Өзгеріс өлшемі – өндіріс
Тұрмыс қажетіне пайдаланатын заттардан шығатын қалдықтардың қоршаған ортаға зиянын тигізетіні анық. Осы олқылықтың орнын толтыру жайлы ғалымдар бас қатырғалы қашан. Десек те дамыған мемлекеттер бұл мәселенің түбегейлі шешімін тауып, өзгелерге үлгі болған еді. Өркениетке бет бұрған еліміздегі жаңашыл бастамаға үн қосқан “Технопарк-2030” компаниялар тобы кәдімгі тұрмыстық техникалық қалдықтарды қайта өңдеуден өткізіп, арзан әрі сапалы құрылыс материалдарын шығарудағы бастамашылдықтарын танытты.
Елімізде қанат жайған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында “Технопарк-2030” компаниялар тобына қалдықтарды қажетке жарату үшін жарты млрд. теңгеге жуық қаржы салынып, жұмыстың тиянағы келтірілген. Аталған зауыт Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай ауылында ашылғандықтан, елді мекен халқын жұмыспен қамтып отырғаны да қуанышты. Қоқысты қайта өндейтін зауыт еліміздің барлық аймағындағы құрылыс алаңдарына сапалы, арзан құрылысқа қажетті материал дайындайтындар қатарынан саналады. Мәселен, зауыт өндірген өнімді “Азиада-2011” нысандары пайдаланып, сұранысты өсіре түскен. Негізінен өнімдер желісінде резеңке ұнтақтар мен одан алынатын жолдар мен жүгіру жолақтарына арналған арнайы төсеніштер де кездеседі. Ал мұндағы ағашты қабат құрылысқа пайдаланылатын ағаш өнімдерін толық ауыстыра алатынымен де ерекшеленеді. Әрі ыстық пен суыққа төзімді.
Жалпы, компанияның инновациялық даму бағыты жағдайға бейімділігімен де ерекшеленеді. Нәтижесінде өндірісті компьютерлендірумен қатар, қайтарымы жоғары еңбек өнімділігінің қалыптасқанын айтқан жөн. Ұжымға жастарды тарту, арнайы оқытудан өткізуге ден қойылған. Уақыт өткен сайын білікті мамандар қатары өсіп келеді. Зауытта қоқысты қайта өңдеу арқылы өндірілген құрылыс материалдары тұтынушыға 20 жылға дейін қызмет ететінін ескерсек, арзан тауарға деген сұраныс өсуде. Резеңке ұнтақтар мен төсеніштерді шығару үшін автокөліктің пайдалану мерзімі өткен шиналары пайдаланылуда. Осылайша зауыт ұжымы жыл сайын 300 мыңнан астам резеңке дөңгелектерді қайта өңдеуден өткізіп, тұтынушы игілігіне асырады. Экологиялық жағынан қауіпсіз өнім дайындайтын кәсіпорында еңбек өнімділігі уақыт өткен сайын жандана түскен.
Қоршаған ортадағы зиянды қалдықтармен күресіп, жаңаға бет бұрған компания енді Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында осындай тағы бір зауыттың тұсауын кесіп, іске қосуды жоспарлауда. Осылайша алға қойған мақсаттарына жол ашып, тұтынушыға арзан өнім ұсынумен де жұмыстарын жүйелей түскен.
Айналаны әсем табиғатқа жат қоқыстардан тазартатын мұндай зауыттар қатары өскен сайын оның ел экономикасына тигізетін пайдасы да зор болмақ. Отандық өндірістің тиімділігі ерекше екенін дәлелдеген олар өз мүмкіндіктерін еселеуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.