Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болып қайтты. Оның сапары Сырдария өзені бойында су тасқынынан сақтандыру шаралары, яғни дария жиектеріне бөгет салу жобаларымен танысудан басталды. Ағымдағы жылы төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында облыстық бюджеттен 592,7 млн. теңге қаржы қаралып, өзен бойындағы дамбыларды жөндеу, көпірлер қауіпсіздігін сақтау шаралары жүргізілді. Облыс әкімі Б.Қуандықов Ө.Шөкеевті Сыр аймағында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерден хабардар етті.
Мұнан соң Ө.Шөкеев “Батыс Еуропа-Батыс Қытай ” авто-көлік жолы құрылысымен егжей-тегжейлі танысты. Бұл жол Сыр аймағының 811,7 шақырымын қамтиды. Бүгінде ғасырлық құрылыстың сапалы салынуына 18 асфальт зауыты, 7 битум зауыты, 1990 жол құрылысы техникалары жұмыла кіріскен. Бұл құрылысқа 15519 адам жұмысқа тартылса, соның басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Бүгінгі күніне 119 шақырым айналма жол салынса, 115 шақырымына жер асфальт төсеуге әзірленген. Осының 36 шақырымына төменгі қабаттарына асфальт төселсе, 83 шақырымына жоғарғы қабаттары төселген. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожол құрылысының сапасын қатаң бақылау қажеттігін қадап айтты.
Ө.Шөкеев жұмыс сапары мұнан әрі Ақжарма ауылындағы күріш орағымен танысумен жалғасты. Мұндағы “Мағжан және К” ЖШС 3300 гектар жерге Сыр салысын еккен. Бүгінде осынша жердің 2751 гектарына орақ түсіп, әр гектарынан 55 центнерден өнім жиналуда. Биылғы жылы әр гектардан алынып жатқан өнім өткен жылдардағыдан 5 центнерге артық.
– Ағымдағы жылы Сыр аймағында күріш өнімі өткен жылдардағыдан әлдеқайда жоғары болмақ, – деді облыс әкімі Б.Қуандықов, – мұның басты негізі егістік жерлер су тапшылығын сезінген жоқ.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Сыр диқандарының ересен еңбектеріне өз ризашылығын жеткізіп, егістік жерлерді тегістеу, аяқ суды үнемдеп пайдаланып, әрбір ауылға жеткізуге баса назар аудару қажеттігін айтты.
Ө.Шөкеев жұмыс сапарының келесі кезегінде Қызылорда қаласындағы темір жол үстінен өтетін көпір құрылысымен танысты. Ұзындығы 887 метрді алатын темір жол құрылысының жобалық құны 1,642 млрд. теңге тұрады. Бұл темір жол көпірі Қызылорда қаласының батыс аймағындағы 50 мыңнан аса тұрғындардың қала орталығына кедергісіз қатынауларына барынша жағдай жасамақ.
Жұмыс сапары барысында Сырдария өзені бөгеттері және астық өнімдерін сақтайтын “Алтын қамба” қоймасымен танысқан Ө.Шөкеев Сыр аймағында атқарылып жатқан серпінді істерге оң баға беріп, Үкіметтің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын орындауға баса назар аудару қажеттігін атап көрсетті.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.