05 Қазан, 2010

Шалқы, шалқы, музыка!

665 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматының үлкен сахналарында күн сайын түрлі концерттер өтіп жатады. Алайда мәдени шараларға кенде емес қалада кейде сирек оқиғалар да болып тұрады. Әсіресе, камералық-аспаптық шығармаларды нағыз таланттардың орындауында тыңдаудың сәті жиі түсе бермейді. “Ахмет Жұбанов атындағы қор” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Жамбыл атын­­дағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақстан композиторларының камералық-аспаптық және вокалдық музыка фестивалі болып өтті. Фес­ти­вальді “Ахмет Жұбанов атындағы қор” қо­ғамдық қорының жетекшісі, Ахмет Жұба­новтың немересі Шолпан Жұба­нова ашып берді. Т­амаша концертті Мұхиттың немересі, Құр­­­манғазы атындағы консерваторияның до­центі, өнертанушы Алуаш Мұхитова Мұхит пен Затаевичтің “Айнамкөзімен” ашты. Алу­аштың әкесі Құбыш Мұхитов та 56 жыл бойы домбы­ра­дан дәріс берген профессор. Осындай талант­тардың тұяғы тұсауын кескен фестиваль флей­тада Әсел Әлімбаева ойнаған С.Киби­ро­ваның “Жайлауда” шығармасына ұласты. Әсем әуенге фортепианоның үні қо­сыл­­ғанда (кон­церт­мейс­тер Альмира Берді­бе­кова) Рерихтың картинала­рын­дағыдай көк шал­ғынға, кең жайлауға шыға келгендей әсерге бөленесің. Мінекей, Жанар Ермағамбетова орындаған Ә.Бестібаевтың “Романсын” да бірінші рет қо­бызда тыңдаудың сәті түсті. Ал А.Жұбановтың “Ро­­­­­мансын” гобойда Айсұлу Аужанова орындады. Тамаша концерт жалғасып жатыр. Орындау­шы­дан орындаушы, музыкадан музыка одан әрі биіктеп барады. Тырп етпей әуенге еліткен ты­ң­дар­ман шығарма сап тыйылғанда, көпке дейін рия­сыз қошеметін аямады. Мұндай ұзақ қошеметті эстра­далық концерттерден көре бермейсің. Ка­ме­ралық-аспаптық шығармалар­дың ерекшелігі де сонда. Енді, міне, А.Жайымовтың “Шалқымасын” Бейбарыс Хамзин мен Шығыс Құрманқұлов шалқытса, Украинадағы “ХХ ғасыр өнері” бай­қауының, Ғ.Жұбанова және Б.Төлегенова байқауларының жүлдегері Жұпар Ғабдулина О.Сүлейменовтің сөзіне жазылған “Из травы я взлетела” вокальдық циклін шырқады. Мұндай фестивальдерге өзіне сенген, таланты шыңдалған майталмандар ғана қатыса алмақ. Олар­ға фонограмма түгілі, микрофон да қажет емес. Тыңдарманды тәнті еткен таланттың бірі Рүс­­тем Ермеков болатын. Л.Хамидидің “Бұл­­бұлын” Бибігүл Төлегеновадан асырып енді еш­кім орын­дай алмас деуші едік. К.Байсейітова атындағы байқаудың жеңімпазы Ольга Лукашева бұлбұл болып сайрағанда Бибігүл апасынан бір мысқал кем түскен жоқ. Әннің күрделі нота­ларын қинал­май алғанын айтпағанның өзінде, Ольганың түрін көрмей отырып тыңдасаң әнді орыс қызы айтып тұр деген ой екі ұйықтасаң түсіңе кірмес. Бұл фестивальдің байғазысы – Абай атын­дағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры солистері десек, қателеспеспіз. Дархан Ж­олдыбаев С.Мұхамеджановтың “Өзгеге кө­ңі­лім тоярсың” шығармасын, Болат Жомартов “Ай­­сұлу” операсынан Серкенің кавантинасын, Гүл­зат Дауырбаева Б.Жұманиязовтың “Махам­бет” операсынан Зылиханың романстарын әуелетті. Осылайша бекзат өнер ордасының беткеұстар әншілері С.Еркімбековтің “Дархан даласымен” (концертмейстер Гүлнәр Жіділова) фестиваль шы­мылдығын жапты. Фестивальге қаты­су­шы­лардың барлығы арнаулы диплом­дармен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Ендігі айтарымыз, мұндай фестивальге кө­рер­мендер көптеп жиналса құба-құп болар еді. Әйт­­песе, камералық-аспаптық туындылар өз қа­за­нында ғана қайнап жатқандай әсер қалдырды... Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.