Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жаны нәзік, рухы мықты қазақ қыздарының қара шаңырағы саналатын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен “Нұрлы ғұмыр тағылымы: Президент және студент жастар” атты ғибратты да салтанатты әдеби-сазды кеш өтті. Белгілі ақын-жазушылар, “Нұр Отан” ХДП өкілдері, ғалымдар, жоо басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ұстаздар мен студенттер шақырылған кештің мақсаты – жастарды Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет құрудағы ұлан-ғайыр еңбегін түсіне білуге баулу, ерекше тұлғалық және адами қасиеттерінен үлгі алуда жастарға ой салу. Кешке Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты.
“Президент және студент жастар” айдарымен ұйымдастырылған танымдық, тағылымдық жиынды мемлекет және қоғам қайраткері, университет ректоры Шәмша Беркімбаева ашып, өз жүрекжарды сөзін арнады.
– Биыл ел тәуелсіздігіне 19 жыл толады екен. Бүгінгі жоо студенттері сол тәуелсіздігіміздің құрдастары. Олар қандай? Оларды не толғандырады, не қызықтырады? Оларда ұлттық сана, ұлттық рух, ұлттық намыс қай деңгейде? Әсіресе, артықшылығы мен қайшылықтары қатар келген жаһандану дәуірінде жас ұрпақты ата-бабадан аманат болып қалған еліміз бен жерімізге ие болатындай жауапкершілік сезімде тәрбиелеп жүрміз бе? Бізді, ұстаздарды, осындай сауалдар мазаламауы мүмкін емес, – деді кіріспе сөзінде Шәмша Көпбайқызы. Одан әрі жастар проблемасы қашанда ел Президентінің назарында екендігін, осы жылдары байқағаны: балалардың, жалпы жастардың ең үлкен қамқоршысы да, нағыз ұстазы да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болып келетінін, оның дәлелі: сонау өтпелі кезеңнің ауыртпалығынан ашқұрсақ кезімізде “Болашақ” бағдарламасын түзу, дарынды балалармен тұрақты кездесіп тұру, зияткерлік білім мекемелерін ашу, бұрын-соңды болмаған мектеп құрылысын кеңейту, студент жастардың тыныс-тіршілігін жіті бақылай отырып, Қазақстанның болашағы туралы ой бөлісу мақсатында үзбей дәріс оқуды дәстүрге айналдыру, халықаралық талаптарға сай маман дайындайтын, дүние жүзінің ең жоғары рейтингінде жүрген жоо-мен иық тірестіре алатын инновациялық университет ашу екенін жеткізді.
– Елбасы ата-бабалардың төрт аманатын көздің қарашығындай сақтап, қорғап, әлемге танытуға күш салып, еңбек етуде. Ол аманат – Ел, аманат – Жер, аманат – Тіл, аманат – Тәуелсіздікке адалдық көрсетіп, бүкіл Қазақстан халқының тағдыр-талайын жауапкершілікке алуы, – деді ректор.
Тәрбиелік іс-шараның бір ерекшелігі, кештің жүргізушілері де, концерттің өн бойында ән салып, би билеген, көркем сөз оқығандары да елімізге танымал әртістер емес, күні кеше ауылдан келген инабатты, ибалы, бұрымдары алдына түскен сол университетте білім алып жатқан болашақ ұстаздар. Олар Елбасы тарапынан өздеріне жасалып отырған мол мүмкіншіліктерді университеттерінің өмірінен көріп, табиғаты ерекше оқу орнының сақталуы да, соңғы жылдары оның материалдық базасының жақсаруы да, университет мәртебесінің берілуі де, жаңадан “Студенттер үйінің” салынуы да Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауының нәтижесі екенін жақсы біледі. Сондықтан да, еліміздің бас сахнасында қызғалдақтай құлпырып, жастығымен көздің жауын алған қыздарымыз өз Президенттеріне деген ықыластарын, құрметтерін осылай білдіруді ұйғарыпты. Әсіресе, Елбасының өмірбаянын өздерінше жеткізуге күш салған: “Нұрлы ғұмыр нұрлы мекеннен, жанарына нұр тұнған балғын балалықтан, санасына сыр тұнған дала даналықтан бастау алады. Ойынмен еркелеп, еңбекпен есейіп, намысын жігеріне қайрап, тау өзеніне малтып, қыран қиялмен қияндарға қалқып, өр мінезді ер мінезбен астастырып, жігіт болып толысады. “Батыр болар балаңды бетінен қақпа, белін бу” деген қағидамен қағу көрмей, еркін өсіп, ер жеткен бала Сұлтан батыр бабалардың басқан іздерімен балалықтың балдәуренін өткізіп, көнелерден жеткен көсем сөзбен сусындады. Ізгілікті іздей берді, жақсылықты жасай берді. Қоқан қоқаңдаған, орыс отарлаған халқының жарқын болашағы үшін кеңестің кеңшілігінен үлкен үміт күтті. Өрелі істі, өнегелі бастаманы өрге сүйреуден жалықпады”, деп көркемсөзбен өрнектепті.
Ал Елбасының әр жылдары студенттерге арнаған өсиет сөздерінен оқылған үзінділер де жастарға қанат бітіргендей.
“...Қандайлық жақсы және кәсіби болса-дағы бірде бір оқытушы, егер студенттің өзі білімге ұмтылмаса, егер студенттің өзі кәсіби, жоғары білікті маман болғысы келмесе, оны ештеңеге үйрете алмайды”, “Бізде үлкен өршілдік болуы керек. Сендер өз мамандықтарыңда үздік болуды тілеп, бәсекелестікке әзір болуға тиіссіңдер”, “Сендер, қазіргі жастар, тәуелсіз Қазақстанда өстіңдер, сендердің көз алдарыңда біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жүрді. Сендер ана сүтімен бірге бойларыңа патриотизм және өз тәуелсіз Отандарыңа деген сүйіспеншіліктің терең сезімін дарыттыңдар”, “Мен біздің жастарға сенемін. Сендердің білімдерің, сендердің күш-жігерлерің мен сендердің еңбектерің күшті де өркенді Қазақстанды орнатуға жұмыс істейтініне сенімдімін”, “Сапалы білім мен ғылымсыз Қазақстанның келешегі жоқ! Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятып, жүзеге асыруға мүмкіндік беретін интеллектуалдық төңкеріс қажет. Ең алдымен, жастардың білімге және парасаттылық көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде бәсекелесуге қабілетті жан-жақты мамандар керек!”, “Болашақта барлық мемлекеттік жұмыстар, іс жүргізу қазақ тілінде атқарылатын болады. Біз қазір соған келе жатырмыз. Барлық мемлекеттің өздерінің мемлекеттік тілі бар”...
Сондай-ақ періштедей ақ киінген аруларымыз қазақтың айтулы да көрнекті ақындары Сағынғали Сейітов, Тұманбай Молдағалиев, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбеков, Несіпбек Айтұлының Елбасына арнаған жігерлі өлеңдерін, әлем саясаткерлері мен дүние жүзінің ең танымал тұлғалары Сүлеймен Демирел, Маргарет Тэтчер, Цзян Цзэминь, Владимир Путиннің Н.Назарбаев туралы пікірлерін, ой- тұжырымдарын кезектесе оқыды.
Жиналған жұртшылыққа ғұламалардың арман-мақсатын жарқын болашақпен жалғастырушы Елбасының: “Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде қымбат не бар екен? Әрине, одан қымбат ештеңе жоқ деп айтуға болады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқы болған – оның ғажайып тілі”, “Абай – әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға... Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс” деген және де басқа даналық тұжырымдары да айтылмай қалмады.
Сондай-ақ еліміздің 19 жылдағы қол жеткен жетістігін, қандай іске асқан ауқымды тарихи дүниелер жасалғаны жөніндегі хронология да Елбасының атқарған еңбегінің көрінісі еді. Ал кештің өн бойында монитор арқылы Елбасы жайында көрсетілген фото-слайдтан көрермен біраз деректерге қанық болғандай. Ең бастысы, 160 адамдық хор, 50 адамдық ұлт-аспаптар оркестрі, “Айгүл” ансамблі, этнографиялық “Ұлар” және “Томирис” би ансамбльдері қатысып, өнерлерін көрсетуі тағылымды шараның ажарын аша түсті. Концерттік бағдарламаны Сыдық Мұхамеджановтың “Шаттық Отанымен” ашқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің халық аспаптар оркестрі (дирижері профессор Жалғасбек Бегендіков) Құрманғазының “Сарыарқасын” екпіндете, желпінте төгілткенде көрерменнің делебесін қоздырып, елітіп әкетті. Халықаралық және республикалық ән байқауларының лауреаты, университет түлегі, бүгінде ұстаз Ұлбосын Белғозиеваның “Көзімнің қарасы” мен Елбасының сүйіп тыңдайтын әндерінен попурри орындаған мәдениет қайраткері, әнші-сазгер Гүлнұр Өмірбаеваның сыңғырлаған әуезді дауысына тыңдаушының құлақ құрышы қанғандай.
Әдетте біз Нұрсұлтан Әбішұлын әлемге танымал саясаткер, Мемлекет басшысы ғана емес, жаны өлеңге, әнге жақын өнерлі жан деп те білеміз. Ол кісінің қаламынан туған өлең сөздері талай әннің бағын ашып, жұртшылық арасында кеңінен орындалуда. Салтанатты іс-шарада Елбасының сөзіне жазылған әндер де шет қалмады. Белгілі сазгер А.Қоразбаевтың “Үшқоңыр” әнін университеттің “Айгүл” вокалды-аспаптар ансамблі нақышына келтіре шырқады. Бұрындары тек жігіттердің айтуымен жұрттың құлағында қалған әнді талдырмаш қыздар сызылтып, әуезіне жеткізіп айтқанда, ән одан бетер құлпыра түскендей. Сондай-ақ осы орындауда Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің “Өз елім” әні де тыңдаушыны еріксіз жаулап алды. Әншіні де, бишіні де өз таланттарынан жасақтап, өнерлі қыздардың – таза бұлақтың көзін ашуда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті аз еңбектеніп жүрген жоқ. Мың бұралған “Томирис” би ансамблінің орындауындағы ұлттық “Бастаңғы”, қазіргі реп билеріне жиналған жұртшылық ықыласпен қол соқты. Ал Ербол Құдайбергеновтің орындауындағы Бауыржан Есебаевтың әні мен сөзіне жазған “Елбасы”, белгілі әнші, университеттің Музыкалық білім және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева және халықаралық конкурстардың лауреаты Абай Әбішев орындаған “Когда весна придет, не знаю...” әндері де көңіл сүйсінтті. Сондай-ақ, Елбасының сөздеріне жазылған Бекболат Тілеуханның “Елім менің” мен Алтынбек Қоразбаевтың “Сарыарқа” әнін автордың университеттің Музыкалық білім және мәдениет факультетінің студенттерінен құралған хормен орындауы көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Әрине, қолға алған істің мақсат-мүддесінің жиынтығы, соңғы нүктесі әр кез табыла бермесі хақ. Меніңше, еліміздің оңтүстіктегі бас қаласындағы өткен осы бір салтанатты шарадағы айтылар ойдың тағы бір түйіні – Елбасы қамқорлығын көріп жүрген сан мыңдаған студент-жастардың атынан өз Президенттеріне ант беру рәсімі еді. Ашық та зор дауыспен қарғадай қазақ қызының “Мен, тәуелсіз Қазақ елінің азаматтығын абыроймен сақтауға, ата-баба аманатын ақтауға, арыммен, жаныммен қорғауға ант етемін! Жеті ғаламның сырын, жеті жұрттың тілін үйреніп, бар өмірімді халқыма арнауға ант етемін!” деп жар салуы жиналғандарды тебірентіп-ақ жіберді.
Осылайша екі сағатқа жуық уақыт бір демде өте шықты. Сыртқа шығарда бүгінде ұстаздардың ұстазы, еліміздің тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова және журналистердің ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов ағай мен Заря жеңгей көзімізге жылы ұшырады. Кештің әсерінен арыла алмай тұрған бәріміз үшін қадірлі жандарды сөзге тарттық. Әбілфайыз ағай қазақ халқының осындай Елбасы болғанына мақтанып шыққанын сезінсе, Заря жеңгей қыздар университетінің түлегі ретінде жаны осы қыздармен бірге болғанын, ұлыны ұлықтау, жақсымызды көрсете білу үлкен азаматтық, парасаттық қасиет екенін, осы шараны өткізуде қазақ қыздарының анасындай болған Шәмша Көпбайқызының еңбегін ерекше атап өтті.
– Зады қазіргі жастарымызға тәрбие жағынан жетіспей жатқан дүние – өзіміздің көрнекті тұлғаларымыздың, қайраткерлердің, ел басқарып отырған басшылардың, сол сияқты ардагерлердің еңбектері жайында мәлімет беріп, жетістіктерін паш етіп, жақсы жағынан үлгі тұтатын, жастардың еліктеп өсуіне қызмет жасайтын іс-шаралар өте кем, – деді сөзге араласқан Аягүл апай. – Соның салдарынан біздің мектеп жасындағы оқушыларымыз да, жоо-ның студенттері де еліміздің айтулы тұлғаларына еліктеуден гөрі, батыстың қайраткерлеріне еліктегілері келетін жағдайларды көріп жүрміз. Меніңше, түкке тұрғысыз жарнамалардың орнына, осындай жақсы дүниелерді күнбе күн айтып, көрсетіп, баланың бойына шым-шымдап құя берсек, оның көзі де, бойы да, еті де, жаны да үйрене берер еді. Сонда ғана біз, елін жаудан да қорғай алатын, биікке де шығаратын, басқа елдің жақсылығы мен қол жеткен табысын елімізде іске асыра алатын патриот азаматтарды тәрбиелеп шығарар едік. Ендеше, бүгінгі Шәмша Көпбайқызының басшылығымен өткізілген іс-шара тәлімділікке де, тәрбиелілікке де жан-жақты әсер ететін, маңызды да мазмұнды, таптырмайтын тамаша іс-шара деп санаймын. Сондықтан үлкен алғысымды білдіремін.
Иә, адамның жаны қашанда ізгілікті, жақсылықты іздесе керек. Бүгінгідей кештер тек жастардың ғана емес, әр адамның рухани дамуына, өзін өзі тәрбиелеуге, Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімнің артуына қызмет етері хақ.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.