ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚТАР ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙДЫ
Жаз — қат-қабат шаруаға толы. Солардың қатарында қыс маусымына дайындық ерекше маңызды десек, Талдықорған қаласы тұрғындарының қыраулы қыс айларындағы қалыпты жағдайын қамтамасыз ету мақсатында жылыту маусымына дайындық айтарлықтай жүргізілді. Сонымен қатар, шаһар көп қабатты жаңа тұрғын үйлермен толықса, биылдың өзінде Елбасының зияткерлік мектебі мен жаңа Спорт сарайы ел игілігіне айналды. Демек, бас қуат жылыту қазандығына түсетін салмақ едәуір. Кейбір сәуегейлер алдағы қыстың тым қатал болатынын да болжап қойыпты. Десек те, бары жөнделгенімен, оның қуаты осыншама салмақты көтере ме, пәтерлерде қалыпты температура сақтала ма деген сауал көлденеңдейді.
“Егемен Қазақстан” газетінің Алматы облысындағы тілшісі Күмісжан Байжан осы мәселе жайлы Талдықорған қаласының әкімі Сәкен Жылқайдаровқа:
— Сіз бұған не дейсіз?
— Сұрағыңыз орынды. Қалалықтардың күз-қыс айларында жылы пәтерде жайлы тіршілік кешуіне бар мүмкіндік жұмылдырылды. Ағымдағы жылы қыстан қысылмау үшін қалаға 1 млрд 800 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, қазандықтарды, құбырларды жөндеу мен істен шыққанын ауыстыруға, техника сатып алуға, отын қорын дайындауға мүмкіндік туды. Атқарылған жұмыс арнайы тексеруден өткізіліп, рейд жүргізілді. Жұмыс сапасына ден қойылғанын айтқан жөн.
Жылыту жүйесінің 4,3 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ қаладағы әлеуметтік нысандарды жылытуға 23,5 мың тонна сұйық отын қоры жинақталды. Тұрғындардың өтінішіне орай шаһардағы тұрғын үйлер жөндеуден өтті.
Тағы бір айта кететін жәйт – “Талдықорғанжылусервис” мемлекеттік мекемесіне қажетті қаржы толық бөлінсе, 544 млн теңгеге ширек ғасырдан астам жер астында жатып, шіріген құбырлар ауыстырылып, басқа да жұмыстардың тиянағы келтірілді. Жылытуға белгіленген баға 2007-2009 жылдар аралығында көтерілмеді. Әр шаршы метрге берілетін жылу құны 26,53 теңге болса, енді ғана 31,25 теңгені құрап отыр. Баға сәл өскенімен, өзге өңірлермен салыстырғанда жылыту құны екі есеге төмен. Есеп бойынша, жылу қуатын өндірудің бір шаршы метрге шаққандағы құны 71 теңгені құрайды. Демек, тұтынушы жайы ескерілген. Бұл – қала халқының игілігі үшін жасалған қамқорлық. Бір сөзбен айтқанда, талдықорғандықтар қыста жылы үйде тұрмыс кешеді деуге толық негіз бар.
Алматы облысы.