Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған, елі үшін еңіреп туған ер, қайтпас қайсар күрескер Сәкеннің есімімен біз сонау бала кезімізде, әлі мектеп есігін ашпағанда таныс болдық. Кейін ес біліп, есейген шағымызда зерделесек, бұл 1936 жыл екен.
Әкем марқұм, Айболатұлы Арын бірде үйге “Социалды Қазақстан” деп аталған газетті әкеліп, ертеңгі шәй үстінде анам Бибі-Айшаға көрсеткені бар. Әншейінде өзін өте сұсты, суық ұстайтын отағасының қуанышында шек жоқ сияқты. Бала болсақ та әке қабағын бағып үйренгенбіз.
Шешем сауаты жоқ болса да көкірегі сара адам еді. Әлгі газетті айналдырып әрі-бері қарады да бірінші беттегі үлкен суретке үңіле қарап: “Құдай-ау, мынау мұртты сымбатты адам біздің Сәкеннен аумайды ғой. Ой, Алла-ай, дәл соның өзі емес пе, отағасы”, – деп әкеме таңдана көз тастады.
– Айтқаның дұрыс, ініңді көп жыл өтсе де әлі ұмытпаған екенсің. Бұл Сейполланның Сәкені. Мынау газетке оны мақтап жазыпты. Ақындығына 20 жыл толды дейді. Халыққа сіңірген енбегі жоғары бағаланып, Мәскеудегі өкімет бастығы Калинин ақсақал омырауына орден тағыпты. Сәкеннің соңғы рет біздің үйге қашан келгені есіңде ме? – деді әкем шешеме ойлана қарап. Содан соң сөзін жалғастырды.
– Ол уақытта қызыл мен ақ жан алып, жан беріп соғысып жатқан-ды. Сәкен балшайбектердің жаулары ақтардан жылыстап Әулиеатаға бара жатты. Біздің үйге сол жолы келді емес пе. Санап отырсам, содан бері 16-17 жыл уақыт өтіпті. Бәйбіше, қайның Шыңғысбайға айт. Мұқаштың отарынан бір бағыланды әкеп сойсын. Сәкеннің орден алғанын өзімізше ауыл-аймақ болып біз де тойлайық, – деді де әкем атқа мінді. Ол “Жаңа тілеу” колхозының бастығы болатын.
Үйде оңаша қалғанда анам газеттегі суретті бізге тағы көрсетіп: “Бұл Сәкен, сендердің нағашыларың, маған іні болады. Естеріңде сақтаңдар”, – деп бетімізден сүйіп, әлгі суреті бар газетті төрге іліп қойды.
Інім екеуміз әкем мен шешемнің неге сонша қуанғанын түсіне алмасақ та суреті қағазға басылған жанның бізге ет жақын туыс болатынын, оның жақсы адам екенін ұққандай болдық.
Кейін білдік. Шығармашылық еңбегіне 20 жыл толып, қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, автомашина мінген Сәкеннің бұл қуанышы ұзаққа бармапты. Тоталитаризмнің қара дауылы ышқына соға түскен. 32-нің ашаршылығынан есін енді жинай бастаған қайран ел қайғы-қасіретке тағы да душар болды. 1937 жылдың қанды сойқаны – “халық жауларын” әшкерелеу топалаңы басталды. Бұрын-соңды болмаған осы зұлымдық қазақ біткеннің қабырғасын қақыратып, бас көтертпестей етті. Бұл жауыздықтың диірменіне су құйғандар ең алдымен қазақтың өзінен шыққан шолақ белсенділер еді. Соның салдарынан талайдың зәре-құтын қашырған “қара машина” 1937 жылдың 25 қыркүйегінде Сәкеннің есігінің алдына барып тоқтапты...
Қасіреті зілбатпан нәубет менің әкем Арын Айболатұлының басына да түсті. Ол әкесінің Құдай жолын ұстанып, дін Исламды насихаттағаны, молда болғаны үшін қуғындалды. Сенімсіз деп саналып, колхоз бастығынан алынды. Басқа мыңдаған замандастары сияқты шын көңілден сенген, халық қамын жейді, әділдік орнатады деген партияның озбырлығына тап болды. Әуелде қылмыстық істер кодексінің 58-бабымен айыптау ұйғарылыпты. Әйтеуір, Жаратқан ие жар болып, одан аман қалды. Бірақ басына айықпас қауіп төніп, үнемі үрейленумен ғұмыр кешті.
Ал, Сәкен нағашымның қайғылы қазасы туралы “ұзын құлақтан” 1938 жылдың қыркүйегінде естідік. Мен сол жылы І-сыныпқа оқуға барған едім. Шамасы, айдың аяқ кезі. Түстен кейін мектептен келсем, анам жылап отыр екен. Үй оңаша. Мен есік алдында абдырап, не істерімді білмей тұрып қалдым. Шешем орнынан әрең қозғалып, дереу есікті жапты да мені бауырына қысып егілді дейсің. “Арманда кеткен бауырым-ай!” – деп үнін әрең шығарады. Не болғанын ұқпасам да, бір жамандықты сезгендеймін. Мен де жылай бастадым.
Кеш түсіп, іңір қараңғылығы қоюланды. Басым жастыққа тиісімен ұйықтап кетсем керек. Әлдебір сыбыр-күбірден оянып кеттім. Ондық керосин шам жанып тұр. Көрпені ашып, сығалап қарасам, әкем келіпті. Шешем дастарқан шетінде бүрісіп отыр. Оларға оянғанымды білдірмей, құлақ түрдім. Әкем аузындағы насыбайын алып тастады да, бұрынғыдан анығырақ сөйлей бастады. Ол: “Ауданға, Ерубайға барып қайттым, біз естіген жаман хабар рас болып шықты”, – деді. Анам: “Арманда кеткен, Сәкен бауырым-ай!”деп енді үнін шығарып жылауды үдете түсті. Әкем есікке жалтақ-жалтақ қарайды. Содан соң сыртқа шығып қақырып, түкірінді. Аздан кейін орнына қайта оралып, анамды жұбата бастады.
Менің көз алдымда бұдан екі жылдай бұрын “Социалды Қазақстан” газетінен суретін көрген Сәкен нағашымның бейнесі елестеді. Ол сондай сымбатты сұлу еді. Енді сол жақсы ағаны өліпті дегенге қалай сенерсің. Бірақ, сенбеске амал жоқ. Бұл суық сөзді туған анамнан естідім. Мүмкін, қатты науқастанған шығар. Білетінім, адам ауырып қайтыс болады. Өйткені, аға-інілерім қызылша дертінен өлген-ді. Әншейінде қазаға ұшырағанды ол жас, немесе жасамыс болсын тез ауыл-аймаққа хабарлайтын. Ал, бүкіл ел-жұртқа есімі мәлім Сәкеннің о дүниеге аттанғанын әке-шешемнің жасырғаны қалай? Бұған менің ақылым жетпеді. Осылайша өзіме белгісіз жұмбаққа бас қатырып жатып қайтадан ұйықтап кетіппін.
Ертеңіне мектепке кеткелі жатқанымда анам былай деді: “Сағатжан, сен есті баласың, қалқам. Кеше түнде бірдеңе естісең ешкімге айтпа. Сәкен нағашыңа не болғаны туралы тірі жанға тіс жарма. Әлгінде әкең осыны саған айт деп маған тапсырып кетті. Ақылың бар ғой”. Әрине, уәдемді бердім. Естіген жаманатты ұмытуға тырыстым.
Кейін білдім, әкемнің сол түні шешеме құпиялап айтқан Ерубайы өзінің бажасы, Сарысу аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Жылқыбайұлы екен. От жүректі, талантты ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің “халық жауы” деген жаламен қайғылы қазаға ұшырағанын сол кісіден біліп қайтқан. Ал, осы ақиқатты әке-шешем өздерінің ет жақын туыстарына да айта алмапты. Жабулы қазан жабуымен қалған. НКВД-ның тыңшыларынан қорыққан.
Тағы бір есте қалғаны келесі күні кеште “аяғы сынып, мал болмайтын” бір қойдың пышаққа ілінгені. Үлкен қазанға оның еті түгел асылып, піскен соң туыстарға түгел таратылып берілді. Тамақты бұл жолы әдеттегідей бәрі бірге отырып жемеді. Тиесілі сыбағасын әр отбасы өз үйіне алып кетті. Бата да берілмеді, бет те сипалмады. Тек менің байқағаным, өзімізге қалған ет табаққа салынып алдыға келгенде әкем бізге таныс емес, әлдебір сөздерді құлаққа жат бір мақаммен соншалықты ықыласты түрде айтып, кей жерлерін екі-үш рет қайталап барып бет сипады. Бұл дұғаның Сәкен нағашыма арналғанын біз айтылмаса да ұққандай болдық.
Қағынған заманның қырсығынан қазақтың төңкерісшіл ардагер ұлы, теңдесі жоқ ақиық ақыны Сәкен Сейфуллиннің ауырмай-сырқамай қанішер балшайбектердің меңіреу қапасында адамның жаны шыдамас қорлық көріп қаза болғаны, арулап көмілмегені, құран оқылмағаны бүкіл Алаш жұртына кезінде жария етілмей, құпия сақталды.
Кейін, тіпті осы бертінде белгілі әдебиетші ғалым, сәкентануға бүкіл ғұмырын арнаған Тұрсынбек Кәкішевтің “Сәкеннің соты”деген кітабынан мынадай айғақты көргенім бар. Ол орыс тілінде жазылған. Оның шекесіне “секретно” деп жазылыпты. Кәне, оқып көрелік. “Приговор о расстреле Сейфулина Сакена (Савакаса) приведен в исполнение в гор. Алма-Ате 25.02.1938 г.” Бұдан артық сұмдық бола ма? Бұлай демеске амал жоқ. Қазақ халқының мандайы жарқыраған марқасқа ұлы 1938 жылы ақпанның 25-і күні өз жерінде, өз елінде қандыбалақ балшайбек қорқаулардың қолынан мынау жалғанның жарығымен мәңгіге қоштасып, көз жұмыпты. Бұдан асқан қасірет, бұдан артық зұлымдық бола ма?
Сәкен туралы ақиқат ол 1957 жылы 30 наурызда ақталғаннан кейін ғана айтылды. Әділеттілікті аяққа басып, шындыққа шіркеу түсірген жексұрындық құпияның бет пердесі солай айқара ашылды.
Бұл жерде өз заманының теңдесі жоқ ұлы ақынының асқақ рухы туған халқына қайта оралуы табандатқан 20 жыл бойы қорлық пен зорлықтың адам төзгісіз азабын бастан кешіріп, бір жақсылықты зарыға күткен аяулы да адал жары Батырбекқызы Гүлбаһрамның жоғарғы жаққа көз жасымен үзбей жазған сансыз өтініштерінің арқасында ғана мүмкін болғандығын қалың оқырман қауымның есіне салғым келеді. Аса қадірлі нағашы жеңгем Гүлекеннің топырағы торқа, иманы жолдас болсын деп Жаратқан иеден жалбарына тілеймін. Бір Алланың адал құлдары Сәкен де, Гүлбаһрам да пейіштің төрінде қауышқан шығар деп үміттенемін. Өйткені, атың өшкір кеңестік заманның бар тауқыметін тіршілігінде көріп бақты, бұл бейбақтар.
Сәкеннің ақталғанын естігенде елімізде қуанбаған адам қалмады десем, артық айтқандық болмас деймін. Қуанышты хабар ең алдымен Қазақ радиосы арқылы белгілі диктор Әнуарбек Байжанбаевтың аузымен айтылғаны әлі есімде. Мен ол кезде Жамбыл облыстық “Еңбек туы” газетінде жауапты хатшы болып істейтін едім. Дереу курьерді қалалық поштадағы бізге Қазақ телеграф агенттігінің жаңалықтарын жеткізетін телетайпқа жүгірттім. Көп ұзамай ресми хабар газеттің редакторы Ғайса Сармурзинның қолына берілді. Ғайсекең редакция қызметкерлерін кабинетіне шұғыл жинап, көзіне жас ала отырып Сәкен Сейфуллиннің, қазақтың маңдайына біткен өршіл рухты дауылпаз ақынның әділетсіздіктің бұғауынан құтылып, халқының ыстық құшағына қайта оралғанымен бәрімізді шын жүректен құттықтады. Сол күні үлкен-кішіміз бар, бәріміз де естен кетпестей шаттыққа бөлендік. Сәкен есімі жүрегіміздің төрінен орын алып мерейіміз арта түсті. Санамызға ғайыптан бір нұр құйылып, төбеміз көкке жеткендей болды.
ҚазТАГ-тың әлгі ресми хабары газеттің кезекті санының бірінші бетіне көрнекті етіп жарияланды. Бірақ, өкініштісі сол, қанша тырбансақ та Сәкеннің суретін немесе, бір өлеңін тауып әлгі сүйінші хабармен бірге бере алмадық.
Мен түскі үзіліске келгенде үйге кіре бере шешемді қапсыра құшақтап: “Сәкен нағашым ақталды!” деп бар даусыммен айқай салдым. Анам алғашқыда не айтқанымды жөнді аңғармай, аңырып, бір сәт үнсіз қалды. “Апа! Сәкен аға “халық жауы” деген жексұрын жаладан біржола құтылды. Сізден сүйінші сұрап тұрмын”, – деп тағы қайталадым. Анам ұйқыдан оянғандай мені құшақтап, аңырап қоя берді. Көп ұзамай көршілер жиналды. Олар да әуелде шешемнің неге сонша дауыстап жылап отырғанын түсінбей үрпиісіп қалды. Қуаныш жасы жұбайым Қанай екеуміздің де бетімізді жуды. Көршілерге не болғанын түсіндірдім. Олардың көздеріне де мөлдіреп жас келді. Бәріміз жабылып жатып анамды әрең дегенде жұбатқандай болдық-ау.
Ертеңіне, жұмада қой сойылып құдайы берілді. Бұған көршілермен бірге ағайын-туыстар, жора-жолдастар түгел келді. Мешіттің иманын арнайы барып, шақырып келдім. Ол Бұқар мақамымен құран оқып, терең толғап бата берді.
Осы жиында анам Бибі-Айша қазақтың ардагер ұлы Сәкен жайлы алғашқы рет тебірене сыр шертті. Бәріміз қыбыр етпей, зейін қоя тыңдадық.
– Сәкен маңдайы жарқырап туған, елім деген, жерім деген қазақтың марқасқа ұлдарының бірі емес, бірегейі болатын. Сәкен топжарған ақын ғана емес, туған халқы үшін шыбындай жанын пида еткен хас батыр. Сәкен адам біткеннің асқан сұлуы, жігіттің нағыз төресі. Сәкен отызға жасы жетпесе де Қазақ елін басқарған көсемі атанды. Жазмыштан озмыш жоқ деп бабаларымыз текке айтпаған, ол қырықтан енді асқанда, болып-толып тұрған шағында ешбір жазықсыз қандыбалақ жауыздардың қатыгездігінен қазаға ұшырады. Алға қойған асқар таудай мақсатына жете алмай арманда кетті ғой, қайран Сәкен!
Бұдан соң анам аздап тыныстап алып, жанын жегідей жеген қасіретті әңгімені одан әрі жалғастырды:
– Сәкеннің Омбыдағы түрмеден шыққан соң Шуға көшіп бара жатқан Тарақтылармен Әулиеатаға жасырын жол тартқанын бізге ағайынымыз Сұлу Сыздық хабарлады. Біздің ауыл Шолақ тораңғыда еру отырған. Алдын ала дайындық жасап, күтіп алдық. Ертеңіне қасында әкесі Сейполла ағамыз және ел жақсылары Мәдібек, Ақберген, қобызшы Ашай бар Сәкен біздің үйге келді. Көптен көрмеген бауырыммен көрісіп, төркінімді сағынған мауқымды бастым. Байқаймын, Сәкен де қамыққандай болды. Шай үстінде оған бажайлап қарасам, жүдеу көрінді. Ақмолада абақтыға қамалғанын естігенмін. Жігіт сұлтаны атанған бауырымның киімі де онша емес. Шамасы, көзге түспейін дегені шығар деп ойладым.
Семіз құлынның еті желініп болған соң қызу әңіме басталып кетті. Жарасымды әзіл-қалжың күлкіге ұласты. Манағыдай тұнжыр емес, Сәкен де көңілді отырды. Ашай қобызын ала келген екен, жан-жүйені тебірентетін Ықылас күйлерін тартып, көпшілікті разы етті. Сәкеннің өзі де домбыра шертті, әуелгі қоңыр мұң лезде жүрек шерткендей ойнақы әуенге ауысып, Арқаның рақатқа бөлейтін самалынша желпиді. Бір кезде кереге мал сүйкенгендей сықырлап қоя берді. Бұл не деп сыртқа шықсам, ауылдың қыз-келіншегі жабырлай жабықтан сығалауға таласып жатыр екен. Біле қойдым, бәрінің көргісі келіп емешесі үзіліп жүргені Сәкен. Олар мені байқап, тым-тырағай қаша жөнелді. Содан бұл көңілді басқосу түн ортасы ауғанша созылды.
Сәкендер біздікінде тағы бірер күн қонақтады. Соны пайдаланып, басына Ашай берген қызыл түлкіден пәйімен тыстап тымақ және ішіне түйенің жүнін салып сырған жылы кеудеше тігіп бердім. Аяғына жездесі, біздің үйдің отағасы Арекеңнің (ол кісі Сораң болысының старшыны болатын) жаңа саптама етігін кигіздім. Өйткені, Бетпақта күн суытып, қыс жақындап қалған-ды. Содан Сәкен көп ұзамай Әулиеатаға жүріп кетті. Қасына атқосшы болып, өзіміздің Тоқтауыл атаның тумасы Сапақтың Сүйіндігі ілесті.
Кейін Сәкен Ақмолаға қайтқанда бізге тағы соғып, аздан тынықты. Жүрер алдында Сүйіндікке қоржынын ашқызып, ішінен шашақты екі ақжібек орамалды алды. “Сізге Әулиеатадан әкелген базарлығым”, – деп біреуін маған өз қолымен берді. “Ал мынаны Жамалекеме апарамын”, – деп ақсия күліп қойды. Еркелете айтып отырғаны сүйікті анасы Жамал еді. Қайта-қайта қош айтысып, төркініме сағыныштың дұғай-дұғай сәлемін жолдап қала бердім. Бұдан соң Сәкенмен кездесуге тағдыр жазбады. Амал қанша...
Сәкен ақталғаннан кейін Қазақ радиосы ол туралы мазмұнды әрі танымдық хабарларды үзбей беріп тұратын. Апам соларды ылғи тыңдап, одан өзіне бір жақсы әсер алатын еді.
Сондай бір кезекті хабарды тыңдап отырдық. Апам естісін деп радиоқабылдағыштың құлағын әдейі көтеріп қойғанмын. Кешкі шай үсті. Радио сампылдап сөйлеп, бұл жолы ақиық ақынның сазгерлігі жайлы егжей-тегжейлі баяндады. Республиканың танымал әртістері Сәкен әндерін шырқауда. Әсіресе, “Тау ішінде” деген әнді жез таңдай әнші Жүсіпбек Елебеков әбден нәшіне келтіре орындады. Манадан бері үнсіз отырған апам мына әнге ерекше елеңдеп, құлағын төсей бар ықыласымен тыңдады. Ән аяқталғанда “неге тез бітіп қалды” дегендей мазасыздық танытты. Шайы ішілмей қалды. Бейжай болып біраз үнсіз отырды. Шешемнің мына мінезі бізге тосын көрінді.
Біздің алаңдап отырғанымызды байқаған ол түсін жылытып, шайына қол созды.
– Әлгі әннің өткендегі бір жәйтті еске түсіргені. Соған көңілім ауып кетсе керек, – деді ол.
Сөйтті де тосын бір әңгіме айтты. Сол жолы апам жарықтық еске алған Сәкеннің “Тау ішінде” деген әнінің қашан, кімге арналғаны туралы хикая мынау. Бұл ардагер ақынның қуғында жүрсе де: “Ойхой , жиырма бес!” дейтін нағыз жігіт шағы екен. Сонда Сәкен Бетпақ шөлді басып Тарақты елінің көшімен бірге Әулиеатаға сапарға шығар алдында Сарыарқаның құйқалы өңірінің бірі – Қойтас тауында күзекте отырған атақты Байғозы батырдың немересі Сейдуәлидің ауылында біраз күн қонақ болып, аялдайды. Осында Сейдуәлидің он алты жасар қолаң шашты сұлу қызы Сәнияға көркем жігіттің көзі түсіп, ғашықтық оты лап ете түседі. Мұны жігіттің көзқарасынан бірден байқап қалған сезімтал да ибалы қыз енді ол отырған үлкен отауға сырғақтап жоламай қояды.
Бұрынғы қазақ салтында бойжетіп қалған қыздың басы бос болмайды. Ол біреудің айттырып қойған адамы. Сондықтан төтеннен келіп сөз салу әбестік, оң жақтағы қызды сөзге қалдыруы мүмкін. Қанша әдеп сақтағысы келсе де жастық желік шыдатар емес. Сәкен өзімен бірге жүрген құрбысы, әрі күйеу баласы Ақберген арқылы қыздың жақын жеңгесін икемге келтіріп кешке, мал сауылып жатқан апақ-сапақта Сәниямен кездеседі.
Жігіттің сұлтаны Сәкеннің пысы басқан жас сұлу қанша ынтығып тұрса да жасқаншақтап бетіне тура қарай алмайды. Алма беттері дуылдап, әдемі қара көздері шошығандай кейіп танытады. Талай сұлуды құрықтаған Сәкен сыпайылық шегінен аспауға тырысып бағады. Сонда да шыдамы таусылып, үркектеп тұрған қызды өзіне еппен икемдеп жәудіреген оң көзінен сүйіп алды. Еліктің лағындай ерке қыз әуелде сескеніп қалса да кенет жай соққандай жігіт құшағына сылқ ете түсті. Не істегенін өзі де білмейді, ілезде буын-буыны босап, жалын атқан сезім тұңғиығына күмп береді. Сол сәтте соңғы демі үзіліп бара жатқандай бұрын-соңды болмаған әлсіздікті бастан кешкен сияқты. Бірақ, жаны ауырмаған, рахат сезіміне бөлгендей күй кешеді. Бұл не тылсым? Махаббат деген осы ма? Мұны пайымдауға мұршасы келер емес. Соны аңғарған Сәкен Сәнияға: “Қалқам күт. Ертең түнде ай туған соң келемін”, деп сыбыр етті де бұрылып кетті. Анадай жерде басына шапан жамылып дегбірі қалмай күтіп тұрған жеңгесі қайын сіңлісіне асығыс ұмтылды...
Сәкен мен Сәнияның арасындағы таңғы шықтай мөп-мөлдір сүйіспеншіліктің ғұмыры қаншаға созылғанына біз бал ашпай-ақ қоялық. Шешемнің ол кезде отыздан жаңа асқан кезі екен. Ол кісінің ән айтумен қатар, ән шығаратын да өнері бар еді. Сондықтан ғашықтықтың не екенін, оған арналып мәңгі шырқалатын әннің мән-мағынасын анам жақсы сезінген. Әңгіме кезінде жарықтықтың жүзі бал-бұл жанып, әдемі қой көздері күлімдей разылық пейіл танытып отырды.
Сәкеннің жүрек түбінен жарып шыққан Сәния сұлуға арнаған махаббат жыры – “Тау ішінде” әні өткен ғасырдың 20-жылдарында ең алдымен Тарақты елі жастарының шырқайтын ғашықтық гимніне айналды. Апам ағасының сол әнін жасы ұлғайып тоқсаннан асса да ұмытпай, анда-санда ыңылдап айтып отыратын еді. Шешемізден үлгі алған біз де бұл әнді думанды жастығымыздың сән-салтанаты еттік.
Сәкен рухын бойына сіңіріп өскен талантты ақын Бауыржан Үсеновтің “Қара машина” өлеңінің мына жолдары еріксіз ойға оралады.
– Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен әсем әнін созатын,
Жан бар ма еді Сейфулиннен озатын?!
Біздің негізгі айтпағымыз Сәкеннің түрмеде, ажал аузында жатқанда туған елімен қоштасқан өлеңі еді ғой. Енді ат басын соған бұралық.
1959 жылы күзде біздің үйге Жаңаарқадан менің үлкен нағашыларымның бірі Әбдіғаппардың зайыбы нағашы жеңгем Әдікен қонаққа келді. Ол өте келбетті, Арқаның жұрт таңғалатын нағыз мөлдір көздерінің бірі еді. Дауысы құлаққа сондай жағымды, кербездігі өз алдына, тектілігін байқататын. Мінезі сондай сүйкімді. Тап бір тойға баратындай үнемі таза киініп, таза жүретін. Отырыс-тұрысынан көргенділіктің, ибалықтың лебі есіп тұратын. Сондай балажан болатын. Менің кішкене ұлдарым Ғалым мен Ақанды өз баласындай еркелетті.
Апам екеуінің әңгімесі әсте толастамайтын. Бір жолы апам өзінің балалық және жастық шағы өткен Жақсы Иманақ тауы туралы сұрады. Ол тауды 1953 жылы нағашыларыма барғанда мен де көргенмін. Онша биік емес, көлбеген жатаған тау екен. Нағашы жеңгем сол туралы айтқанда мұнда Сәкеннің талай рет болғанын есіне алды. Содан ойына кенет бірдене түскендей басын шалқайта көтеріп:
– Қыз-ау, – деп анама жалт қарап күліп қойды. Шешем жетпістен асса да ол баяғы әдетінше бұ кісінің есімін атамайтын.
– Сізге Сәкенмен түрмеде не қилы азапты басынан кешіп, Сібірдің бір меңіреу қиырында он бес жыл айдауда жүріп, Сталин опат болған соң оралған өзіміздің елдің бір адамы жақында Атасуға келгенде Сәкеннің туған елмен қоштасқан өлеңін айтып беріпті. Мұны естігенде Жаңаарақада жыламаған адам қалмапты. Қайран ерім, тозақ отына күйседе елін, жерін ұмытпай қасіретін өлеңге айналдырып, сәлем жолдапты. Соны жаттап алып едім. Иә, былай:
– Сәлем де Көкшетаудың биігіне,
Бауырында ойнақ салған киігіне.
Ұсталып, арманда мен кетіп барам,
Қайтып кеп оралам ба үйіріме.
Халқыма оқ атқам жоқ, атпаймын да,
Халқымды сатқаным жоқ, сатпаймын да.
Қамалып, “халық жауы”... кетіп барам,
Білемін, бұл сапардан қайтпаймын да.
Жауым деп халқым мені ойламасын,
Сәкенін кейінгі ұрпақ есіне алсын.
Кеудемде ат басындай арман кетті-ау,
Шіркін-ай, мұны қайтіп ұмытарсың?...
Өлеңді айтқанда Әдікен жеңешем шыдай алмай, егіле жылап жіберді. Оған апам қосылды. Менің де оңып тұрғаным шамалы. Дереу қағаз бен қаламға жармастым. Сәкен нағашымның өзегінен от боп шығып ел-жұртқа қапастан жолдаған қоштасу өлеңі осылайша хатқа түсті.
Жарық дүниемен қоштасар алдындағы Сәкеннің соңғы шығармасы ретінде мен бұл өлеңді қысқаша түсінік жазып, “Еңбек туы” газетінде жарияладым. Бірақ, Сәкен туралы сол кезде баспасөзде жазылып жатқан хабарлар нөпірінің арасында ол онша көзге түспеген сияқты.
Қызмет бабымен ел аралағанда бұл өлеңді жұртқа жария етуден жалыққан емеспін. Сондай көп сапардың бірінде Мойынқұм ауданының Фурманов атындағы қой совхозының малшыларында болып, кешке аудан орталығына оралдық. Шаруашылықтың менімен бірге жүрген мал маманының үйіне қонуға тура келді. Әкесі Арқа жағының адамы екен. Менің жөнімді сұрап алып, Сәкен туралы сөз қозғады. Әңгіме барысында ақынның әлгі өлеңін, оның мән-жайын айтып бердім. Ақсақал бұған ризашылық білдіріп, баласына жазып алуға бұйырды. Содан бері ондаған жыл өтті.
Өткен ғасырдың 70-жылдары әлгі өлеңді негізге ала отырып Жамбыл облыстық радиосына хабар дайындаған едім. Ол Қазақ радиосынан да берілді. Бұдан біраз бұрын архивімді ақтарып отырып радиоға әзірлеген сол хабарды тауып алдым. Бұл маған осы эссені жазуға ой салды.
Сағат АРЫНҰЛЫ, Тараз.