Жергілікті БАҚ өкілдерінің кейбір іс-әрекеттері осы мәтелді еріксіз еске түсіреді
Мәжіліс депутаттарының сауалына қарсы кейбір жергілікті орыс тілді басылымдар мен муниципалды телерадио арнасы (МТРК) өре түрегеліп, тыныш жатқан халықты алатайдай бүлдіруге бейім тұрды. Алайда, олар шындықтың өңін бұрмалап, қанша құбылтса да солтүстікқазақстандықтардан қолдау таппай, маңдайлары тасқа тигендей болды.
Бір ғажабы, ұлттық мәселелер төңірегінде әңгімелер қозғала қалса, облыстық әкімдік тікелей қаржыландыратын МТРК-нің (директоры Евгений Сазанов), әсіресе, белсенді болып кететін әдеті бар. Бұл жолы да арна жанынан ашылған ОДК сайтында интернет-сауалдама жүргізіліп, әлдекімдердің атынан арзанқол, жілігі татымайтын пікірлер ұйымдастырылды. Қызылжар атауының қайтарылуына қарсылық ретінде көшелерге сары түсті лента тағып шығуға, қол жинауға үндеп, жолдарын нұсқап отырды.
Мұндай қитұрқы жолсыздықтар облыс әкімі Серік Біләловтің тарапынан қатты сынға ұшырады. Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Сергей Бородин мұндай әрекетті ұлт араздығын қоздырушылық деп бағалады. Жуырда осы арна таратқан тағы бір ақпаратқа байланысты әділет департаментінің бастығы Степан Зайтлер брифинг өткізіп, оның шындықпен үйлеспейтінін әшкереледі.
24 қыркүйекте департаментте БАҚ және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен “Қос азаматтық фактілерін болдырмау” деген тақырыпта дөңгелек үстел өткен. Онда бөлім бастығы Қорлан Жұмабаева хабарлама жасап, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында екі елдің азаматтығына қатысты заң бұзушылықтың 81 фактісі тіркелгенін жеткізген. Сол-ақ екен, МТРК-нің тілшісі әділет департаменті қос азаматтықты заңдастыруды қолдап отыр, министрлік алдына мәселе қойғалы жатыр деген жалған ақпарат таратқан. Интернет агенттіктері оған сілтеме жасап, “Қазақстанның солтүстік өңірі тұрғындарына қос азаматтық беру жөнінде ұсыныс әзірленуде” деген мазмұнда мақалалар жариялап, жағдайды ушықтырып жіберген. С. Зайтлердің айтуынша, бұрмалау фактілері анықталғаннан кейін кінәлілерге тиісті шара қолданылмақ.
Аты облыстық, заты қалалық телеарнаның шығармашылық ізденісі де қарын аштырады. Кәсіпорынға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы құйылып жатса да, авторлық бағдарламалар кемшін. Көкейкесті проблемалар, елдік мәселелер көтеріле бермейді. Көбіне жаңалықтарды берумен, қайталаумен ғана шектеліп жүр. 2008 жылы ішкі саясат басқармасы тарапынан жүргізілген тексерістің қорытындысы бойынша Е.Сазановтың орынсыз шығындардың салдарынан кәсіпорынды банкроттық жағдайға жеткізгені дәлелденіп, қызметінен алынған болатын. Алайда, бір жылдан кейін бұрынғы орынтағына қайта жайғасты. Істеп отырған тірлігі жоғарыдай.
Одан “Петропавловск кz” газетінің тілшісі Екатерина Назаренко да қалысар емес. Мәлімдемеге саяси арандатушылық деген күдікпен қарайды. Өзінің ойларын жұртшылыққа таңуға, үркердей топтан қоғамдық пікір тудыруға әуес. Ж.Сүлейменовті депутаттық өкілеттігінен айыру мәселесі көтеріліп жатыр деп алаөкпе болып жүргендерге дем беріп қояды. Не керек, түймедейді түйедей етіп көрсету, тырнақ астынан кір іздеу, “тисе терекке, тимесе бұтаққаның” керін келтіру кей орыстілді басылымдардың үйреншікті құбылысына айналып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Тіпті халық қалаулыларының үндеуіне орай Конституциялық Кеңеске сұрау салу керек деп құлашты алысқа сермейтінін қайтерсің. Қанша білгішсінсе де тарихтан хабарсыздықтары байқалып қалады. Керісінше, өздеріне қолайлы сәттерді қалт жібермеуге құштар. Мәселен, сенатор Т.Симамбаевтың ұшқары пікірлерін түгел келтіріп, жерден жеті қоян тапқандай шаттанады.
Мақаламыздың соңында ұлтаралық келісімге нұқсан келтіретін осындай әрекеттерден сақтанбаса, кей адамдардың адасушылыққа ұрынып қалатынын баса айтқымыз келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.