05 Қазан, 2010

Ақиқатшыл Аяған

1170 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Әсілі, ақырын жүріп, анық басу екінің бірінің маңдайына бұйыр­маған дара бақыт шыңы іспетті-ау, сірә! Біреуге тағдыр дарытқан сый болар, бәлкім. Біреуге ғұмыр бойына үйіріліп қонбаған бақ құсы ма екен? Безбендеу қиын... Ал біз тылсым сырлы шығармашылығы мен та­банды азаматтық ұстанымының алуан қырын сөз еткелі отырған Аяған Сандыбайға осы қасиетті қос ұғым жаратылысынан нұр шапа­ғындай шашырап, себезгіленгендей әсерге бөлейді де тұрады. Демек, Аяған сыршыл да сарабдал, салмақ­ты да сезімтал, адамгершілігі мен азаматтығы ғұмырын құлпыртқан халқының елеулі ері, кеуделі тұлғасы екен. Елінің ардақты да аяулы ұлы екен. Бұл сөзімізге оның саналы өмірінің сапалы айғақтары дәлел. Оның қоғамды ілгері бастыруға қосқан ісі мен жасампаздық қадамдары куә. Тәуелсіздік кезеңі – оның қай мағынасынан алғанда да алтын тұғыры іспетті. Бағдарын мықтап белгілей алатын Аяғандай азаматқа ел егемендігі дербес қомдану алаңын сыйлағандай екен. Еркін ой, терең білім, бай тәжірибе, байыпты мінез бен дара талғам оны ғарыш жолына салғандай табысты етіп, бар мүмкін­дігін ашуға құлшындырып-ақ жібер­ді. Баяғы тас қалаушы немесе ау­дандық газеттің тілшісі өмір мәнін терең ұғынады екен. Тасы өрге домалай жөнелді... Баспасөз минис­трінің орынбасары, “Қазақстан” телерадио компаниясының бірінші вице-президенті болып, Қазақстан Республикасы Президентінің баспа­сөз қызметінде жемісті еңбек етуі, әрине, Аяғанның бағындырған асу­ларының шоқтықты белестері екен. Басқа да қызметтік баспалдақтарды кәсіби талғаммен ардақтаған ол бір ғана ұстанымды ұтырлы ұлағатқа айналдырған. Ол мақсат – елінің кәдесіне жарау! Жарапты да. Қазыналы Қостанай өңірінің тумасы Аяған Сандыбайдың есімі бүгінде кең байтақ Қазақстанның қай пұшпағына да кеңінен мәлім. Ол– Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, басқа да мемлекеттік марапаттаулардың иесі. Елге, қоғамға, жамиғатқа сіңірген еңбегін бұлдамай, жарнамаламай, кеуде соғып, төс қақпай, кері тарт­қанды бері тартып, сүбелі сөзін, құй­қалы пікірін тегеурінді тұтқалар­ды шеңгелдеген тарпаң тұлғаларға арна­май, имандылықты күйттеп, ұлт қа­мын жеген Аяған көптің бірі емес, бі­­регейі. Бұл пікірімізді Қазақстан­ның халық жазушысы Иван Ще­го­лихин де қуаттай түседі. “Қоғамның биік адамгершілік мақсаттарына, ақиқат пен әділдікке қызмет ете жүріп, Аяған Сандыбай өзін азамат ретінде, патриот ретінде көрсете біл­ді”, деп түйіндеген болатын ол А. Сан­дыбай туралы жүрекжарды ойын. Бұл – әсіре мақтау, асыра дәріп­теу емес. Нақтылыққа сүйенген дара баға. Аяған бірнеше кітаптың авторы ретінде де оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп үлгерген қалам­гер. Міне, соның бірі Астанадағы “Фо­лиант” баспасынан 2004 жылы жа­рық көрген “Чем порадовать серд­­це...” (“Жүректі қайтіп жұбатам”) деген орыс тіліндегі көсемсөздері жинақталған кітабы. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл кітап зама­ны­мыздың көкейкесті проблемаларына арналған. Төлеген ақын жазғандай, “сыздаған бүкіл жараның аузында” болған журналистің жұдырықтай жүрегін бұлқындырған тіл мен діл, ұлттық мәдениет, экономика, баспа­сөз түйткілдері біздің де санамызға салмақ салады. Ойландырады. Тол­ғантады. Мәселенің шешімін шешуге жұмылдыра түседі. Осы орайда Аяғанның “Тіл – Отанға жеткізер жол” (“Язык до Родины доведет”) атты толғақты туындысына тоқтал­май өте алмаймыз. Бүгіндері қазақ қоғамында әзірге шешімі толық та­былмай тұрған проблемалардың бірі – тіл мәселесі. Біздіңше, заман өзге­ріп, ұрпақ ауысқаннан кейін бұл түйт­кілдің түйіні тарқатылмақ. Мә­селен, өткен ғасырдың 50-60-жыл­­да­рын­да тілі орысша шыққан қазақ­тардың үш буыны әлі де ат үстінде. Алайда, соңғы 6-7 жылда оқу орын­дарының қазақ бөлімдерінің студент­тері білім алушылардың 70 пайы­зы­нан астамға жеткені қуантады. Сон­дай-ақ орыс бөліміндегі балалардың 80 пайыздайын қазақтар құрайды, олардың барлығы дерлік қазақша білетінін, дәрісті ұғатынын атап өтуі­міз керек. Қазір алдағы онжылдыққа арналған тіл бағдарламасы ұсынылып жатыр. Оның түрлі тетіктерін ұтымды пайдаланып, демографиялық ахуал­дың өзгерістеріне орайластыра білсек, көп іс тындырамыз. Ол үшін жұрт­шылық болып жұмылуымыз керек. Әйтсе де осы мәселеде Аяғанды толғандыратын түйткілдер шашетек­т­ен. Осынау келелі тірліктен бұқа­ралық ақпарат құралдары сияқты қуатты тәрбиелік әрі насихаттық қару тыс қалмаса екен деп тілейді. Бірақ кейде орыстілді баспасөздің бұра тартатынын несіне жасырамыз. “Нақ осы тіл проблемасы, атап айтқанда, мемлекеттік тіл дамуына деген қамқорлықтың шынайы-шыншылдығы жалпыұлттық баспа­сөзге жік салып тұрған жолайырық сызығына айналды. Жасыратыны жоқ, орыстілді және қазақтілді БАҚ пікірлері кейде екіұдай болып жата­ды”, дей келіп, автор ортақ мәмі­леге, тоғысқан пікірге келуге ша­қырады. Мемлекеттік тілдің қол­да­нылу аясын айқындайтын “Тіл ту­ралы” Заң мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер мемлекет меке­мелеріне ешқандай міндет жүктемей отырғандығын атап көрсеткен автор “Дипломатиялық қызмет туралы” низамды тілге тиек етеді. Оқырман қауымға осы заңнан “дипломатия­лық қызметке кірген адам мемле­кеттік тілді білуге тиіс” делінген 9- баптың алынып тасталғандығы ту­ралы құлаққағыс қылған журналист “мемлекеттік қызметшілерге қойы­латын талапты күшейту керектігіне” баса назар аударғаны бекер емес. Өйткені, қызметшілердің осы са­натының 90 пайыздайы – қазақтар. Осы тұста жазушы Герольд Бель­гер­дің: “Қазақтар өз тілінен басқаның бәрін үйреніп алуға құмбыл” деген Аяған Сандыбайдың өткір тұжыры­мының ақиқаттығына көзіміз күн сайын айқын жетіп келеді” деп әріп­тесіне берген бағасы еске түседі. Көсемсөздің айтулы шебері Аяған Сандыбайдың өсу жолдарына ықпалы тиген әр кезеңнің бағасы өзіндік тәлімімен назар аудартады. Мысалы, сексенінші жылдардың соңындағы қоғамдық өзгерістерге сәл барлау жасап көрелікші. Қайта құру кезеңі “жылымығынан” бастау алған пікір мен ой алуандығы Қа­зақстан баспасөзінде өзіндік қыры­нан көрінгені қаламгер қауымға жақсы мәлім. Өйткені, егемендіктің ұлттық рәміздер, валюта, дипло­ма­тия сияқты атрибут-белгілерін мем­лекеттік деңгейде тұжырымдап, қабылдаған еліміз сыртқы шекараны айқындағанмен, саяси және эконо­микалық мүдделерін қас қақпай қорғағанымен, ақпараттық кеңістікте “темір қорған” орната алмады. Мұ­ның мәнісін А. Сандыбай өз жария­ланымдарында хал-қадерінше түсін­діріп бақты. Әлгінің себебі интернет, электронды пошта, спутниктік те­ледидар жағдайында бұл мүлдем ақылға сыймайтын шаруа, оның үстіне қашықтықты елемейтін ра­диотолқын атаулыға қайтіп тосқауыл қоюға болады? Бұған, әрине, түрлі себеп-салдарды алға тартып, жауап беруге болады. Тәй-тәй басып, бұға­насы беки қоймаған ақпараттық тәу­елсіздігімізге егемендіктің алғашқы жылдары кәдімгідей-ақ қатер төнген еді. Бұл, әсіресе, Солженицынның “Ре­сейдің көсегесін қайтсек көгерте­міз?” атты туындысы жарық көрген, белгілі “қырғи” Жириновский күші­не мініп, Қазақстанға аптасына бір соқтықпаса ішкен асы бойына сің­бейтін 90-жылдардың алғашқы жар­тысына тән ахуал-тын. Міне, осы кезең еліміздің ақпараттық кеңісті­гінің сайыпқыран сақшылары Марат Барманқұловтың, Ғаділбек Шаях­ме­товтің, Аяған Сандыбай мен Ахас Тәжуітовтің, Бигелді Ғабдуллин мен Жәнібек Сүлеевтің “журналистік жауынгерлік қабілетіне” өзіндік бір сын болды. Бұл сыннан олар мү­дір­мей өтті, қабырғалы қарсыластың қа­мал артынан зулатқан улы жебе­ле­­рін тойтара білді деп нық айта аламыз. Өздеріңіз байқап отырғандай, аталған тізімге енген қаламгерлердің барлығы да – орыстілді журналис­тер. Осы сайдың тасындай азама­т­тар­дың бел ортасында Аяған Санды­байдың жүруі, әрине, заңдылық еді. Мұндай құрметті оған мықты аза­маттық ұстанымы мен ақиқатқа де­ген адалдығы жеңіп әперген бола­тын. Онсыз да орыс тілінде жазатын санаулы қазақ жігіттерінің бәрі де “сен тұр, мен атайын” дейтін ше­тінен ақмылтықтар екенін әрқашан мақтан етіп отырамыз. Осы ретте орыстілді қазақ жур­на­листикасы туралы Аяғанның өз­індік пікірі барын да ескерте кетсек, артық болмас. Бұл сала бүгінде біз­дің рухани әлеміміздің, ақпараттық инфрақұрылымымыздың елеулі бір бөлігіне айналды деп есептейді ол. Алайда, қалың қазақ оқырманы шы­ғармаларын орыс тілінде жазған Бау­бек Бұлқышев пен Әнуар Әлім­жа­новтан басқа жазушы-көсемсөз­ші­лердің есімдерін біле бермейді. Бұған кім кәнәлі екендігін дәл қазір тап басып айту қиын. Мәселен, көрнекті журналист әрі ғалым, ұлттық теле­дидар теориясы мен практикасының негізін қалаған филология ғылым­дарының докторы, профессор Марат Барманқұлов тәуелсіздіктің алғашқы жылдары “Казахстанская правда” газеті бас редакторының бірінші орынбасары бола жүріп, көне түркі және қазақ тарихына қатысты қы­зық­ты еңбектер жазды. Марат Кәрі­байұлының бұл туындылары ойлы оқырмандар мен білікті ма­ман­дар тарапынан биік бағасын алды. Бірақ олар әлі күнге дейін қазақ ті­ліне ау­да­рылған жоқ. Қазір бәріміз жабыла күстаналайтын кеңес кезе­ңінде қа­лам­герлердің шоқтығы биік шығар­­малары әлем халықтарының тілде­рі­не жоспарлы түрде тәржіме­ле­ніп тұ­ра­­тын. Осы бір үлгілі үрдістің тым тез ұмытылғаны жанға батады, әрине. Қалай болғанда да, “тілі басқа, тілегі – бір, түрі басқа, жүрегі – бір” жүздеген ұлт мекендеген елі­міздің негізгі қарым-қатынас тілі орыс тілі болып қалып отырғаны ақиқат қой. Бұл ретте Аяған өз ойын былайша қысқа тұжырымдайды: – Екі тілді еркін меңгергенімен, шығармаларын орыс тілінде жазатын журналист бауырларымыз осындай ақпараттық ахуал жағдайында өзін­дік бір “мәдени көпір” рөлін атқа­рып келе жатқанын атап өтуіміз ке­рек, – дейді ол.– Бұдан 5-6 жыл бұ­рын бір басылым бетінде бұрқ ете қал­ған айтыста орыстілді қалам­гер­лерімізге “мәңгүрт” деген “атақ” та­ғылған болатын. Осынау түйткілді мә­селе төңірегінде басқалармен қа­тар мен де өз ойымды кәсіби ортада мәлімдеген болатынмын. Бүгін де қайталап айтамын: олар, кейбір керауыздар айтқандай, “іштен шыққан шұбар жылан” емес, қайта ұлттық ақпараттық кеңістігіміздің сайыпқыран сақшылары, тіліміз бен діліміздің туын жоғары көтеріп келе жатқан салиқалы сөз сарбаздары. Аяғанның осынау жүрекжарды пікірін Қазақстан журналистика ака­демиясы секілді танымал қоғамдық ұйымның мүшелері де бірауыздан қуаттап, қолдап отырғанын зор қанағат сезіммен атап көрсетеміз. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері елімізде шетелдік басылымдар дәу­рені жүріп тұрғандай сезіледі. Ал Елбасының талабы бойынша бұл түйткілге ерекше назар аударып, “ақпараттық кеңістігімізді барынша қорғауымыз керектігін” бір сәт жа­дымыздан шығармағанымыз абзал-ау. Осы орайда Аяған Сандыбайдың мына батыл ұсыныс-талаптарын қайталап өтудің еш артықтығы жоқ секілді. Оның пайымдауынша, рес­публикамызда “Известия - Казах­стан”, “Комсомольская правда - Ка­зах­­стан”, “Труд - Казахстан”, “Ин­тер­факс-Казахстан”, “Аргументы и факты - Казахстан”, сияқты жемісті медиажобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты бас қала­ла­рында қазақ диас­порасының 10 мыңнан астам өкілдері тұрады. Осы ағайындарымызға арнап жоғары­дағыдай жобаларды неге ұсынбасқа деп ой тастайды ол. Тағы бір түйінді пікірі мынадай: “Егемен Қазақстан- Өзбекстан”, “Жас Алаш - Қырғыз­стан”, т.б. медиажобаларын неге өрістетпейміз?”,– дегенге саяды. Расында да, ойланатын мәселе емес пе? Өзге мемлекеттің идеологиялық экспансиясына “еруліге – қарулы” жауап қайтарар сәт келсе, нақ осы бизнес-идея, пиар-ұсыныстың күні туады деп ойлаймыз. Көрнекті көсемсөзші, белгілі қаламгер Аяған Сандыбайдың қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегі алуан қырлы. Оның бір шоқтықты ізденісі деп, еліміздің “БАҚ туралы” тұңғыш заңын дайындап, әзірлеуге қосқан зор еңбегін айрықша атауымызға болады. Сондай-ақ оның қаламынан бірнеше оқулықтар мен әдістемелік құралдар туындап, мектеп игілігіне айналғаны да сан қырлы таланттың мәуелі жемісіндей тамсандырады. Ал “Қазақстан” телеарнасы арқылы қалың көрермендеріне жол тартқан “Ғажапстанға саяхат” деп аталатын көпсериялы мультипликациялық фильмі бастамашыларының бірі жә­не бас редакторы ретінде оның ай­қын қолтаңбасын аңғару және қиын емес. Бұған оның ондаған теле­фильм авторы екендігін қоссақ, май­талман көсемсөз шеберінің әлі де бергенінен берері көп екендігін аңғарамыз. Уа­қыт жылжыған сайын ойшыл­дық пен ақиқатқа негізделген туын­дылардың бағы ашыла түсетіні әл­деқашан мойындалған шындық. Осы қалыппен ертеңнің көкжиегіне бар­лай көз жүгірткенде, нағыз азамат Аяғанның ақиқатпен суарылған күллі болмысы ұлттық мүддеге қыз­мет етіп, ұрпақ қамын күйттеуімен көңіл қошын үстемелей түседі екен. Міне, әріптесіміздің дара тұлғасы да нақ осы нақышымен жарқырап кө­рініп, тәнті ететіні сүйініш сезіміне бөлейді, көп үміттендіреді. Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ, Қазақстан Журналистика академиясының президенті, профессор. Қайсар ӘЛІМ.