Елбасының тапсырмасымен 2008 жылғы қаңтардан бері қайта күрделі жөндеуден өткен ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жүйесіне кіретін көпбейінді “Алматы” сауықтыру СПА курорты кеше өзінің алғашқы демалушыларын қабылдады. Осы айтулы оқиғаға орай аталмыш шипажайдың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, т.б. құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты жиынды Президент Іс басқармасының бастығы Сарыбай Қалмырзаев ашты.
– Бұл мекеменің өзгелерден бірқатар өзіндік айырмашылығы бар. Біріншіден, арнайы пантуспен жабдықталған, мүгедектер арбасымен бір ғимараттан екіншісіне жылытылған өткелдер арқылы өтетін болады. Екіншіден, бұрын балшық, ыстық минералды ем қабылдағандар да бір ғимараттан екіншісіне салқын жермен жүрсе, қазір жылы дәлізбен жүреді. Емдеу мекемесінде 2200 метр тереңдіктен өндірілетін бұрынғы табиғи Алматы минералды суы сарқылған болатын. Ол енді 3 мың метрге тереңдетіліп, 44 градустық температурада алынып отыр. Мұның бәрі халық үшін жасалуда, – деді Президент Іс басқармасының бастығы Сарыбай Қалмырзаев.
Сондай-ақ салтанатты рәсімде сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов кезінде КСРО-ның 50 жылдығына ашылған тарихи шипажай еліміздің сол кездегі жетістігі болғанын айта келе, ендігі жерде қайта күрделі жөндеуден өткен соң бұл сауықтыру СПА курорты жаңа саты, жаңа деңгейде жасақталғанын, бұл емдеу үрдісінде де, құрылыста да, менеджментте де әлемдегі ең жоғары деңгейді көрсететінін атап өтті.
Курорт тыныс алу, ас қорыту, жүрек-қан айналымы, жүйке, несеп, сүйек-бұлшық ет жүйесі ауруларын емдеу мен сауықтыруды ұсынады. Мұнда ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған және диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін кеңінен таңдай аласыз. Сондай-ақ кешен клиникалық-диагностикалық зертхана қызметін жүргізеді.
Иә, жаңадан ашылған аталмыш емдеу орны өзінің алғашқы демалушыларын да қабылдап үлгеріпті. Олар бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне арнаған, есімін халқы мақтан тұтатын қайраткерлер болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Олар екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, көрнекті ғалымдар Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, қазақтың белгілі ақын қызы Марфуға Айтхожина, т.б.
– Алматы шипажайында бұған дейін Қазақстанның қаншама үлкенді-кішілі тамаша адамдары демалып, денсаулықтарын нығайтқан болатын. Енді қайта жөндеуден кейін керемет жаңартып шығарыпты. Жаңа нәрсе қашанда жақсы ғой. Үйі де, күйі де, бөлмелері де кең, жарық. Ең бастысы – қызмет көрсететіндер тамаша екен. Барлығы да күлімдеп жауап беріп, сені қолтығыңнан сүйеп, көмектесіп жүргені. Мен ойлаймын, дәрігерлердің жымия қарауының өзі дәріден кем емес деп. Кеше осында демалуға көптеген белгілі адамдар келді. Ашылуы керемет той болып өтті. Меніңше, нағыз той болуға лайықты деп есептеймін, игілігін көрсін, – деді бізге сонда демалып жатқан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов.
Иә, Қазақстанда тағы бір заманауи және бірегей емдеу-сауықтыру кешені ашылды. Орталық Азия маржанының бірі саналатын Алматы қаласының ең керемет жеріндегі бұл кешен қаланың сұлулығын арттырып, күнделікті тіршілігіне өз үлесін қосатын болады. Ол Қазақстан мен Алматының туристік әлеуетін арттыруға да қызмет етпек.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.