Бүгін Астанада V Еуразиялық энергетикалық форум өз жұмысын бастайды
Аспанмен астасқан таулардан да, ұшқан құстың қанаты талар жазиралы даладан да, қойнауы толы қазынадан да таршылық көрмеген қазақ даласының табиғи су көздеріне деген жұтаңдығы барған сайын өткір сезіле бастағандай. Осы орайда қазақтың маңдайына біткен жалғыз теңіз – кәрі Каспийдің маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Аралдан айрылдық. Енді Каспий теңізінің табиғи тепе-теңдігін, қазіргі қалпын сақтап қалудың тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи да, өмірлік те көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Оның үстіне кәрі теңіздің қойнауы тұнған қара алтынның құт қоры егемен еліміздің экономикасы мен барыс бейнелі болашағы үшін баламасыз қозғаушы күш екендігі де ақиқат. Мұнай – байлық, мұнай – саясат. Ендеше, Азия мен Еуропа құрлығының арасында орналасқан Каспий теңізінің егемен еліміз үшін ерекше геосаяси және геостратегиялық артықшылықтарын да жоққа шығара алмаймыз. Қазақстан шекарасы Каспий теңізі жағалауының 2320 шақырымын алып жатыр. Сондықтан Каспий теңізінің тағдыры Қазақстан Республикасының бүгіні мен болашағының ажырағысыз құрамдас бөлігі.
Негізінен Каспий теңізі төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектесетін Жер бетіндегі ең үлкен көл болып табылады. Еуропа мен Азия құрлықтарының қилысында қоныс тепкен бұл су қоймасы өте үлкен көлеміне қарай теңіз деп аталады. Ғалымдардың пікірінше, осыдан 10 миллион жылдай бұрын Сармат теңізінің әлемдік мұхиттармен байланысы үзіліп, екі бөлікке – Каспий теңізі және Қара теңіз болып бөлінген. Қазіргі таңда Каспий теңізінің жалпы көлемі шамамен 371 000 шаршы шақырымды алып жатыр. Бұл Жапония сияқты мемлекеттің жалпы аумағымен пара-пар. Ол оңтүстіктен солтүстікке 2200 шақырымға дейін, батыстан шығысқа 370 шақырымға дейін созылады. Теңіздің ең үлкен тереңдігі 1025 метрге жетеді. Каспий шартты түрде үш бөлікке – Солтүстік Каспий, Орта Каспий және Оңтүстік Каспий болып бөлінеді.
Каспий теңізінің жағалауы бүгінде тәуелсіз 5 мемлекеттің шекараларымен шектесіп жатыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, теңіздің солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс жағалауларында Қазақстан шекарасы 2320 шақырымды, оңтүстік-шығыс жағалауында Түркіменстан шекарасы 1200 шақырымды, оңтүстік-батыс жағалауында Әзірбайжан шекарасы 955 шақырымды, оңтүстік жағалауында Иран шекарасы 724 шақырымды, батыс және солтүстік-батыс жағалауында Ресей шекарасы 695 шақырымды алып жатыр. Міне, осы деректерден анық көрініп тұрғанындай, Каспий теңізі жағалауының үштен бір бөлігінен артық аумағы Қазақстан иелігінде. Осының өзі-ақ қарт теңіздің қазынасы мен тағдырының егемен еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін қаншалықты көкейкесті екендігін көрсетсе керек.
Мамандар мен ғалымдардың болжамы бойынша, Каспий теңізі бассейні қойнауында Парсы шығанағы мен Сібір өңірінен кейінгі әлемде үшінші орын алатын мол мұнай қоры шоғырланған. Әлі де толық зерттеліп болмаған деректердің өзі-ақ мұндағы мұнай қоры Солтүстік теңіздегі мұнай қорынан көп екендігін көрсетеді. Қазір Каспийдегі мұнай қоры 25 млрд. баррель деп есептеледі. Ал Лондондағы зерттеу орталығы Каспий теңізінің түбінде 68 млрд. баррель мұнай бар деп есептейді. Соңғы жылдары елімізде жүргізілген бұрғылау жұмыстары тек Шығыс Қашаған кен орнының өзінде ғана 7 млрд. тоннаға жуық қара алтын қоры бар екендігін анықтады. Ал әлемдегі зерттелген барлық мұнай қорының 150 млрд. тонна екендігін ескерсек, қарт Каспийдің қойнауына бүккен қазынаның қаншалықты қымбат екендігін түсіну қиын емес. Сондықтан да Каспий теңізінің оны қоршаған мемлекеттер үшін экономикалық және стратегиялық маңызы аса зор. Күні бүгінге дейін 5 мемлекеттің теңізді бөліскендегі үлесі толық анықталып болмағандығын ескеретін болсақ, бұл мәселенің саясаттағы алар орнының да күрделі екендігін түсінеміз.
Каспий мәртебесі хақында
Иә, Каспий – мұнай, мұнай – саясат. Сондықтан да жағалаудағы 5 мемлекеттің теңіздің жаңа мәртебесін белгілеу барысында жеке мүдделерін мол қамтып, үлестен қағылып қалмауларын қатты ойланып, келіссөздерді тым ұзаққа созып келе жатқандарын да түсінуге болады. Тіпті теңізден заңды үлестері бар бұл мемлекеттерді былай қойғанда, әлемдік державалардың да “Каспий мұнайы” атты майлы шелпектен дәм татуға әбден дәмелі екендігіне емеурін танытқанда, Каспий мәртебесін белгілеудің қаншалықты күрделі екендігіне көз жеткіземіз.
Кеңестер Одағы ыдырағанға дейін Каспийдің мәртебесі 1921 және 1940 жылдары Кеңестер Одағы мен Иран мемлекеттері арасындағы екіжақты келісім бойынша жүйеленіп келді. Бұл келісім бойынша, Каспий екі мемлекет арасындағы ортақ ішкі су көзі ретінде белгіленіп, нақты мемлекеттік шекаралық сызықтар арқылы бөлінді. Ал Каспий теңізінің жағалауындағы мемлекеттер тәуелсіздік алғаннан кейін бұл келісім өз күшін жойды. Енді тәуелсіз мемлекеттер арасында жаңа келісімдер қажет болды. Осы орайда әрбір мемлекет ұстанған көзқарастарды саралайтын болсақ, Каспий теңізін бөлуде негізгі басымдыққа ие болған үш нұсқаны көруге болады. Олар “Жабық су көзі”, “Шекаралық көл”, және “Ашық теңіз” деген атауларға ие болып, мемлекеттер арасында әлі күнге дейін қайшылық пікірталастар туғызып келеді.
Енді бұл нұсқалардың нені көздейтінін жеке-жеке талдап көрелік. Сонымен бірінші, “Жабық су көзі” нұсқасы. Ол бойынша әрбір мемлекет үшін теңізде 20 миль мөлшеріндегі территориялық су аймағы анықталады, сол бойынша әуе кеңістігі, су қойнауы және ондағы қазба байлықтар сол мемлекеттің меншігі болып есептеледі. (Бұл Каспий теңізі акваториясында 5 пайыздық қана үлесі бар Иран үшін өте пайдалы). Екінші “Шекаралық көл”. Ол бойынша әрбір мемлекеттің теңіз жағалауындаға құрлық шекарасына сәйкес суы белдеу сызықтармен ұлттық бөліктерге (секторларға) бөлінеді. (Бұл негізгі кен орындары өздеріне тиесілі теңіз жағалауларында орналасқан Қазақстан мен Әзірбайжан үшін тиімді). Үшінші “Ашық теңіз” жобасы, яғни теңіз жағалауынан әрбір мемлекет үшін 12 миль мөлшеріндегі территориялық су аймағы бөлінеді, ал теңіздің одан қалған аумағы жағалаудағы үлеске сәйкес экономикалық белдеулерге бөлу тәртібін көздеген. (Бұл теңіздің өзіне тиесілі жағалаулары пайдалы кен орындарына кедей Ресей үшін қолайлы).
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында одақ ыдырағаннан кейін Кеңестер одағының тікелей мұрагерімін деп мәлімдеген Ресеймен Каспий аймағында ресми түрде шекарасы белгіленіп көрмеген тәуелсіз Қазақстан үшін теңіз қойнауындағы қазынаны игеру қаншалықты қиынға соққанын түсіну үшін де түйсік керек. Тіпті, ресми түрде тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстан жеті жыл бойы Каспий мұнайын еркін игеруге қол жеткізе алмады. Өйткені, Ресей Федерациясы Каспий теңізінің мәртебесі бойынша, “көл” және “кондоминум” деген көзқарасынан таймай келді. Оны қалай түсінеміз? Мәскеу теңіздің жаңа халықаралық мәртебесін белгілеу жөніндегі келіссөздер басталған алғашқы күннен Каспий теңіз емес, мемлекеттер ішіндегі көл деген тұжырымды алға тартты. Яғни, теңіздің түбін бөлу жөніндегі халықаралық теңіз құқығы туралы мәселе бұл жерге жатпайды. Екіншіден, Каспийді теңіз деп таныған күннің өзінде, оның мәртебесі 1921 жылы Иран мен Ресей арасында қол қойылған келісім-шарт бойынша, шартқа қол қойған екі мемлекет арасында теңіздің барлық байлығына иелік беретін кондоминум құруға құқық беріледі. Бұл тек осы екі мемлекетке ғана теңіз жағалауындағы басқа мемлекеттерге концессия тағайындауға құқық беріледі деген сөз. Басқаша айтқанда, шекарасы теңіз жағалауының үштен бірінен астамын алып жатқан Қазақстан Ресейдің рұқсатынсыз теңіз жағалауындағы өз жерінің байлығын игере алмайтын еді.
Бұл ретте, бүгінде әлем мойындаған реформатор, халқымыздың шынайы патриоты, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен баламасыз дипломатиясын ерекше атап көрсету керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бір саяси шеберлігі мен даналық дипломатиясын ағылшынның атақты жазушысы және қоғам қайраткері Джонатан Айткен өзінің “Нурсултан Назарбаев и созидание Казахстана” деген кітабында шынайы дәлдікпен, барынша ашық суреттейді. Автор екі мемлекет басшысының Каспий теңізіндегі кен орындарына қатысты ұзақ келіссөздерін айта келіп, рессейлік мұнай лоббистерінің Қазақстан аумағындағы Теңіз кен орнын Ресейге қайтарып алу жөнінде Борис Ельцинге ерекше қысым көрсеткенін баяндайды. Ақыры екі мемлекет басшысының арасындағы өзара терең түсіністік пен берік достық қарым-қатынастың бұл күрделі де қиын мәселенің дастарқан басында өте тиімді шешілуіне себеп болғанын дәлелдейді. Жазушы осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың қызық бір естелігін келтіреді. “На одной из встреч в Москве Ельцин сказал мне: “Отдай Тенгиз России”. Я посматрел на него и, поняв, что он не шутит, ответил: “Хорошо, если Россия отдаст нам Оренбургскую область. Все-таки Оренбург когда-то был столицей Казахстана”. Он спросил: “У вас территориальные претензии к России?” “Конечно, нет”, – ответил я. Он рассмеялся, я тоже”. Кеңестер Одағы тарағаннан кейінгі ұзақ алты жыл бойы ресейлік комиссия мүшелері өздерінің үстемдіктерін көрсетіп, Каспий теңіз емес “көл” және “кондоминум” деген көзқарастарынан таймай келді. Тек бұл мәселеге тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тікелей араласқаннан кейін ғана Қазақ елінің мүддесі оң шешімін тапты.
Иә, ғасырлар бойы теңіздегі еншісі бөлініп көрмеген екі мемлекет арасындағы көкейкесті түйін, империялық астамшылығынан айрыла қоймаған Ресей Федерациясы мен жас тәуелсіз Қазақстан Республикасы арасындағы Каспий мәртебесі екі Президент, екі тарихи тұлғаның зор түсіністігі мен шынайы сыйластығының нәтижесінде қарапайым дастарқан басындағы өзара пікір алысу барысында шешілді. 1998 жылы 6 шілдеде қол қойылған бұл шешім сүлгі қағазға (салфетка) Нұрсұлтан Назарбаевтың қолымен сызылған жоба бойынша бекітілді Сол тарихи “сүлгі қағаз” Астанадағы Тұңғыш Президент мұражайында әлі күнге дейін сақталып, болашақ ұрпаққа ел егемендігіне қандай қиындықпен қол жеткенін дәлелдейтін тарихи жәдігер болып тұр.
Тәуелсіз мемлекетіміз үшін өміршең маңызы бар бұл тарихи шешімнің негізгі мәні қандай? Бұл шешім бойынша, теңіздің түбі екі мемлекеттің жағалаудағы тиісті үлестеріне сәйкес белдеу сызықпен екіге бөлініп, ал дау туғызатын кен орындары “елу де елу” принципімен игерілетін болды. Екіжақты бұл келісім біріншіден, өз иелігіндегі теңіз қойнауындағы қазба байлығын әркім тәуелсіз игеруге, екіншіден, су аймағын бірге пайдаланып, тиісті мөлшерде балық аулап, қоршаған ортаны барынша тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жағалауда қоныстанған 5 мемлекет арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияға әлі күнге дейін қол қойылған жоқ. Бір қарағанда, Ресеймен тиімді екіжақты келісімге қол қойған Қазақстан үшін басқа мемлекеттермен Каспий теңізін бөлу жөніндегі келісімдердің керегі де жоқ. Себебі, теңіз аумағындағы қазақстандық сектор Ресей мен Түркіменстаннан басқа ешбір мемлекетпен шекараласпайды. Ресеймен келісім жасалды, Түркіменстанның бізге қоятын ешқандай талабы жоқ. Енді теңіздің оңтүстік аймағын бөлісе алмай жатқан үш мемлекет өзара бас қатыра берсін дегендей, ауылды алыс салып отыра беруге болар еді. Бірақ, мәселе өте тереңде жатыр. Бұл жерде қарт теңіздің экологиялық тағдыры таразы басына тартылып тұр. Теңіз жағалауындағы бес мемлекет арасында Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы ортақ конвенция қабылданбайынша, бұл көкейкесті проблема шешілмек емес. Сондықтан, еліміздің экономикалық өркендеуі үшін де, келер ұрпақтың болашағы үшін де өлшеусіз өмірлік мәні бар қарт теңіздің тағдыры қасиетті туған жерін, бабалар аманатындай атамекенін қасық қанындай қастерлейтін қазақ баласын қатты алаңдатады.
Күрмеуі күрделі экология
Қазіргі таңда Каспий теңізінің экологиясы өте күрделі жағдайды бастан өткеруде. Кәрі теңізді қауіпті кесел буып тұр. Қойнауына тұнған қара алтын қарт Каспийдің қасіретін күннен-күнге қалыңдатып барады. Мамандардың айтуынша, теңіздің мұнай шельфтері бар тұстарында өлі аймақтар қалыптаса бастаған. Бұл аймақтағы теңіз суын ластаушы заттар нормадан 10-20 есе асып кеткен. Бүгінгі күні ең басты экологиялық апат теңіз суының жоғарғы қарқынмен ластануы болып отыр. Теңіздің ластануы қазір бірнеше бағыттан қауіп төндіруде. Біріншіден, теңізге құятын өзен суларымен келетін зиянды заттар, екіншіден, теңіз шельфтерінде орнатылған бұрғылау қондырғылары мен мұнай тасымалдау кезінде теңізге құйылатын мұнай қалдықтары, үшіншіден, теңіз деңгейі көтерілген кезде су астында қалған бұрғылау орындарынан шығып жатқан зиянды заттар. Мәселен, соңғы кезде өзендер арқылы Каспий теңізіне жылына 75 млн. тонна мұнай қалдықтары құйылады екен, оның 95 пайызы Волга өзенінің үлесіне тиетін көрінеді.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында қазақстандық ғалымдар мен экологтардың бастамасымен, ресейлік және ирандық әріптестердің қатысуымен Каспий теңізінің экологиялық ахуалы туралы Ақтау қаласында өткен басқосуда Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағындағы су астында қалған 66 апатты бұрғылау скважиналары әлі күнге дейін толық залалсыздандырылмай отырғандығы айтылды. Сонымен бірге түрлі себептермен суға батқан 56 кеменің де теңізге тигізген зияны анықталмай отырған көрінеді.
Мұнайдың қарт теңіздің сорына айналу қаупі барған сайын өршіп барады. Теңіз аймағының тағы бір қасіреті – мұнай бұрғылау кезінде жерасты қысымымен шығатын ілеспе газ. Айлап-жылдап жанып жататын газдан бөлінетін көмір қышқылы атмосфераны ластап, ауаның бүлінуіне әкеліп соғуда. Жалындаған газ алауларынан атмосфераға таралатын қызу жағалаудағы өнеркәсіптік қалдықтарды қыздырып, химиялық үдерістерден шығатын улы шаң-тозаңдардың күрт көбеюіне әсер етеді. Қаптаған мұнай-газ компанияларының, теңіз жағалауларын тегіс жаулап алған химиялық және энергетикалық кешендердің қызметінің салдарынан теңіз аумағына таралатын химиялық зиянды заттар Каспийдің теңдесі жоқ фаунасы мен флорасына жазылмайтын жара салуда.
Каспий теңізіне тән тағы бір экологиялық қауіп – теңіз деңгейінің дүркін-дүркін ауытқып тұруы. Мәселен, 1978 жылдан 1995 жылдар аралығында теңіз деңгейі 2,5 метр биіктікке дейін көтерілген. Соның салдарынан бұрын өнеркәсіптік аймақ болған жағалаулар су астында қалды. Осы кезеңде Әзірбайжан мемлекеті үлкен экологиялық зардаптарға тап болды. Бұл өңірде теңіз жағалауынан мыңдаған адамдар көшіріліп, “экологиялық босқындар” пайда болды. Жағалаудағы орасан зор мұнай-газ инфрақұрылымы су астында қалып, Әзірбайжан 2 млрд. АҚШ долларынан астам зардап шекті. Су астында қалған мұнай-химия инфрақұрылымының зиянды өнеркәсіптік қалдықтары шайылып, теңіз суына қосылып, экологиялық апат зардаптарын күшейте түсті. Теңіз деңгейінің мұндай құбылмалылығы су астын мекендейтін тіршілік атаулыға да орасан зор кесірін тигізеді. Мұндай жағдайда өзен суларына уылдырық шашатын теңіз балықтары зардап шегеді.
Каспийдің мақтанышына айналған мұнайы қарт теңіздің екінші бір бренді болып саналатын бекіре балықтарының болашағына балта шабатын қасіретке айналып келеді. Мәселен, қазірдің өзінде теңіздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі бекіре балығының қоры 10 есе азайып кеткен. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, соңғы 35 жыл ішінде елімізде бекіре балығын аулау көлемі 162 есе қысқарған. Дүние жүзінде баламасы сирек бекіре балықтарының тұқымын тұқыртуға Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің айқындалмауы да ықпалын тигізуде. Теңіздің ен байлығына көз алартатын алыс-жақын шетелдерден келетін браконьерлер бекіре балығына қырғидай тиюде. Бекіре балығының уылдырығын мол байлықтың көзіне айналдырған браконьерлер жалғыз-жарым мемлекеттің тосқауылына пысқырып та қарамайды. Каспий тағдырына жауапты жағалаудағы мемлекеттер бұл қылмыстық синдикатпен күш қосып, бірге күресейін десе, ортақ конвенция негізіндегі құқықтық келісім де, барлық мемлекеттерге ортақ заң да жоқ. Міне, сондықтан Каспий теңізінің болашағы үшін теңіздің құқықтық мәртебесін айқындайтын халықаралық конвенция ауадай қажет.
Каспий теңізінің экологиялық апат аймағына айналып келе жатқанының тағы бір дәлелі өткен жылдан бері Маңғыстау түбегіне жақын аймақтардағы итбалықтардың жаппай қырылу оқиғасы болып отыр. Тек биылғы жылдың өзінде ғана бұл өңірдегі теңіз жағалауынан белгісіз кеселден қырылған 1800-ден астам итбалықтың өлексесі табылды. Бұл жануарларға жаудай тиген кеселдің себебі әлі күнге анықталған жоқ. Олардың қырылуы одан әрі жалғасуда, осылай бара беретін болса теңіздегі итбалықтың тұқымы толық жойылып кету қаупі бар.
Бетін аулақ қылсын әрине, бірақ, “жаман айтпай, жақсы жоқ” демекші, су астындағы тереңдіктен мұнай игеретін компаниялардың салғырттығынан Мексика бұғазында болған апаттың ширегіндей ғана оқиға Солтүстік Каспий аумағында орын алатын болса, бұл орны толмас қасіретке ұрындырады. Себебі, бүгінде бұрғылау қондырғылары көбейіп бара жатқан Солтүстік Каспий аймағы Мексика бұғазындай терең емес. Оның тереңдігі бар болғаны, 3 метрден 8 метрге дейін ғана. Сондықтан мұнда бірнеше ондаған тонна мұнай ғана теңізге таралатын болса, солтүстіккаспийлік бассейннің тіршілігі толық жойылып кетеді. Оның үстіне, апатты жағдайда Мексика бұғазындағыдай бұл аймақта үлкен кемелерді қолдануға болмайды. Олар бірден қайраңдап қалады. Екіншіден, бұл аймақта күкіртті сутегі көп. Апат болса, бұл улы қосындылар атмосфераға және суға тез жайылады. Оның арты бүкіл өңірге жауатын қышқыл жаңбырға айналады. Одан кейін бүкіл бір өңірдің қоршаған ортасына орны толмас қасірет әкелетін бұл экологиялық апаттың орнын толтыру мүмкін емес.
Бұл апаттың алдын алуға бола ма? Әрине, болады. Ол үшін ең алдымен қара алтынның игілігін көріп жатқан мұнай компаниялары Каспий теңізін тек қана сарқылмас энергетикалық кен орны деп қарамауы керек. “Алмақтың да, салмағы бар” деген өмірлік қағиданы басшылыққа алып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін кешенді шаралар белгілеуге тиіс. Мұнай қондырғыларының қауіпсіздігін сақтау үшін халықаралық сарапшылардың жан-жақты тексерісін өткізіп, орын алған кемшіліктерді тез жоюға тиіс. Жаңадан тұрғызылатын мұнай нысандарының болашақтағы ондаған жылдарға арналған қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі жаһандық озық технологияларды пайдалану керек. Ілеспе газды ашық атмосферада жағуға шұғыл тосқауыл қойып, оны қайтадан жерасты қыртыстарына айдау технологиясын жаппай өндіріске енгізу керек. Ең бастысы, қойнауы құт, қайталанбас фаунасы мен флорасы бар қарт теңіздің бүгіні мен болашағына тарих алдында да, болашақ ұрпақ алдында да жауапты теңіз жағалауындағы бес мемлекет өркениетті халықаралық нормаларға сәйкес Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауды кезек күттірмес күн тәртібіне қойып, өңірдің экологиялық табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіріп, қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік беретін заңдық нормаларды белгілеулері қажет. Сонымен бірге бұл – жер бетінде баламасы сирек қарт теңіздің болашағы үшін толғанатын барлық саналы азаматтардың Табиғат-ана алдындағы перзенттік парызы.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.