Кез келген кішігірім ел тағдырының артында ірі алпауыт мемлекеттердің тұратыны тарихтан белгілі жәйт. Егер өткенге көз салатын болсақ, бүгінгі кикілжіңдер мен тұрақсыздықтардың астарында талай жылғы билік үшін тартыстар мен әдейі ұйымдастырылған лаңдардың жатқанын түйсінеміз. Біз Ауғанстанды сондай елдердің қатарына жатқыза аламыз. Өйткені, мұндағы орын алған күрделі жағдайдың тамыры тереңде жатыр. Бұрындары бодан елдердің тағдырын жеке державалар шешіп келсе, қазіргі таңда бұл мәселемен халықаралық белді ұйымдар айналыса бастады. НАТО коалициялық күштерінің осындағы жағдайға араласуы соның бір мысалы. Әсіресе, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болғалы бері Ауғанстанға деген назар ерекше сипат алуда.
ЕСІРТКІ ЕСІРГЕНДЕРДІҢ ҒАНА ЕРМЕГІ ЕМЕС
Ауғанстан Волуси Джирга (төменгі палата) төрағасының орынбасары Мирвайс Ясини Алматыда өткен “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Екінші трансазиялық парламенттік форумында сөйлеген сөзінде қоғам өміріне белсене араласу үшін әйелдерге тең құқық беріп, есірткі трафигін түбірімен жою қажет дегенді баса айтты. Лаңкестік пен есірткінің өзара байланысын ол былай сипаттап берді: “Ал лаңкестер есірткіден түскен қаражатқа өмір сүруде, есірткі саудалаушылар лаңкестікті қолдап отыр. Ауғанстан героин жасау үшін химиялық реактивтер өндірмейді, оны басқа елдер қамтамасыз етеді. Сондықтан оның да қару-жарақ секілді жолын кесу керек”. Шынында да ауғандық қыздардың 13 жастан тұрмысқа шығуы, есірткі саудасының қоғамды меңдеп алуы сияқты келеңсіздіктер ауғандықтардың алға қарай жылжуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Есірткі есіргендердің ермегі ғана емес, үлкен саясатқа ықпал ете алатын күштердің пайда көзіне айналып отыр.
Ресей Есірткі бақылау қызметінің мәліметіне қарағанда, контртеррорлық операция басталғалы бері ауған жерінде есірткі өндіру көлемі 2,5 есеге артқан. Қазіргі таңда Ауғанстан әлемдегі героин өндірісіне қажетті апиын шикізатының 93 пайыздайын шығарып отыр. БҰҰ Есірткі бақылау жөніндегі басқарма директоры Антонио Мария Коста 2007 жылғы сөзінде 2006 жылы Ауғанстанда шамамен 8 мың тонна апиын өндірілгендігін мәлімдеген-ді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ауған жерінде есірткі өндіру үдерістері сәл де болса бәсеңдегені байқалады. Алайда миллиардтаған доллар табыс әкеліп отырған есірткінің түбірімен жойылуына кейбір күштер мүдделі еместігі тағы белгілі.
Есірткіні өндіру үшін жоғары технологиялық өндіріс ошағы, химиялық реактивтер қажет болса, онда Мирвайс Ясинидің жоғарыда айтқан сөздері ойға оралады. Тау-тас кезіп, коалиция күштерінен ығып жүрген талибтер мұндай өндіріс ошақтарын ұстап тұра ала ма? Әлде бұған жергілікті биліктің де қатысы бар ма? Қалай болған күнде де ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымның осы мәселеге кеңінен араласуы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға өзіндік үлес қосуы тиіс. Осы ретте Қазақстан Үкіметі мен Ауғанстан Үкіметі арасында Есірткі, психотроптық және соған теңестірілген заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және оларды тұтынуға қарсы күрес туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойылуы соңғысының жауапкершілігін арттыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Өйткені, еліміз әскери көмектен гөрі, осы елдің экономикасын аяғынан тұрғызу қажеттігіне ерекше екпін беруде.
ӘЛЕМ НАЗАРЫНДАҒЫ ПРОБЛЕМА
Еліміздің Ұйым төрағасы ретінде “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Екінші трансазиялық парламенттік форумын өткізуі Ауғанстан Ислам Республикасына әлемнің назарын ерекше аудартты. Бұрын әлемдік қоғамдастық бұл елді “лаңкестік ошағы” деп қарастырып келсе, енді басқа да қырынан көре бастады. Оған түрткі болған жоғарыда аталған шара десек артық айтқандық емес.
Ауғанстан проблемасына тағы бір ден қойдырған шара – осы елде өткен халықаралық конференция. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев және өзге де салмақты саясаткерлердің мұндағы қауіптерге қарамастан, аталған ірі шараға қатысуы маңызды қадам болды. Халықаралық шара Лондон конференциясындағы көтерілген мәселелер мен кейбір елдердің мойындарына алған міндеттемелерін нақтылай түсті. Сол жиында Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Хамид Карзай ауған экономикасын көтеруге әлемдік қоғамдастықтың қаржылай көмегі қажеттігін баса айтқан-тын. Аталған конференция Ұлыбритания жерінде өткен іс-шараның заңды жалғасы болғаны аян. Қазақстан осы бағыттағы іс-әрекеттерге қолұшын беруде және өзгелерді де тартуда аса белсенділік танытып келеді.
ҚОМАҚТЫ КӨМЕК ҚАРЫМЫ
ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде еліміз өзгелерге үлгі боларлық өнеге көрсетті. Ауғандық жастарды еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту үшін 50 миллион доллар бөлетіні көршілес жатқан елдегі жағдайды оңалтуға игі ықпалын тигізуі тиіс. Егер мұндағы жағдай осылайша шиеленісе берсе, онда ол аймақтағы қауіпсіздікке өз салқынын тигізбей қоймайтыны анық. Осыны ескерген Қазақстан тарапы ауған шекарашылары мен полиция қызметкерлерін еліміздегі жаттығу орталықтарында даярлықтан өткізуді де ұсынды. Ең бастысы – еліміз ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде Ұйымның үш себеті бойынша да Ауғанстанға көмек беру шараларын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ 2,5 миллион доллар бөліп, ішкі жолдарды жөндеуге, мектептер мен ауруханаларды салуға қол созды.
Әлемдік саясат сахнасында еліміздің стратегиялық әріптесі саналатын Ресей де мұндай игілікті істен сырт қала алмайтындығын байқатып отыр. Сочи курортты аймағында Тәжікстан, Ауғанстан және Пәкстан басшыларының қатысуымен өткен саммитте Ресей президенті Дмитрий Медведев экономикалық дамуға серпін беру үшін Ауғанстандағы кеңестік дәуірдегі жобаларға оралуға боларын тілге тиек етуі құптарлық. Артынан белгілі болғанындай, Мәскеу лаңкестікпен күресу үшін Кабулға 27 ресейлік Ми-17 тікұшағын сату туралы мәселені пысықтауға кіріскен. Қазір бұл мәселе НАТО тарапымен келісілуде. Жалпы, әлемде Ауғанстан проблемасына назар қойып, өзіндік көмек қолын созуға ұмтылған елдер қатары өсіп келеді.
СҰҢҒЫЛА ТАРИХ НЕ ДЕЙДІ?
Ауған жеріндегі қазіргі қалыптасқан ахуалды айтқанда, тарих сахнасы біздерді сонау ХІХ ғасырдың қойнауына жетелей жөнеледі. Орталық Азиядағы хандықтарды біртіндеп бағындыра бастаған Ресей сол дәуірде дәурендері жүріп тұрған ағылшындардың шекарасына дейінгі аралықты иемденді. Ол кездері Үндістанға мықтап орнығып алған Ұлыбритания өз шекараларын Гиндукушқа дейін созды. Елдің сыртқы саясатын Ұлыбритания айқындаса, ішкі мәселелерді шешу әмір Абдул Рахман Ханға жүктелді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ауғанстан падишасы Аманолла Хан бастаған ағылшын-ауған соғысы үшінші рет тұтанып, 1919 жылы ағылшындардың бұл елден біржолата кетуімен аяқталды.
Ағылшындар Үндістаннан да біржолата кетіп тынды, алайда, Пәкстанның құрылуы аймақты күрделі шиеленістерге алып келді. Яғни, жаңадан құрылған елдің құрамына Ауғанстанның пуштун облысының аумағы өтіп кетті. Осы жер аумағына байланысты 50-ші жылдары Пәкстан мен Ауғанстан арасында айтарлықтай дүрдараздық орын алды. АҚШ бұл мәселеден сырт қалып, Ауғанстанға экономикалық көмек беруін тоқтатса, керісінше, КСРО қолдан келген көмегін аямады. Соның нәтижесінде Кушка – Герат – Кандагар, Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Жалалабад сияқты жол желілері өмірге келді. Ал АҚШ-тың қолдауымен Кабул – Кандагар тас жолы салынды. Кеңестік қаржы көмегімен бұдан басқа да көптеген жобалар жүзеге асты.
1960-шы жылдары бұл елде Нұр Мұхаммед Таракидің басшылығымен коммунистік партия құрылса, араға жеті жыл салып ол Халық және Парчам деген атаумен екіге жарылды. Кеңестік ықпалдағы Парчам фракциясына ауған қарулы күштері генералының ұлы Бабрак Кармаль басшылық жасады. Алайда, 1973 жылдың 17 шілдесінде корольдің ағайыны Мұхаммед Дауд Хан төңкеріс жасап, монархияны жойды. Араға бес жыл салып, яғни 1978 жылы “Ауғанстан Ұлттық-Демократиялық партиясы” деген ұйымға біріккен коммунистік партия фракциясының бастамасымен әскери төңкеріс болып, Дауыт Хан және оның отызға тарта отбасы мүшесі өлтірілді. “Сәуір революциясы” деген атаумен тарихқа енген төңкеріс нәтижесінде коммунист Тараки президент, ал Бабрак Кармаль вице-президент болып бекіді. Бірақ КСРО тарапынан қаржылай және экономикалық көмектің болуына қарамастан, Халық және Парчам фракциялары халықтың қолдауына толық ие бола алған жоқ. Коммунистік режімге қарсы жер-жерде көтерілістер орын алып, орталық билік қарауында тек қалалар ғана қалды. 1979 жылы премьер-министр болып Хафизулла Аминнің билікке келуімен көтерілістер қатал басылып жаншылды. Кеңестік әскердің ауған жеріне кіруі немен аяқталғандығы тарихтан белгілі.
Иранда орын алған революция барысында елдің басына келген Хомейни АҚШ-пен арадағы байланыстарды үзді. Бұл өз кезегінде Вашингтонның ауған жеріндегі өз ықпалын барынша күшейтуге түрткі болғаны белгілі. Міне, осы жерден АҚШ пен КСРО мүдделерінің тоғысқан тұсы басталады. Қазір де ол өзгеше сипат алуда.
ИГІЛІККЕ ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН БАЙЛЫҚ
Бұқаралық ақпарат құралдарынан Ауғанстан аумағында бір кездері кеңестік ғалымдар анықтаған құны миллиардтаған долларға бағаланатын қазба байлықтарының мол қоры бар екендігі туралы ақпарат тарады. Мәселен, бағзы замандардан бері көптеген елдер билеушілері Панджшер жазығын стратегиялық маңызды нысан ретінде және жер асты қазба байлықтары мол жер ретінде қарастырып келгені мәлім. Солардың бірі меруерт асыл тасы кен орындары болып табылады. Әсіресе, панджшерлік меруерт өзінің тазалығымен және түсінің ерекшелігімен көпшілікті тәнті етеді екен. 1978-1979 жылдары кеңестік геологтар барлау жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде Хенч және Микени деген жерлерден меруерттің мол қорын тапқан. Мысалы, Хенч жеріндегі жоғары сұрыпты меруерттің молдығы көпшілікті таңғалдырған. Алайда, мұндағы соғыс қимылдары қазба байлықтарын бейбіт мақсаттарға пайдалану үшін игеруге мұрша бермеуде. Есесіне, кейбір табыс тапқысы келгендер меруерт бар жерлерді жару арқылы өздеріне қажеттісін алып жүр екен. Әрине, мұндай жер асты қазба байлықтары көлеңкелі жолмен сыртқа шығарылатындықтан, одан қарапайым ауғандықтар пайда көрмеуде. НАТО коалициялық күштерінің жүргізген операциялары мен талибтердің дүркін-дүркін жасайтын шабуылдары тұрақтылық ауылының әлі де алыс екендігінен хабар береді.
ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕГЕН ТЕРРОР
Таяуда Тәжікстан шекарасын кесіп өтпек болған қырыққа тарта ауғандық содырлармен кескілескен ұрыс орын алып, олардың жолына тосқауыл қойылды. Содырлар коалиция күштерінен ыққан болуы ықтимал деген долбар да айтылып қалды. Бірақ, қалай дегенмен де, соңғы жылдары ауғандық содырлардың іс-әрекеттері ұйымдасқан реңкте байқалып қалып жүр. 2007 жылдың басынан бері ауған жерінде 30-ға тарта лаңкестік орын алған екен. Мұны ауған билігінің әлсіздігі, әлде халықаралық террорлық ұйымдар белсенділігінің артуы деп бағалаған жөн бе? Осы ретте Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың парламенттік сайлаудың қарсаңында елдің қауіпсіздігіне тікелей жауапты ішкі істер министрлігінің басшылық қызметіне бірден жаңадан 21 генералды тағайындауы жоғарыда айтылған мәселелермен байланысты болса керек.
АҚШ халықаралық террорлық ұйымдар тізімінің қатарына “Талибанның” пәкстандық ұйымын қосып, қозғалыс басшысы Хакиммула Мехсуд туралы кез келген ақпаратқа 5 миллион доллар сыйақы тағайындады. “Техрик-е-талибан” (“Пәкстан талибтері қозғалысы”) қозғалысын қара тізімге енгізу туралы бұйрыққа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қол қойыпты. Соңғы үш жылда осы қозғалыс 3500 адамды опат еткені айтылады. Жалпы, халықаралық террорлық ұйымдардың америкалық қара тізімінде 47 халықаралық террорлық ұйым тіркеуде болса, олардың қатарында 2008 жылы Мумбайда (Бомбейде) лаңкестікті ұйымдастырған “Лашкар-и-таиба” (“Таза әскер”) пәкстандық тобы, палестиналық ХАМАС қозғалысы, ливандық “Хезболлах” және т.с.с болып кете береді. Сондықтан ауған жерінде бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін халықаралық ұйымдардың көмегі аса қажет. Олай болса, Қазақстан ШЫҰ-ның белсенді қатысушысы, АӨСШК бастамашысы және ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы ретінде барлығының басын біріктіре отырып, осы ұйымдарды Ауғанстандағы саяси жағдайды тұрақтандыруға күш сала алады. Әрине, мұндай терроризмге қарсы күрес жөніндегі бастама аймақтық қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосуы тиіс.
КЕЛІССӨЗДЕР КЕЛІСІМГЕ БАСТАЙДЫ
Ауғанстан президенті Лондон конференциясында коалиция әскері 2014 жылға дейін кезең-кезеңімен елден шығарылатынын, ауғандықтар қауіпсіздікті қамтамасыз етуді өз қолдарына алатынын мәлімдеген болатын. Өкініштісі сол, жергілікті халықтың қолдауына иек артқан халықаралық террорлық ұйымдар да белсенді әрекеттерге көше бастады. Қазіргі таңда ауған жерінде “Талибан” және “Ауғанстан Ислам партиясы” (“Хизб-и-Ислам”) сияқты ірі содырлық топтардың іс-қимылдары ширақ. Ауғанстан президенті Хамид Карзай жақында Бейбітшіліктің жоғарғы кеңесін құру туралы жария етіп, аталған ұйымның “Талибан” қозғалысымен келіссөздер жүргізетінін мәлім еткені сол-ақ екен, аталған қозғалыстың рухани көсемі Мохаммад Омар ондай келісім болуы мүмкін еместігін алға тартқан. Дей тұрғанмен, мұндай қадам нәтижелі болуы да ғажап емес. Талибтер билік тарапынан болған ұсыныс тұрғындар үшін қолайлы болатынын көріп отыр.
Қорыта келгенде еліміз Ауғанстанда антитеррорлық әрекеттерден гөрі экономикалық қолдау нәтижелі екендігін жиі көтеріп жүр. Бұл мәселе алдағы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитінде де көтерілуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмас. Өйткені, аймақ қауіпсіздігі ауған жеріндегі тұрақтылыққа тікелей байланысты. Сондықтан еліміз өзі тарапынан көмек қолын созып қана қоймай, бұған халықаралық қоғамдастықты да тартуда. Көршілеріміздегі тыныштық біздің еркін дамуымыздың басты кепілі екендігін қаперден шығармағанымыз жөн.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.