01 Қазан, 2010

Астана бастамасы алға бастамақ

572 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Көкейкесті Бүгінде экологиялық қатерлердің көбейіп кетуі антропогендік әсерлерден екендігі жасырын емес. Адамзат баласының өз мүддесіне қызмет етуі үшін жасап жатқан кейбір шаралары Табиғат- Анаға кері әсерін тигізуде. Трансшекаралық су мәселесі солардың бірі және маңыздысы болып отыр. Ал қазақ суды тіршілік көзі дейді. Трансшекаралық су мәселелерін шешудің барлық жолдары қарас­тырыл­ғанына қарамастан, олардың ушығу тенденциясы әлі де сақталып отыр. Өйт­кені, су ресурсы ауыл шаруашылы­ғына ғана емес, тұрғын халыққа және өндіріс қажеттіліктеріне жеткіліксіз болып барады. Оған қоса аймақтардағы адам саны артуына және климаттың өзгеруіне байланысты су жетімсіздігі байқалуда. Бұл суға байланысты туын­дайтын даулардың жиілеуіне әкеп соғып отыр. Ендігі жерде бұрынғы форматтарға аймақтық әріптестік барған сайын күрделене түсуде. Мемлекеттер өз ұлттық стратегиясын жоспарлап, оны белсендіру арқылы өз мүддесін қорғауда. Аққу көк­ке, шаян көлге тартқан мұндай жоспар­лар келіскен екіжақты тиімді іс-қимыл­дарға қарағанда, көп шығынды қажет етеді. Олар ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларда трансшекаралық су ресурсы мәселесін шешпейді, керісінше тек ушықтыра түсіп отыр. Өйткені, су жаға­лай қонған елдердің әрқайсысының өз мүддесі бар. Сол мүддеге қол жеткізу бары­сында олар табиғи апатты назардан тыс қалдыруда. Оның апарып соғар салдарын адамзат баласы білмейді емес, біледі. Алайда жүргізілген белсенді келіссөздер қорытынды берер емес. Трансшекаралық суы бар мемлекеттердің бірі “құдық көзі” менікі десе, екіншісі қауғасын бұлдап отыр. Ал екінші жақта оған байланысты экожүйенің су көзі бітеліп, түншығып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Әркім өз ұпайын түгендеп әлек. Трансшекаралық су мәселесінің айқын мысалы – Арал тағдыры. Адам­заттың арғы-бергі тарихында адам жер бетінің ең ірі көлдерінің бірін өз қолы­мен құртқандығын дәлелдейтін қайғылы апат. Дегенмен, бұл да бізге сабақ болмай отыр. Су саясаты баяғы жартас бір жартас күйінде. Экологиялық деградация басқа да су бассейндерінде, атап айтсақ жер бетіндегі ірі көл экожүйесінің бірі (Қытайды қоса алғандағы) Балқаш-Алакөл бассейні, сондай-ақ әлемдегі мұнай және бекіре тұымдас балық қоры­ның негізгі көздерінің бірі болып табы­ла­тын Каспий бассейні де осындай кепті бастан кешіріп отыр. Су саясаты­­ның не­гізгі тұжырымдамалары мынадай: эколо­гиялық мақсаттарды басым түрде қамта­масыз ету және шынайы жағдай­ларда су қолданушыларының мүдделерін шешуде қолданыстағы құқықтық, инс­титуттық, экономикалық, ақпараттық және өзге де шешу жолдары өз міндетін атқармайды. Сенімді әріптестік жүргізуге өзі­нің әлеуметтік жеке әлеуеті жетпейтін елдер жағдайында ұлттық саясатқа әсер ететін ықпалы мен рөлі жыл сайын ұл­ғайып келе жатқан үдемелі халықаралық қауымдастыққа сенім артылады. Қазіргі күні бір де бір ел тұтас қоғамның мақ­саттарына сәйкес келмесе өз алдына оқшауланған саясат жүргізе алмайды. Сондықтан су энергетикалық қарым-қатынастардағы алға жылжушылық халықаралық әріптестікті де нығайтуда. Халықаралық шешімдерді, көпжақты бағдарламалар мен трансшекаралық бас­сейндер және экожүйелер бойынша халықаралық жобаларды аймақтық дең­гейде қолдап, оны қолдану өте маңызды. Аймақтық әріптестікті нығайтуда Орта­лық Азиядан мақта, металл, энергия ресурстарын, суды көп пайдаланатын өнімдердің ірі сатып алушылары болып табылатын елдер де мүдделі. Сарап­шылардың пікірінше, Еуроодақ елдері импортшылар ретінде Арал экологиялық апатына 20%-дан кем емес үлесін қосқан көрінеді. Жапонияның “су ізі” 1150 % текше/адам, оның ішінде 65%-ы бұл елдің өз территориясынан тыс жерлерде қолданылатын су ресурсы екен. Ал Германия “су ізінің” тең жартысы сырт­қы су ресурсының еншісінде. Еуро­одақтың өзге де елдерінде осы көрсеткіш қайталанады. “Виртуальды су” әдісте­месін қолдану аймақтық бірігудің өзара тиімді жолдарын қолдану мүмкіндігін береді. Бұл әдіс бойынша су мен энер­гияның таза технологиялары мен ин­вестиция тарту жемқорлықтың ең төмен көрсеткіші арқылы ғана мүмкін болмақ. Трансшекаралық су мәселесін шеше­тін халықаралық бағдарламалардың әлсіз тұсы олардың қысқа мерзімді (жобалық) қаржыландыру сипатын және белгілі бір ұйымның тар шеңбердегі мақсатын көздейтін немесе шектеулі өкілеттілігіне тәуелді үзік-үзік бөліктерден тұратын­дығы. Осы орайда бірнеше елдердің көп­жақты әріптестігін құру, халықаралық ұйымдар мен жеке сектордың басын бір үстелде қосу жоғарыда келтірілген мәсе­лелерді шешуге көмектесері анық. Оның үстіне, Орталық Азия елдерінің су мәсе­лесі бойынша әріптестік тәжірибесі су-энергетикалық мәселелерін бұдан да кең форматта шешу оңайырақ бола түсетін­дігін көрсетеді. Ал бұл форматтар жалпы еуропалық және еуразиялық бағдар­ламалар. Мұнда бір ел екінші жақтан басым түспейді, әрі біржақты әріп­тес­тікті тоқтатып қою мүмкіндігі болмайды. Трансшекаралық су мен суға бай­ланыс­ты экожүйелерді сақтау мақсатындағы шараларға Еуропалық одақ, өндірісі дамыған елдер мен Ресейдің қатысуы мен әлеуеті өткізіп отырған елдердің бірқалыпты әріптестікті қамтамасыз етер еді. Мұндай шешім осы заманғы шы­найы жағдайларға дұрыс жауап бере алады және әлемдік қауымдастық, ай­мақ­тық қауіпсіздік және дамудың ортақ мақсаттарына тиімді болар еді. Сон­дықтан су мәселелеріне және жасыл экономикаға бағытталған конференция, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен басқа да халықаралық үдерістер тұрақты даму мен қауіпсіздікке мүдделі барлық елдерге ұзақ мерзімді, тиімді аймақтық әріптестікке саяси және институттық негіз құруға мүмкіндік бермек. 2010-2011 жылдары Астанада Азия-Тынық мұхиты және жалпы еуропалық елдер арасында өтетін үкіметаралық кон­ференциялардың дайындығы бары­сында еліміз “Астана бастамасын” кө­тер­мек. Оны жүзеге асыру мемлекетара­лық және ведомствоаралық мәселелерді шешуге, сондай-ақ олардың шешіміне ұзақ мер­зімді және тұрақты негіз құруға көмекте­седі деп күтілуде. Астана баста­ма­сының негізгі мақсаты – “Жасыл да­му” бағдар­ламасы мен жоспарларын жү­зеге асыру­да Еуропа, Азия және Ты­нық мұхиты елдерінің әріпстестігіне жәрдемдесу. Ал­дыңғы конференциялар­да шараны өткі­зе­тін елдің бастама кө­теру тәжірибесі қа­лыптасқан. Тәжірибе аймақтық әріптес­тікке өте пайдалы болып шықты. Бұл жолы еліміз қабыл­дағандықтан Қазақ­стан алдында осыған дейін қалыптасқан сараптамалық және ақпараттық әлеуетті нығайту мақсаты тұрды. Қазақстан 1997 жылдан бастап өтпелі экономикалы ел ретінде “Еуропа үшін қоршаған орта” үдерісіне белсенді қатысып келеді. Осы себепті біз эколо­гиялық саясат және оны басқару жүйесі бойынша Азия-Тынық мұхиты үдерісі кеңесінен гөрі еуропалық қолда­нысқа бағытталғанбыз. Еуропа одағы елдерінде жасап шығарылған тех­ни­калық және экономикалық реттеудің қазіргі заманғы құралдары эволюцияның бар­лық кезең­дерінде қолдануға болады және жан-жақты болып табылады. Жасыл өсу және Жасыл даму (тұрақты) тұ­жы­рым­­дама­лары – даму саясаты эволю­циясы­ның бірізділігі сияқты мәсе­лені дұрыс қарауға мүмкіндік береді. Бастама­да 6-шы кон­ференцияның басым бағыт­тары болып табылатын 5 тақырып­тық бағыт белгіленген. Аймақтық үдерістердің идеологиялық ұқсастығы, бірақ мәселені шешудегі әлеуе­ті мен ресурстары арасындағы бел­гілі айырмашылық міне, осындай се­бептер Астана бастамасының негізін қалап отыр. Венера ТҮГЕЛБАЙ.