“ҚазТрансГаз” акционерлік қоғамы биыл өзінің құрылғанына 10 жыл толуын атап өтті. Осы бір ерен еңбекпен өрілген ізденісті жылдар ішінде компания халықаралық рынокта өзінің белді де беделді орыны бар қуатты құрылымға айналды. Ол қазір республикамыздағы жалпы қуаты 190 млрд. текше метрден асатын, ұзындығы 14000 шақырымға созылған магистральдық газ құбырларына бақылау жасайды.
Өткен 10 жыл ішінде еліміздің газ тасымалдау жүйесіне жұмсалған күрделі қаржы көлемі 250 миллиард теңгеге жетті. Бүгінгі таңда “ҚазТрансГаз” (ҚТГ) Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Қостанай облыстарының және Алматы қаласының тұтынушыларын газбен толық қамтамасыз етеді. 2009 жылы еліміздің ішкі рыногына жеткізілген газдың жалпы көлемі 5,0 млрд. текше метрге жетті. Бұл 2000 жылғы көрсеткіштен 7 есе артық. Осы жылдар ішінде “ҚазТрансГазға” қарасты компаниялар тобы 51,4 млрд. текше метр газ сатқан екен. Бүгінде ҚТГ-ге қарасты компаниялар тобы тек қана тасымалдау, өткізу міндеттерімен ғана айналыспайды, сонымен бірге газ өндіру жұмысымен де айналысады. Мәселен, Амангелді кен орнынан өндірілген жалпы газ көлемі 2 млрд. текше метрді құрады.
2010 жылы ҚТГ 94 миллиард текше метр (+3,3%) газ, оның ішінде халықаралық транзит бойынша 71 миллиард, экспорт бойынша 15 миллиард газ тасымалдамақ. Биылғы жылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында “Интергаз Орталық Азия” АҚ газ құбырлары магистральдық жүйесі бойынша жоспардағы 63,5 миллиард текше метрдің орнына 66,6 миллиард текше метр табиғи газ тасымалданды. 2010 жылғы қыркүйек айына дейін Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбыры бойынша тасымалданған табиғи газдың жалпы көлемі 2,5 миллиард текше метр құрады. 2010 жылға арналған жалпы жоспар 6 миллиард текше метр болатын.
2010 жылдың сәуір айында “Интергаз Орталық Азия” АҚ-ның “Іntergas Іnternatіonal B.V” компаниясының 100 пайыз акция пакетін сатып алу жөніндегі іс-шаралары аяқталды. Осыған байланысты “ИОА”-ның бірден-бір акционері “ҚазТрансГаз” болып табылады. Компания белгіленген жобалар бойынша белсенді жұмыс атқара отырып, еліміздің экономикасының тиімділігін арттырып қана қоймай, экологияны қорғау арқылы қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға да сүбелі үлес қосып келеді. Атап айтқанда бұл автокөліктерді, ЖЭО-ларды құрамдастырылған газға көшіру жобаларына қатысты.
Алматы облысын газдандыру жалғасуда
ҚТГ және Алматы облысының әкімдігі облыстың газ инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатындағы біріккен іс-қимылдар туралы меморандумға қол қойды. Бұл орайда Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбырынан Іле ауданын газбен қамтамасыз ету үшін қосымша құбыр тарту жұмысы қарастырылған. ҚТГ және оның серіктес ұйымдары ҚТГ-Алматы және ИОА бұл жұмыста негізгі орындаушылар болып табылады.
2007-2009 жылдар аралығында облысты газбен қамтамасыз ету мақсатына 1,5 миллиард теңге қаржы инвестицияланды. Осы уақыт ішінде облыс тұтынушыларына газ жеткізу көлемі жылына 85-тен 119 миллион текше метрге дейін артты. Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының ауылдық елді мекендерін газдандыру көлемі едәуір артты. 2009 жылы ұзындығы 1300 шақырымға созылған Қазақстан-Қытай газ құбырының бірінші желісі пайдалануға берілді. Бұл желінің 450 шақырымы облыс аумағымен өтеді. Бұл Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарын газбен қамтамасыз ету көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік беріп, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Панфилов аудандарын алғаш рет газбен қамтамасыз ету жұмыстарын бастауға жағдай жасайды. 2010 жылы осы мақсатқа ҚТГ тарапынан 650 миллион теңге қаржы бөлінді.
2006 жылдың тамызында өңірлік газбен жабдықтауды дамыту бағдарламасы шеңберінде “ҚазТрансГаз” АҚ балансында төмен, орта және жоғары қысымдағы газ құбырларының 3 мың шақырымнан артық желісі бар “ҚазТрансГаз – Алматы” АҚ-ның (“Алматыгаз” АҚ) пакетін барлық инфрақұрылымдарымен қоса сатып алды. Алматы қаласында жекеменшік сектордың 80 мың үйі және көпқабатты үйлердегі 250 мың пәтер газбен қамтамасыз етілді.
ҚТГ және Kolon Group-тың автокөлікті газдандыру жобасы
ҚТГ және оңтүстіккореялық Kolon Group автокөліктерді құрамдастырылған табиғи газға көшіру саласындағы өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл шаралары туралы меморандумға қол қойды. Kolon Group қазіргі кезде осы бір ауқымды жобаның техникалық-экономикалық негізінің жобасын жасап жатыр. Егер, ол аталмыш рыноктың тиімділігін дәлелдейтін болса, 2 компания арасында автокөліктерді қайта жарақтандыру және газ-АЗС-терінің құрылысын салу жөнінде бірлескен кәсіпорын құрылатын болады.
Жоба бойынша бірінші кезекте коммуналдық көліктерді табиғи газға көшіру қолға алынбақ. Табиғи газ ауаға зиянды заттарды мейлінше аз шығаратын көмірқышқыл шикізаты болып табылады. Бұл жоба еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға елеулі ықпал етпек. Болашақта табиғи газбен жұмыс істейтін автокөліктердің саны өскен сайын Қазақстанның барлық өңірлерінде газ құю стансаларының жүйесі арттырылатын болады.
Газ транзиті тарифінің өсетіндігі сөзсіз
ҚТГ бас директоры Серік Сұлтанғалиевтің айтуынша, магистральдық газ құбырларының желісін қайта жарақтандыруға байланысты Қазақстан аумағы бойынша транзиттік құбырлармен өтетін табиғи газдың тарифі сөзсіз көтеріледі. Компанияның дерегі бойынша, қазіргі кезде транзит және экспортқа шығарылатын газдың тарифі 1,7 долларды құрайды.
Үстіміздегі жылы Қазақстан аумағы бойынша Ресейге өтетін түркімен және өзбек транзиттік газы 25 миллиард текше метрден асады. Оның ішінде, Қазақстан аумағы бойынша 10,5 миллиард текше метр түркімен және 15 миллиард текше метр өзбек газы транзиттеледі. Сонымен бірге болашақта Одақ-Орынбор газ құбыры бойынша 46 миллиард текше метр көлемінде Ресей газы транзиттеледі және 7,5 миллиард текше метр Қарашығанақ газы экспортталады. Ішкі рынокқа 7 миллиард текше метр көлемінде газ тасымалданбақ.
“ҚазТрансГаз” АҚ жетістіктері
2009 жылдың қорытындысы бойынша ҚТГ-ге қарасты компаниялар тобының табысы 45 миллиард теңгеге жетіп, компания құрылған 2000-шы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш бес есе өсті. Компанияның тиімділігі 18 пайызды құрады. Бұл халықаралық үздік мұнай-газ компанияларының көрсеткішімен деңгейлес.
2000 жылдан 2009 жылға дейін республикалық бюджетке барлығы 721 миллиард теңге қаржы аударылған. Еліміздің газ тасымалдау жүйесіне 250 миллиард теңге күрделі қаржы құйылған. 51,4 текше метр газ сатылған. Он жыл ішінде 1 174,3 миллиард текше метр газ тасымалданған. 2009 жылы тасымалданған газ мөлшері 91,088 миллиард текше метрге жетті. Оның ішінде халықаралық транзит мөлшері 73,2 миллиард болса, экспорт мөлшері 10 миллиардтық межеге жеткен. Үстіміздегі жылы ҚТГ-ның жеке қаржысы есебінен салаға құйылған күрделі қаржы 3 миллиард 926,7 миллион теңге, ИОА – 16 миллиард 544 миллион теңге көлемінде болады деп күтілуде. 2010 жылы газ тасымалдау тарифі мына межеде болды:
* халықаралық транзит және газ экспорты – 1,7 АҚШ доллары.
Магистральдық газ құбырлары бойынша ішкі рынокқа тасымалданатын газдың өкілетті органдар белгілеген және межеленген тарифі:
* жеке тұлғалар үшін – 171 теңге;
* заңды тұлғалар үшін – 420 теңге.
ҚТГ-ның инвестициялық жобалары “Қазақстан-Қытай” газ құбыры (1-ші желі)
Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 2008 жылғы ақпанда “ҚазТрансГаз” АҚ және “TAPLіne” (ҚХР) компаниялары тең үлестері негізінде құрылтайшы болып табылатын “Азия Газ құбыры” ЖШС жобалық компаниясы құрылды. Газ құбырының қуаты 2012 жылға таман жылына 30 миллиард текше метрге жеткізілмек. Газ құбырын жылына 40 миллиард текше метр газ жөнелтуге жеткізу мәселесі “Строительство МГ “Бейнеу – Шымкент” жобасының жүзеге асуына байланысты болмақ.
2009 жылғы желтоқсан айында өткізу қабілеті жылына 4,5 миллиард текше метрді құрайтын магистральдық газ құбырының ұзындығы 1300 шақырымға созылатын бірінші жүйелік желісі пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының жоғары қарқынмен ұйымдастыруына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Ал 2010 жылдың шілде айында газ құбырының екінші желісі пайдалануға берілді.
Бейнеу – Шымкент газ құбыры (2-ші желі)
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бейнеу – Шымкент газ құбыры құрылысының жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Жобаның негізгі көрсеткіштері:
Газ құбырының өткізу мүмкіндігі жылына 10 миллиард м3;
Газ құбырының ұзындығы – 1487 шақырым;
Құбырлардың диаметрі – 1000 мм;
Компрессор стансасы – 2 + 3;
Жобаның жалпы құны – 2,3 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Қуаттарды бөлу жобасы;
1. Технологиялық қажеттіктерге арналған газды тасымалдау үшін;
2. Еліміздің ішкі тұтынуына қажетті газды тасымалдау үшін;
3. ҚХР-ға арналған экспорттық газды тасымалдау үшін;
4. ҚХР-ға арналған транзиттік газды тасымалдау үшін.
Осы жобаны жүзеге асыру үшін ҚХР-дың компанияларымен бірлесе отырып әрбір тарап 500 миллион доллар көлемінде қаржылық капитал қосатын біріккен жобалық компаниялар құру көзделінуде. Сол сияқты бұл жобаға жалпы көлемі 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын қаржы тарту белгіленіп отыр.
Амангелді кен орны тобын игеру
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және республикамыздың Оңтүстік өңірін газбен қамтамасыз ету мақсатында ҚТГ Жамбыл облысындағы Амангелді кен орындарын игеру жұмысын қолға алды. 2008 жылдың басынан Амангелді кен орнын өндірістік игеру қолға алынды. Пайдалануға берілген мерзімнен бастап мұнда 1,8 миллиард текше метр табиғи газ және 154 мың тонна газ конденсаты өндірілді.
Амангелді кен орындары тобынан игерілген құрғақ газ көлемі 15.520 миллион текше метрді құрады. 2009 жылы Амангелді кен орнындағы №123 бұрғылау қондырғысында дайындау және бұрғылау жұмыстары басталды. Жарқұм кен орнында №5-ші барлау-бұрғылау қондырғысы орнатылды. №4 бұрғылау қондырғысында жердің гидрологиялық қабаттарына барлау жасау жұмыстары жүргізілсе, №2-ші бұрғылау қондырғысында зерттеу және қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар атқарылды. Шартта көрсетілген аумақтарда, атап айтқанда мол үміт күттіріп отырған Сұлтанқұдық және Қосқұдық құрылымдарында сейсмологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.
2010 жылы 330 миллион текше метр газ және 24 000 тонна газ конденсатын өндіру жоспарланып отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.