29 Қыркүйек, 2010

Алтын көпір

882 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Төрт бірдей: Қара, Жерорта, Мәрмәр, Эгей теңізі бар Түркияға жаз айларында жұртшылық демалуға ағылады, келесілері турист боп сан алуан тарихи және мәдени ескерткіштерін көруге асығады... Ал біз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің оқытушысы Егембердиев Мырзахан екеуміз, аспан төңкеріліп жерге түскендей шілде айының аптап ыстығында Анкараға ғылыми сапармен келгенбіз. Мен болсам Мұстафа Шоқайдың шығармашы­лық мұрасын түгендеумен, серігім доктор­лық диссертациясының қамымен жүрді. Алғашқы күні өзіміздің ғылыми із­деніс­теріміз жөнінде пікір алысу үшін Түрік тарихын зерттеу орталығында (“Tьrk tarіh kurumu”) болдық. Оның төрағасы тарих ғылымдарының докторы, профессор Али Биринжи осы елдегі тарих ғылымы дамуының негізгі бағыттары, әсіресе, түркі тектес халықтардың тарихы мен мәдениеті бойынша жазылған еңбектерді түрік тіліне аударуда ауқымды жұмыстардың атқары­лып жатқаны жайлы әңгімелеп берді. Сөзін растай түсейін дегендей, ол әзірбай­жан, та­тар, орыс тілдерінен тәржімаланған бір­неше еңбектерді алдымызға қойды. Олар­дың ішінен, әсіресе, В.В. Велья­минов-Зерновтың (1830-1904) “Материа­лы для истории Крымского ханства” (СПб, 1864) деген іргелі еңбегін атауға болар еді. Али Биринжи біздің Ш.Уәлиханов атында­ғы Тарих және этнология инс­титуты шы­ғарған бес томдық “Қазақстан тари­хын” ала алмай отырғанына өкініш білдір­ді. Мұнан кейін Мырзахан екеуміз Ан­кара­дағы Ясауи университетінің өкілет­тігін­де, осы оқу орны кеңесінің төрағасы, Ата­түрік мәдениет орталығының дирек­торы профессор Осман Хоратаның қабыл­дауын­да болдық. Ол да өздерінде іске асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы қызықты баяндап берді. Биыл Алматыда Ясауи университетінің құрамында Еура­зия зерт­теу институтының ашылаты­нын, күзде Түркияның Афион қаласында А.З. Вали­дидің туғанына 120 жыл толуына ар­налған халықаралық конференция өтетінін мәлімдеді. Оған шақыратынын да айтты. Мен: “А.З.Валидиді зерттеген емес­пін, тек оның эмиграциядағы өмірі жөнінде аздап хабардармын, – дедім де. – Бұл башқұрт қайраткері де, Мұстафа Шоқай да 1890 жылы туған ғой. Кон­ференцияны екеуіне арнап неге өткізбе­діңіздер?” – деп сұрап қалдым. Сәл кідіріп қалған Осман Хората:“2011 жылы Түркістанда кезекті түркологиялық кон­ференция өтеді, онда бір секция Мұстафа Шоқайға арналады”, – деді. Мұның менің сұрағыма берілген толық жауап емес екендігін сезді ме, маған профессор бір­түрлі ыңғайсызданып қалған сияқты кө­рінді. Өзімнің көңіліме де бір қаяу түскен­д­ей: “Жалтақтауды білмейтін байғұс ба­сым-ай, осы сұрағым томпақтау болған жоқ па?” – деген ой келді. Алайда: Түркі халықтарының бірлігін өмірінің соңғы сәтіне дейін насихаттап, олардың тәуелсіз де бақуатты өмір сүруі үшін Еуро­паның төрінде жиырма жыл бойы күрескен Мұстафа Шоқай секілді ерен тұлғаның елеу­сіз қалуының себебі неде?” – деген сұрақ мені Түркиядан кеткенше мазалады... Сапар алдында Түркия азаматы, “Дү­ние­жүзілік қырым татарлары ұлттық қоз­ғалысы” ұйымының өкілі Музаффер Ақ­шора Қазақстанда болып, біздің Орта­лық мемлекеттік мұрағатқа Мұстафа Шо­қай­дың өмірі мен қызметіне қатысты көлемі 300 беттей құжаттарды тапсырған-ды. Ан­карада осы азаматпен де ұшырасып, қазақ қайраткерінің шығармашылық мұрасының қай елдерде, кімдерде сақ­талуы мүмкін екендігі төңірегінде сұхбат­тастық. Қазақ тілі мен Қырым татарлары тілінің бір-біріне ұқсастығынан ба, әйтеуір, қазақ тілінде еркін шүйіркелесіп, құшақтасып айырылыстық. Жаны таза адам екен. Ататүріктің мавзолейінде болып, Ан­карадағы Қазақстан көшесін тамашаладық, Н.Ә. Назарбаевтың ескерткіші жанында суретке түстік. Осыдан кейін ғана біржо­лата мұрағаттар мен кітапханалардағы ғылыми ізденістерге бет бұрдық. Ең алдымен Ұлттық кітапханада болып, онда Мұстафа Шоқайдың табылмай жүрген үш-төрт тұпнұсқа еңбектерін іздестірдім. Мұнда Ә.Оқтай мен Т.Шағатайдың екі-үш еңбегінің көшір­месін алдым. Бізге, әсіресе, осы кітап­хананың библиография бөлімінің көмекшісі Женгиз бей көп көмек көрсетті. Премьер-министрдің Мемлекеттік мұрағатында оның бас директоры Юсуф Сарынай қарсы алып, қарауындағы қызметкерлерге біздің өтініштерімізді орын­дауға тапсырма берді. Мұнда да әр орын компьютермен жабдықталған, мұрағатта электрондық іздеу жүйесі орнатылған. Аз ғана уақыттың ішінде “Мұстафа Шоқай”, “Түркістан Ұлттық Бірлігі”, “ Мұғажырлар” сияқты кілттік сөздермен мұрағат қорын “шарлап шықтық”. Анкарада аздап асығыстау болған секілдімін. Себебі келесі күні Ыстамбұлда про­фес­сор Ахат Андижанның мені қабыл­дайтыны туралы хабар алдым. Мырзахан өз жұмыстарымен Анкарада қалды да, шілде­нің соңында автобуспен Ыстамбұлға аттан­дым. Жолдың тақтайдай тегістігіне қарамас­тан бес-алты сағаттық жүріс біраз шаршата­ды екен. Оның есесіне жолаушы­ларға қыз­мет көрсетудің тамаша үлгісін, жол бойын­дағы тау етектерін бекіту “өнерін”, қалалар мен деревняларды көргенде, өз елімнің ба­тыс бағытындағы пойызға мініп, Қызылор­дадан асқанда әрі қарай басталатын қу тақырлар осындай көк желекке оранса деп армандайды екенсің... Ыстамбұлда ХV ғасырда өмір сүрген Сұлтан Ахмет мешітінің маңайындағы қонақүйге тоқтадым. Ол жер қала орталығы саналады, Айя София мұражайы тиіп тұр. Кешқұрым жатқан бөлмемнің балконынан қаланың көрінісіне көз тастап, ұзақ тұрға­ным­мен, ертеңгі кездесу естен шықпай қойды. Бұрын А.Андижанның “Жадидшіл­д­­ік­тен тәуелсіздікке дейін” деген еңбегін оқы­ғаныммен, бұл кісінің негізгі маман­дығы – дәрігер екендігін білмейді екенмін. Ол бізді Ыстамбұл университетінің Жеррах­паша медицина факультетінің ғимаратында қабылдады. Өзінің түркістандық мұғажыр­лардың Еуропа мен Түркиядағы өмірін көп жылдар бойы зерттеп келе жатқандығын айтып, кейбір шоқайтанушылардың еңбек­тері туралы өз пікірлерімен бөлісті. Үй кітапханасында түркістандық мұғажырлар және олардың жетекшілері жөнінде мағ­лұ­мат мол екендігін, әзір онымен ешкімді та­ныс­тыра алмайтындығын, Мұстафа Шоқай туралы мағлұматтарды сұрап Қазақстаннан бұрын да бірер адамдардың келгендігін жасырмады. Ә.Оқтай, Т. Шағатай, В.Каюм хан, Х.Оралтайдың қорлары, олардың қазір кімдердің қолында екендігі жөнінде біраз мәселелердің басын аштық. А.Андижан ал­пыс­тан асқан, сымбатты да шешен адам екен, мамандығы – хирург, ұлты – өз­бек. Бұрын мемлекеттік министр, Түркия Ұлт­­тық мәжілісінің депутаты қызметтерін ат­қарыпты. Анда-санда кідіріп қалғаны болма­са, негізінен қазақ тілінде түсіністік. Әңгі­­ме­міз таңертең сағат 10-нан кете барған­нан түс­ке дейін жалғасты. Кетерімізде “Түр­кия және Орта Азия”, “Жадидшіл­діктен тәуел­­сіз­­дікке дейін” кітаптарын сыйға тарт­ты. Бірнеше тілде сөйлейтін, сан қырлы талант иесіне тән ізгі қасиеттеріне Тәңірім аса кішіпейілділікті, үлкен мәдениеттілікті қоса берген екен. Мемлекет, қоғам қайрат­кері, ға­лым... бізді дәліздегі лифтіге дейін шы­­ғарып салды. Бұлай істеу біздегі шікірә бас­тықтардың қаперіне кіріп шықпайтыны ойға оралды. Мұстафа Шоқай туралы жаңа мағлұмат­тар беруі мүмкін деген үмітпен Мимар Синан көркемөнер университетінің профес­соры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Ташағылмен, осы оқу ор­нының профессоры Әбдіуақап Қарамен кездесіп сұхбаттастық. Ә. Қара Чамлижа төбесіне (“Шыршалы төбе”) апарып, қаланың азиялық бетін тамашалатты. Үлкен қонақжайлылық көрсеткен түрік кәсіпкері Өмүр Демиржил машинамен алып жүріп, еуропалық беттегі Улус паркіне апарды. Ол бұрын Қазақстанда жұмыс істеген екен. “Қонақжай, бауырмал қазақ халқына алғы­сым мол”, – дейді. Өмүр біздерді кемемен Мәрмәр теңізінде қыдыртып, екі жағалау­дағы тарихи ескерткіштер жөнінде қызықты мағлұматтарға қанықтырды. Ыстамбұлда, ғылымға аса берілген жан болмаса, мұрағаттар мен кітап­х­аналарда сарылып отыру қиын-ақ. Мұнда пендені елітер де, еліктірер де сиқырлы күш бар-ау деп қаласың. Бірер сағат Айя София мұражайында болып, ондағы батыс пен шығыс өркениеттерінің үйлесімділігі мен үндестігіне қайран қалдық. Мұражайды асығыс тастап, түстен кейін қаланың еуропалық бетіндегі Ататүрік кітапханасының қорларымен танысып, келесі күні азиялық беттегі Ислам зерттеу орталығының кітапханасына жол түсті. Мұнда біраздан іздестіріп жүрген Түркістан ұлттық қозғалысы жетекшілерінің кейбір еңбектерін тауып, кітапханадағы тәртіпке де дән риза болдым. Мерзімді басылымдар, тіпті, өткен ғасырдың 20-30-жылдары Ыс­там­бұлда, Берлинде, Парижде, Варшава­да шығып тұрған эмигранттық басылымдарға дейін, оқырмандар залына қойылыпты. Керегіңді шифр бойынша өзің тауып ала­сың да, пайдаланғаннан соң орнына апарып қояды екенсің. Сол жерде арзандау бағамен өзіңе қажет материалдардың көшірмесін де түсіріп беріп жатыр. 1923 жылға дейінгі тарихи оқиғаларды зерттеуде Осман мұрағаты ерекше орын алады. Онда жүз миллионнан астам құжат жинақталыпты. Электрондық іздестіру жүйесі бойынша жұмыс істеген біздер Энвер пашаның Орта Азиядағы іс-әрекеттері, орыс казактарының патша өкіметі тұсында түрік-мұсылман халықтарына жасаған озбырлық­тары туралы бұрын естіп көрмеген сан алуан құжаттарды ұшыраттық. Анкарадағы Мем­лекеттік мұрағатта да, мұнда да біздерді тізім­ге тіркеп, қолымызға оқырман билетін берді. Осман мұрағатында жалпы Орта Азия тарихы, қазақ, өзбек хандықтарының Түр­кия­мен дипломатиялық, мәдени байланыс­тары жөнінде құнды құжаттар баршылық. Олардың бір бөлігі 2004 жылы Анкарада ХVІ-ХХ ғасырларды қамтитын құжаттар жинағында жарық көрді. Кейін де бұл серия жалғасын тапты. Түрік әлемін зерттеу қоғамы да (Tьrk dьnyasі arastіrmalarі vakfі) назарымыздан тыс қалмады. Оның Гүлсім деген қазақ келін­шегі отырған музейге ұқсас бір бөлмесінде қазақ, өзбек, түркімен халықтарының этно­графиялық жәдігерлері қатарында тұрған домбырамыз да көзге оттай басылды. Ең қызығы мұнда қазақ тілінде сайрап тұрған Метин Көсе деген азаматты кездестірдік. Ол Қоғамның білім және мәдениет департа­ментінің директоры болып істейді екен. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтқанда қай қазақты да шатыстыра ма деймін. Бақсақ, ол магистрлік дипломын М. Мақатаевтың поэзиясынан қорғапты. Жалпы қазіргі кезде түріктердің арасында қазақ тілінде сөйлейтіндер жиі ұшырасады. Менің 1978 жылы Измирде болған кезімдей емес. Ол кезде қазақ халқы да онша танымал емес еді. Мен “қазақпын” десем, түріктер “иә, түрік қазақсың ғой” деп түзетіп қоя­тын. Маңызды кездесуіміздің бірі Ыстамбұл шетінде Сарыйер (Sarіyer) ауданында көрсең көз тұнатын тау етегінде, көк жасыл орман құшағында орналасқан Коч универ­ситетінің профессоры Тимур Қожаоғлымен өтті. Ол кісі бізді университет ғимаратының сыртында қарсы алды. Көптен көріспеген туыстарынша арқа-жарқа болып амандығы­мызды сұрап жатыр. Басқа жанның мұқта­жына көмек қолын созуды өзіне парыз санай­тын жандар болады. Тимур Қожаоғлы да сондай тұлғалардың бірі секілді. Осын­дайда: “Ұлық болсаң, кішік бол”, – деген халқымыздың даналық сөзі ойға оралады. Ол кеше ғана Литвадан іссапардан оралып­ты. Пайғамбар жасындағы адамның бір күн өтпей жатып, ақжарқын күйінде бізді қабылдауына қарағанда, көп білген сайын адам кердең мінезден арылып, сыпайылана түседі деген түйінге еріксіз тоқтайсың. Мұс­тафа Шоқай кезінде: “Самомнение поя­вляется тогда, как человек поднимается на незначительную высоту из своего неве­жест­венного состояния”, – деген болатын. Кітаптарға толы кабинетіне алып барған бойда ол Литваға сапарының мән-жайын түсіндіріп, ол елде тұрып жатқан жалпы саны 230-дан аспайтын караимдар туралы кітап жазғанын тәптіштеп айтып берді. “Апырай, тілін, дінін жоғалтқан халық осылай өшеді екен ғой”, деген ой, біреу найза сұғып алғандай, денемді шаншып өтті. Зерттеуіне берілгені сонша, ол караимдар туралы шабыттана сөйледі, тоқтар емес. Ол өз кітабынан: Азиз тенри, хайыпсүнгей, Он кудраты, киплик сүнгей, Түз ишлерге, конустүркей, Керти Карай, лакаплангей, – деп, караим жырларын оқи бастады. “Тәңір, мені кешіре гөр, күш бер маған, оң жолға сал”, – деген мағынада болу керек. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жойылып бара жатқан этностың соңғы демін алып, Құдайға жалбарынуы секілді. Мен әңгімені келген шаруама қарай бұрғым келіп, әкесі Осман Қожа туралы бір-екі ауыз сөз қыстырып едім, бірақ ол алған бағы­тынан таймады. Әкесі туралы кітап жаз­ғанын айтты да, әңгімені Мағжан Жұма­баев­тың шығармашылығы, Хасен Оралтаймен соңғы сұхбаты жөнінде жалғас­тырды. Өзінің магистрлік диссертация­сының “1960-1970 жыл­дар­дағы қазақ кеңес лирикалық поэзия­сындағы ұлттық бірегейлік мәселесі” деген тақырыпта, ал докторлық диссертация­сының “Қазақ прозасындағы ұлттық бірегейлік мәселесі” деген тақырыпта жазылғанын айтып, біздерді таңғалдырды. Оның қазақ тілінде еркін сөйлеу себебін сонда ғана түсіндік. Мұстафа Шоқайдың Мағжанды өте жақсы көргенін, “Яш Түркістан” жур­налы­ның бірінші нөмірінде ақынның “Шолпан” өлеңін жариялағанын еске салғанымда, ол өзінің бұл екі ақын жайын­да кітап жазғалы жүргенін білдірді. Жалпы Түркияда Мағжанды өте жоға­ры бағалайды. 1993 жылы Анкарада Фер­хат Тамирдің “Мағжан Жұмабаевтың өлең­дері” деген кітабы жарық көріпті. 1978 жылы Измир маңындағы Салихлы қазақ­тарының маған елге алып кетуге Мағжан­ның өлеңдер жинағын ұсынғаны есіме түсті. Тимур Қожаоғлы – Коч универси­тетіндегі Стратегиялық зерттеулер орталы­ғының директоры болып, бірнеше жыл Мичиган мемлекеттік университетінде (АҚШ) сабақ беріпті, биыл да осы оқу орнының Еуразиялық зерттеулер орталы­ғына жұмысқа бармақшы екен. Оның әңгімесінен Мичиган университетінде Қазақстаннан жиырма бес қазақ студенті оқып жүргенін білдік. Тимур Қожаоғлы америкалық ақын Мел Кеннемен бірге ағылшын тілінде “Мағжан Жұмабаевтың таңдамалы лири­калық өлеңдерін” жарыққа шығарыпты. Жинаққа қазақ ақынының “Гүлсім ханымға”, “Ақсақ Темірдің сөзі”, “Бұл­бұл”, “От”, “Түс”, “Арман”, “Жұлдыз­дар­ға”, “Тұтқын”, “Түркістан” деген өлеңдері еніпті. Т.Қожаоғлы Мағжан туралы аса бір сүйіспеншілікпен, көтеріңкі көңіл-күйде сөйледі. Мұстафа Шоқай тақырыбына көшкенін жақсы көріп, әңгіме барысын басқа арнаға бұруға талпынған әрекеті­міздің өзі адуынды арғымақты шабысынан күштеп тоқтатқандай әсер қалдырды. Ол Мұстафа Шоқай туралы бізге біраз мағлұмат берді. Нью-Йорктегі антиквар­лық (букинистік) дүкеннен сатып алған Мұс­тафа Шоқайдың қолы қойылып, мөрі басылған түрік-қазақ сөздігін, оның Ресейде алған паспорты мен 1925 жылы Англияға барғандағы паспортын көрсетті. Ертең ұшатын болып асығып отырған­дықтан, Т.Қожаоғлы бізді университет асханасына түскі асқа шақырды. Одан кейін де біраз сұхбаттасып, жеті мыңнан астам түрлі еңбектерден тұратын үй кітапханасынан Мұстафа Шоқай туралы жаңа дүниелер табылып жатса, кейін хабарласатынын айтып, бізді сыртқа дейін шығарып салды. Сол күні кеште қона­қүйге Әбдіуақап Қара келіп, өзінің жа­қын­да жарық көрген Желтоқсан көтерілісі туралы кітабын ұсынды. Көрген бойда, ол да Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін зерттеп жүргендіктен, профессор Осман Хоратаға берген сұрағым қайта есіме түсіп, кезінде халықаралық деңгейге көтерілген бұл тұлғаның Түркияда өз биігінде көрінбеуі­нің себебін сұрадым. Ә.Қара Түркияда өсіп-өнгенімен, қазақы­лық ныспысына бой алдырды ма: “Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” деген мақал бар емес пе?” деп қарсы сұрақ қой­ды. Шынында да, біз Мұстафа шыққан шыңға, ең бол­ма­ғанда, көз жеткізе алдық па?! “Иә” деп айта алмаймын... Түрік ха­лықтарының рухани мәдениетінің орта­лығы іспеттес Ыстам­бұлмен қимай қош­тас­тық. Мұнда ұлттық рух, мем­лекетшілдік пайым ерекше сезіледі. Аспаның ашық болсын! Көркейіп, гүлдене бер, бауырлас Түркия! Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,тарих ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.