06 Қазан, 2010

Өндіріс генералы атанған Абайділда Дәулетбаев жаңашылдығымен танылған басшы еді...

561 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Теміржолшының отбасында дүниеге келіп, мектепті де, Таш­кент­тегі Орта Азия политехникалық инс­титутының мәшине құрастыру-ме­ханика факультетін де үздік тәм­ам­­даған ауыл баласы алғаш рет еңбек жолын 1961 жылы Қызылордадағы Ресейдің Малоярослав мәшине жа­сау зауытына қарасты “Автотрак­тор­деталь” зауытында инженер-тех­но­лог қызметінен бастайды. Орнықты, талабы зор, жігерін жаныған на­мыс­ты жас өзі таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігі, адалдығының арқасында жыл сайын қызметтік са­тыға көтеріліп, небәрі 7 жылдың іш­інде қатардағы инженерден за­уыт­тың бас директорлығына дейін жо­ғарылайды. 1969 жылы өндіріс орны “Казсельхозтехника” бірлестігіне қарасты “Қызылорда жөндеу ме­ха­никалық зауыты” болып өзгертіледі. Зауыт қаланың орталығында орын тепкендіктен 1970 жылға дейін ол жерге компрессор, қазандық салуға рұқсат етілмейді. Бірақ, табаны кү­ректей он жыл жемісті жұмыс ат­қарған басшының беделі, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде зауытқа 3 млн. сом бөлініп, жаңа цехтар салы­нып, өндіріс орны үлкейіп, өркен жая бастады. Атап айтсақ, әкімшілік ғимараты, асхана, медпункт, бала­бақ­ша, көп қабатты 4 тұрғын үй са­лынды. Тіпті, ұжымның мал өсіретін кішігірім шаруашылығы да болады. 1978 жылы Қызылорда облысы­нан ауыл шаруашылығына қажетті мәшинелер жасайтын Бүкілодақтық дәрежедегі “Қызылордарисмаш” тә­жірибе-сынақ зауытын салу туралы үкімет қаулысы шығады. Сөйтіп, бұ­рынғы қағаз жүзіндегі металлқұ­рылғылар зауытының орнына жаңа өндіріс орнын салып, басқаруға ин­женерлік жұмыстың біраз сатысынан өтіп, үлкен тәжірибе жинақтаған Абайділда Сыздықұлы тағайында­ла­ды. Әрине, мұндай ауқымдағы өн­ді­рісті нөлден бастап, аяғынан тұрғызу оңай шаруа емес еді. Әбекең Қы­зылорда-Алматы-Мәскеу аралығын үйреншікті жолына айналдырады. Әсіресе, кадр мәселесі қиындық ту­ды­рып, қаражат та қолбайлау бо­ла­ды. Бұл ретте ол кісінің жоғары ин­женерлік тәжірибесі зауыт тірлігінде айрықша көрінеді. Ойға алған жұ­мысын жеріне жеткізіп, бітіргенше бел шешпейтін тиянақтылық, іс­керлік қасиеттері осы ұжымды жи­ырма жыл басқарған кезінде ашыла түседі. Кадр мәселесін шешуде КСРО-ның бірқатар зауыттарымен қарым-қатынас орнатып, жұмыс­шы­ларды Тула, Бердянск, Ростов, Та­ган-Рог, Ижевск қалаларына 10 адамнан оқуға жіберіп отырады. Ең бір ұтымды шешімі – зауыттың жанынан арнайы мамандар даяр­лай­тын кәсіптік-техникалық училище ашады. Көп кешікпей қажырлы ең­бек, төккен тер де жемісін беріп, за­уыт алғашқы өнімін шығарады. Бі­рақ, “Россельмаштың” конструктор­лық бюросында ойлап шығарылған жоба бойынша жасалған жаткалар сынақтан өткенде төмен балл алады. Яғни, біздің күрішті алқаптарға Ресейдің шығарған “ЖРК-5” мә­шинесі қолайлы болмайды. Сөйтіп, жаткаларды жердің ыңғайына қарай жетілдіру мақсатында зауыт өз конс­трукторлық бюросын ашып, оған өзі тікелей басшылық жасайды. Көп ізденіс, сынақтардың нәтижесінде жергілікті жерге икемделген “ЖРК-5М”, “ЖРК-10” маркалы жаткалар дү­ниеге келсе, ол кейін де бірнеше рет жетілдірілді. Сөйтіп, Әбекең жатканы модернизациялауда ра­цио­нализаторлық жаңалықтар ашып, 1984-1992 жылдары төрт өнертап­қыш­тық, қырықтан астам рациона­ли­заторлық ұсыныс енгізіп, автор­лық куәлік иесі атанады. Тіпті, Ке­ңес өкіметі кезінде аймақтар үшін айрықша тиімді болған жаңа техника республиканың Мемлекеттік сый­лығына ұсынылды да. Мұнымен, бір қарағанда қатал, айтқанынан қайт­пай­тын, өзінің уақытын қатты қа­дірлейтін басшы білікті де кәсіби ма­ман екендігін де дәлелдейді. Арнайы бөлмені жабдықтап, ол кезде Қазақ­станда басқа зауыттарға исі де бар­маған сандық бағдарламамен бас­қарылатын екі станокты іске қосады. Бұл көпшілік үшін ертегідей еді. Ста­ноктың бір жағынан темір шы­бық салынып, екінші жағынан адам­ның қатысуынсыз дайын деталь шы­ғып жатты. Зауытқа келген деле­га­цияларға осы жаңалықты ерекше мақтанышпен көрсететін. Есеп бө­лі­міне компьютер енгізуде де осындай жағдай қайталанды. Бүкіл есепшілер бөлімі қарсы тұрып, бірі меңгеру қи­ынға соғады десе, екіншісі қыс­қар­туға түсеміз деп қорықты. Ал кейін жұмыстарын оңайлатқаны үшін рахметтерін білдірді. Осылайша, зауыт басшысының есімі өз саласы бойынша берісі республикаға, әрісі Одаққа танылды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде алдыңғы орындар мен “жоғары категориялы сапа” номинациясын жеңіп алды. Сөйтіп, 1984 жылы 300 жатка шы­ғарса, 1990-шы жылдары олардың саны мыңнан асты. Осы кездері зауыттағы инженер-техник кадрдың 80 пайызын жергілікті ұлт өкілінің құруы Әбекеңнің тікелей еңбегі еді. Олардың қатарында Оралбай Ер­ма­нов, Мадияр Айсауытов, Әбіл Ті­ле­уов, Серік Сексенбаев, Ғазиз Ома­шев сынды мамандарды атауға болады. Бір айта кетерлігі, Әбекең жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да көтерді, 500 пәтерлі тұрғын үй, балабақша, т.б. нысандар салды. Зауыттағы осындай ізгілікті шаруаға Д.Қонаев, 1985 жы­лы Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев та келіп, куә болған. Осылайша Мәскеуге қарайтын “Кы­зылордарисмаштың” аты дүркіреп шыға келді. Күріш жинайтын жоға­ры сапалы техникамыздың кезінде Украина, Ресей, Өзбекстан, Түркі­мен­стан, тіпті сонау Кубаға сапар шек­кені, әрине, бүгін үшін тарих. Ал­айда, осы тұста Одақтың тарау­ы­­нан аумағы 44 га жерді қамтып, онда 4,5 мың адам жұмыс істеуі тиіс деген ірі өндіріс орнын салу жобасы іске аспады. Дегенмен, кезінде төккен тер, еткен еңбек үкімет тарапынан бағаланбай қалмады. Ол “Құрмет белгісі” орденінің иегері. Облыстық, қалалық партия, кеңес органдарына бірнеше дүркін мүшелікке сайланды. Он екі жыл Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ең бас­ты­сы, тамаша инженер, өндірістің майталман жетекшісі, абзал азамат ре­тінде жұрт оны білді, халқы қадірледі. Ағайын-туған, жора-жолдастары аса құрметтейтін құдай қосқан қо­сағы Күлжан өмірінің қай кезең­дерінде де қамқоршысы, тілекшісі бола білді. Азаматының абыройын асыруда қашанда ығында қалып, көлең­ке­сінде көрінбей жүрді. Аман­дығын ойлап, ар-намысының таза­лығын періштедей желеп-жебеп, жоғын бардай, барын көлдей етті. Үз­ілгенін жалғады, толмағанын тол­тырды. Ер­лі-зайыптылардың ең бас­ты жетістігі – ата-аналық се­нім­дерін, борышы пен парызын ақтай білген ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Тоқ­таусыз жұмыс жасайтын зауыт әкелерінің екінші үйіне айналғанын сезген отанасы балалардың тәр­бие­сін өз қолына ал­ған­мен, ол кісі өзі­нің ісімен, жүрген жүрісімен, еңбек­қорлығымен үлгі бо­ла білді. Әсіресе, қыстыгүні бас­тары қосыла қалғанда қазақтың астарлы мақал-мәтелдерін мысалмен тұздықтап, баланың санасына сіңе­тіндей етіп жеткізетін. Бірде баласы Дамир Ақтөбе меди­цина институ­тын­да оқып жүргенде жағдайын білуге барады. Сірә, сол мезетте баласына оқу қиынға соғып жүрсе ке­рек: “Әке, маған оқудың ке­рек­ті­гін айтып қоймай, үйірмелерге апарып, қатал талап қойып, неге қатты ұстамадыңыз?” деп базына айтады. Сонда әкесі: “Балам, соны өзіңнің санаңмен сезінгенің қандай жақсы болған. Ең дұрысы сол” деген де қойған. Сол сөз қамшы болды ма, жақсы дәрігер болу үшін оқу ке­ректігін түсінген бала жанын сала оқып, институтты үздік бітіреді. Осы Дамирі ержетіп, қызметке ілінгенде: “Балам, дүниеге, қызметке қызықпа. Дүние – бүгін бар, ертең жоқ. Қыз­мет те қолдың кірі, ол да адамның бағы емес, бүгін болғанмен, ертең көзден бұлбұл ұшуы мүмкін. Екеуі де саған байланысты емес. Білімге қызық. Білімің мен ақылыңды ешкім тартып алмайды. Ол сенімен бірге кетеді. Қандай жағдай болса да білімің мен ақылың алып шығады. Сонда отбасыңды да асырайсың, өмірде де адаспайсың” деген. Міне, осы әке сөзі Дамирдің алдынан та­лай шықты. Қазір Дамир медицина ғылымының докторы, Алматы мед­колледжінің директоры. Қызы Эль­мирадан ерте айрылып қалғанмен, кіші ұлы бүгінде кәсіпкер Жайнар Дамир екеуі ата-аналарына алаңсыз, берекелі қарттық сыйлады, немере, шөбере сүйгізді. Бір өкініштісі, мемлекеттік құрылым өзгергенде өз қолымен салдырған қос зауыттың талан-таражға түскенін көру жү­ре­гіне күш түсірді. Соның бәріне іш­тей қынжылып, бөлмесінен шықпай, тек кітап пен газет-журнал оқып, немерелерін ғана алданыш етті. Әбекеңнің өмірден өткенше осы бір өкініш-өксігі өзіне тыншу бермеді. Асылы, адамды бағалаудың ең бас­ты өлшемі қоғамға, адамға пай­далы қызмет етуімен бағамдалса ке­рек. Ендеше, бүкіл саналы ғұ­мы­рын отандық өндірістің дамуына, оның ішінде мәшине жасау сала­сының не­гізін қалап, оны жан-жақ­ты жетіл­ді­руге арнап, бар қажыр-қайратын жұмсаған, 40 жылдай инженерлік са­лада қаншама ұлттық кадрларды дай­ындауға атсалысқан аптал аза­мат­тың есімін есте қал­дыру бүгінгі ұрпақтың еншісінде бол­са керек. Қызылорда қаласын­дағы РМЗ-ға апа­ратын Қаратоған көшесі Дәу­лет­­­баевтың атына бе­ріліп жатса, ол оған әбден лайықты тұлға деп білеміз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.