06 Қазан, 2010

Астана әуежайы Cаммит қарсаңында

731 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қос құрлыққа қанат жайған Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жылға жуық уақытта бәзбір елдердің жүз жылда да жүріп өте алмайтын экономикалық-әлеуметтік даму, жаһандық танылу жолынан өтті. Әлем таныған реформатор, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті – Астана қаласы аз уақыттың ішінде төрткүл дүниенің тарихи басқосулары өтетін ғаламдық орталыққа айналды. Бұдан бұрын жас елордамызда талай-талай халықаралық жиындар, дүниежүзілік экономикалық форумдар, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткенін білеміз. Енді, міне, ғаламның беделді 56 мемлекеті­нің басын біріктіріп отырған мәртебелі ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының Саммиті де 11 жыл үзі­лістен кейін Астана қаласында өткелі отыр. Сонау 2003 жылы Қазақстан Респуб­ликасы алғаш рет осы мәртебелі ұйымға төраға болу ниетін білдіргенде, қайсыбір танымал саясаткерлер мен дуалы ауыз сарапшылар мұны алыс болашақта ғана жүзеге асуы мүмкін қиялдардың бірі ретінде қабылдады. Алайда, сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың баламасыз жаһан­дық дипломатиясының арқасында бұл асқақ арман 2010 жылы жүзеге асып қана қоймай, Қазақ­станның жүйелі де жемісті төраға­лы­ғының нәтижесінде ұзақ жылдар бойғы үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ның жетінші Саммитін Астана қаласында өткізу құрметіне ие болдық. Осы маңызды халықаралық шараға байланысты арнайы жасаған Мәлімдемесінде Елбасы: “Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері ара­сында тұңғыш рет беделді ұйымның Сам­митін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес. Қазіргідей күрделі кезеңде бәтуалы басқосу – ұйым үшін де аса маңызды оқиға болып саналады... Сонымен қатар, мәртебелі ұйымның Саммитін өткізу баршамызға абыройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктейді”, деп атап көрсеткен болатын. Иә, 55 елдің басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері, 500-ге тарта қоғамдық ұйымдардың өкілдері келетін бұл алқалы жиынды өткізу, төрткүл дүниеден Астанаға арнайы атбасын тірейтін құрметті қонақтарды жоғары дәрежеде қарсы алу еліміздің бас қаласы үшін үлкен абырой, сонымен бірге, аса зор жауапкершілік жүктейтін ауқымды міндет екендігі анық. Астана Саммитіне дайындық мәселесі туралы мәлімет білмек болған журналистерге жақында қала әкімі: “ЕҚЫҰ Саммитіне дайындықтың алғашқы нақты нәтижелерін қазан айының ортасына қарай жариялай аламыз. Осы кезде келетін қонақтар мен делегациялардың жалпы саны жөніндегі мәліметтер қолымызға тиеді. Әр мәселе жіті қадағалануда. Мәселен, әуежайға келер болсақ, бір күнде таңертеңнен бастап 70 ұшақ қонуы тиіс. Яғни, әрбір 5 минөт сайын ұшақ қонып жатады деген сөз. Олардың барлығына басқыштар қажет. Кезек күттіріп қою туралы ойлауға болмайды. Тартқыштар керек, олардың әрқайсысын арнайы дайындалған жүргізуші айдайды. Бір мезгілде 70 ұшақты сыйғызатын тұрақтар қажет. Аспанға көтерілер алдында ұшақтарға мұз қатыр­майтын ертінділер шашатын мәшинелер тағы қажет”, деген болатын. Солай бола тұрса да, жан-жақты дайындық басталған әрбір күннің маңыздылығын ескере отырып, “театр киімілгіштен басталады” дегендей, тарихи басқосуға келетін әлем өкілдерін алғаш қарсы алатын бас қаланың әуе қақпасы – Астана халықаралық әуежайына атбасын тіредік. Астана әуежайы “халықаралық” деген атына сай, инфрақұрылымы дамыған, әлемдік стандарттарға толық жауап беретін әуе­жайлардың бірінен саналады. Бүгінде Астана халық­аралық әуежайы дүниежүзілік қол­даныстағы барлық көлемдегі және салмақтағы әуе кемелерін қабылдай алады. ИКАО ІІІ дәрежелі сертификатына сәйкес келетін ай­мақ­тағы ең озық ұшу алаңы, ТМД мем­лекеттерінде сирек кездесетін жанар-жағар май құю гидранттары бар. Жолау­шы­ларға және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету салалары бойынша ІSO 9000-2001 сертификатын иеленген бұл әуежай алдыңғы қатарлы жалпыеуропалық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Астана халықаралық әуежайы тек өткен 2009 жылы ғана 12036 бағыттағы ұшақтарға, сол сияқты осы мерзімде 1 млн. 309 мыңнан астам жолау­шыға сапалы қызмет көрсетті. Елордамызда өтетін аса маңызды халықаралық оқиға Астана халықаралық әуежайы үшін тыңғылықты дайындықты қажет ететін сындарлы сын болғалы тұр. Төрткүл дүние назары түгел Астанаға қада­ла­тын мұндай үлкен оқиға кезінде әуе ке­мелеріне қызмет көрсететін техникалық құ­ралдар да, қонақтарды қабылдайтын қызмет түрлері де халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жоғары талаптарға жауап беруі керек. Осыған байланысты қазіргі таңда Астана әуежайының инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру және әуежай кешенінің барлық құрылымдық кәсіпорындарының өндірістік қуатын арттыру мақсатында кең көлемдегі кешенді шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, 2000 шаршы метр аумағы бар жүк қа­былдаудың құрамалы моделі құрылысын салу, әуе кемелері тұратын перрон алаңын одан әрі кеңейту, бортқа техникалық қызмет көрсету цехтарын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Астана әуежайы жағрапиялық жағынан Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан. Яғни, бұл Еуропадан Азияға ұшатын ұшақ­тардың ең қолайлы халықаралық қону бе­кеттерінің бірегейі болып саналады. Бүгінгі таңда аста­налық әуежай 9-дан аса ішкі және халық­аралық жолаушылар тасымалымен ай­налысатын әуе компанияларына қызмет көр­сетеді. ЕҚЫҰ Саммиті өтетін күндері де әуежай осы бағыттарға қызмет көрсететін өзі­нің дәстүрлі міндеттерін де орындауға тиіс. Астана халықаралық әуежайының ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшы­лары­ның сам­митіне дайындақ шаралары туралы ак­ционерлік қоғамның бірінші вице-президенті Е. Керейдің берген мәліметі бойынша, бүгінгі таңда елордалық әуежай тәулігіне орташа есеппен 40 рейске қызмет көрсетсе, аталған іс-шараларды өткізетін күндері рейстердің саны кемінде үш есе көбейетін көрінеді. Бұл ретте әуежай қызметкерлерінің алдында тұрған басты жауапкершілік – ол қонақтарды аса жоғары деңгейде қарсы алу. Қонақтар қызмет көрсету сапасына қарап, біздің көлік инфрақұрылымымыздың дамуына баға беретіні белгілі. Сондықтан, уақтылы және сапалы қызмет көрсету үшін алдын ала іс-шаралар жоспары әзірленген. Көп мөлшердегі заманауи лайнерлерді сыйғызу үшін перронды кеңейту қажет. Қа­зіргі уақытта әуежайдың перроны өндірістік жұмысқа зиян келтірместен бір уақытта тек 31 ұшақты орналастыруға мүмкіндік беретінін ескерсек, бір мезгілде 70 ұшақты сыйғызу үшін перронның аумағы екі есеге дейін кеңейтіледі. Бұл мәселе арнайы қаражат бөлу көздері арқылы шешімін тапқалы отыр. Қажетті шығындарды анықтауға қатысты Астана қаласының әкімдігімен және Қаржы министрлігімен белсенді жұмыстар жүргізіліп, оң шешімдерге қол жеткізілген. Бір уақытта 70-тен астам әуе кемесіне қызмет көрсету үшін қосымша арнайы тех­ни­калар сатып алу қажеттілігі бар. Саммит қонақтарын қарсы алу шаралары қыста өтетінін ескере отырып, негізінен мұздануға қарсы техникалармен, әуе кемелерін сүй­реуге арналған тартқыштармен, автосаты­лар­мен, жүктерді өңдеуге арналған тиегіш­термен жабдықтауға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы алғанда, саммит өтетін күндері әуежайдағы қызметтердің жұмыс тәртібі күшей­тіледі. Ол үшін Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Қостанай, Қы­зылорда, Тараз, Пав­лодар, Шымкент қалаларының әуежай­ла­рынан қажетті тәжі­ри­белі мамандар қосымша тартылатын болады. Басқа әуежайлардан арнайы техникаларды жалға алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, VІP ғимарат, борттық тамақтану кешені және ресми делегациялар залы қайта жаңартылып жатыр. Қала қонақ­тары үшін әуежай қонақ үйінің есігі айқара ашылады, оны жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Қажетті мөлшерде авиаотын қоры бар. Әрине, басымды мәселелердің бірі қауіп­сіздік болып табылады. Қауіпсіздікті күшейту үшін заңсыз актілердің алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар кешені белгіленіп, нақты жұмыстар атқарылуда. Құзырлы органдармен бірлесе отырып, еліміздің беделі мен ай­бынын асқақтатар жоғары дәрежедегі халық­аралық жиынға жиналатын делегация­лардың қауіпсіздігін қалтқысыз қамтамасыз ету үшін қажетті барлық жағдайлар жан-жақты ойластырылу­да. Қорыта айтқанда, Астана халықаралық әуежайының іскер ұжымы бүкіл әлем назар салатын, дүние жүзінің төрт бұрышынан түгел өкілдер келетін халықаралық үлкен басқосуға жиналатын қонақтарды мінсіз қарсы алып, болашақта бас қаламыздың әуе қақпасын Еуропа мен Азияны жалғастыратын әуе трассасындағы ең ірі әуе көлігі орталығына айналдырмақ. Ал әуежай қызметінің саммит күндері жоғары деңгейде жұмыс жасай­тынына сенім білдіре отырып, редакция атал­ған ауқымды халықаралық шара қарсаңында бұл мәселеге қайта айналып соғуды жос­парлауда. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.