Халқына “Әй-әй ақын” атанған Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл Астананың өнерсүйер қауымының назарына шығармашылығының 40 жылдығына арналған кеш ұсынды. Халқымен қауышып, көңілін демдеп, рухтанып тұрған ақынға тілшіміз жолығып, одан бірнеше сауалға жауап беруін өтінген еді.
– Қонысбай мырза, айтысқа шықпағалы республика жұртшылығы өзіңізден көз жазып қалғандай еді, бүгін мына кештен дидарыңызды көріп, дауысыңызды естіп көзайым болып қалды-ау.
– Енді ол заңды да. Өйткен себебі, менің ақындар айтысына шықпай кеткеніме біраз уақыт болды. Халық айтыстан немесе теледидар арқылы жиі көріп үйренгендіктен бе, іздеп қалған сияқты. Алайда, мен қол қусырып қарап отырған жоқпын. Кітаптарымды шығардым. Өлеңдерім жеке жинақ болып, өнербаяным да жеке жарық көрді.
Ал бұл жолғы халықпен жүздесуімнің жөні бөлек. Бізде өзі біреу шығармашылық кеш өткізейін десе, “нешеге толып жатыр екен” деп сұрайтыны бар. Негізінде өнер адамдары – әртістердің, ақын-жазушылардың халықтан алыстамай, жұртшылықпен жүздескеніне не жетсін?! Халқыңның алдында есебіңді беріп, бар екеніңді, шығармашылығыңның тоқырап қалмағанын көрсетіп отырғаның дұрыс қой.
– Дұрыс-ақ, әрине, айтарың болса, халқыңа берерің, көрсетер өнерің болса жиі-жиі жүздесіп тұрғанға не жетсін! Астанамыздың ажарына ажар қосқан Бейбітшілік және келісім сарайының үлкен залында халқыңызбен жүздестіңіз. Ел де әй-әй ақынының соңғы жылдардағы шығармашылығымен танысып бір жасап қалды.
– Дұрыс аңдап отырсың. Менің осы жолғы халқыммен жүздесуімді шығармашылық кеш деп те, оқырмандармен кездесу деп те айтуға болады. Оның атын “Бала махаббаты” деп атадым. Ол, әрине, кездейсоқтық емес. Мен осы кешті бір жағынан шығармашылығымның 40 жылдығына орайластыра өткіздім деп айтар едім. Өйткені, менің бала күнімде, 8 сыныпта оқып жүргенде шығарған “Бала махаббаты” деген әнім бар. Осы ән арқылы мен алғаш Қазақстан көлеміне танылдым. Осы тұңғыш әнім менің өнердегі тұсаукесерім болды. Сол әннің дүниеге келгеніне 40 жыл толыпты. Бұл кешті өткізуімнің ендігі бір себебі – биыл 40-қа енді жете бергенде көз жұмған анам 80-ге, ал 50-дің есігін аша бергенде өмірден озған әкем 85-ке толар еді. Осы кеш баласының шығармашылық саласында әлдеқандай бір табыстарға ие болғанын көре алмай дүниеден өткен әке-шешеме оқыған дұғам іспетті. Кеш арқылы өзімнің балалық махаббатымды, перзенттік көңілімді білдіріп, олардың рухына тағзым еттім деп ойлаймын.
– Халқымыз “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деп жатады ғой. Ниетіңіз орынды. Рухтары сізге риза болып жатқан шығар. Сосын менің бір байқағаным, кештің бірнеше өзегі болған тәрізді. Шымылдықты өзіңіз пір тұтатын Нұрханнан – Нұрхан Ахметбековтен бастап, балалығыңызға бойлап, одан өзіңіз кеште айтқандай, халықтың жүрегіне түскен үш түйнек жара – Арал, полигон, желтоқсан жайындағы шығармашылығыңызбен жалғап, соңы тәубе деп шүкіршілік еткен, тәуелсіздікті жырлауыңызбен аяқталған. Көрерменнің ұққаны осы тін. Қалай, қателеспеп пе екенбіз?
– Алла амандығымен жарылқап, ғұмыр беретін болса, 60-тың да ауылы алыс емес қой. Бір қырдың астында тұр десе де болады. Сондықтан осы кезеңге келгенде бір мерейтойымды жасаймын ғой деп ойлаймын. Кәдімгідей жан-жақтан қонақ шақырып дегендей, ал бұл кеш Астана көлемінде өткізілді. Құдайға шүкір, елордамызда жұртшылық әндерін сүйіп тыңдап, қуана қол соғатын әншілер баршылық. Соларға сүйеніп, тәуекел етіп едім, кеш ойдағыдай болды.
Дұрыс аңғарыпсың, кеш мазмұны тура өзің айтқан тінде құрылған болатын. Расымен де, менің пірім – Нұрхан. Сондықтан бұл кеште де Нұрекеңнен айналып өтпедім. Кешті “Тағы да Нұрхан жайлы” деген жырыммен өзім бастап, артынша талантты әнші Нұрай Танабаев “Нұрханды сағынуды” орындады. Онан соң анам жайлы “Сағыныш” атты өлеңімді оқыдым. Ал әкемнің бір көк аты болатын, ауылым Көкалата сол атына отырып жұмысына баратын. Содан әкеме арналған “Көк ат” атты жырымды халқыма тыңдаттым.
Белгілі эстрада әншісі Досымжан Таңатаров, Алтай Сейітқасымов екеуміздің шығармашылық одағымыздан туған “Жалған-ай” әнін орындап, жаңа туындының тұсауы кесілді.
Біз, қазақ деген, тойшыл халықпыз ғой. Қыз ұзатамыз, келін түсіреміз, сүндет той, тілашар дейсіз бе, толып жатыр. Осылардың әрқайсысына арналып әндер жазылса, артық емес. Сол ойдан туған ұзатылар қызға арналып дүниеге келген жырға Нұрлан Мағзұмов ән жазған болатын. Кеште “Аққуым”атты осы әнді Естай Мұқашев нәшіне келтіре орындады. Кештің ажарын ашқан тағы бір әнші Ғалия Байғазинова болды десем, артық емес. Ал соңғы өзің айтқан тәубе дейтін тұсымда К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының солисі Қияқбай Асанов “Мәңгілік от басында” атты шығармамды орындады. 60 адамнан тұратын Астана филармониясының оркестрі өнер көрсетті.
Маған анам, өзінің өлетінін біле тұра ағысқа қарсы жүзіп барып, уылдырығын шашатын балықты есіме түсіреді. Денсаулығына қарамастан, 11-ші баланы дүниеге әкелемін деп көз жұмған анамның көзі тірі 6 баласының төртеуі – Ақторта, Серікбай, Бақытжан және мен “Бала махаббатын” қосыла шырқадық. Осылайша анамыздың рухына перзенттік көңілімізден тағзым еткен жайымыз бар.
– Жиналған жұртшылық сіздің шығармашылығыңызға мейірі қанып, табыс тілеп, қуана қол соқты. Сол тілекке біз де ортақтығымызды айта отырып, сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Сұлтан СЕЙІТ.