06 Қазан, 2010

Жаны жайсаң, мінезі көркем азамат

936 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеңестік кезеңдегі құқық қорғау органдары мен сот билігі тарихына зер салып қарасақ, әр жылдардағы мемлекеттік басқару жүйесіне лайықталған түрлі реформалық бағыт-бағдарларды бастан кешкенін жұртшылық жақсы біледі. Еліміздің сот тарихының бастау кезеңі болған жиырмасыншы ғасыр­­дың жиырмасыншы жылдарында, яғни 1923 жылғы 11 сәуірде бүгінгі Қа­зақстан Республикасының Жо­ғар­ғы Соты өзінің шаңырағын көтеріп, мемлекетіміздің әділ соты ретінде халыққа сол кездің саяси ахуалына қарай барынша тыңғылықты қызмет көрсетудің сара жолына түсті. Міне, содан бері еліміздегі сот жүйесінің ең биік шыңы – Ж­о­ғарғы Сотқа ыж­­­даһатты ісімен айтулы еңбек сі­ңір­­­ген жиырма жеті төраға бас­шы­лық жаса­ған екен. Соның ішінде Қайыр Ерденбайұлының ен­шісіне 1970-1981 жылдар арасы бұйы­рып, он бір жыл бойы аса беделді сот ұйы­­мына төрағалық ету міндеті жүк­телгенін бүгінгі кейбір жастар біле бермес. Мұны айтып отырған себебім, сол алпысыншы және жетпісінші жылдардың басында еліміздің ең бе­делді құқықтық ұйымдары Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігіне қа­тыс­ты біршама реформалық өзгерістер туындап, ондағы функционалдық міндеттер ауыс-күйіс болған кезде Қайрекең Жоғарғы Сотқа басшылық жасап, сол кездің құқықтық рефор­масына өзіндік үлесін қосқан айтулы заңгер атанды. Түсінікті болуы үшін осы тарихи фактіні қысқаша түсін­діре кеткенім артық болмас. Еліміздің құқықтық тарихнама­сы­на жазылып қалған деректерге қа­ра­ғанда, 1960 жылы сол кезде Юсти­­ция министрлігі деп аталған, қазіргі Әділет министрлігі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1960 жылғы 23 наурыздағы “Қазақ КСР-інің Юстиция министрлігін қыс­қар­ту туралы” Жарлығы бойынша қыс­­қартылған еді. Осы министрліктің сот мекемелері жөніндегі басшылық қызметі Жоғарғы Соттың құзырына беріліп, ал жергілікті соттардың ұй­­­ым­дастыру ісіне облыстық соттар бас­­шылық жасайды. Қазақстандағы сот ісін ұйымдастыру, облыс, ау­дан­дардағы халық соттарына қажетті құ­рал-жабдықтар мен қаржылай қам­қор­лық көрсету әр сатыдағы сот ме­ке­мелеріне міндеттеледі. Бұл құзы­рет­ті Жоғарғы Сот он жыл бойы атқарады. Арада он жыл өткенде, керісін­ше, Одақ бойынша Әділет министр­лігін құру туралы қайтадан пікір ту­ын­дап, нәтижесінде 1970 жылы 31 та­мызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің “Одақтас республикаларда Юстиция министр­лігін құру туралы” қаулысы шығады. Осындай өзгерістер жиі-жиі қайта­ланған тұста, Жоғарғы Сот та­ра­пынан атқарылатын сындарлы іс­тің басталған кезінде Қайыр Ер­ден­байұлы осы жылдың қараша ай­ында төрағалық лауазымға тағайындалады. “Бітер істің басына, жақсы келер қасына” демекші, еліміздің сот жүйе­­сіне жүктелген осы өрелі өзге­ріс­терді талапқа сай атқаруға Қай­ре­кең бел­сене кіріседі. Белгіленген құ­қықтық талаптарға сәйкес, еліміздің сот жүйесіндегі әділ биліктің заман та­лабына сай өркендеуіне, партия­лық қағидатқа негізделген басшы­лықты сергектікпен жүргізеді. Дегенмен, бұл кезең бұрындары Жоғарғы Соттың тікелей міндетіне кірген облыстық және аудандық ха­лық соттарының штаттық кестесі, но­тариалдық кеңсе, оларды мате­риал­дық-техникалық тұрғыдан жаб­дықтау, сол сияқты олардың қыз­ме­тін басқару, сот істерін талдаған ста­тистикалық мәліметтердің архивтік құжаттары және соттар мен нота­ри­ат­тарды қаржы-қаражатпен қамта­ма­сыз ету сынды міндеттер соттардың иығынан түсіп, бірыңғай сот төре­лігін жүзеге асыруға алаңсыз кірісуге мүмкіндік туған мезгіл еді. Қайыр Ерденбайұлы өзінің кәсіби біліктілігін және бұған дейін еліміздің түрлі құқықтық сала­ла­рында талай басшылық қызметті қал­тқысыз атқарып келген мол тә­жірибесін қолдана отырып, еліміздегі сот әділдігінің заман талабына сай салтанат құруына айтарлықтай еңбек сіңірді. Қайрекең өзінің “Нар жо­лын­­да жүк қалдырмай­тын” еңбек­сүй­гіштігімен талай игі істерді жүзеге асырды. Оған сол кезде ол кісімен бірге жүрген әріптестері және сол кездегі тарихи деректер куә. Қайыр Ерденбайұлы басшылық жасап, бір жүйеге келтірілген еліміздің сот құ­ры­лымы сол уақыттан егемендігіміз қолға тиген кешегі тоқсаныншы жыл­дардың басына дейін халық мүд­десі үшін мінсіз қызмет атқарып келді. Өзінің қызметтік жолында бай­ыпты ой, байсалды мінезінен әсте ауытқып көрмеген ұстамдылығымен, шаруаны жедел ұйымдастырып, шебер шешетін қабілет-қарымымен еліміздің құқықтық органдары үшін аянбай күш-қуат жұмсаған Қайре­кең­нің өткен өміріне зер салған адам ол кісінің бала жастан бойына біткен бекзаттылықты бірден байқайды. Үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көр­се­­­­ту – ол кісінің ана сүтімен дары­ған туабітті асыл қасиеті. “Тез жанында қисық ағаш жат­пайды” дегендей, Қайрекеңдей абзал ағаның, білікті маманның өнегі-үлгі­сін көрген талай жас судьялар сол кі­сінің болмыс-бітіміне еліктеп, “Бол­масаң да ұқсап бақ, бір жақсы­ны көрсеңіз” деген Абайдың дана­лық сөзіне бой алдырып, Қайре­кең­дей болсақ деп есейген болатын. Жайсаңдық пен көркем мінез ту­ған жердің топырағымен де сіңетіні сөзсіз. Қайыр Ерденбайұлы дүниеге келген Ақмола облысы, Ақкөл ауда­нының Қосқарағай ауылы – Жер-ананың ерекше мейрімі түскен, шал­ғын­ды шөбі масатыдай құлпырған, ор­ман-тоғайы жұпар шаша сың­сы­ған, айдынды шалқар аққулы көлі сұлулығымен тәнті еткен құт мекен. Осындай жәннат өлкеден түлеп ұшқан Қайыр Ерденбайұлы Мың­баев 1951 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын бітірісімен, Ақмола об­лыстық прокуратурасында заңгер­лік қызметін бастап, Семей, Тал­ды­қорған облыстарында осы саладағы басшы­лық қызметтерді мінсіз ат­қар­ды. 1961 жылы Қазақ КСР про­ку­рат­у­­расында бөлім бастығы, кейін 1981 жылы Әді­лет министрінің орынбасары болды. Жоғарғы Сотқа он бір жыл төра­ға болған айтулы еңбегін ол кісімен үзеңгілес жүрген әріптестері және Қай­­рекеңдей “қара қылды қақ жа­рып”, еліміздің сот жүйесіне тура­шыл­дықпен ұзақ жылдар еселі еңбек сі­ңірген абзал ағаның сексенге кел­ген мерейтойы біз үшін орны бөлек үлкен қуаныш. Ол кісінің қатар жүр­ген әріптестері мен өзі тәлім-тәрбие берген шәкірттерінің ортасында және ұл-қыздарының аялауында бақыт құшағына кенеліп, ұзақ жасай беруіне республика судьялары аты­нан ізгі тілек білдіреміз! Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ, заң ғылымдарының докторы.