2010 жылғы 4 қазан Астана Үкімет үйі
Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу қағидасын бекіту туралы
“Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 234-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
_____________________________
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы “4” қазандағы №1016 қаулысымен бекітілген
Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу қағидасы
1. Жалпы ережелер
Осы Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Қазақстан Республикасының 2010 жылгы 30 маусымдағы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 234-бабына сәйкес әзірленді және кедендік сараптама жүргізетін ұйымдарда кедендік сараптама жүргізу мақсатында кедендік тексеру жүргізу және кедендік декларациялау кезінде кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) сынама – оңтайлы қажетті, стандарттау жөніндегі құжаттамамен белгіленген, ұсынылып отырған және зерттелетін тауардың барлық көлемінің құрамын және қасиетін сипаттайтын тауар немесе тауардың бір бөлігі;
2) үлгі – тауардың (өнімнің) барлық партиясының, сериясының құрылымына, құрамына және қасиеттеріне сәйкес келетін тауар (өнім) бірлігі не одан әрі зерттеу мақсатында іріктеп алынуы белгіленген тәртіппен тіркелетін, жазбаша және өзге де көріну нысандарында ұсынылатын жалғыз дара объект;
3) стандарттау жөніндегі нормативтік құжат – стандарттау жөніндегі қызметтің әр түріне немесе оның нәтижелеріне қатысты нормаларды, қағидаларды, сипаттамаларды, қағидаттарды белгілейтін құжат.
2. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу тәртібі
3. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды кеден органдарының лауазымды адамдары декларанттың не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамның, немесе олардың өкілдерінің қатысуымен жүргізеді.
4. Декларанттар не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамдар, немесе олардың өкілдері тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кезінде қатысады және кеден органдарының лауазымды адамдарына жәрдем көрсетеді, оның ішінде өз есебінен тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу үшін қажетті жүк операцияларын жүзеге асырады.
5. Декларант не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адам, немесе олардың өкілдері тауарлар ұсынылғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң келмеген немесе болмаған жағдайда, сондай-ақ кейінге қалдырылмайтын мән-жайлар кезінде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды кеден органдарының лауазымды адамдары екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырады.
6. Арнайы және (немесе) ғылыми танымдарды пайдалану және техникалық құралдарды қолдану қажеттілігі кезінде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кедендік сарапшының (сарапшының) қатысуымен жүргізіледі.
Кеден органы лауазымды адамының кедендік сараптаманы жүргізетін ұйымға қолдаухаты кедендік сарапшының (сарапшының) тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға қатысуы үшін негіз болып табылады.
7. Тауарлардың сынамалары мен үлгілері оларды зерттеу мүмкіндігін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамаға сәйкес талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін барынша аз мөлшерде алынады.
8. Егер стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамада сапаны бағалаудағы келіспеушіліктер жағдайына тауарлардың сынамалары мен үлгілерін ұзақ сақтау көзделген болса, кеден органының лауазымды адамы оларды саны тауардың белгілі бір түріне арналған стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамамен айқындалған тең бөліктерге бөледі.
Тауардың сынамасы мен үлгісінің бір бөлігін кеден органының лауазымды адамы кедендік сараптамаға жібереді, ал тауарлардың сынамалары мен үлгілерінің басқа бөліктері мөр басылған түрде тауардың сынамасы мен үлгісін алған кеден органында стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамамен айқындалған мерзім аяқталғанға дейін сақталады.
9. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кезінде Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген нысан бойынша сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу актісі жасалады.
10. Сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу актісі үш данада жасалады:
бірінші данасы кеден органында қалады;
екінші данасы тауарлардың іріктелген сынамалары және үлгілерімен бірге кедендік сараптаманы жүргізуге уәкілетті ұйымға жіберіледі;
үшінші данасы декларантқа, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамға немесе олар белгіленген болса, олардың өкілдеріне тапсыруға (жіберуге) жатады.
11. Декларант не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адам, немесе олардың өкілдері келмеген немесе болмаған жағдайда сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу актісі декларантқа, не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамға, немесе олардың өкілдеріне тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес екі жұмыс күні ішінде жіберіледі.
12. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алудың алдында тауардың атауын және таңбалануын, жүктің қауіптілік белгілерінің бар болуын тексеру қажет.
13. Егер химиялық зат тауар болып табылса, сынамалар мен үлгілер құрамы мен қасиеттері туралы, тасымалдау, пайдалану, сақтау және кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтері бар тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелерімен бірге жүруі қажет.
14. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу қауіпсіздік техникасының сақталуымен жүзеге асырылады.
15. Кедендік сараптамаға жіберілетін тауарлардың сынамалары мен үлгілері тауарлардың қасиеттеріне сәйкес оралады және мөрленеді. Орамада түсіндірме жазулары болады және ол оны бүлдірмей ішіндегіге қол жеткізу мүмкіндігін болдырмайды.
16. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу аяқталғаннан кейін кеден органының лауазымды адамы тауарлар орналасқан көлік құралдарына, контейнерлерге, орамалар мен ыдыстарға пломба салады.
17. Кеден органдары декларантқа не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаға немесе олардың өкілдеріне тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға байланысты шығыстарды өтемейді.
18. Кедендік сараптаманы жүргізуге уәкілетті ұйымға жіберілген материалдар (тауарлардың сынамалары, үлгілері және тауарларға ілеспе құжаттар) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша журналда тіркеледі.
Журнал нөмірленеді, тігіледі және кеден органының мөрімен бекітіледі.
19. Кедендік сараптама аяқталғаннан кейін сынамалар мен үлгілер: тауарлардың сынамалары мен үлгілері зерттеу үдерісінде жұмсалған немесе зерттеу және (немесе) сынақ нәтижесінде жойылған;
тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген тауар құрамының кедендік сараптаманы жүргізу барысында алынған тауардың құрамына сәйкессіздігі анықталған, нәтижесінде мұндай сынамалар мен үлгілер мерзімі стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамамен айқындалған сақтауға қалдырылған;
тауарлардың сынамалары мен үлгілері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоюға немесе кәдеге жаратуға жататын жағдайларды қоспағанда, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамына қайтарылады.
20. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін қайтару не жою бойынша мәліметтер Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік сараптаманы жүргізу тәртібіне сәйкес кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына ілеспе хатта көрсетіледі.