28 Қыркүйек, 2010

Назарда – азық-түлік қауіпсіздігі

535 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов төрағалық еткен кешегі Үкімет отырысы – селекторлық кеңес бірінші рет он-лайн режімінде өтті. БАҚ өкілдері оның бары­сын өздері­нің қызмет орын­дарында оты­рып, интернет арқылы қада­ғалау мүмкін­дігіне ие болды. Осындай мүмкіндік отырыс барысын тамашалағысы келген барша интернет көрермен­дері­не де жасалғандығын айта кетсек, артық болмас. Үкімет басшысы кеңесті ашар­да­ғы сөзінде бұл тәсіл бірінші рет сынақтан өткізіліп отырғандығын, мұнан кейінгі кезекте тұрақты сипатқа ие болуы керектігін атап көрсетті. Басқосуда бірінші болып азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі қа­ралды. Осы жөнінде баяндама жаса­ған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова елімізде 2010 жылғы тамыздағы инфляция деңгейі алдыңғы жыл­дың желтоқсанымен салыстыр­ған­да 4,6%-ды құрағандығын, бұл өт­кен жылдың осы мерзімімен са­лыс­­тырғанда 0,3 пайыздық пункт­ке жоғары екендігін айтты. Өңір­лер бойынша алғанда атал­ған мерзім ішіндегі инфляцияның барынша жоғары деңгейі Павлодар және Оңтүстік Қазақстан (5,1%-дан), Шығыс Қазақстан (5,0%), Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан (4,7 %) облыстары мен Алматы қаласында (4,9%) қалып­тасыпты. Сонымен қатар, “Қазагромар­ке­тинг” АҚ деректері бойынша Қа­зақстанның кейбір өңірлерінде та­мыз айынан бастап қарақұмық жар­масының бөлшек саудадағы ба­ға­сының өскені байқалған, жалпы республика бойынша орташа ал­ғанда оның бағасы 48,5%-ға дейін көтерілген. Жанар Айтжанова 2010 жылға арналған инфляцияның жоспар­лан­ған дәлізіне кіру үшін азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 9,7%-дан (осы жылғы қаңтар-тамыз 5,5 %) аспауы тиіс екендігін мәлімдеді. Экономикалық даму және сау­да министрлігі Ауыл шаруашылы­ғы министрлігімен бірлесіп, елі­міздің ішкі рыногында қажетті азық-түлік қорын сақтау үшін Үкі­мет шешім­дерінің жобаларын әзірлеген екен. Онда майлы да­қыл­дарға, күн­бағысқа, рапс және соя бұршағына тұрақты негізде экс­порттық баж салығын енгізу; өсімдік майын, қарақұмық жарма­сын өндіруге арналған тұқымды әке­туге уақытша тыйым салу тура­лы нақты шаралар қарастырылуда. Отырыста аса маңызды азық-түлік тауарларын өндіру мен тұты­ну деңгейі туралы Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ақылбек Күріш­баев  баяндайды. Министрдің ай­туын­ша, бүгінгі күні астық дақыл­дары алқа­бының 97,9% жиналған, гектардың орташа өнімділігі 8,7 центнерден айналған. Сонда шамамен 13,2 млн. тонна астық жиналып отыр екен. Болжамның төменгі шегімен алғанда жалпы түсім бункерлік сал­мақ бойынша 13,5 млн. тоннаны құ­рауы мүмкін. Өткен жылдан қалған астықты қос­қанда бұл көлем ішкі қажеттілікті  өтеп қана қой­май, сонымен қатар экс­портқа 7-8 млн. тонна шама­сын­да астық шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстанның Астық одағының төрағасы Нұрлан Тілеубаев алдын-ала болжам бойынша биылғы жылы бірінші рет еліміздің ұн экспортының үлестік салмағы таза бидай экспортынан басым түсетін­дігін мәлімдеді. Ол  шамамен ал­ған­да 3,5 миллион тонна көлемінде қалыптасуы тиіс. Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы 2007 жылғы жағдайды еске ала келе еліміздің ішкі рыногы үшін ауырлау болған сол кездің өзінде Үкіметтің астық өндірушілермен келісімге келіп, меморандум жасасуы нәтижесінде астық экспортына тыйым салу ша­ра­сы қолданылмағандығын, бұл саясат астық өндірушілерге де, тұ­тынушы халыққа да тиімді болып, өзін ақтағандығын атап көрсетті. Отырыста сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын дамытудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасының жобасы қаралып, қабылданды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.