Экономикалық өрлеу кезеңінде кәсіпорындар ақшалай түсімнің ұлғаятынына кәміл сеніп, өндірісті дамыту үшін аса ірі көлемде кредиттер алғаны белгілі. Дегенмен, дағдарыс кезінде кәсіпорынның кірісі күрт төмендеп кеткендіктен, бүгінде олардың көпшілігі Банк алдындағы міндеттемелерін уақытылы және толықтай өтеу жағынан қиыншылықтарға тап болып отыр. Соған орай “Самұрық-Қазына” қоры даму перспективасы анық компанияларға мемлекет кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін төлеуді өз міндетіне алып, қол ұшын бермек.
“Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасының екінші бағыты – кәсіпорындарды сауықтыру бойынша кәсіпкерлердің сұранысы мейлінше жоғары болғандықтан, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ бағдарламаның әлеуетті қатысушылары үшін банктердің кредит комитеттерінің жұмыс тәжірибесі негізінде практикалық ұсыныстар әзірледі. Кәсіпорынды сауықтыру жоспарын әзірлеу бойынша ұсыныстардың мақсаты – кәсіпкерлерге Сауықтыру жоспарын әзірлеуде көмек көрсету болып табылады. Кәсіпкерлердің назарына құжат мәтінінің мағынасы мен құрылымдануы бойынша банктердің кредит комитеттерінің жұмыс тәжірибесіне негізделген тәжірибелік ұсыныстар берілген.
Кәсіпкерлер сауықтыруға өтініш бере отырып, ең бастысы, кәсіпорынға субсидия мемлекет тарапынан және қайтарусыз негізде берілетінін есте сақтағаны жөн. Мемлекет кәсіпорынға субсидия бере отырып, оның қайтарымы ретінде – үстеме құны жоғары дайын өнімдер шығаруды ұйымдастыру, инвестициялық жағынан тартымдылығының артуы, жаңа жұмыс орындарын құру, бюджетке түсетін салықтық түсімдердің өсуі сияқты қарымтасының болатынына сенеді. Бөлінген субсидияның дұрыс пайдалану нәтижесі басшының тікелей жауапкершілігінде екенін есте ұстаған жөн. Мемлекет тарапынан субсидиялауға бөлінетін қаражат шектеулі және де барлық өтінімдерді қанағаттандыру мүмкін емес. Сол себептен кәсіпорынды субсидиялау туралы мәселелер конкурстық негізде қарастырылады. Оның өзінде, экономикалық және әлеуметтік қайтарымы жоғары болатынына сенім артатын преспективалары анық кәсіпорындар мен жобаларға басымдық берілмек.
Субсидиялау мерзімі ішінде (жарты жылдық немесе өзгеше жүйелі түрде) “Даму” қоры “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасының қаржылық агенті ретінде кәсіпорындар мен жобаға мониторинг жүргізетін болады. Мониторинг қорытындысы бойынша субсидиялауды жалғастырудың мақсатқа сай келуі туралы немесе оны тоқтату туралы шешім қабылданады, сол себепті Сауықтыру жоспарына субсидия алу үшін ғана керек қағаз жүзіндегі құжат ретінде қарамаған жөн. Сауықтыру жоспарын сапалы дайындау кәсіпорын басшылығының кәсіби біліктілігінен хабар беретін айқын көрсеткіш деуге де болады. Кәсіпорынның немесе жобаның талдауы жеткіліксіз пысықталған, сұралатын қолдау шараларының иландыратын дәлелдемесі жоқ, ұзын сөздің қысқасы, мұндай жоспар пысықталу үшін кері қайтарылады немесе қабылданбайтын болады.
Сала мамандарының айтуынша, сауықтыру жоспарының мақсаты – кредитор–банкке, уәкілетті ұйымдарға және мемлекеттік органдарға сауықтыру бойынша жоспарланатын іс-шаралардың тиімділігі және кәсіпорынға субсидия берудің орындылығы және мемлекеттік қолдаудың өзге шаралары туралы принципиалды қорытынды жасауға мүмкіндік беретін жеткілікті деңгейде ақпарат ұсыну екендігі сөзсіз. Сол себепті Сауықтыру жоспарының осы мақсатқа сай келетін оңтайлы көлемі және мағынасын таңдау кәсіпорын басшылығына жүктелетін басты жауапкершілік болып табылады.
Құжатта субсидия алу үшін өтініш беру себептері және мақсаттың қисынды негіздемесі, банктен және мемлекеттен сұралатын қолдау шараларының түсінікті дәлелдемесі керек. Сондай-ақ сауықтыру бойынша басшылық тарапынан жоспарланатын іс-шаралардың негізділігі мен тиімділігі және кәсіпорынның одан әрі даму келешегі, оған қоса оның қаржылық жағдайына, бәсекеге қабілетті өнім шығару және сату мүмкіндігі көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар шешім қабылдау үшін ешқандай жеңілдік бермейтін артық ақпаратты қосудың қажеті жоқ.
Жүзеге асырылған және жоспарланатын инвестициялар жөніндегі ақпаратты ашып көрсетудің берері мол. Күрделі шығындардың қандай дереккөздерден қаржыландырылғанын және қосымша қаражат қажет болатынын немесе болмайтынын анықтап жазған жөн. Сонымен қатар, кәсіпорында интернет-сайт бар болса, оның мекен-жайы және компания туралы толық ақпараттарды да хабарлаудың қажеттілігі мол.
Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жайт, “Самұрық-Қазына” қоры, сондай-ақ шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуде де бірқатар ауқымды әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, 2009 жылы шағын және орта бизнеске Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында жалпы сомасы – 132 миллиард теңгенің 2500 жобасы қаржыландырылды. Кен өңдеу секторын қолдау бағдарламасы бойынша жылдық – сегіз пайыздық ставкамен сомасы – 18 миллиард теңгеге жуық 155 жоба қаржыландырылып жүзеге асырылды.
Тұтастай алғанда “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры шағын және орта бизнесті қолдап, несиелендірудің бағытындағы барлық бағдарламаларға – 370 миллиард теңге көлемінде қаражатты бөлді. Оның ішіндегі 50,7 миллиард теңге қайтару қаражаты есебінен берілді. Атап айтарлығы, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға арналған мемлекеттік инвестицияның кәсіпкерлік секторының өркендеуіне ықпалы мол. Бұл бағыттағы іргелі жобалар 2012-2013 жылдары да ұлғая түспек.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.