған жоғары баға берді. Бұл жерде АҚШ президенті Барак Обаманың өзі телефон шалып, түрік басшысын құттық­тағаны айрықша маңызды. Еуро­одақтың кеңею және көршілік саясат жөніндегі комиссары Стефан Фуле “Бұл реформалар дұрыс бағыттағы қадамдар” десе, немістердің сыртқы істер министрі Гидо Вестервелленің референдум Түркияның Еуроодаққа мүше болуын оң шешу үшін өте маңызды деуі түрік үкіметіне барынша ұнағаны анық. Ел халқының көпшілігі қол­дап, елдің бас заңына өзгертулер енгізілгені де жөн-ау дейсің. Бірақ қарсылардың қарасы да аз емес. Халықтың жартысына жуығы қарсы болды және олар бұл қарсылығын белсенді әрекеттер арқылы көрсетер болса, елден тыныштық кетері де даусыз. Жақсы нәрсені неге жұрттың басым көпшілігі қолдамайды деген де ой сығалайды. Республикалық халық партиясының жетекшісі Кемал Кылычдар оғлының “бұл ұлы Ататүрік құрған зайырлы мемлекетке жасалған соққы” деген пікірін біраз халық қолдайтыны анық. Өзгерістер, оң өзгерістер болғаны жақсы ғой, бірақ ол халықтың бірлігіне нұқсан келтіретін болса, сол жақсы емес. Кубалықтарды енді үкімет асырамайды Бостандық аралы деп аты әлемге жайылған Кубада соңғы кезде іргелі өзгерістер болып жатыр. Оның негізгі мазмұны – елдің саяси бағдарынан, атышулы “кубалық модельден” бас тарту. Бұл төңкеріс жолымен емес, ел басшылы­ғы­ның өз бағдар­ла­рының қателігін мойындап, елді еркін эконо­ми­калық даму жо­лына түсіруге қамқорлық жасау арқылы жү­зеге аспақ. Саясатшылар мұны коммунис­тік идеяны іс жүзінде жүзеге асырудың біржола күйреуі деп те тұжырымдауы мүмкін. Өйткені, іс жүзінде бол­мағанмен, сөз жүзінде сол коммунистік идеядан бас тартпай, ақырына дейін оны іс жүзінде жүзеге асыруды мақсат тұтқан ел осы Куба болды. Енді олар да өз жолдарының қате болғанын мойындап отыр. Мойындағанда, басқа емес, сол “кубалық модельдің” авторы Фидель Кастро мойындап отыр. Мұның өзін де ерлікке балаған жөн-ау дейсің. Сол мойындауды Фидельдің өзі жасамаса, оны сыйлайтын оның ізбасарларының оған бара қоюы екіталай еді. Оның үстіне, бұл идеяны өмірлік бағдар тұтып, сонымен талай жыл өмір кешкен адамдар басқаның мойындауларын қабылдамас та еді. Бұл мойындауын Фидель Кастро америкалық журналист Джеффри Голдбергке берген сұхбатында жасады. Журналистің Куба экономикасы негізделген принциптерді басқа елдерге экспорттауға бола ма деген сұ­ра­ғына Куба көсемінің: “Куба моделі тіпті біздің өзімізге де жарамайды”, деген жауап сөзін жұрт, сірә, енді мәтелге айналдырар. Мамандар, сарапшылар мұны Фидель Кастроның өз інісі Рауль Кастроға жасаған үлкен көмегі деп тұжырымдап отыр. Өйткені, 2008 жылы ағасының орнына Куба Мемлекеттік кеңесінің төрағасы болған Рауль “кубалық модельдің” шикілігін жұрттан бұрын аңғарып, біраз экономикалық реформаны жүзеге асырмақ болғанда, аға­сының жолын қатаң ұстанған консер­ва­тор­лардың қарсылығына ұшырады. Енді Фидельдің өзі оған жол ашып берді. Осы жерде сол Рауль Кас­троның алдағы уақытта жұрт мәтелге ай­нал­дыратындай сө­зін келтіре кеткен жөн сияқты. Ол: “Куба – жұмыс істемей-ақ өмір сүруге болатын әлемдегі жалғыз ел” дегенді біз біржола құр­туымыз керек”, – деді. Расында да, бұл елде жұрт үкіметке үміт артады. Еңбекке қабілетті адам­дардың 85 пайызы эконо­миканың мемле­кеттік жүйесінде жұмыс істейді, сол жерден айлық алады. Олардың еңбегі пайда келтіре ме, жоқ па, оған қарамай, олар айлық алады. Көптеген кәсіпорын, мекемелердің штаттары қампиғаны соншалық, олардың пайда келтіруі мүмкін еместей көрінеді. Осыны ескеріп, Куба үкіметі мемлекеттік сектордағы 1 миллион жұмыс орнын қысқартпақ ойын жариялады. Мұның есесіне жеке меншік кәсіпкерлікті дамытпақ. Осының арқасында қазір елде қалыптасып отырған эконо­микалық дағдарыстан шығуды көздейді. Жалпы халқының саны 10 миллионнан шамалы ғана асатын елде 1 миллион жұмыс орнын қысқарту тіпті көңілге қонбайтындай. Ел басшылығы басқа жол жоқ дейді. Штаты қампиған, тек зиян әкелетін кәсіпорындар ел экономикасын көтере алмайды. Келесі жылдың наурызында жарты миллион адам мемлекеттік сектордағы жұмыстан босатылады. Бірақ олардың бәрі бірдей кәсіпкерлікпен айналысып кете ала ма? Мәселе сонда. Дегенмен де коммунистік Куба бұрынғыша өмір сүре алмайды. Мұны олардың өздері айтып отыр. Сондықтан да осы қадамның дұрыстығына сенгің келеді. Кубаның өзі бас тартып отырғанда, сол “кубалық модельді” қабыл­дамақ Уго Чавестің Венесуэласы қайтпек? Жалпы, нақты социализмнің соңғы тірегі Куба бас тартқан соң, бұл идеяның басқалардың жүрегін баурай қоюы қиын-ау. Мамадияр ЖАҚЫП.