06 Қазан, 2010

Баспасөз-2011

432 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫ ҚАСТЕРЛЕЙДІ Баспасөзге жазылу науқаны қарқын алған мерзімде “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың өңірлерді бастан аяқ аралап шығуы қалыптасқан үрдіс. Бас басылым басшысының мұның алдында Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан аймағына, одан кейін Жамбыл облысына жасаған сапары Қарағанды облысында жалғасты. Алдыңғы күні өндірісті өлке ор­­талығына жолы түскен С.Абдрах­ма­нов алдымен Қарағанды мемле­кет­тік техникалық университетіне бар­ды. Іргетасы қаланған кезден бас­тап ширек ғасырдан астам уақыт бойы тұңғыш ректоры болған Әбіл­­қас Сағынов сынды ғұлама ғалым басқарған университет бүгінде ал­ысқа танымал оқу ордасына айнал­­ға­ны белгілі. Президент Н.Ә.Назар­ба­ев кезінде осында білім жетіл­ді­ріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген көрнекті инженерлер, қоғам қайраткерлері қанаттанды. С.Абдрахманов университет қас­бетінің қабырғасына осында хал­­­­қымыздың аяулы ардақтысы Әл­імхан Ермековтің жұмыс істегені жайлы жазылған ескерткіш тақтаға тағзым етті. Қайратты күрескер әрі ірі математик ғалым қуғын-сүр­гін­нен оралған соң студенттерге атал­ған пәннен сабақ берген еді. Ұс­та­зының өміріндегі қиын кезеңінде қамқорлық көрсетіп, терең білім нәрін талапкер жастарға сіңіруге мүмкіндік жасаған Әбілқас аға Сағыновтың үлкен азаматтығы ұрпаққа ұмытылмас өнеге. Университет ректоры, ҰҒА ака­­демигі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Арыстан Ғазалиевтің жол бастауымен газет басшысы қазіргі заманғы көрнекі құрал-жабдықтар­мен жасақталған дәрісханалар мен оқу бөлмелері, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев атындағы электрон­дық-техноло­гия­лық оқу орталығын аралап көрді. Басылым жетекшісін академик Ә.Сағынов құрметіне аталған дә­ріс­ханаға лық толған оқытушылар мен студенттер жылы шыраймен қарсы алды. Кездесуді ашқан ректор А.Ға­залиевтің “Біз сізді ғалымдық қы­рыңыздан да жақсы білеміз. Сон­дықтан университет ғылыми ке­ңе­сінің шешімі бойынша оқу ор­ны­мыздың құрметті профессоры ата­ғы берілгенін ұжым мүшелері ал­­дында мә­лім етемін” деген ха­ба­рын жинал­ғандар қол шапалақтап қабылдады. Сөз кезегінде Сауытбек Абдрах­манов бұл жүздесуге үлкен әсермен ке­ліп отырғанын, әлгінде универ­си­тет мұражайында Ә.Ермековтің “Ұлы математика курсы” атты оқу­­­лық еңбегін алғаш ұшыратқанын, оның атауының өзі терең мән­ді­лігін айтып, тұғырлы тұлғаны қас­тер тұтушылыққа ризалық білдірді. Әңгіме жалғасында еліміз бас ба­сылымының жазып, көтеріп жүрген мәселелері туралы баяндап берді. “Еге­мен Қазақстанның” жұртшы­лық арасында беделі биіктей түсуі­нің бір жарқын айғағы оқырман­да­ры қатарының жылдан-жылға өсуі болып табылатындығы аталды. Бұ­дан он жыл бұрынғы 38 мың тара­лымның қазір 160 мыңға жетуі – соған нақты мысал. Соның ішінде Қарағанды аймағында газетті жа­зып алушылар саны бұл уақытта 8 есеге дейін өскені атап айтуға тұ­­рар­лық. Мысалы, 2000 жылы осы об­лыста “Егемен Қазақстанды” жа­зып алдырушылар саны небәрі 1639 адам болған еді... Кездесуге қатысушылар тарапы­нан қойылған сан алуан сауалдар әңгіме желісін қыздырды. Ғылым докторлары Ибадулла Арыстанның, Зора Молдағалиевтің, Әділбек Нұр­сағаттың және студенттердің түрлі тақырыптар төңірегіндегі сұрақ­та­ры­­­на жан-жақты жауап қайтарылды. Бұдан соң “Егемен Қазақстан” га­­зетінің басшысы облыс әкімі Се­рік Ахметовтің қабылдауында бол­ды. Әңгіме кезінде әкім Елбасы ал­ға қойған міндеттер мен тапсыр­ма­­ларды тыңғылықты іске асыру ба­ғы­тында атқарылып жатқан іс-із­деністерді ортаға салды. Ал олар аз емес. Үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасына енген 18 маңызды жобаның би­ыл­дың өзінде 10-ға жуығы орындал­ға­лы отыр. Бірінші кезекте жергі­лікті өндіріс ауқымын кеңейтуге, көлемін арттыруға баса назар ауда­рылған. Әкім осы кездесудің ал­дын­­да Татарстандағы әйгілі мәши­не жасау кәсіпорындарының жұ­мысымен арнайы танысып қайт­қа­нын, Ресейдің “Соллерс” компа­ния­сымен бірлесіп Қарағандыда да аталған өндіріс саласын өркен­де­туге бет бұрылғандығын айтты. Сон­­дай-ақ атақты “БелАЗ” автомо­бильдерін құрастырудың қолға алы­нуы осы мақсаттағы қадамдардың бірі. Мұны да былай қойғанда, ауыл шаруашылығында қолданы­ла­тын жеңіл ұшақтарды шығару бас­талғалы тұр. Қоқысты қайта өңдей­тін зауыт салынады. Осының бәрі жаңаша дамудың жолын қалайды. Серік Нығметұлы мәлім еткен­дей, Қарағанды өңірінде әлеумет­тік-тұрмыстық нысандарды салуды жеделдету үшін инвестиция тартуға баса көңіл бөлінеді. Мәселен, ба­лалар бақшалары құрылыстарын жүр­гізуде сол көмекке арқа сүйе­ле­ді. Азаматтар мүддесіне қатысты қан­дай да мәселенің ұсақ-түйек емес­тігіне тоқталып, бұл ретте қыл­мыстық жазасын өтеушілерді ең­бек­пен қамтамасыз етуге талап кү­шейтіліп отырғандығын атады. С.Ахметов пен С.Абдрахманов­тың кездесуі кезінде баспасөзге жа­зылуды ұтымды ұйымдастыру ша­ра­лары жөнінде де әңгіме қозғалды. “Жақында өткен республикалық ір­гелі басылымдар бас редакторла­ры­ның облыстағы күндеріне қаты­су­шылардың ұсыныс-тілектеріне сәйкес төл газет-журналдар тара­­лы­мын ұлғайту жолдары ойластыры­лып жатыр. Соның ішінде айма­ғы­мызда “Егемен Қазақстан” оқыр­мандары санын қазіргі 12 300-ден 13 мыңға жеткізудің мүмкіндігі бар”, – деді кездесу қорытынды­сында Серік Нығметұлы. Иә, қазақ баспасөзінің қара ша­ңырағына қай жерде де ықылас ыстық болса, оған қарағандылық­тар да ынтасы бөлек. – Біздің облыстарға дәстүрлі ісса­парларымызды келер жылғы та­ралымның жайын қамдаумен ғана байланыстыра салуға болмайды.  Мұндай жүрістер өңірлердегі жай­даймен танысуға, тың тақы­рып­тар табуға да мүмкіндік береді. Үкі­метте үлкен белестерден өткен іс­кер басшы ретінде белгілі азамат Се­рік Нығмет­ұлымен бір сағатқа со­зыл­ған әңгіме кезінде қазыналы өл­кеде көп шаруа тындырылып жат­қанына көзім жетті, халықтың әл-ауқаты арта түскеніне сендіретін көп­теген көрсеткіштер көлденең тар­тылды. Мұндай көңіл-күй бас­па­сөзге жазылу барысына да оң әсер ететініне сенемін, – деді әкім­­мен кез­десуден кейін облыс­тық теле­ди­дарға берген сұхбатында С.Аб­драх­манов. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.