05 Қазан, 2010

Орақ-2010

712 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сыр маржаны қамбаға қойылуда Бүгінде астық толы қырмандар басы қызу тірліктің құшағына бөленген. Сыр салысы – ақ мар­жан­нан тау тұрғызған күрішші­лер­дің биылғы жылы мол өнімге ке­нелсек деген үкілі үміттеріне жетер уақыттарына санаулы күн қалған сыңайлы. Оған дәлел, Сыр айма­ғының бірқатар шаруашылықтары күзгі жиын-терім науқанын аяқтап жатыр. Күні кеше Сырдария ауда­нына қарасты “Шаған-жер” ЖШС бары-жоғы бір ай мерзімде егін жинап, қамбаларына құйып алды. Яғни, іргелі шаруашылық 3200 гектар күріштің әр гектарынан 55 центнер­ден өнім жинап, барлығы 176 000 центнер немесе 1 миллион 100 мың пұт астықты қамбаға құйған. – Мұндай көрсеткіш, – дейді осы ЖШС төрағасы Бердібек Қа­діров, – сонау 1976 жылы болған еді. Жекелеген күрішшілеріміз әр гектардан 52-80 центнер аралы­ғын­да Сыр салысын жинаса, ком­байншылар 14000-24000 центнер аралығында астық бастырып, жат­кі­шілер 300-530 гектар күріш ору­ды қамтамасыз етті. Егін жинауға 149 ауылшаруашылық техникала­ры мен 550 адам жұмыла кірісті. Сөз орайы келгенде айта ке­тейік, мол өнімге қол жеткізген “Шаған-жер”ЖШС ауылдың әлеу­меттік саласына 17 млн. теңге қар­жы бөлуді межелеп отыр. Сол сияқ­ты егінші-механизаторлардың жал­ақыларын 1,5 есеге көбейтуге, яғни орташа жалақыны 85 мың теңгеге жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Осы ауданға қарасты “А.Тоқ­ма­ғанбетов” ЖШС де биылғы науқанды берекелі бастап, ырысты да несібелі аяқтамақшы. Олай дейтініміз, күріш шығымдылығы өткен жылдардағыдан әлдеқайда жоғары болуда. Серіктестік өз иелі­гіндегі 850 гектар жерге Сыр салысын өсіріп, жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. Нақтылай айтар болсақ, осынша гектар егістік жердің 706 гектарына орақ түсіп, оның 610 гектары бастырылып та болған. Нәтижесінде күріш қамбасына 21172 тонна ақ маржан құйылып та қойды. – Биылғы жылы, – дейді се­рік­тестік директоры Бауыржан Жұмабаев, – тыңайтқышқа 2 млн. 700 мың теңге, суға 14 млн. 708 мың теңге қаржы төлесек, күріш пен жоңышқаға 12 млн. теңгенің үстінде субсидия алдық. Осының арқасында мол өнімге қол жет­кіземіз бе деген ойдамыз. Яғни, әр гектардан кемінде 40 центнерден өнім жинасақ, бұрын-соңды алынбаған асуды бағындырамыз. Жылды жемісті қорытын­ды­лау­ды мақсат тұтып отырған сыр­дариялықтар үшін биылғы жыл ырысты да күрішті жыл болмақ. Айтқандай, бізге Сырдария ауданымен көршілес қоныс тепкен Жалағаш ауданынан да қуанышты хабар келіп жетті. Осы ауданға қа­расты “Байтабан” ЖШС өзгелер­ден оқ бойы оза шауып, күріш ора­ғын ойдағыдай аяқтаған. Атал­мыш серіктестік өз меншігіндегі 760 гектар күріш алқабының әр гек­тарынан 60 центнерден өнім жинап, жылдағыға қарағанда ора­сан зор несібеге кенелген. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.