Хромтау ауданының Көктау кен орнында “Ақтөбе мыс компаниясы”ЖШС-нің мыс және мыс-мырыш кенін өндірумен айналысуы осы аттас елді мекеннің қайта түлеуіне ықпал етіп отырғаны рас. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба облыс экономикасының бойына қан жүгіртіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне септігін тигізуде. Мұнда қазір 1200 адам жұмыс істейді, олардың 80 пайызы – жергілікті жұмысшылар. Болашақта жұмысшылар санын екі мыңға жеткізу көзделуде. Осы кәсіпорынға жақын жерде “Көктау-2” ауылы бой көтеруде. Осы елді мекенде салынып жатқан тұрғын үйлерге “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша елге келетін қандастарымыз қоныстанады.
Алыс-жақын шетелдерден көшіп келетін оралман бауырларымыздың басым көпшілігі осы серіктестікте жұмыс істейтін болады. Әзірге мұнда елу үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның он бесінің шатыры жабылған, құрылысшылар қалғандарын да жақында бітіреміз деп қолдарын ысқылап отыр. Әр үйде төрт пәтер бар. Аудан әкімі Аязбай Османғалиевтің айтуынша, алдымен екі жүз отбасы көшіп келетін көрінеді. Одан кейін тағы да 62 үй салу көзделуде. Жалпы, бұл ауылға алты жүздей отбасы көшіп келеді деп күтілуде. Осында салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысы алдағы жылы аяқталмақ. Болашақта мұнда бала бақша, клуб сияқты әлеуметтік нысандар да салынады.
Ауылға газ келіп тұр. Ауылдағы құрылыстарға түгелдей жергілікті материалдар пайдаланылуда. “Көктау-2” ауылындағы бұл үйлерді оралмандар “Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің” “Өркен” бағдарламасы несиелерін пайдаланып алады. Ол үшін оралмандар 3,5 жыл бойы үй бағасының жартысын жинап, 15 жылда 4,5 пайызбен барлық берешегінен құтылады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.