Ыстамбұлда Немат Келімбетов кітаптарының тұсаукесері өткізілді
“Кабаташ” білім қорының ғимараты Босфор бұғазы бойында, атақты Галата көпірінің дәл жанында орналасқан екен. Сондағы консулдықта жұмыс істейтін Айнұр есімді қарындасымыз (жазушы Жақсылық Сәмитұлының қызы) көлікте келе жатып: “Аға, Ыстамбұлда бұрын да болып жүрген шығарсыз?” деп қалды. Ыстамбұлға алғаш рет жолым сонау кеңестік кезеңде, тәуелсіздік таңы атпай тұрып түскенін айтқанымда кәдімгідей таңданысын жасыра да алмады. Таңданса таңданатындай. Түрік атаулыға қатысты нәрсеге түгелдей тітіркене қарайтын, түрікке сәл бүйрегі бұрғанның бәрін пантюркист санайтын, НАТО-ның әскери базалары сол елде орналасқандықтан, Түркияны бізге басты қатердің бірі деп бағалайтын кешегі кезеңде Ыстамбұлға сапар шегіп жататындар онша көп болмағаны белгілі. 1991 жылдың жазында мен Қазақ КСР Президенті Аппаратының жауапты қызметкері ретінде түріктің ұлы ақыны Жүніс Әмренің (Юнус Эмре) мерейтойына барған едім. Мерейтой шаралары Анкарадан шамамен екі жүз шақырымдай жердегі Ескішеһер қаласында өткен. Қала мэрі (өкінішке орай, аты-жөнін қазір ұмытып қалдым) той банкетінің бір сәтінде маған қарай беттеді. Дастарқан басталардың алдында танысқанбыз. “Қазір түрік жұртынан өз алдына ел болып отырған тек біздерміз. Бірақ бұлай тұра бермейді. Ататүрік барлық түркітілдес бауырлар тәуелсіз ел болатынын айтқан. Сол күн жақын қалды. Тәуелсіздікке қолдарыңыз жетеді. Көп ұзамай біз қайтадан бірге боламыз”, деді іш тарта сөйлеп. “Солай болады. Солай болмауы мүмкін емес. Құдай қосқанды адам ажырата алмайды”, деп тағы нығарлай түсті.
Өткен сенбі күні, Ыстамбұлда көрнекті қазақ қаламгері, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтің “Umіt” және “Turk Halkularіnіn Ortak Edebі Eserlerі” кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылғанда Қазақстаннан арнайы шақырылған қонақ ретінде сөйлеген сөзімізді біз дәл сол оқиғаны мысалға келтіруден бастадық. Иә, көп ұзамай дәл солай болды да. Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде қазіргі Түркия жеріне сақ-скифтер, сарматтар, ғұндар, аландар, тағы басқалар бара бастағанын айтпағанның өзінде, ХІ ғасырдың аяғында Сыр бойынан көшкен оғыз тайпаларының Салжұқ мемлекетін құрғанынан бері қарай тартсақ та, түбі бір түркі жұртының арасы ашылып қалғанына мың жылға жуық уақыт өткенін көреміз. Әйтсе де, расында да, құдай қосқанды адам ажырата алмайды екен. Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империяның көбесі сөгіліп, шаңырағы шайқалған шақта тарих сахнасына қайтадан көтерілген түркітілдес елдердің егемендікке қол жеткізгеніне де жиырма жылдай уақыт болып қалды. Келесі жылы Түркия түркітілдес мемлекеттер тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр. Осы оқиғаның қарсаңында түркі жұртының туыстық туын желбіретуге септесетін тағы бір үлкен мәселе шешілді: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Түркі дүниесінің академиясы құрылды. Ол академия біздің елордамызда – Астанада орналасатын болды.
Немат Келімбетовтің “Түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары” деп аталған кітабы – Түркі дүниесінің академиясы құрылғалы бері осы бағытта қолға алынған жұмыстың алғашқы нақты нәтижесі. Мұның өзі Академияның Қазақстанда орналасуының заңдылығын айғақтайтын айшықты мысал. Мағжанның: “Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?” деген сөзі бізге көп міндет жүктеп тұр. Бүкіл түркі жұртына ортақ әдеби мұраларды саралаған Н.Келімбетов еңбегінің Ыстамбұлда жарық көруі арқылы біз қазақ әдебиеттануы, қазақ фольклористикасы түркологияда да осы қарашаңырақтық сипатын сақтап отырғанын келісті көрсетіп бердік дей аламыз.
Сенбі күнгі жиында кітап тәржімешісі ретінде Әбдіуақап Қара бауырымыздың атына көп-көп жақсы тілектер айтылды. Аудармашы кезінде “Ежелгі дәуір әдебиеті”, “Ежелгі әдеби жәдігерліктер” деген атаулармен жарыққа шыққан кітаптардың аты түрікшесінде өзгеруіне байланысты былай дейді: “Біз оның атын түрік тіліне аударғанда “Түрк халкларынын ортақ едебі есерлері”, яғни “Түрік халықтарының ортақ әдеби мұралары” деп қоюды жөн көрдік. Өйткені, біріншіден, Түркияда ежелгі немесе ескі әдебиет дегенде еске алдымен Осман патшалығы дәуіріндегі әдебиет оралады. Екіншіден, осы еңбекте бүгінгі түрік халықтарының әдебиеттеріне негіз болған ортақ әдеби мұралар біртұтас қолға алынып зерттелуде. Еңбекте бұл мұраларға Исламға дейінгі дәуір, Исламдық дәуір және Алтын Орда әдебиеті деген үш тарауда талдау жасалуда. Кітаптағы назар аударарлық маңызды жәйт – Келімбетовтің зерттеуінде мыңдаған жыл бұрын ортаға шыға бастаған Түркі әдеби мұраларының бір-бірінен үзік, байланыссыз емес екенін, қайта олардың арасында қазірге дейін жалғасып келген көркемөнер дәстүр жалғастығы болғандығы жөніндегі тезисін табыспен ортаға қойып отырғандығы”.
Тарихшы ғалымның Немат Келімбетов тақырыбын тереңнен тарта зерттегені байқалады. Соның айшықты бір дәлелі ретінде Ә.Қараның “Үміт” кітабына жазған алғысөзінен дәйек келтіргенді жөн көрдік: “Келімбетов монолог әңгімесінің бір жерінде “Бұл кітап менің тартқан бейнетімді, аққан көз жастарымды әңгіме етпейді. Қайта керісінше соларды қалай жеңіп шыққанымды баяндайды”, дейді.
Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әміреев тұсаукесерде бұл оқиғаның әдеби ауқымнан асып, қоғамдық-саяси мәнге ие болып отырғанын атап айтты. “Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы құрылды. Түркітілдес мемлекеттердің ақсақалдар кеңесі құрылды. Түркі дүниесінің академиясы құрылды. Енді, міне, түркітілдес халықтардың ортақ әдебиетінің тарихына арналған бағалы басылым жарық көріп отыр. Немат Келімбетовтің бұл кітабы бүкіл түркітілдес халықтарды жақындастыра түсуге септігі тиетіндей үлкен еңбек, бұл кітап біздің елдеріміздің рухани ықпалдастығын тездетуге өз үлесін қосады”, деді түпкі кәсібі бойынша шығыс филологиясының маманы екендігін орынды еске салып өткен елші.
ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түрікшеге әбден-ақ төселіп қалыпты. Төселгені сондай, Дүйсекең тіпті сөзін түрікше төгілтті. “Ортақ әдебиетіміздің көне мұраларын түгел қамтыған бұл іргелі зерттеу бұдан да ерте аударылуы тиіс еді”, деді Дүйсен Қорабайұлы. “Арғы тегі сақтар, ғұндар мемлекетінен басталатын түбі бір түркі халықтарының әлем тарихындағы, адамзат өркениетіндегі мәдениет пен әдебиеттің, өнердің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі болғаны анық. Бір қанаты ғасырлар бойы еуразиялық көшпелі мәдениеттің туын көтеріп, Ұлы Дала ұлыстарының дәстүрін жалғастырып келсе, бір қанаты отырықшы мәдениеттің орталықтарына иелік етіп, өзіндік өркениеттің үлгісін қалыптастырғаны бүгінгі ғылымға мәлім. Қазіргі жас ұрпаққа осы ортақ ұлы тарихымызды, ортақ мәдениетімізді зерттеп таныту және насихаттауға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Біздің ойымызша, түркілердің ортақ мұраларына қатысты ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміздің еңбектері ең әуелі түркі халықтарының өз арасында танылғаны, насихатталғаны жөн. Жаңа буын түркі халықтарының ортақ мәдениетінің қайдан шығып, қай жерге жеткенін білуге тиіс. Ата-бабалары қалдырған рухани мұраларды танып, тағылым алуға тиіс. Сондықтан бүгін тұсаукесерін жасап отырған Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтің “Түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары” атты белгілі зерттеуінің түрікшеге аударылып басылуы дер кезінде жасалған аса құнды басылым деп білем. Немат ағаның бұл еңбекті қандай қиыншылықпен, ауыр науқасты жеңе отырып жазғанынан хабардармыз. Шындығында, бұл зерттеу – Немат ағаның әдебиеттану ғылымындағы ғана емес, азаматтық өміріндегі де үлкен ерлігі деп есептеймін. Профессор Немат Келімбетовтің бұл кітабында түркілердің ежелгі ауыз әдебиетімен қатар, көне жазба ескерткіштері де қатар қамтылған және ең бастысы, осы мұраларды түркілер тарихымен, мәдениетімен астастыра отырып бір бүтін дүние ретінде қарастырған. Бұл – түркі мәдениетінің тұтастығы тұрғысынан ең маңызды қорытынды”.
“Мармара” университетіндегі Түркология институтының директоры Айше Емел Кефели ханымның айтуынша, кітаптың түрікше аудармасы өте сәтті шыққан. “Бұл еңбек шын мәнінде бүкіл түркі дүниесі үшін игілік саналуға тиіс. Осы кітап түркітілдес халықтарға ортақ шығармалар жалпы әлемдік мәдени мұрадан лайықты орын алатынын тағы да тамаша танытып отыр”, деді ол. Кефели ханым Немат Келімбетовтің басқа кітаптарынан да хабардар екен. Өз сөзінде Әбдіуақап бауырымызға автордың “Ұлыма хат” атты эссесін де аудару жөнінде тілегін айтып жатты.
Сөз кезегі келгенде біз осыдан төрт жыл бұрынғы бір оқиғаны – Түркітілдес мемлекеттердің достық, бауырластық және ынты-мақтастық құрылтайының ашылу рәсімін еске түсірдік. Онда түркітілдес мемлекеттер басшылары (Қазақстан делегациясының жетекшісі сол кездегі Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов еді) сахнаға көтеріліп, ортаға қойылған төстемірге балға соғып, темір шыңдаған. Сөйтіп, адамзатқа темір соғуды сыйлаған Алтайдан тараған халықтар ортақ шаруаны осылайша білек қоса, тілек қоса атқаруға бекінгендерін білдірген. Сол жиында Түркия Үкіметі басшысының: “Әлем саясаты” деп аталатын киноны тамашалап отыру біз үшін аздық етеді. Ол киноның қалай қойылатынына тікелей араласуға тиіспіз”, дегенін кезінде газетке жазғанбыз. Жаһандану желі әлем мұхитының айдынында жеке-жеке жүзетіндердің желкенін жығып кете беретінін қазірдің өзінде түсінетіндей жөніміз бар. Түркі дүниесінің тұтастығы үшін, мына жанталасқан, жағаласқан жаһанда бір болуымыз үшін біздің ең алдымен діліміз бір болуы керек. Ал ортақ ділді жасайтын ең алдымен ортақ руханият. Немат Келімбетовтің кітабы сонау тәңірлік дәуір әдебиетінен бері тартып, сақтардың “Алып Ер Тоңға” сияқты қаһармандық дастандары, ғұндардың “Оғыз-қаған”, “Көк бөрі”, “Ергенекон” сияқты батырлық жырлары, “Күлтегін”, “Тоныкөк” жырлары сияқты түркі жазба жәдігерліктері барлық түркітілдес халықтардың ортақ әдеби мұрасы, яғни ортақ игілігі, ортақ мақтанышы, ортақ тарихы екенін дәлелдеп шыққан. Ыстамбұлда жарық көрген осы еңбегі арқылы ендігі жерде Немат Келімбетов бүкіл түркі дүниесіне танымал ғалымдар қатарына қосылу мүмкіндігіне ие болып отыр.
“Диалог Евразия” платформасының тең төрағасы Харун Тоқақ өз сөзін жақында Қазақстанда, Жуалы деген жерде болғанынан, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының ғасырлық тойына қатысқанынан бастады. “Соғыста қол бастаған, соңына 30 том мұра тастаған Момышұлы – біздің бабаларымыздың батырлық пен ақындықты бір бойына топтастырғанының айқын дәлелі. Біз мұсылман болғанымыз үшін алдымен қазақ жеріне қарыздармыз. Арабтар мен қытайлар арасындағы атақты Талас шайқасында жергілікті жұрт арабтарға қосылып ұрысқандықтан арабтар жеңіске жеткен. Алтайдан тараған халықтар мұсылман дінін содан кейін қабылдаған”, деп сөйлеген Харун Тоқақ көбіне “Үміт” кітабын сөз етті. Қазақшасында “Үміт үзгім келмейді” деп жарияланған бұл шығармада ислам дінінің қуат-күші, әйелдің парызға адалдығы, күйеуіне құрметі, балаларына аналық сүйіспеншілігі ерекше көрсетілген. Адамдық, адалдық – мәдениеттің ұшар шыңы. Мәдениеттілік ең алдымен жүрек қуатынан көрінуге тиіс, деді ол. Айтқандай, біз сол Атлақ-Талас шайқасы туралы кезінде “Әлемге әйгілі” айдарының аясында қағазды ойлап тапқан Цай Лунь жайында жазғанда (“Егемен Қазақстан”, 2002 жылғы 17 мамыр) әңгімелегенбіз, одан кейін әлем тарихында өзіндік орны бар сол шайқастың мән-жайын егжей-тегжейлі жазуға керек деректерді жинастырып жүргелі біраз болды, бұйыртса, енді біраз уақыттан кейін нақты қолға алып, оқырман назарына ұсынып та қалатын сияқтымыз.
Түркияның қазіргі Президенті Абдолла Гүлдің ұстазы – профессор Невзат Ялхынташ біздің барлығымыз исламды Талас шайқасынан кейін қабылдағанбыз деген пікірді қолдай келіп, түркі дүниесінің жаңа замандағы бірлігіне ерекше еңбек еткен тұлғалар деп Тұрғыт Озал мен Нұрсұлтан Назарбаевты атады. Бізді профессор Нұри Юженің сөзі ерекше толқытты. “Үміт” кітабындағы жұлынға ауыр операция күтіп жатқан адамның жан толқынысын жеріне жеткізе жазған беттерді тебірене айтқанында профессордың жанарына жас үйірілді. Профессор Орхан Қауұншы “Үміт” монолог-хикаясын Түркиядағы белгілі қаламгер Пеями Сафаның “Тоғызыншы палата” романымен салыстыра, теңестіре сөйледі. Ол шығармада ауыр дертке ұшыраған адамның психологиясы тамаша танылған көрінеді. Тегі, шығарма атын Чеховтың “Алтыншы палатасының” атына ұқсастырып қойған-ау дедік. Асқар Сүлейменовтің “Жетінші палата” деген пьесасы да болатын.
Сенбі күні біз танымал әдебиетші Ферхат Тамирмен 19 жылдан кейін кездестік. Сол жолы Анкарада Ұядан Ақай деген ақсақалдың үйінде бірге болғанымызды еске алыстық. Ферхат Тамир тұсаукесер кезінде өзінің Мағжан Жұмабаев жырларын аударған кітабын Немат ағаның ұлы Қайрат Келімбетовке табыс етті, қос кітап туралы көптеген көкейге қонымды ойларын ортаға салды. Ферхат Тамирдің: “Мен осындағы кітапханалардан, мысалы, Германияның кітаптарын, газет-журналдарын оқи аламын, ал Қазақстанның кітаптарын, газет-журналдарын таба алмаймын”, деген өкпесі де орынды. Өкінішке орай, түрік әдебиетшісі Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды, оған дейінгі шығармалар – бәріміздің ортақ мұрамыз деген пікірін де айтып қалды. Мұның өзі ана бір жылдары қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атайық деп бастама көтеріп, оны қолдай қоймағаны үшін билікті жазғырып жүрген адамдарды тағы бір рет ойлантса дейміз. Халық тарихын халықтың аталуынан бастауға болмайды. Тіпті “қазақ” атауы да 1456 жылдан басталмайды. Сондағы ағайындардың “қазақ түрікшесінен Түркия түрікшесіне тәржімалау”, “өзбек түрікшесінен Түркия түрікшесіне тәржімалау” деген сыңайда сөйлей беретіндерін де, біздің тілдерімізді ортақ бір тілдің диалектілеріндей көретіндерін де сыпайылықпен болса да түзетіп тұруға тиіспіз. Тілдер бөлініп шыққалы қай заман. Олардың арасында бізді “қазақ түріктері”, “өзбек түріктері”, “қырғыз түріктері” дей салатындары да табылады. Халықтар бөлініп шыққалы қай заман. Осыған да көбіне көп өзіміз ілік береміз. “Бәріміз бір түрікпіз ғой, түркілер (“тюрки”) дегенді бізді ана түріктерден бөлектету үшін ориенталистер ойлап тапқан ғой” деп сөйлейміз. “Тюрки” ұғымын әу баста шығыстанушылар шығарғаны рас. Бірақ мәселенің мына жағы бар. О баста ортақ атауымыз (мысалы, “көк түріктер”) осылай болғанымен, уақыт өте келе “түркі” сөзі ғылымда да, білімде де бүкіл түркітілдес әлемге ортақ атау ретінде орныққаны, ал “түрік” сөзі қазіргі Түркия Республикасын мекен ететін этносқа ғана тиесілі атауға айналғаны да рас. Оның үстіне ол түрік пен бұл түрік те дәл бірдей емес. Бұлар Анадолыға келгеннен кейін осындағы гректермен, армяндармен, ал Константинопольді алғаннан кейін Еуропаның басқа халықтарымен, соның ішінде славян жұртымен, одан кейін Қап тауынан әртүрлі жағдайға байланысты көшкен халықтармен қан араластырып, антропологиялық тұрғыдан да өзгеріске түскенін де ескермеуге болмайды. Қазір түріктің кей әйелін, мысалы, орыстан, болгардан айыра алмай да қаласың.
Анкара университетінің доценті, қазақша-түрікше сөздіктің авторы Кенан Коч екі ел әдебиетшілері аударма ісіне көп көңіл бөлсе деген ойын жеткізді. Журфакта бізден екі жыл кейін оқыған, облысқа барған жерінде “Жібек жолы” атты алғашқы жеке баспа құрып, көп игілікті шаруа атқарған Төрегелді Байтасов деген бір асыл азамат болған еді. Өмірден ерте өтіп кеткен сол жігітті анкаралық доцент ерекше бір ілтипатпен еске алды. Төрегелді Ахмет Ясауи туралы романды түрікшеден аударуға араласқан екен, сол роман жөнінде мұнда газеттерде 17 мақала жарияланыпты. “Үміт” кітабы біздің қазақ бауырларымыздың бүгінгі биік белестерге қалай көтеріліп отырғанын көрсетеді, бұл шығарма ұлт рухының мықтылығын дәлелдейді, деді Кенан Коч. Кезінде Түркістандағы қазақ-түрік университетінің вице-президенті қызметін атқарған профессор Гулчин Чандарлыоғлы ханым Немат Келімбетов кітаптарының тұсаукесерін “түркі дүниесі руханиятының мейрамы” деп атады. Профессор қазақ әдебиетшісінің исламға дейінгі сөз өнерінің тарихын жалпы түркі жұртына ортақ тарих деп санайтын көзқарасын қуаттады.
Жоғарыда айтылған жайлардан Н.Ке-лімбетов еңбектерін Түркияның зиялы қауымына, іскер топтарына (олардың арасында “Еуразия” қорының жетекшісі, атақты меценат, аса дәулет иесі Абдулла Қылыч сияқты ірі тұлғалар да болды) таныстыру әдебиеттің аясынан асып, екі елдің мәдени байланыстары шеңберінен де шығып, бүкіл түркітілдес жұрттың руханиятына қатысты мәселелерді қозғағанын көріп отырсыздар. Тұсаукесердің құндылығы да, біздіңше, осында.
Жеке ақшасы 40 миллиард долларға жуықтайды деп шамаланатын Түркияның атақты бай азаматы Сабанчының иелігіндегі “Кабаташ” ғимаратында Немат Келімбетов кітаптарының көрмесі де ұйымдастырылды. Сонда қойылған кітаптардың бірі – Бейжіңдегі Ұлттар баспасында төте жазумен басылған “Үміт үзгім келмейді” хикаят-монологы. Айтқандай, сондағы Ұлттар дыбыс-кескін баспасы бұл хикаятты аудиокітап күйінде де жарыққа шығарған. Енді мақаламызды сол кітапқа белгілі қытай қаламгері Чжан Хайди жазған алғысөзбен түйіндейік. Біздіңше, елімізде талайдан бері қолдан қолға тимей, бестселлерге айналған кітап жайындағы бұл сөздерге түсініктеме қажетсіз.
“Ұлттар баспасындағы редактор жолдастар мені осы кітапқа арнап алғысөз жазуға қолқалады. Мен осы қолжазбаны оқып шыққаннан кейін қатты әсерлендім. Бұл ерекше шығарманың авторын оқырмандарға таныстыру мүмкіндігінің маған тигеніне қуаныштымын.
Автор Немат Келімбетов біздің көршіміз Қазақстан Республикасынан екен. Осы кітапта бір мүгедек адамның төл кешірмелері баяндалған. Бас кейіпкер – автор Нематтың өзі.
Немат отыз бес жасында жұлынға жабысқан дерттен сал болып, төсек тартып жатып қалады да, мүгедектік оның өміріне өзгеріс енгізеді. Осы шығарма автордың қатерлі операция қарсаңында ұйқысыз өткізген түндерінен басталады, өзінің өлім алдындағы қорқынышы мен өмірден құлазуы баяндалып, соңынан өлімге қалай қарсы келіп, төсек тартып қалған кезде әр қилы қиыншылықтар мен сайыстарға қалайша төтеп бергендігі жазылады.
Алайда, Немат ең соңында қайсарлықты өзіне серік етіп, филология ғылымдарының докторы, профессор және Қазақстан Республикасының Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі болады.
Кітапты оқып отырған сәттерде Немат маған бұрыннан таныс досымдай сезілді. Оның хикаяны баяндау тәсілінің қарапайым да тартымдылығы сонша, ол өзі бейне көз алдымда әңгіме айтып отырғандай сезілді, тіпті бөтен тіл де біздің арамызға бөгет бола алмады. Біз басқа мемлекеттерде өмір сүріп жатсақ та, тұрмыс қалпымыз ұқсамаса да өмірге деген құштарлығымыз, арманға деген талпынысымыз бірдей – “Үміт үзгім келмейді” атты кітаптың арқауы да осы еді.
Нематтың тілі жатық әрі көркем, бүгінгі озандаған өмірде мәйегі жоқ қысқа ғұмырлы шығармалардың арасынан осындай айшықты көркем шығарманы ілуде бір кездестіре аласың. Шығарманың өн бойында мөлдірлік пен пәктіктің тұнып тұрғаны соншалық, кітапты парақтау кезінде мен көз жасымды тия алмадым. Немат былай деп жазған: “Операция алдындағы түннің ұзақтығы соншалық, тас қараңғы түн аурухананың жанындағы алма бағын да тұмшалаған. Таң шапағының ағаш бұтағының басына қашан түсетінін, бақ толы алма ағашының қашан гүл ашатынын ешкім де білмейді. Алайда, сол алмалар гүл ашқанда мен, бәлкім, бұл дүниеде жоқ болатын шығармын...”. Тас қараңғы ұзақ сары таңда ол өзінің жұбайымен кешкен махаббатын және сүйкімді екі ұлын ойлайды, сондай-ақ ауылдағы әкесінің қарапайымдылығы мен қайсарлығын есіне алады. Осы ұзақ сары таңда ол өмірдің қаншалықты тамаша екендігін, оны қаншалықты қастерлеуге тұратындығын түсінеді, әттең өзінің он екі мүшесі сау кезінде өмірге мән бермегендігін, сол өмірден қол үзгенде ғана осының барлығы соншалықты қымбат екендігін байқайды. Оның естемелері философиялық мәнге толы.
Нематтың қаламында ата-анасы оның өмірлік үлгі-өнегесі еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, оның ата-анасы ашаршылық, аштық пен өлім және ауруларды жеңу үшін ауылдастарын бастап, өзі қаржы қайраттарымен тоған қазып, егін егеді, өзара селбесіп, майдандағы жауынгерлерге киім-кешек, көрпе-жастық дайындап, ауылдағы жетімдерді жебеп, сұрапыл соғыстың ауыр күндерін иық тірестіре бірге бастан кешіреді. Немат кітабында өзінің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мүгедек болып қалған ағасын да тиек етеді. Сол ағасы майданда жарылыстан екі аяғынан айырылады, бірақ оған қарамастан темірдей төзімділікпен жер бауырлап, артқы шепке жетеді. Осы ағасы өмірді өжет үміткерлікпен өткізеді, өзінің жарын сүйетіні соншалық, жыл сайын әйелінің туған күнінің қарсаңында жер бауырлап тау бөктеріне барып, сүйікті жарына дала гүлін теріп әкеліп сыйлайды.
Маңайындағы осындай еркі мығым жандар Нематты әрқашанда жігерлендіріп тұратындықтан дөп келген барлық тауқыметтер мен тақсіреттерді қаперіне алмайтын. Ол өзінің құштар өмірі, сүйікті жары мен сүйкімді балалары, өзіне қашанда ыстық ықыласымен көмектесетін достары үшін өмірді мәнді өткізуге бел байлады. Солайша, Немат жұмысқа кіріседі, төсекте таңылып жатып, ол романдарды ауызша аударса, жұбайы оларды басып, қағаз бетіне түсірумен болады. Ол қажырлы құлшыныстардың жемісін аудармалары басылып шыққанда көреді. Немат ауруды жеңіп, рухын тіктейді. Көктемнің шуақты күндерінде ол шынымен де аяғынан тұрып, жер басып жүретін халге келеді. Бұл кезде оның егде тартып қалған кезі еді, бірақ ол өмірдің сырын терең ұғынған жан – қандай қиыншылықтар болса да, оған мойымай қарсы тұрып жеңе білу қажет.
Нематтың шығармалары ғұмырдың қамшының сабындай қысқалығын да, тіршіліктің қайсарлығын да терең ұғындырады. Ол адамдарға өмірдің құны уақытты қастерлеп, өмірлік құн жаратуда екендігін, тірлікте жасампаздық жаратып, талмай іздену керектігін ұғындырады!
Меніңше, бұл кітап тек Қазақстанның ғана оқырмандарына емес, дүние жүзі оқырмандарына ортақ. Сондықтан мен Немат мырзаға өскелең құрметімді білдіремін, әрі ол кісінің деніне саулық, өміріне көңілділік тілеймін!
Чжан Хайди, 2009 жылдың 21 желтоқсаны”.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.