08 Қазан, 2010

Өз ағам

1053 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Ол кісіні ылғи да “Өзағам” деуші едім... Тағдырдың жазмышымен жаңадан ашылған Торғай облысына 1973 жылдың мамыражай мамыр айында “Лениншіл жас”, осы күнгі “Жас Алаш” газетінің меншікті тілшісі болып бекіп, ұшақпен Арқалық қаласына топ ете қалдым. Барған бетте, маған арнайы дайындалып қойған екі бөлмелі үйге келіп едім, онда бұрынғы тілші тұрып жатыр екен. Жағдайын айтқан соң, қозғамадым. Оған бірден: “Мен көп қыдыратын адаммын, мына тілшілік тір­лік соған сай келіп тұр. Енді екі облысқа бірдей тілші болған соң, Қостанай, Торғай өңірін түгел ара­лауым керек, екі ай мұрсат беремін, қайтып келгенде босатып қоярсың”, – деп ескерттім. Кейін, екі ай дегенім алты айға ұласып, мен Арқалыққа әзер тұрақтадым. Оның өзінде де, Қостанай жағында жүр едім, “Торғай “обкомы” (ол кезде солай аталатын) іздеп жатыр” деген хабар соңымнан қуып жетті. Мені іздеп, облыстық газеттің қызметкерлеріне сұрау салған. Олар мені Меңдіқара ауданынан тапты. Ақсуаттағы Спандияр Көбеев ауылында жүргенмін. “Арқалыққа тез жетсін!” деген хабарды ести салысымен құстай ұшып (ол кезде қайда барсаң да самолет, рахат еді) тағы да Торғай даласына топ ете қал­дым. Тілшілер қосынына келсем, Қазақ радио­сының Торғайдағы тілшісі, осы күнгі белгілі жазушы Табыл Құлыясов безек қағып жүр. “Іздесе бір таптырмайсың, сені анау-мынау емес, Өзекеңнің өзі іздеп жатыр!” – дейді екпінін баса алмай. Мені іздесе, облыстың комсомол комитетінің бірінші хатшысы Бекболат Бірбаев қана табушы еді. Ол кісі алғаш мені қабылдағанда “Қайда жүргеніңді анда-санда болса да хабардар етерсің”, деп қойған. Бұл жолы ұзап кеткен болсам керек. Бірбаевтың өзі де іздеп таба алмапты. Сонымен не керек, обком хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің қабылдауында тұрмын. Өзге кісілердің айтуына қарағанда, “Өзекең тектен-текке шақыр­майды, шамасы, сен бірдеме бүлдіріп қойғансың” деген әңгімеге саяды. Көңіл күпті. Бір кезде қоңырау шыр ете қалды. Хатшы қыз лып етіп, мені есіктен енгізіп жіберді. Орнынан түрегеліп, қолымды алғаны болмаса, Өзекең мені салқын қабылдады. “Саған тілші болып келуіңді алғаш меңзеген мен едім, ақыры ол үмітім ақталар емес. Міне, сенің Арқа­лық­қа келгеніңе аттай алты ай болыпты, не кел­геніңді, не кеткеніңді білдірмейсің, бұл неғылған жүріс!” – деп түнере сөйледі. Түрі бұрынғы көрге­німдей емес, тым сұсты болып көрінді. Бұрынғы мен көрген жайдары жарқын жүздің ізі де байқалмайды. Иә, иә, дәл осы сәтте менің санамнан тура кино­лентадағыдай суреттер сырғып өте шықты. Бұдан бір жылдан астам бұрын, онда да мамыр айының та­мыл­жыған бір күндерінде осында “Торғай әуендері” деген тұңғыш фестиваль өтіп, соған Алматыдан Олжас Сүлейменов бастаған бір топ ақын-жазушы­лар келгенбіз. Композиторлардан Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуов бар. Облыс ашылатын жылында алғаш рет Шәмші мен Мұхтар Шахановты шақырып алып, Торғай даласын аралатып, ақырында “Арқалықтың ақ таңы” деген әнді жазуға себепкер болған. Ал осы жолы Әсет екеумізге “заказ” беріп, “Арайлым, Арқалығымды” дүниеге келтіргенбіз. Сол жолы маған разы болған Өзағам: “Сен өзің жас, әлі бойдақ екенсің, өзіңнің туған жерің Торғайға келіп жұмыс істеп қайтпайсың ба?” – дегені. Мен бірден: “Өзаға, мені жұмысқа кім алады, мен Алматыдан облыстық газетке келмеймін ғой”, дегенмін. –             Жоға, – деді Өзағам, – бұл жақтың газетіне сенен басқалар да жетеді. Мен анау Сейдахметке айтайын, сен “Лениншіл жасқа” осы облыстың тіл­шісі болып келсең қайтеді! Мен табан астында бұл ше­шімге тұшымды жауап айта алмай кете барғанмын. Енді міне, сол әңгіменің нәтижесіндей, мен Өз­ағаң­ның алдында отырмын. Мен ұмытқан әңгіме Өз­ағаңның жадында қалыпты. Тағы да еске салып отыр. – Рас, жазғандарыңды оқып жүрмін. Өлең­деріңмен де таныспын. Ал тілшілік тіршіліктің жөні мүлде басқа, Қостанай, ол қалыптасқан жер, ал Арқалық болса, жаңа қала, жаңа облыс, қат-қабат шаруа, мұнда мәдени өмірдің бұрын-соңды болмаған оқиғалары өтіп жатыр. Жаңа театр, жаңа филар­мония, жаңа музей, кітапхана, жаңадан ашылған институт... тіпті мұнда бәрі жаңа... – Жаңаның жаңалығын алдымен айтатын жастар газеті болуға тиіс. Ал сенің мақалаларың “СҚ”-ға көбірек шығып жатады. Бұл – жастар газетіне, оның жас тілшісіне жараспайтын қылық. Міне, келгеніңе жарты жыл өтсе де, маған жарты сағат уа­қыт бөліп, сәлем беруге жарамадың, жігітім! – десін. Мен шын қысылайын дедім. Бірбаевпен хабарласып тұрушы едім... дегендей бірдеңе деп міңгірлесем керек. – Бір ғана Бірбаевпен іс бітпейді. Сен респуб­ликалық газеттің тілшісісің. Мен ол газеттің тілшісі не тындырып жүргенін біліп тұруым керек, білдің бе? – деп орнынан қозғалақтай бастады. Мұнысы маған, “осымен сөз тәмам, енді кете беруіңе де бола­ды” дегендей әсер етті. Шала қоштасып шыға бердім. Бұрынғы комсомолдың көсемі, бүгінгі облыс басшыларының бірі Өзекеңнің тұлғасы менің көз алдымда онан сайын биіктей түскендей болды. Келер жылында Торғай өңірінде аста-төк астық болды. Егін бітік шықты. Республиканы былай қойғанда, одақтас республикалардың қолқабыс етуі­мен мол астықты уақтылы жинап алды. Қазақстан­ның жоғары оқу орындарының студенттері жаппай қолқабыс етіп, мұның сыртында, Кеңес одағы бойынша әскери күш – солдаттар қауымы көмекке келгенін көзбен көрдік. Меншікті тілші ретінде со­лар­дың ортасында күні-түні жүруіме тура келді. Кей­де көлік болмай қалған кезде, обком комсомол­дың бірінші хатшысы Бірбаев өзімен бірге ала кетіп, егіс алқаптарын аралаймыз, жастар ортасында боламыз. Бір күні Бірбаев маған Торғай облысы мол астық жинағаны үшін Ленин орденімен наградталып, оны тапсыруға Қонаевтың өзі келе жатқанын қуанышты хабар ретінде жеткізді. “Лениншіл жас” редакция­сынан маған осы тектес телеграмма да келіп жетті. Осы күнде менің архивімде сол телеграммалардың біразы сақталыпты. Себебі, мен тұратын Арқалық­тың шағын ауданына әлі байланыс жүйесі жүргізіл­ген жоқ, тіпті, телефон орнатылған күнде де, мені үйден табу мүмкін емес еді, содан болар, редакция кө­бі­не, шұғыл тапсырма берер кезде, обком комсо­молға маған арнап телеграмма жолдап жататын. Тағы да телеграмма келді: “Осынау тарихи оқиға қарсаңында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сақан Құсайыновтан интервью алуың керек” деген мағынада. Дереу іске кірістім. Облыс өмірі өзіме әбден қанық. Мол астықтың да қалай жи­налғанына куәмін. Керекті деректердің бәрі қойын дәптерімде, жата қалып, сұрақты өзім дайын­дап, оған обкомның бірінші хатшысының атынан жауапты өзім беріп, бас-аяғы сол кездегі машинкаға басқанда 7-8 бет көлемінде сұхбат жазып шықтым. Мұқият қарап болғаннан кейін Бірбаев арқылы Біріншіге кіріп, оны өзім оқып беріп, ескертуі болмаса қол қойдырып, Алматыға айдап жіберуім керек. Келіскен күні мені Торғай облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Сақан Құсайынов қа­был­дады. Алдында да бір-екі қабылдауында бол­ғам. Бұл жолы өңі жылы, көңілді, қуанышты күйде кезік­ті. Қарсы алдына жайғасқаннан кейін кәне, оқып жібер дегендей ишара білдірді. Дауысымды бір-екі рет кенеп алып, зуылдатып оқи жөнелдім. Байқай­мын, Құсайынов құптағандай ара-арасында ишара білдіріп қояды. Қойған сұрағым да, оған қайтарған жауабым да көңілден шыққандай. Еңбек ерлерінің арасында бір орыстың фамилиясынан оқыс қате кеткен екен, оны да қолма-қол түзеп жібердік. Интервью оқылып бітті. “Мұным қалай?” деген­дей Құсайыновқа қарап едім, разы пейілін бірден та­ны­дым. “Әкел” дегендей қолын ұсынды, мен де қол бердім. Қолымды қысып жатып күлді де, “анау қа­ғазыңды әкел” деп анықтап айтты. Сонда барып қо­лымды емес, қағазды әкел дегенін ұқтым. Құ­сайынов қолымды алып тұрып: – Жарайсың, жас журналист, осы қалпыңнан танба! – деді де, дайын сұхбатыма қою қара сиямен баттитып қол қойып берді. Бұл маған үлкен абыз кісі­нің берген батасындай болды. Бір-екі күнде сұхбатым “Лениншіл жастың” бірінші бетінде жарқ ете қалды. Менің бұл беталысыма Бірбаев мәз. Алдында “Есіл элеваторында” деген өлең-очеркім газеттің алғашқы бетін алып, бір жарқ еткен болатын. Ара-арасында астық науқанындағы қарбалас шақтардан жиі-жиі репортаж беріп, Бірбаевтың да есімін естен шығармайтынмын. Бір күні облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Бекболат Бірбаев маған “Енді Өзекеңнен интервью ал” деп тапсырма берді. Бұл ойымды редакция да құптады. Нәтінде, Бірбаев өте іскер ұйымдастырушы, сауатты басшы. Қат-қабат жұмыстардың ішінде жүріп, тілшілік тіршіліктің де тоқтаусыз қозғалысын қада­ғалап отырады. Журналистің жолын ашып, жетелей біледі. Сол күзде мен Бірбаевтың қолдауы­мен қаншама мақалалар жаздым. Менің бұл тірлігіме редакциядағы қаламгерлер қауымы да аса разы еді. Тек редак­торы­мыз Сейдах­мет Бердіқұлов қана анда-санда сынап-мінеп алатын. Осы күні ойла­сам, мар­құм­ның мені “қам­шы­лағаны” екен ғой. Ал бө­лім бас­тығы Серік Әбдір­айымов болса, әр аптада жақ­сы шық­қан мақа­ла­ларым­ды құптап, “жарай­сың, ер Секе!” деп теле­грамма салып тұра­тын. Бір күні теле­грамма­лардың бі­разын өзіне көрсет­кенімде қуанып, таң­ғал­ғаны бар. Кейін әр кезік­кен сайын бір-бірі­мізді “ер Секе!” деп құшақтаса кетуші едік... Сый­ластықтың сыры да, шыны да осы екен ғой, шіркін. Осылай, өз ісіме өзім ра­зы боп жүрген күндердің бі­рінде, Алматыдан келісім ал­ғаннан кейін мен Өз­ағаң­ның атынан “интервью” дайын­дай бастадым. Өзағаңмен сұхбаттасу ма­ған тіпті оңай. Ол кезде Тор­ғай өңірі – Арқалық қа­ла­сында өтіп жатқан мәдени шараларды облыс, респуб­лика түгілі, сонау Мәс­кеу басылым­дарының басты на­зарында болып, жиі наси­хатталып жататын. Басқаны былай қой­ғанда, Өзағаңның тікелей ұйым­дастыруымен Мәс­кеудің Щепкин атын­дағы театр учи­лищесін бітір­ген бір топ өнер иелері тура Торғай жері­не ке­ліп, Ар­қа­­­лыққа ат басын тіре­ді. Жәді­герлердің молдығы жа­ғы­­нан жаңадан ашылса да рес­пуб­ликалық дең­гейге жет­кен Арқалық музейіне іскер бас­шы, тәжірибелі маман Рыс­жан Ілиясованы сонау Ақтөбеден алдырды. Көне музыка аспаптарының әмбебабы, танымал музыка зерттеушісі Болат Сарыбаевты әдейі Ал­маты­дан алдырып, Арқалықта “Шертер” ансамблін ашты. Оның мүшелерін Торғай елінің ішінен іздеп, талант­тарының басын қосып, оған жетекші етіп тәжірибелі музыкант, күйші Қайыржан Мақановты бекітті. Сол тұста Қазымгүл Бозанова, Отаркүл Мұ­қатова, Сайлау Ордабаев, Айтжан Настаева, Қыпшақ Қойғарин, Бораш Әбенов сынды танымал әнші­лер­дің өнер жолы қалыптасты. Кейіннен бұл топқа та­лант­ты әнші Ғазиза Жұмекенова қосылды. Күйші­лер Әбжан Сәрсенбаев, Анар Мұздаханова, Тұрар Әліпбаевтарға да Өзекеңнің шапағаты тимей қалған жоқ. Талантты актриса Шолпан Байғабылова, таны­мал биші Тойған Ізімова... тізбелей берсең, Торғай төріндегі өнерлі өрендердің қалыптасуына Өзағаң­ның зор қамқорлығы болған­дығы ұзын-сонар әңгі­меге арқау болар еді. Бұл жайын­да Өзағаңның өз шәкірттерінің біреуі болса да бірегейі Жұмағали Өмір­бековтің осынау асыл адам жайлы естеліктері көңілге жұбаныш ұялатады. Ал осы күнгі есімі елге танымал, сол тұстағы талантты қаламгерлер Сейіт Кенжеахметов, Қонысбай Әбіловтердің де Өзағаң туралы айтар әңгімесі аз болмаса керек-ті. Осындай қыруар істерді қат-қабат атқарып жат­қан Өзағаңмен интервьюімнің иін қандырып, сыр-сұхбатты сараптан өткізіп, енді өзіне оқытып алмаққа алдына келдім. Кешіктірмей тез қабылдады. Өзағаң бұрынғыдай емес, осы жолы аса көңілді отыр екен. Амандық-саулық айтып, жөн-жоба сұрасқаннан кейін, көңілді ағаның алдында мен де еркін көсіліп: – Сұхбатыңыздың көлемі 10 беттен асып жығы­лады, облыстағы әдеби, мәдени өмірді, әлеуметтік саланы түгел қамтуға тырыстым, тек тыңдап көр­сеңіз болды! – деп “жарамазан” айтқандай жүйткіте жөнелдім. Алғашқы сөз, әрине, сұрақтан басталады. Бастай бергенім сол еді, “Тоқтат!” деді тіксініп. – Сен маған не оқып тұрсың? – Сұхбатты. – Бұлай жазуға кім рұқсат етті саған? – Өзіңіз ғой, Өзаға! – Әкел! – деді. Қолжазбаны ұсына бердім. Қолжазбаны қарап үл­­герместен ортан белінен бір жыртты да, қасын­дағы қоқыс салатын тобатайға тастай салды. – Мұныңыз не, Өзаға? – Сен менде ми, ақыл, көз, қол жоқ деп есеп­тейсің бе? Менің не тындырып жатқанымды сенен гөрі өзім жақсы білетін шығармын. Мына тәсіліңді менен басқаға қолдан. Сенің не жазып келгенің түсінікті болды. Бұл менің сұхбатым емес, сенің сұхбатың. Мен өзіме қатысты сұраққа тек өзім ғана жауап беруім керек. Келесі келгенде маған қоятын сұрақтарыңды жеткіз де, жауабын менен күт! “Сөз осымен бітті” дегендей орнынан қозғалақ­тай берді. Мен “қош” деуге де шамам келместен есік­тен жылдам шығып кеттім. Тіпті қалай шығып, қалай кеткенімді де шамалар емеспін. Бейне бір кінәлі адамдай беймаза, мең-зең күй кештім. Неге бұлай болуға тиісті? “Интервью” деген ылғи осылай жазыл­маушы ма еді?! Тіпті бірінші хатшының өзі бір ауыз сөз айтпастан... ал Өзағаңның мұнысы несі? Әлде менің жазғанымды ұнатпай ма? Онда ана жолы мені неге мақтады? “Торғай туралы толғауың” тың дүние болып шығыпты деген жоқ па? Тіпті әлі бой­дақ жүргенімді ескеріп, өзінің Мира есімді туыс қарын­дасымен танысуды да тапсырған жоқ па еді. Ендігісі мынау. Өзағаңды да, ол отырған “обкомды” да көргім келмей, біраз уақыт Қостанай жағына кетіп қалдым. Мира – Ы.Алтынсарин атындағы пединститут­тың кітапханасында қызмет істейтін қыз еді. Екі-үш рет бар­ғаным есімде. Ал­ға­шында әдейі көріп-білу үшін бар­дым. Тал шыбық­тай, қара­­торының сұлуы екен. Тәкап­пар­лау көрінді. Кітап сұрап, әлдене ай­тып, әңгі­меге тартқым келіп еді, өзіме де, сөзіме де мән бермеді. Сұраған кітабымды әкеп берді де, жөніне кетті. Тілге келіп дұрыс сөйлесер түрі болмаған соң, тұрып-тұрып кетіп қалғанмын. Екіншісінде, түсте рес­тораннан шыққанбыз. Қа­сымдағы жігіттерді ертіп кітапханаға барғанмын. Тағы да Мираны көрдім. Сұраған кітабымды әкеп беріп, тілдесуіме мүмкіндік туды: – Сізге кітап сұрамай-ақ, басқа шаруамен келуге бола ма? – деппін. – Ол неғылған шаруа? – деп Мира бұл жолы бетіме тіктеп қарады. Менің жүрегім өртеніп кете жаздады. Қапелімде жауап айта алмай қалдым. Бар “қорлықты” қасым­дағы жігіттерден көрдім. Бірі: – Мұның не сұрайтыны белгілі ғой, – деп қағытты. Екіншісі: – Бұл сізге ғашық! – десін, шімірік­пестен. Мира бізбен тәжікелесіп жатпады. Ақыры, арғы бөл­ме­ге кіріп кетіп шықпай қойды. Жігіттердің енді бірі: Қой, бұл өзі бір қырсық қыз екен, кеттік! – деді. Сөйтіп, менің Мираға деген “ма­хаббатым­ның” жолы болмады. Оның үстіне, міне, Өзағамды ренжітіп алдым. Сонда да, Торғай тарихы мен мәдениетін қамтитын біршама сауалдардың басын қосып, Өзағамның өзіне емес, алдындағы хатшы қызға қалдырып кеткенмін. Жаздың жайлы күндерінің бірі болатын. Тағы да Қостанайда жүргенмін. Хабар келді. “Өзбекәлі Жәнібеков шақырып жатыр” деген. Бардым. Дереу қабылдады. Көңілінде қылтанақ­тай кіді жоқ. Жайдары, жарқын. – Сен-ақ, осы іздегенде бірден таптырмайсың. Осында, бізге бөлім бастығы болып Айша Жүнісова деген жіп-жіңішке қылдырықтай, саған лайық, әдемі бір сұлу қыз келді. Сонымен таныстырайын! – дейді, Мира жайын тіпті ұмытып кеткен тәрізді. Енді Айшаны айтып отыр. – Жақсыны көрмек үшін, – деп мен де әзілге бастым. – Көрсең осы қабатта, бәленбайыншы бөлме, – деген. – Сонымен, сенің “заказың” да дайын болды. Мә, міне, оқып көр, – деп ақ қағазға қара сиямен әріптері маржандай тізілген қолжазбаны ұсына берді. Қарасам, Өзағаңның өз жазуы. Әр әрпі тасқа қашағандай, мінсіз сұлу жазу. – Оқып шық! – деді. – Әне, әне жерге отыр, – деді, бөлек ұзын үстелді нұсқап. – Батыл қарап шық. Жетпегенін жеткіз. Алып-қосарың болса, ашығын айт! – деді. Оқып шықтым. Жазуы қандай таза, анық болса, ойлары да таза, мөлдір, бейне бір көркем дүние. Мен ұсынған сұрақтарды түгелдей қамтуға қам жасапты. Өз ойын еркін жеткізіп, ертеңгі күннің болашақ ой-жоспарларына да кең орын беріпті. Іс­тел­ген істен гөрі, “не істеу керек” жағына көбірек көңіл бөліпті. Егер Өзағаңның осы жазғандары жүзеге асса, Торғай түгел түлеп, Арқалық ажарланып кеткелі тұр... Разылығымды жасыра алмадым. Бір сөзі түгіл, бір әрпіне де қиянат жасағың келмейді. – Ендеше, мынау машинкаға басылған данасы, редакцияға жеткіз, Сейдахметке сәлем айт! – деп қолыма ұстатты. Құстай ұшып, “Баспоштаға” бар­дым. Үлкен конверт алдым да, сұхбатты Ал­матыға, редакция адресіне айдап жібердім. Ол кезде солай, бүгінгідей факс жоқ. Айтпақшы, Айша жайында айтуды ұмытып барады екенмін ғой. Өзекеңнің айтуымен Айша отыр­ған бөлменің есігін ашып қалып едім. Әр жағынан, төбедей болып төрде отырған, мені алып ұрғандай ең­гезердей еңселі әйелді көріп кейін шегіне беріппін... Бұл оқиғаны Өзекеңнің әзіл үшін істегеніне көзім жетсе де, өзімді Айшаға желкелеп әкеліп қосатындай-ақ, көпке дейін жоламай жүрдім. Кейін бұл әңгімені естіген Өзекең ішек-сілесі қатқанша күліпті (Ол кісі күлсе, көзінен жас аққанша күлетін) Ақыры, Айша Жүнісова әзіл-қалжыңды қатты тү­сінетін, қазақы кең пейілді, ақжарқын адам болып шықты. Ақ ниет, ақаусыз көңілмен араласып тұрдық. Көп ұзамай Өзағаң Алматыға ауысып кетті. Орталық комитеттен сыртқы істермен байланыс бөлімі ашылыпты дейді. Соған басшылық жасамақ көрінеді. Бүкіл Торғай күңіреніп кеткендей күй кешті. Өзағаң­ның Торғайдан кетуі бір қасіреттің белгісіндей болды. Өзағаң Торғайдағы дүбірлі істер­ді, қасиетті салт-дәс­түрді, қастерлі мүлік-мүлкаманды өзімен бірге тең­деп тиеп әкеткендей, көңіл сөресі мүл­де бос қалды. Өнер сүйер қауымының бәрі Өзағаңа мойын созып, Ал­маты­ға алаңдаулы күйде қала берді. Менің де көз ал­дым­нан Өзағаңның көр­кем бейнесі кетпей қойды. Оның ешкімге ұқсамай­тын, сәл қарлығыңқы майда қо­ңыр үні, үнемі ой үстінде жүретін, бірақ іші дауыл соқ­қандай алай-түлей мазасыз кейпі. Қызмет­тегі қатал талапшыл­дығы, жайшылықтағы жайдары мінезі, әдемі әзілі, қазақы қалжыңы. Тор­ғайда, Қайыңдыда, Есілде, Қи­ма­да бірге болған, соңы­на ерген күндер... Торғай­да, өзі­мен институтта бірге оқыған ардақты ұстаз, менің ағам Сарбас Қапсұл­тановты әдейі іздеп үйіне барғаны. Ғафу ағамен ҚазПИ-де театр үйірмесінде бірге рөлде ой­нағанын қызық хикая етіп айтқаны... Арқалық музейін­де қатар тұрып шеге қаққанда маған шек-сілесі қатып күл­гені.. – бәрі-бәрі көз ал­дым­нан тізбектеліп өтіп жат­ты. Ол өткізген жиын­дардың мәні мен мазмұн-мағы­насы... Алма­тыда торғайлық талант­тарды Қазақ теле­ви­зия­сына алып барғанда, “Алматы” қонақ үйінде, Ас­қар Сүлей­менов пен Мұрат Әуезовті кешкісін бөл­месіне ша­қы­­­рып алып, таң атқанша әңгіме-дүкен құр­ғанымыз. Бірде, Арқалықта театр ашыларда, алғаш­қы пре­мьера –“Айман – Шол­пан­ға” обкомның бюро мү­ше­­лерін түгел бастап барғанда, Голубенко деген хат­шы­ның “мен қазақша білмеймін ғой” деп қашқақтағанда: – Қазақша білмейтін болсаң бұл Торғайда неғып жүрсің?! – деген сөзіне дейін құлағымның түбінен күмбірлеп кетпей қойғаны... Бәрі-бәрісі осы бір аяулы азаматқа деген сезім құштарлығымды оятқанын қалай ұмытармын. Көп ұзамай Өзғаңның соңынан мен де Алматыға келдім. Ол кезде Өзағаңның қызмет сатысы біршама төмендеп, Алматы облыстық атқару комитеті төраға­сының мәдени жұмыстар бойынша орынбасары болып жүр екен. Жиі жолығып, сұхбаттасып жүрудің сәті түсті. Мәдениет министрлігінде министрдің орынбасары болып жүргенде де бір-екі мәдени шараға әдейі шақырып әңгімелескені де бар. Орталық Комитетте хатшы болып жүргенде де өзіне шақырып алып, “Сенің кітаптарыңды неге көрмей жүрмін” деп, “Қазақстан” баспасынан көсемсөздер мен проблемалық мақалаларымның жинақ болып шығуына да қол ұшын берген – Өзағам еді... Зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шық­қаннан кейін маған тіпті жиі хабарласып тұратын болды. Торғай туралы кітап шығармақ болып, эссе-естеліктер жазып жүр екен. Күн-түн демей “звон­дап”, “ананың аты кім еді, мынаның жөні кім еді, қазір қайда?” деген сұрақтардың астына алушы еді. Бірде өзінің тікелей өтініш-ұсынысымен жазылған Әсет Бейсеуов екеуміздің “Арайлым, Арқалығым” әнінің сөзін сұратып алғаны бар. Өмірінің соңғы сәтіне дейін күш-қайратын сарқып, қажырлылық танытып, ты­ным­сыз жұмыс істеп жатты. Көзінің тірісінде қос том­дығын шығарып, тұсаукесеріне өзі әдейі шақыр­ғанда бара алмағаныма әлі күнге өкінем. Сонда ол маған бірдеңе айтпақ болып, сұрап-білгісі келгенін байқатқан еді. Сол жолы Ғалымдар үйінің директоры Ғ.Бибатырова көп көмек жасап, қалтқы­сыз қызмет етті. Қазақтың осынау аяулы қызы да Өзағаңның шинелінен шыққан шәкірті екен. Мен де өзімді Өзағаңның шәкіртімін деп есеп­тей­мін. Ол үшін мектепте оқып, партада отыру мін­дет емес. Өмір сабағынан тәлім берген ұстаз деп ұғамын. Бұл күнде кейбіреулер Тәуелсіздікті өз қолымен орнатқандай лепіріп сөйлегенде көңілім қобалжып, көзіме ызалы жас келеді. Кеңес өкіметінің жолында “шаш ал десе бас алып” ағаш белсенді атанып жүрген жалаңқылыштар осы бостандықты жаумен шайқасып, жағаласып әкелгендей, бүгінгі күннің батыры болып, ақылгөй, данаға айналды. Олар осы сөздерін сол Кеңес өкіметі кезінде айтса қайда қалды? Ісі түгіл, сөзімен де Тәуелсіздіктің иісін де сезбейтіндер Өзбекәлінің алдында бұғып жүруші еді. Қызыл империяның қылышының астында жүріп-ақ баяғы Ахаң, Жақаң, Әлихан армандаған, арғы ата-бабаларымыздың үзілмес үмітіне айналған бүгінгі бостандықты жақындатып, халықтың санасына сіңірген Өзбекәлі сынды ерен тұлғалар емес пе еді. Өзбекәлі өзінің алдындағы Алаш арыстарынан да берірек ұлты үшін жанын шүберекке түйген Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, Темірбек Жүр­генов сынды таңдаулылардың сапынан еді. Мен ол кісіні ылғи да “Өз ағам” деуші едім. Өзағаң туралы толғанысқа толы естелік-эссемді ол жайлы жазылған жүрекжарды жыр шумақтарыммен аяқтайын: Өткен ғасыр... Жетпісінші жыл басы, Торғай жері – Таланттардың тұнбасы, Өзбекәлі, Арқалықта жолықты, Өзгелерден ерек тұрған тұлғасы. Әулие ме, Әмбие ме – бұл кісі, Өзгелерге ұқсамайды түр-түсі. Періштелер мекен еткен Пейіштің Қоңыр салқын самалындай күлкісі. Тұла бойы – Тұнып тұрған даралық, Жаратқаннан өзгеше боп жаралып, Тұрар дәйім, Тұғырында отырса – Қырандайын, Жан-жағына қаранып. Ол кім деме, Өзбекәлі – бұл ағам. Хас өнерге жан-тәнімен құлаған. Амандығын тілеуші еді – Әр қазақ, Жалғызындай, Тәңіріден сұраған. Ерен еді, Еңбегімен еленген, Тарихыңды тартушы еді тереңнен. Айдағыны алушы еді сараңнан, Қайдағыны табушы еді кереңнен. Көрсең болды, Кетпес еді есіңнен. Мейірленсе, Мерейіңді өсірген. Торғай суы Тобығынан келмейтін, Батыр еді – Кешіп өткен Есілден. Қас жауымен Қасарысқан, Қарысқан. Жан-жүрегі Жаратылған намыстан. Кері кеткен Кесірінен кеңестің Менің ағам “мыңмен жалғыз алысқан”. Менің ағам, Өзбекәлі өз ағам. Сөзі таудай, Биік бірақ, Өзі одан. Ақ жүрегі ағыл-тегіл өлең-жыр, Көкірегі тұнып тұрған ғажап ән. Өзбекәлі, Өз ағам ғой ол менің. Сен Жердегі Темірқазық белгі едің. Кеудесі оның – Ұлы Өнердің ұясы, Ұлы Өнердің көрген жоқпын өлгенін. Бәрі сыйып, Бәрі пісіп – басында. Сүюші еді туған жердің тасын да. Арыстандай Азамат ең, Ақыры – Қалдың мәңгі, Арыстанбаб қасында! Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.