05 Қазан, 2010

Бізге де белгілі Бельгия

568 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
8 қазанда Астанада футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу ойынында Қазақстан-Бельгия құрамалары кездеседі Біздің бұлай Бельгияның да өзімізге бесенеден белгілі екенін айта сөйлеуіміздің екі түрлі себебі бар. Біріншіден, кешегі кеңес заманында еліміз құрамасының ең бір шешуші матчтары тап осы мемлекеттің таңдаулы жасағымен өтсе, екіншіден, өз республикамыз тәуелсіздіктің туын желбіреткелі бергі мезгілдегі футболшыларымыз қол жеткізген әзірге ең абыройлы ойындарымыз осы дәулет коман­да­сымен арада орын алды. Әйткенмен, шежіре түбіне сел­кеу түспеуі үшін әуелгі әңгімені Бельгия футболының бастау алар шағынан бастаған ләзім болар. Ал бұл тарқату бізді аяқдоп өнері та­ри­хының терең қойнауына алып ба­рады. Олай болатыны, 1895 жы­лы құрылған Бельгия Корольдік фут­бол федерациясының бақы­ла­уы­­мен өте бастаған чемпионат әл­емдегі Британия біріншіліктерінен кейінгі ежелгісі болып есептеледі. Сол себепті бұл елдің ФИФА құ­ры­луындағы қозғаушы күштердің қатарынан табылғаны, 1930 жылы Уругвайда өткен бірінші жаһандық аламан жарысқа жасағын аттан­дыр­ған еуропалық төрт мем­ле­кет­тің бірі болғаны заңдылық. Сөй­тіп, 1904 жылы Дүниежүзілік фут­бол қауымдастығы құрылған бойда оның құрамына мүше болып енген бельгиялықтар сол жылғы 1 мамырда көршілері – Франция құрама командасын қабылдады. Құраманың тарихтағы нөмірі бірінші матчы аса тартысты өтіп, 3:3 есебімен тең аяқталды. Бұл кезде елдің үздік жаса­ғы­ның нағыз толағай табысқа жетуі үшін арада әлі бақандай 16 жыл бар еді. Ол 1920 жылы Бельгия­ның Антверпен қаласында өткен Олимпиялық ойындар футбол турнирінің қорытындысында тір­келді. Жарысты ұйымдастырушы­лар ре­тінде бельгиялықтар сайыс­қа ши­рек финалдан бастап қосы­лып, Ис­пания олимпиадашыла­рын 3:1 есе­бімен тізе бүктірді. Бұ­дан соң қы­зыл жейдемен жарқыл­даған олар­ға жартылай финалда көр­ші­лері – голландтықтар қарсы тұра алмады. Есеп – 3:0. Осы же­ңіс­тер­ден кейін жерлестерінің ша­бу­ыл кезіндегі құйынперен ойын­да­рына тәнті болған жергілікті жур­­налистер оларға әртүрлі мадақ ес­ім таңуға көшті. Соның ішінде бір-бірімен алдын ала келісе қой­маған бірнеше газеттің тілшілері өздері матчтардан жариялаған ре­портаж­дарында құрама фут­бол­шы­ларын “қызыл перілерге” теңеген екен. Бельгия құрамасы екінші дү­ние­жүзілік соғысқа дейінгі жыл­дар­да өткен бұдан басқа екі жа­һан­дық жарысқа да қатысты. Ал со­ғыстан кейін №1 спорт төңі­регіндегі бәсеке қатты қызып кетті де, “қызыл перілердің” финалдық бөліктен ұдайы орын алып тұруы қиынға түсті. Бельгия футболы тек өткен ғасырдың жетпісінші жыл­да­рының ортасына қарай ғана ая­ғына нықтап тұра алды. Оның осы тұста күш алғаны сонша, жетекші футбол державаларымен табан ті­ре­сетін дәрежеге жетті. Бірақ мұндай әлеует клубтық дең­гей­ден аспай, сол жылдары “Андер­лехт” командасы екі мәрте Кубок ие­лері кубогын жеңіп алса, “Брюг­ге” Чемпиондар кубогының фи­на­лында шайқасты. Ал құрама ко­ман­да аспаннан жұлдыз теріп, жер­ден жақұт жинай қоймады. Де­ген­мен, олай етуіне де әбден бола­тын еді. Бұл үшін құраманың 1974 және 1978 жылдардағы әлем бірін­шіліктерінің іріктеу турнирлерінде бірде-бір рет жеңілмегенін, тіпті өз қақпасына бірде-бір доп жіберме­генін айтсақ та жеткілікті. Бірақ со­ның екеуінде де әлем чемпио­на­тына бара алмады. Екі жағдайда да “қыз­ғылт түстілердің” аутсай­дер­лерге соққан голдары артық шықты да, мәселені сол шешті. Мұның есесіне 80-ші жылдар Бельгия футболының қауырт өркен жайған кезеңіне айналды. Бұған ұлттық чемпионаттың 1972 жылы әуесқойлық сипаттан толық кәсіпқойлыққа көшуі тікелей әсер етті. Соның арқасында ел құра­ма­сы 1972-1984 жылдары өткен Еу­ропа чемпионаттарының барлығы­ның финалдық бөлігіне шықты. Ал 1980 жылы бұл ел континент чемпионатын өткізуші ретінде ғана емес, сол додада Германиядан ұты­лып, күміс медальдің иегері ата­нушы есебінде де тарихта қал­ды. Құраманың 80-ші жылдары қа­лыптасқан ұстыны оның бұдан кей­інгі он жыл бойғы негізін құ­ра­ды. Бұлардың арасында қақ­па­шы Жан-Мари Пфафф, қорғаушы Эрик Геретс және құрама сапында 96 рет алаңға шығып, рекорд жа­саған жартылай қорғаушы Ян Ку­леманс секілді жұлдыздар болды. Бельгия құрама командасы әлем чемпионаттарындағы ең ірі табысына 1986 жылы жартылай финалға шығуымен жетті. Ол осы жолы КСРО құрамасының да со­рына тұз құйды. Бұл құрама сол жолғы 1/2 финалда Энцо Шифо­ның жарқырап көрінгеніне қара­мастан, Аргентинадан ұтылып қал­ған болатын. Ал “қызыл пері­лердің” 1982-2002 жылдары өткен әлем біріншіліктерінің бірде-бір финалдық бөлігін құр жібермеген керемет келісті кезеңі 1982 жылы Ис­панияда өткен жаһандық жа­рыс­­қа чемпион мәртебесімен кел­ген осы аргентиналықтарды бет­­­ашар ойында жеңіп шығуынан ар­на салды. Содан екі жыл өткенде, Бельгия футболын сеңдей соғыс­тырған үлкен жанжал орын алды. Ол ел ішіндегі чемпионатта алдын ала келісім жасасу арқылы өткен матчтардан өрбіді. Тексере кел­ген­де, жанжалдың бас кейіпкері “Андерлехт” суперклубы болға­ны­мен, жең ұшынан жалғасқан сы­бай­ластық шарпуы Фландрия мен Валлония жерінен асып, кәрі құрлықты түгел шырмап алғаны анық­талды. Осының салдарынан оған қатысы бар көптеген ойын­шылар дисквалификацияға ұшы­рап, құрама 1984 жылғы құрлық чем­пионатына әлсіреген құраммен барды. Бұл француздар мен даниялықтардан оңбай жеңілуге апарып соқтырды. Сол себепті 1986 жылы топтан әрең шыққан, түйістірме матчта “ата жауы” – голландиялықтарды зорға ұтқан Бельгия құрамасының Мексикада өткен әлем чемпио­на­тында іліп ауызға аларлықтай та­бысқа жететініне оның нағыз жан­ашырларының өзінің сенімі жоқ еді. Бірінші матчта алаң иелерінен ұты­лып, келесі кездесуде ирак­тық­тарды әзер ауыздықтаған, сосын парагвайлықтармен тең түскен “қызыл перілер” 1/8 финалда қызыл империя құрамасына қарсы шықты. Кеңес футболшыларының бель­гия­­лықтарды бұл жолы да “екі шай­нап, бір жұтатынына” күмән болған жоқ. Бұған тағы бір себеп, біздің футболшылар бұған дейін бұл құрамадан жеңілмек тұрмақ, тіп­ті тең ойнап та көрмеген еді. Екі құрама 1966 жылдан бері 2 рет жолдастық кездесу өткізіп, 2 рет мундиалдарда ұшырасқан. Солар­дың үшеуі 1:0 деген есеппен аяқ­талса, 1970 жылы осы Мексикада өткен әлем біріншілігінде 4:1 етіп жеңгенбіз. Сол сенімді осының ал­дында Венгрияны 6:0 есебімен талқандаған ойында “зымыран” атанған Игорь Белановтың есеп ашуы үдете түскен. Бірақ екінші тайм ауыр салмақты боксшы­лар­дың қарама-қарсы тұрып алып, бі­рін-бірі соққылауына ұқсап кетті. Осылай негізгі кезең 2:2 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта бір доп асырған бельгиялықтар 4:3 есебімен жеңіске жетіп, жарыс жо­­лын жалғастырды. Мұнда Бельгия құрамасының тізгінін ұстаған “кә­рі түлкі” Ги Тис мырзаның так­ти­калық сауаты бәрін шешіп кетті. Ал егемендік еңсе тіктетіп, елі­­міз Еуропа футбол қауымдас­тығ­ы­на (УЕФА) өткен кездерден бері Қазақстан құрамасы Бель­гия­мен осыған дейін екі рет кездесіп, екеуін де тең аяқтады. Командалар бір-бірімен бірінші рет 2006 жыл­ғы 16 тамызда Брюссельде кез­дес­ті. Еу­ропа чемпионатының іріктеу ой­ындары аясында өткен бұл матч­та 0:0 деген есеп тіркелді. Қарымта ойын 2007 жылғы 11 сәуірде Алма­­тыда өтіп, 2:2 деген есеп жазылды. Кездесуде қонақтар 40-шы минөтке дейін 2:0 етіп ұтып тұрды. Содан кейін Бяков пен Смақов (пенальти) соққан екі гол есепті теңестірді. Сол кездегі құрамнан коман­да­да қазір Егор Азовский, Андрей Кар­пович, Нұрбол Жұмасқалиев және Сергей Остапенко есімді төрт ойыншы ғана бар. Серік ПІРНАЗАР.