05 Қазан, 2010

Әлем өткен аптада

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
КЕЛІССӨЗ ТОҚТАДЫ Палестина басшысы Махмұд Аббастың өкілі Нәбіл Әбу Ру­дей­на арабтар жағы Шығыс Ие­ру­са­лимде еврей қоныстарының құ­рылысы тоқтағанша Израильмен бітімгершілік келіссөзді тоқтата­ты­нын мәлімдеді. Бұған дейін Па­лестинаны Азат ету ұйымы ат­қару комитеті мен ФАТХ орта­лық кеңесінің бірлескен мәжілісі болған. Келіссөзді тоқтату туралы шешім сонда қабылданса керек. Биылғы келіссөз АҚШ-тың араағайындығымен 2 қыркүйекте басталған болатын. СЫРНАЙЛАТЫП САЙЛАНБАҚ Өмірде қызық көп. Ақын, са­я­саткер Владимир Некляев Бе­ло­рус­­­сияда президент сайлауына сыр­­­найлатып қатыспақ. Ең ал­ды­мен міндетті 100 мың қол жинау үшін пойызға мініп, жұрт на­за­рын гар­монь ойнап, өзіне ауда­рып, қол жи­намақ көрінеді. Сыр­найда ой­найтын әуенді тауып қойыпты, сөзін оның сайлау шта­бы жазады. Оның мазмұны мы­­надай болмақ: “Қайы­рымды адам­­д­ар, жаңа прези­дент сай­лай­ық, ол үшін мына па­раққа қол қойың­дар!” Осындай адам сай­ланып кетсе, ел тағдыры не болмақ. ШҰҒЫЛАЛЫ МЕРЕКЕ Германияда осыдан жиырма жыл бұрын елдің батыс және шы­­ғыс аймағының бірігуі шұ­ғы­лалы мереке ретінде атап өтілді. Бірқатар мерекелердің әдетте саяси астары аңғарылып тұрады. Ал сол күнгі мерекенің халықтық сипаты, ұлт бірлігінің көрінісі ре­тіндегі ерекшелігі басым болды. Сөйтсе де, қыңыр тартатын­дар мұн­да да бар екен. Бремен қа­ла­сында екі мыңдай адам кө­шеге “Бұл күн ұлт үшін емес, Гер­мания үшін емес” деген ұран көтеріп шы­ғыпты. Ұлттың, елдің біріккеніне қар­сы болып, олар не мақсатты көздейді? ИЛЮМЖИНОВ — ПРЕЗИДЕНТ Қалмақ Республикасының басшысы белгілі қайраткер Кир­­сан Илюмжинов өзінің қызме­тінен кететінін мәлімдеп, оның орнын басатын Алексей Орловты республика парламенті бекітіп те қойған еді. Бірақ Илюмжинов жалпы би­ліктен кетпек емес – ол Дү­ние­жү­зілік шахмат федерациясы (ФИДЕ) президенттігі үшін әл­ем­нің 12-ші чемпионы Евгений Кар­повпен күресте жеңіп шық­ты. ФИДЕ ассамблеясының 160 мүше­сінің 96-сы оны жақтап дауыс берді. ҰРЛЫҚ ҚОМАҚТЫ Украина президенті Виктор Янукович үкімет басшысы Ни­­ко­лай Азаров екеуі мемлекеттік қар­жының қаншасы шенеунік­тер­дің қалтасына түсетінін тал­қы­лады. Әрине, оны есептеп шы­­­­­ғаруға олар елдің барлық ре­сурсын қоса алады. Сонда олар әрбір миллиард­тан 200 миллион, яғни бестен бірі ұрланады деген тұжырым жа­сапты. Президенттің пікірінше, бұл ішкі жалпы өнім көлемі өс­пейді деген сөз, оны жемқорлық жеп қояды. КАПСУЛАМЕН ШЫҒАРМАҚ Чилиде 700 метр тереңдікте 33 кеншінің жатқанына елу күн бол­ғаны атап өтілді. Олардың тағ­ды­рын бүкіл ел қадағалап от­ыр. Әзір­ге оларға өмірлік қажетті зат­тар тар ұңғыма арқылы жет­кізіледі. Жақында әскери инженерлер сол ұңғыманы біршама кеңейтіп, оған түтікше-капсула түсіріп, сол арқылы кеншілерді бір-бірлеп шығаруды ойластырды. Ал ұң­ғы­маны кеңейтудің өзіне әлі бір ай уақыт қажет. Капсулаға сыю үшін кеншілерге біршама арық­тау ұсынылыпты. ТЕМЕКІГЕ ТОСҚАУЫЛ Финляндияда темекі туралы заң күшіне енді. Онда, әсіресе, жасөспірімдердің темекі тартуына жол бермеуге айрықша назар ау­дарылған. Оларға темекі сатпай­ты­ны өз алдына, қолы ашық адам жас балаға бір тал сигарет берсе, жарты жылға сотталады. Біреулер темекі тартуды шек­теу адам құқығына қайшы дер, бірақ жақсылық үшін демокра­тия­ны шектеу де артық емес болар. АЙЫРБАСТАУ ҚИЫНДАДЫ Ресейде қазан айынан бастап көшедегі ақша айырбастау пункт­­тері жабылып, бұл шара енді тек банктерде немесе арнаулы касса­ларда ғана жүзеге асатын болады. Бұдан кім не ұтады? Сірә, тұ­тынушыларға біршама қиындық туатын шығар. Банк бөлімше­лерін іздеп табу да оңай болмас. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.