06 Қазан, 2010

Орталықтың жаңа ошағы

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Халық игілігі үшін жұмыс жасау сауаптың үлкені болса керек. Шындығында да халық үшін іс қылу кім-кімді де құрметке бөлейтіні анық. Тұрғындарға осы тұрғыда түрлі заңдық кеңестер беріп, құжаттарын ресімдеуде жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарының атқарып отырған жұмыстары үлкен. Сондай мекеменің бірі Астанадағы Алматы аудандық №2 халыққа қызмет көрсету орталығы. Аты айтып тұрғандай, халыққа құжаттық тұрғыдан қызмет көр­сетуде орталықтар бүгінде белсене жұмыс жасап, тұрғындар тілегін қанағаттандыруда барынша еңбек­тенуде. Қазіргі таңда қалыптасып, халықтың ықыласына бөленген аталған орталықтың жуырда Абы­лайхан даңғылы бойындағы жаңа да кең ғимаратқа қоныс аударуы аудан жұртшылығын ерекше қуанышқа бөлеуде. Бұл мекеме жұмысымен арнайы танысуға барғанымызда орталық директоры Айбек Әліпбай орталықтың сонау алғаш ашылған шағынан, яғни 2006 жылдан бері ыстығына күйіп, суығына тоңған басшы ретінде әңгіме ауанын әріден бастауды жөн көрді. – Астана мен Алматыда екі екіден халыққа қызмет көрсету орталықтары эксперимент ретінде ашылған-ды. Бұл 2006 жылдың қыркүйек айы болатын. Осыдан кейін Үкімет тарапынан бүкіл ел аумағында орталықтар ашу керек деген тапсырма берілді. Содан Күй­ші Дина көшесінде орналас­қан “Мирас” тұрғын үй кешенінен бізге орын беріліп, заңды тұлға ре­тін­де ашылдық. Халыққа қызмет көр­сету ісін содан бері жалғас­ты­рып келеміз, – деген орталық бас­шысы алғаш ашылған кездегі ха­лық нөпірі мен қызмет көрсетудегі қиындықтарды да еске ала отыр­ды. – Жоғарыда айтқанымдай, орталық эксперимент ретінде аш­ыл­ғандықтан, салық комитеті, жыл­­жымайтын мүлік орталығы, жер қатынастары комитеті, сон­дай-ақ әділет департаменттерінен қызметкерлер министрліктердің бірлескен бұйрығы арқылы бізге іс сапармен жіберілді. 2007 жылдың қаңтарында Үкімет қаулысымен мемлекеттік мекеме ретінде бел­гіленгендіктен орталық іргетасы осы кезден қаланды десек қателес­пей­міз. Әрине, ашылған екі орта­лық жарты миллионнан асып жығылатын халқы бар Астана үшін өте азшылық ететін. Еуропа ел­дерінде бір орталық 75 мың адамға негізделіп жа­салатынын ескерсек, елор­да­да­ғы екі ауданда 250 мыңнан халық бар деп есеп­тесе, өзіңіз ойлай бе­ріңіз, күніне халықтың нөпірі қан­дай боларын. Ол кезде бір орталық күніне шамамен 2700-3000-ға дей­ін құжат қабылдайтын. Сол уа­қыттары халық таңғы сағат 3-4 шамасында келетін кейбір кездері күніне сынған есікті жөндеп үлгермей­тін­біз. Сағат тоғызға дейін екі мыңға жуық халық талон алуға кезекте тұ­ратын-ды. Онда көпшілігі орта­лық­тың не екенін жөндеп түсін­бегенін де айта кеткен артық бол­мас. Қазір Астанада филиалда­ры­мен қосқанда 12-13 орталық бар. Орта есеппен алғанда күніне әр орталық 500-700 шамасында құ­жат­тар қабылдайды. Алматы аудандық №2 халыққа қызмет көрсету орталығында пси­хология кабинеті мен қазақ тілін оқыту (мамандарға) бөлмесінің болуы басшылықтың халық жағ­дайын ойлауынан туған іс. Бізбен әңгімесінде Айбек Игенұлы өткен жылға дейін кадрлардың көп тұрақтамауы сәл-пәл қиындықтар тудырғанын, алайда биылғы жыл басынан бері олар саябырсып бір жүйеге келгенін айта келе, орта­лықта тәжірибе жинақтап ысылған қызметкерлер үлкен фирмалар мен өзге де құзырлы органдарға қыз­мет­ке тұрып кеткендерін де мақ­та­нышпен жеткізді. Түптеп кел­ген­де мұның барлығы орталық абы­ройын арттырады дейді ол. Сон­дай-ақ директор алдағы мақ­са­тымыз жұмыстың сапасын кө­те­ру дегенді де назардан тыс қал­дыр­мады. Иә, елорда халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан ор­талық ұжымы мен оның басшысы Айбек Әліпбайдың әлі атқарар жұмыстары ауқымды екені оны­мен аз-кем әңгімеде айқын аңғарылды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Астана. -------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.