02 Қазан, 2010

Ұйымдағы тепе-теңдікке ұмтылыс таныта отырып...

514 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан Үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшыларының саммитіне Ұйым қандай жетістіктері арқылы келеді? Және бұдан да маңыздысы – априори тарихи деп айдар тағып отырған аталған ауқымды басқосудан кейін ол қандай бағыт ұстанады, сонымен бірге, бұл құрылымның төбе билігіне посткеңестік мемлекеттер ішінен алғаш болып көтерілген Қазақстан ЕҚЫҰ-ны қандай биіктерге жетелейді? Бұл күндері дәл осы тақылеттес сұрақтар еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі халықаралық сарапшыларды, Атлантиканың қос қапталында жатқан саясаткерлер мен саясаттанушыларды айтарлықтай мазасыздандырып отыр. Бұған ағылшын тілінде шығатын ықпалды “Москоу Таймс” газетінде жарық көрген америкалық сарапшылар – “Жаңа еуропалық демократия” жо­басының директоры, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орта­лығының аға ғылыми қызметкері Януш Бугацки мен Жаңа демо­кра­тия институтының құрылтайшысы және атқарушы директоры Мар­га­рита Асенованың жарияланымдары кезекті мәрте айғақ бола алады. Тө­менде оқырмандар назарына Ва­­шингтондағы екі беделді зерттеу ор­талықтарының сарапшылары мақа­ласының қазақ тіліне аударылған нұсқасын ұсынып отырмыз. Қазақстанның Ресей мен Батыс елдері арасындағы геостратегиялық тепе-теңдік ықпалына тартылуы сол екен, оның иығына желтоқсанда Астанада өтетін Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінде Ресей мен Батыстың мақсаттарындағы басымдықтарды теңдей сақтау жауапкершілігі жүктелді. Тиімді болуы үшін Саммит қол­даныстағы қауіпсіздік жөніндегі уағ­даластықтарға қырын қарамауы жә­не қандайда бір мемлекеттің ерекше мүддесін заңдастыруға ұмтылмауы немесе Еуропа қауіпсіздігінің қазіргі келісімдерін бұзбауы тиіс.Саммит жақсы өтуі үшін Қазақстанның Ресей президенті Дмитрий Медведев ұсынған Еуропа қауіпсіздігінің аса шамшыл шартын ілгері жылжытуға ұмтылмағаны жөн. Себебі, бұлай бол­маған жағдайда аталған жәйт халықаралық қауіпсіздік үшін айта қаларлықтай жақсылық әкелмейді. Сондықтан мүше мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның негізгі құндылықтарына: демократияға, ұлттық егемендікке және халықаралық ынтымақтас­тық­қа өзінің жақындығын тағы да қуаттаулары тиіс. Ресей мен Батыс дүниетанымы арасындағы қырқысқан бәсекелі күрес ЕҚЫҰ-ның Саммитіне дейін-ақ басталып кеткен болатын. Ресми Мәскеу Ұйымның сыртқы саяси мақсаттарымен байланысты оны реформалау тақырыбына қайта оралған еді. Ресей ұсыныстары Демо­кратиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) функцияларын қысқар­ту­ды; Ресей вето қою құқығына ие ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің өкілеттік­терін кеңейтуді; және ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік функцияларын ұлғайтуды (мұндай функциялар НАТО-ның қызметін шектейді) қарастырады. Түйіп айтқанда, Кремль Қазақстан Үкіметінен президент Дмитрий Мед­ведевтің негізгі мақсаты АҚШ-тың ықпалын әлсірету болып табылатын Еуропа қауіпсіздігінің құрылым­да­рын қайта құру туралы ұсыныстарын мақұлдауды күтіп отыр. Бұл мәселеге АҚШ көзқарасы­ның Ресейдікіне қарағанда айтар­лық­тай айырмашылығы бар. Ва­шинг­тон ЕҚЫҰ-ны Еуропа мен Еура­зияның ауқымды аренасында се­нім ұрығын шашатын ұйым ре­тін­де қайта құрылымдауға ұмтылады. Өйт­кені, әсіресе, Кавказ бен Орта­лық Азияның кейбір өңірлеріндегі ішкі және халықаралық қауіпсіздік әлде де болса әлсіз күйінде қалып отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде Ұйымды дамытып, оның тиімділігін арттыруға, атап айтқанда, Қырғызстандағы сияқты төтенше жағдайларға дер кезінде ықпал етуге аса орасан күш-жігер жұм­сады. Бірақ Төрағаның мүмкін­діктері консенсусқа, ЕҚЫҰ-ның жартыкеш ресурстары мен Батыс пен Ресейдің Ұйымдағы бәсекелі ұс­танымдары қағидаттарына байла­ныс­ты шектеулі. ЕҚЫҰ-ның әрбір мүшесінің бөлектенуін болдырмас үшін Астана Саммиттің ЕҚЫҰ-ға мүше барлық негізгі мемлекеттерді ти­імді тарта алатындай, және де ақыр соңында, бәрі де белгілі бір дең­гейде пайда көретіндей күн тәр­тібін түзіп шығуы қажет. Мұндай күн тәртібі төрт шешуші компо­ненттерді қамтуы тиіс. Біріншіден, ЕҚЫҰ өзінің ха­лықаралық қауіпсіздікті күшейтудегі іс жүзіндегі табыстарына өзіндік сын тұрғысынан қарап, бағалауы қажет. Сол сияқты өзінің кемшіліктері мен сәйкессіздіктеріне де тура сол биік­тен қарағаны жөн. Бұл ЕҚЫҰ қыз­метінің болашақ бағыттарына қа­тыс­ты үйлесімді қадамдарға оң ықпал ететін болады. Екіншіден, ЕҚЫҰ НАТО-ның әскери миссиясына қо­сыла отырып, Ауғанстанға айтар­­лық­тай оң әсер бере алады. Үшін­ші­ден, посткеңестік кеңістіктегі ше­шімі табылмаған сепаратистік жан­жалдармен бетпе-бет келгендіктен, Астана Саммиті оң сипаттағы бас­та­малар көтеруге құқылы. Оның ішін­де ЕҚЫҰ-ның жанжалды ай­мақтар аумақтарында шетел әскер­лерін орналастыруға байланысты қағидатты шешімдер қабылдануына ұмтылыс танытуы керек. Және, ақыр соңында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер Хельсинки актісінің адам өлшемдері қағидаларын тағы да қуаттап, заң үстемдігін бекемдеу стратегиясын дамытуы және ЕҚЫҰ-ның барлық жауапкершілік аймақ­та­рында БАҚ еркіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бір мезгілде ДИАҚБ мандаты әлсіремеуі қажет. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға Қазіргі төрағалығы кезеңінде және одан кейінгі уақытта да Орталық Азияда жоғарыда аталған барлық төрт ком­поненттерді орындау үшін ұтымды жағдайда тұр.