Еңбекшіқазақ ауданында бірнеше жаңа зауыт іске қосылды
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атап көрсетілген міндеттердің бірі – аграрлық саланы әртараптандыру, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу қарқынын арттыру мен жаңа технологияларды енгізу арқылы салаға деген жаңа көзқарас қалыптастыру және тапсырылған міндетке деген жауапкершілік. Міне, осылар болғанда ғана жұмыстың тиянағы келетінін ескерсек, Еңбекшіқазақ ауданы шаруаларының игі ізденісі жемісін бергенін көреміз. Мұнда үлкен үрдіс, жерге деген аялы алақан, қарымды тірлік бір арнаға тоғысып, халық жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
Күрежолдың қапталындағы Қырбалтабай ауылдық округіндегі “Айдарбаев” шаруа қожалығының қызанақ өсіретін алқабында көктемде бақшашылардың төккен терінің өтеуіндей мол өнімді жинағандар көңілі көтеріңкі көрінді. Бір мезгілде қып-қызыл болып тез пісетін 350 гектар алқаптағы “Лидера” қызанағын шетелдік екі комбайн піскені мен көгін, сабағын бөлек жинап, қол күшін жеңілдеткенімен ерекшеленді. Өнім молшылығына қол жеткізген шаруалар әр гектардан 80 тонна өнім жинап, тамшылата суарудың тиімділігін өз тәжірибелерінде сезінді. Күн сайын әр ауысымда 200 тонна қызанақ жиналып, тұтынушыға жол тартуда. Аталған шаруашылық директоры Ерік Айдарбаев жұмысты жүйелі ұйымдастырумен қатар өнім сапасына да ерекше назар аударып келеді. Тұтынушы талғамына орай келесі жылы қызанақ алқабын 600 гектарға жеткізуді көздеуде. Сондай-ақ, бос жатқан жерді тиімді игеріп, көкөніс, жеміс-жидек егуді, өңір халқын аты аңызға айналған апортпен қайта қауыштыруды көздеп отырғанын да айтқан жөн.
Шаруа қожалығының бәрі қызанақ өсірсе, осы аймақтағы Қайнар ауылында томат өңдеумен айналысатын Есік жеміс-көкөніс консервілеу зауытының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, жұмыссыздықтың алдын алу мен Алматы қаласының айналасындағы азық-түлік молшылығын жасаудағы қолға алынған жұмыстың жүйелілігін атап өтті.
Жаңа зауыттың құрылысына 600 млн. теңге инвестиция тартылып, 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынға италиялық құрал-жабдықтар пайдаланылып, бүгінде тәулігіне 600 тонна қызанақ сықпасы шығарылады. Жаңа зауыттың ашылу салтанатына жиналғандар аталған кәсіпорынның ауданның экономикалық жағынан өркендеуіне үлес қосса, екіншіден халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жол ашатынына тоқталып, сәттілік тіледі.
Күздің жайма-шуақ осы күні ауданда тағы бір зауыттың көгілдір лентасы қиылды. “Алтомед” серіктестігі Қытайдан атажұртына келген Көпбосын Марқайдың көп жылғы мақсатты ізденісінің жемісі деуге болады. Дәрігер мақсатына жетуі үшін 430,2 млн. теңге инвестиция тартып, үлкен жұмыстың тиянағы келтіріліпті. Осылайша инфузионды ерітінділер үшін бір рет пайдаланылатын медициналық препарат шығарылуда. Бір қуаныштысы – ол адамның тамырын зақымдамайды. Зауытта жылына 16 млн. дана препарат дайындалып, адам денсаулығын нығайтуға жұмсалмақшы.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.