Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Польшаның экс-президенті Александр Квасьневски мен Австрия Республикасының федералдық экс-канцлері Альфред Гузенбауэрді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Кездесуден кейін журналистерге арналған брифингте А.Гузенбауэр жаңа елорданың құрылыс қарқынына таңданысын білдірді.
– Бұл менің сіздердің елордаларыңызға үшінші сапарым. Астана ғаламат жедел қарқынмен даму үстінде. Мұнда халықаралық деңгейдегі архитектуралық тамаша үлгілер бой көтерген. Мен Тәуелсіздік сарайында болдым, қаланың даму жобасын көрдім. Бұл мені үлкен әсерге бөледі. Әлемде жаңа астанасы тақыр жерден бастап тұрғызылған мемлекет көп те емес. Бұл үшін үлкен күш-жігер талап етіледі, – деді ол.
А.Гузенбауэр Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына да жоғары баға берді.
– ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлда саммиті болған уақыттан бергі он бір жыл бойы көптеген елдердің үкіметтері осындай форумды ұйымдастыруға ұмтылды, бұл тек Қазақстанның ғана қолынан келді. Тіпті, осының өзі – зор жетістік. Екіншіден, саммит осы беделді Ұйымдағы Қазақстанның маңыздылығын атап көрсетеді. Мен сіздердің республикаларыңыз үшін бұл саммитті ұйымдастыру, бәрінен бұрын, Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің арқасында мүмкін болды деп ойлаймын. Көп мемлекеттердің басшылары үлкен кездесуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген жеке құрметі үшін келеді, – деп атап өтті А.Гузенбауэр.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметіндегі басымдықтарының бірі – толеранттылықты дамыту. Альфред Гузенбауэр бұл дұрыс басымдық деп санайды. Өйткені, әртүрлі мәдениеттер, ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы өзара қарым-қатынас проблемасы, әсіресе Еуропада, өте өзекті.
– Мен еуропалық елдерге көпұлтты қоғамның бай тәжірибесі бар елден үйрену пайдалы болар еді деп есептеймін. Өйткені, болашақта көпұлттылық ерекше бір жағдай емес, жаппай тәртіпке айналады. Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде, әсіресе ЕҚЫҰ тұрғысынан, осындай барлық мәселенің шешімін табуға сүбелі үлес қоса алар еді, – деді Австрияның федералдық экс-канцлері.
Альфред Гузенбауэр Қазақстанның экономикалық табыстарына да жоғары баға берді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың дағдарысқа қарсы бағдарламасы өзге мемлекеттер үшін үлгі бола алады деп санайды.
– Қазақстан өзгелерге қарағанда, дағдарысты тез еңсерген елдердің қатарынан көрінді. Бұл өздігінен бола қойған жоқ. Табысқа жетудің басты алғышарты Президенттің жоспары болды. Ол дағдарысты еңсеруде және өсу жолына оралуда өте тиімді болды, – деп атап өтті А.Гузенбауэр.
----------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.