06 Қазан, 2010

Астықты ауылдардың ахуалы қандай?

480 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Егін орағы аяқталар қарсаңда бұл сұрақ қойылмай тұрмайды Ала жаздайғы еңбектерінің нәтижесі шығып жатқан қазіргі күндері еліміздегі күллі егіншілер қауымы қазан аузының жоғары болуын тілеп отырған жайы бар. Ал астық жинау науқаны сәт санап өз мәресіне жақындап келеді. Енді санаулы күндерден соң алтын орақтың ақтық айбаты айқындалып қалады. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметіне қарағанда, қазірге дейін республикада астық­тың 95 пайыздайы жинап алынған. Министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аманның баяндауынша, қамбаға құйылатын дәнді дақыл­дар­дың көлемі бұдан бұрын бол­жан­ған 13,5-14,5 млн. тонна дең­гейінен табылғалы тұр. “Біз жинап алатын ас­тық көлемі министрлік алдын­да­ғы да, әкімдіктер алдын­дағы да, бизнес алдындағы да міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Астық балансы айтарлықтай жеткілікті”, – деп мәлімдеді ол BNews порта­лын­да жүргізілген онлайн-мәс­ли­хаты барысында. Сонымен бірге, биылғы жылдың астығы сапасына да күдік келтіруге болмайды, көр­сет­кіштердің барлық сипаты жо­ға­ры деңгейде. Алайда, көздеген ме­же­лердің оң шешіліп жатқанына қа­рамастан, экспортқа шығарыла­тын астықтың мөлшерін қайта қа­рау­ға тура келмекші. Оның бұдан бұрын айтылған 8 млн. тонна ауқы­мынан азайып та қалуы мүмкін. Себебі, біздің бидай өте қымбат болып шықты. Ал “Қазақ-Астық” ақпарат агенттігі отандық агрария ағымдағы жылы 11 млн. тоннадан артық ас­тық жинай алмайды, деген болжам жасап отыр. Ол мұндай ұйғарымға келу үшін бірқатар егін шаруа­шы­лықтары басшылары арасында сауалдама жүргізіп, олардан “Ал­қап­тарыңыздың өнімділігі шамамен қанша болады? Жаңа бидайдың қамырлылық, жаратылыс, ылғалды­лық, қоқымдылық секілді сапалық өлшемдері қандай? Биыл Ауыл ша­руашылығы министрлігі болжаған мөлшерде астық алуға бола ма? Астықты қазір сатқан тиімді ме, әлде тағы қымбаттай түсуін күткен дұрыс па? “Азық-түлік келісім-шарт” корпорациясының әр тонна астықты 26 500 теңгеден бағалауы туралы не айтасыз?” деген сұрақ­тарға жауап алуға ұмтылыпты. Сауал­ға еліміздегі ең ірі астықты өңірлер – Солтүстік Қазақстан, Қос­танай және Ақмола облыс­тарын­дағы шаруашылық­тардың жетекшілері қатысқан. Рас, белгілі бір себептермен олардың барлығы өздерінің аты-жөндерін атап көр­сетпеуді өтініпті. Алайда, агент­тік­тің атап өткеніндей, бұдан негізгі ақпарат өзінің құнын еш жоғалта қоймайды. Сауалдарға жауап бере келе, ас­тықты шаруашылықтар басшылары өздерінің еншілеріндегі егістік танаптардың әр гектарынан орта есеппен 4-5 центнерден бастап 10 центнерге дейін өнім жиналатынын жеткізген. Соңғы нақтылы санды тек Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының бір өнім өндірушісі ғана атап көрсе­тіп­ті. Бұлардың ешбірі жоғары цифр атамаған. Сұралғандардың барлығы дерлік дәннің ең жоғары сапалы­сы­ның қамырлылығы 24-тен 30 пай­ызға дейінгі аралықты құрайтынын білдірген. Тіпті гектарынан 9 цент­нерден өнім алып отырған бір егінші кейбір учаскелердегі бидай­дың қамырлылығы 36 пайызға дейін баратынын да айтқан. Егіншілер жетекшілері сондай-ақ бірауыздан биылғы бидайдың таза және құрғақ екенін де мәлімдеген. Астық өндірушілердің оны тарату жөніндегі жоспарлары да алуан түрлі көрінеді. Олардың ба­сым бөлігі бидай бағасының қым­баттай түсетін сәтін күтіп, барынша тиімді бағаға сатқанды қалайды. Бірақ бұл ұстанымды олардың бар­лы­ғы бірдей ұстай да алмас еді. Се­бебі, олардың қаржылық ахуалдары бірдей емес. Айталық, қарыздары мен міндеттемелері бар шаруалар өнімді жинап алған бойда, кейбірі тіпті тура алқап жиегінен-ақ өткізіп жіберуге мәжбүр. Бұған дәннің құрғақтығы да мүмкіндік береді. Қар­жылық жағдайы жақсылары астықтың қымбаттай түсетін шағын күтеді. Ал 10 қыркүйектен бастап бидай фьючерсінің қымбаттауы басталды. Ол шілде айымен салыс­тыр­ғанда, 123,5 пайызды құрады. Бірақ 17 қыркүйектен кейін би­дай­дың жеткізілу келісім-шарты қозғалысының тоқтап қалғаны, тіпті кейбір позициялар бойынша кері кеткені байқалды. Дегенмен, “Еуразиялық сауда жүйесі” (ETS) тауар биржасында қыркүйектің 14-ін­дегі 3 класты бидайдың қазан айын­дағы фьючерсі тоннасына 35 050 теңге, 4 класты бидайдың құны 32 550 теңге болып белгі­лен­гені өзгермеген күйі қалды.  Сөй­тіп, бір аптаның ішінде бидай ба­ғасы 25 пайызға көтеріліп, 28 000 теңгеден 35 050 теңгеге бір-ақ се­кірді. Баға, әсіресе, 15 қыркүйекте күрт өсті. Осы күні қазан айының фьючерсі 9,72, ал желтоқсандікі 11,1 пайызға қымбаттады. Жоғарыдағы сауалдама бойын­ша жауап қайтарған егінші қауым, әлбетте, тауар биржасында бағаның осылай өсетінін жақсы білді. Сон­дықтан болар, олар Азық-түлік ке­лі­сім-шарт корпорациясының са­тып алу саясатына толық оң қабақ танытып отырған жоқ. Әйткенмен, шаруа адамы үшін шегінетін жер де қалмады, өйткені ол “Астық тура­лы” заңға сәйкес өзі өндірген би­дайдың белгілі бір бөлігін кор­по­рацияға оның ұсынған  бағасы бойынша сатуға міндетті. Бұл тал­қы­лауға жатпайтын тұжырым. Осы жерде біз биыл тамыз айында кор­по­рацияның қосымша құн салығын төлейтіндер үшін бидайдың тон­на­сы­ның сатып алу бағасын – 26 500 теңге (180$), төлемейтіндер үшін 23 660 теңге (160$) етіп белгі­ле­ге­нін тағы еске түсіре кетейік. Бәрімізге мәлім, былтыр Қазақстан егіншілері бұрын-соңды болмаған мол астыққа қол жеткізді. Ал биыл өнім көлемі өткен жыл­ғыдан едәуір аз болғалы тұрғанына қа­рамастан, бидай сапасының ай­тар­лықтай жоғары болуы құнды бір­аз арттыратын түрі бар. Сол сияқты биылғы жылы бидай егісі­нің көлемі былтырғыдан 80 мың гектарға аз. Үстіміздегі жылы 14,2 млн. гектар жерге бидай себілсе, 95,4 мың гектарға жүгері, 92,8  мың гектарға күріш егілді. Бұлардан бө­лек, республикада биыл 1,7 млн. гек­тарға майлы дақылдар, 19,9 мың гектарға қант қызылшасы, 136 мың гектарға шиті мақта, 274,8 мың гек­тарға көкөніс дақылдары мен кар­топ орналасты. Осы цифрларға қа­рап тұрып, бидай дақылының әр гектарынан орташа 10 центнерден түсім түсетін болса, болжанған мөл­шерде өнім жиналатынын бай­қау қиын емес. Енді мамандар астықты сатудың жайы мен рыноктағы бағаның болжап-күтпеген мөлшерде өсіп кетуін немен түсіндірер еді? Шынында да қазіргі күндері астық рыногында нағыз қарбалас сәт туған. Шаруалар астық ауқымының аздығы мен оның сапасы жоғары болуына байланысты әзірге алған өнімін сатып жіберуге асығар емес. Осыған орай ұнның да қымбаттауы кәдік. Егер тыйым салынбаса, астықтың басым бөлігі жоғары бағаға шетелге сатылып кетуі мүм­кін. Солтүстік Қазақстан облысы­нан бір сарапшы осындай ой біл­діреді. Оның көзқарасынша, қазіргі күндері өзінің шарықтау шегіне шыққан бидай бағасы бұдан әрі қымбаттай қоймайды. Келесі бір са­рапшылардың пайымынша, еш­кім де шаруалардан бидайды 35 мың теңгеге сатып алмайды. Сосын ры­нок өтпейтін өнімдерге толып, көп­теген компаниялар құрдымға құлай­ды. Дегенмен, мұндай ойға оранып отырғандар оншама көп емес. Осы күндері Қостанай облы­сын­дағы бір серіктестік егін­шілерден бидайдың тоннасына 32 000–33 000 теңге төлеп, сатып алып жатқанға ұқсайды. Менед­жердің айтуынша, оны былайша қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр етіп отырған астықтың аздығы. Ол сонымен бірге дақылды 35 000 теңгеден жоғары бағаға сатып алудың ешқандай мәні жоқ екенін айтады. Бұл бір жағы әлемдік ры­нокта баға өсімінің ресурсы толық пайдаланылып біткендігінен де көрініп тұр. Осы рынокқа қаты­су­шылар бағаның нақты жағдайынан аспады. Нәтижесінде бидай фьючерсінің котировкасы тоқтап қалды. Өз кезегінде бұл  “Еуразия­лық сауда жүйесі” тауар бир­жа­сында да соңғы аптада фьючерстік келісім бағасының өспей, тұрып қалуына апарып соқтырды. Мұның бәріне, шынтуайттап келгенде, америкалық бидайдың экспортқа сатылуының кейінгі жетідегі мә­ліметтері тікелей әсер етті. Мұнда шамамен 1 млн. тоннадай көлем­дегі астықтың сатылу бағасы өсіп, өзінің шегіне жеткеннен кейін, сатылатын бидайдың ауқымы оның тең жартысына дейін құлап түскен. Осыған орай трейдерлер енді им­порттаушылардың көпшілігі қа­раша айына дейін өз қажетті­ліктерін жабуға асықпайды деп есептеп отыр. Осы аралықта біздің еліміздің аймақтарында бидай мен бидай өнімдерінің саудасы қыза бастады. Өткен аптада Ақмола облысында қамырлылығы 23 пайыз болатын 3 класты бидайдың тоннасы 30 536 теңгеден (208$) сатылды. Мұнда қамырлылығы 27 пайыз құрайтын бидай да бар. Бірақ оның бағасы жоғары, тоннасы 34 036 теңге тұ­рады. Тұтастай алғанда, бидай об­лыста 5 пайызға қымбаттаған. Ай­мақта ұнның барлық сорттарының бағасы өскен. Бірінші сұрыпты ұнның тоннасы, мысалы, 47 034 теңгеден босатылса, екінші сұрып­ты – 42 818 теңгеден, ал жоғары сұрыпты 49 887 теңгеден өткізілген. Солтүстік Қазақстан және Қос­танай облыстарында да осындай жағдай. Солтүстікте өткен аптада бидайдың тоннасы 28 047 теңгеге бағаланса, осы аптаның басында 29 547 теңге болған. Бұл өңірде жоғары сұрыпты ұнның тоннасы 47 588 теңгеден жіберіліп жатса, Қостанай облысында оның орта статистикалық құны 49 539 теңгеге барған. Бұлардың соңғысында ке­шегі аптада 3 класты бидай 30 014 теңгеден сатылды. Мұндай қым­бат­таушылық еліміздің басқа аймақ­тарынан да байқалады. Осы күндері Қазақстан бидайының еліміздің оңтүстіктегі шекарасы бойлары мен Орталық Азия мемлекеттеріндегі бағалары біршама тұрақталып қал­ды. Осыдан шамалы уақыт бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев республика­ның барлық өңірлеріне арнайы ат ізін салып, жергілікті әкімдіктермен астық өнімдері бағасын қымбаттат­пау жөнінде мәмілеге келіп қайтты. Дәлірегі, осы жөнінде меморандум жасалып, оған Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы, Қазақстанның Астық одағы және облыстық әкімдік болып үшжақты қол қойды. Осыған сәйкес әрбір өңір өздері осында көрсеткен мөлшердегі астықты жыл бойына, яғни келесі жылдың 1 қазанына дейін қазір белгіленген бағамен алып тұрады. Демек, тауар биржаларында бидай бағасы өсуі біздің еліміздің тұрғындарына еш әсер етпейді. Мұның есесіне осы биржаларда бағаның көтерілуі біздің егін егуші ұжымдардың қаржылық жағдай­ларын жақсарта түспек. Ал Қазақстан астығының биылғы көлемі нақтылы қанша болатынын анықтайтын күнге көп қалған жоқ. Серік ПІРНАЗАР. Астана.