Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Украинаға ресми сапары табысты тәмамдалды
Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға ресми сапары одан әрі жалғасты. Қазақстан басшысы алдымен Т.Шевченко атындағы Украина ұлттық университетіне келіп, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті.
Украинаның ең байырғы жоғары оқу орны болып табылатын университеттің барлық қызметкерлері мен студенттері Қазақстан Президентімен кездесуге өте-мөте көп жиналды. Оқу орны басшылығының шешімімен әлемдік білім мен ғылым саласына сіңірген зор еңбегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа “Құрметті доктор” атағы беріліп, жиналған көпшіліктің қызу қолдауымен тиісті құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиынды ашқан университет ректоры Леонид Губерский сөзді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Өзінің сөзінде Қазақстан басшысы қазақстандықтар Украинаның ғылым мен білім саласындағы әлеуетін жоғары бағалайтынын айтып, менің өзім де осындағы оқу орнын бітірген соң өмірге жолдама алдым, деді. Өзі оқыған қарапайым училищенің де өз саласы бойынша тиянақты білім бергенін атап көрсетіп, осындағы жылдарын әрқашанда қимастықпен еске алатынын жеткізді. Қазір Қазақстан мен Украина жоғары оқу орындары арасында көптарапты ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің украиналық әріптестерімен орнатқан ынтымақтастық қарым-қатынасы айрықша атап өтуге лайық, деді Президент. Сондай-ақ екі ел Ұлттық Ғылым академиялары арасындағы ынтымақтастықтың да қарқыны жоғары екенін тілге тиек етті.
Одан әрі Н.Назарбаев Қазақстандағы қазіргі кездегі білім мен ғылым саласының жағдайына тоқталды. Біздің еліміздегі стратегиялық басымдықтардың бірі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Осы мақсатты орындау жолына бөлінетін қаражат көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Соның ішінде ғылымды дамытуға салынған инвестиция көлемін 2012 жылға дейін 25 есе арттыруды көздеп отырмыз. Ал 2015 жылы оның жалпы көлемін ІЖӨ-нің 2,5 пайызына жеткізу жоспарланған, деді Қазақстан басшысы. Президенттің айтуынша, жоғары оқу орындары бойынша соңғы кезде іске асырылған ең үлкен жобаның бірі – Астанадағы ағылшын тілінде оқытатын университет. Украина жастарына да оған түсуге мүмкіндік мол. Сіздер біздің халықтарымыздың арасында орныққан дәстүрлі достық қарым-қатынасты жалғастырушы дәнекерсіздер. Сондықтан Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастан қол үзбей, оған қатты көңіл бөлулеріңіз керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға қаратып.
Сондай-ақ Президент өзінің сөзінде оқу орнына есімі берілген украинның ұлы ақыны Тарас Шевченконың 200 жылдық мерейтойы Қазақстанда да кеңінен аталып өтетінін тілге тиек етті. Басына қиыншылық істер түскен уақыттарда Шевченко қазақ жерінде болып, қарапайым халық тарапынан достық қатынас көргенін, оны өзі де аузынан тастамай, үнемі айтып отырғанын еске алды. Сондай-ақ суретші ретінде де бірнеше картинасын қазақ өміріне арнағанын, ал қазір сол полотнолардың Алматыдағы мемлекеттік музейде тұрғанын алға тартты. Сонымен бірге, Қазақстанда Шевченко атындағы қала, Астанада көше аты барын айта келіп, сондай игі шара Украина Үкіметі тарапынан да жасалып жатқанын, мысал ретінде, Киев қаласының бір көшесіне Жамбыл Жабаевтың есімі берілгенін атап өтті. Ал 2011 жылы Украина астанасында Жамбыл ескерткішінің ашылу мүмкіндігі барын да ауызға алды.
Президент Н.Назарбаевтың сөздері үлкен ықыласпен тыңдалып, бірнеше рет қол соғылды.
Киевтің аталған университеті – еуропалық үлгіде Украинада ашылған ең алғашқы жоғары оқу орны. Ол өзінің есігін 1834 жылы ашқан. Алдымен оған Киев Русін шоқындырған Владимир князьдің есімі берілген. Тарих-филология және физика-математика факультеттері ғана болған оның табалдырығын алғаш 62 студент қана аттаса, ХХ ғасырдың басында оның студенттер саны 5000-ға, профессор-оқытушылар құрамы 500-ге жеткен. Осы кезден бастап ол Ресей империясындағы ғана емес, әлемдегі аса танымал ғылым және жоғары білім орталығына айналған. 1939 жылы оған украинның ұлы ақыны Тарас Шевченконың аты беріледі. Ұлы ақын оқу орнының археографиялық комиссиясында 1845-47 жылдары қатардағы қызметкер болып еңбек еткен екен.
Қазір университеттің 14 факультетінің күндізгі және сыртқы бөлімдерінде 25 мыңға жуық адам оқиды. 1994 жылы Украина Президентінің Жарлығымен оған Ұлттық университет мәртебесі берілген. Университеттің 7 оқу институты, ботаника бағы, ақпаратты-есептеу орталығы, астрономиялық обсерваториясы, баспа-полиграфиялық орталығы, Каневте мемлекеттік қорығы бар. 5 мыңға жуық қызметкердің 2 мыңнан астамы ғылыми-педагогикалық, 1 мыңнан артығы таза ғылыммен айналысады. Олар 164 ғылыми кафедраға біріктірілген. Оқытушылардың 82 пайызының ғылыми атағы бар, соның 24 пайызы ғылым докторлары. Университеттің 1600 аспиранты және 130 докторанты бар.
Университет түлектері арасынан Михаил Булгаков, Михаил Старицкий, Максим Рыльский, Николай Лысенко сияқты атақты адамдар шыққан. Алғашқы ректоры Мәскеу университетінің профессоры М.Максимович болған, қазіргі ректоры академик Леонид Губерский. Университет Украинадағы көшбасшы ЖОО болып есептеледі.
Кездесуден шыққан соң Қазақстан Президентінің кортежі Украина Парламенті – Жоғарғы Раданың үйіне бет алды. Мұнда Қазақстан басшысы Раданың ұзақ жылғы төрағасы Владимир Литвинмен кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары туралы пікір алмасты. Соның ішінде екі елдің парламенттерінде де достық топтары бар екендігі қанағатпен атап өтілді.
Қазақстан Президентінің Украинаға сапарындағы соңғы маңызды кездесу “Хайятт” қонақ үйінде Украина және Қазақстан бизнес топтарының өкілдері арасындағы кездесу болды. Оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Украина Президенті В.Януковичпен бірге қатысты. Украинаның бизнес элитасы арасынан қазір есімдері бүкіл әлемге танымал “Систем кэпитал менеджмент” ЖАҚ президенті Ринат Ахметов, “Новокраматорский машиностроительный завод” АҚ бас директоры Георгий Скудар, “Нефтегаз” басшысы Евгений Бакулин және т.б. болды.
Украина Президенті В.Янукович Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сапары барысында жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы айтып берді. Келіссөздер іскерлік жағдайда өтті, оған өзім тәнті болдым. Қазақстандық әріптесіммен арада тек нақты дүниелер талқыланды. Қорытындылары да көңіл тоғайтады, деді Украина Президенті. Соның ішінде қазақстандық үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына украиналық бизнес өкілдерінің қатысу перспективалары туралы айтты.
Жауап сөзінде Н.Назарбаев Қазақстан Украинамен арадағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтардың тереңдей түскеніне мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ әріптесінің сөздерін қуаттап, украиналық іскер топ өкілдерінің қазақстандық ірі жобаларға қатысу мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Сөзінің соңында осындай форумның енді Қазақстанда өткенін қалайтынын айтты.
Жақсыбай САМРАТ – Киевтен.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.