Премьер-Министр Кәрім Мәсімов төрағалық еткен кешегі Үкімет отырысы – селекторлық кеңес бірінші рет он-лайн режімінде өтті. БАҚ өкілдері оның барысын өздерінің қызмет орындарында отырып, интернет арқылы қадағалау мүмкіндігіне ие болды. Осындай мүмкіндік отырыс барысын тамашалағысы келген барша интернет көрермендеріне де жасалғандығын айта кетсек, артық болмас.
Үкімет басшысы кеңесті ашардағы сөзінде бұл тәсіл бірінші рет сынақтан өткізіліп отырғандығын, мұнан кейінгі кезекте тұрақты сипатқа ие болуы керектігін атап көрсетті.
Басқосуда бірінші болып азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі қаралды. Осы жөнінде баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова елімізде 2010 жылғы тамыздағы инфляция деңгейі алдыңғы жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 4,6%-ды құрағандығын, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,3 пайыздық пунктке жоғары екендігін айтты. Өңірлер бойынша алғанда аталған мерзім ішіндегі инфляцияның барынша жоғары деңгейі Павлодар және Оңтүстік Қазақстан (5,1%-дан), Шығыс Қазақстан (5,0%), Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан (4,7 %) облыстары мен Алматы қаласында (4,9%) қалыптасыпты.
Сонымен қатар, “Қазагромаркетинг” АҚ деректері бойынша Қазақстанның кейбір өңірлерінде тамыз айынан бастап қарақұмық жармасының бөлшек саудадағы бағасының өскені байқалған, жалпы республика бойынша орташа алғанда оның бағасы 48,5%-ға дейін көтерілген.
Жанар Айтжанова 2010 жылға арналған инфляцияның жоспарланған дәлізіне кіру үшін азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 9,7%-дан (осы жылғы қаңтар-тамыз 5,5 %) аспауы тиіс екендігін мәлімдеді.
Экономикалық даму және сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, еліміздің ішкі рыногында қажетті азық-түлік қорын сақтау үшін Үкімет шешімдерінің жобаларын әзірлеген екен. Онда майлы дақылдарға, күнбағысқа, рапс және соя бұршағына тұрақты негізде экспорттық баж салығын енгізу; өсімдік майын, қарақұмық жармасын өндіруге арналған тұқымды әкетуге уақытша тыйым салу туралы нақты шаралар қарастырылуда.
Отырыста аса маңызды азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтыну деңгейі туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев баяндайды. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні астық дақылдары алқабының 97,9% жиналған, гектардың орташа өнімділігі 8,7 центнерден айналған. Сонда шамамен 13,2 млн. тонна астық жиналып отыр екен. Болжамның төменгі шегімен алғанда жалпы түсім бункерлік салмақ бойынша 13,5 млн. тоннаны құрауы мүмкін. Өткен жылдан қалған астықты қосқанда бұл көлем ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, сонымен қатар экспортқа 7-8 млн. тонна шамасында астық шығаруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Астық одағының төрағасы Нұрлан Тілеубаев алдын-ала болжам бойынша биылғы жылы бірінші рет еліміздің ұн экспортының үлестік салмағы таза бидай экспортынан басым түсетіндігін мәлімдеді. Ол шамамен алғанда 3,5 миллион тонна көлемінде қалыптасуы тиіс.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы 2007 жылғы жағдайды еске ала келе еліміздің ішкі рыногы үшін ауырлау болған сол кездің өзінде Үкіметтің астық өндірушілермен келісімге келіп, меморандум жасасуы нәтижесінде астық экспортына тыйым салу шарасы қолданылмағандығын, бұл саясат астық өндірушілерге де, тұтынушы халыққа да тиімді болып, өзін ақтағандығын атап көрсетті.
Отырыста сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасының жобасы қаралып, қабылданды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.