Бұл – ЕҚЫҰ парламентарийлерінің ортақ пікірі
“Астана Саммитіне 49 күн қалды” – Норвегия Сыртқы істер министрі Йонас Гар Сторе сейсенбі күні Ослода, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Норвегия Корольдігіне ресми сапарының қорытындысында, екіжақты құжаттарға қол қойғаннан кейінгі брифингтегі сөзін осылай бастады. Елордамызда желтоқсанның 1-2 күндері өтетін ұлы жиынның ашылар сәтіне дейін тәулік санап отырғанын аңғарту арқылы дипломаттың тілімен осынау оқиғаның айрықша мәнділігін айтып өтті. Иә, бүгінде бүкіл Еуропаның саяси истеблишменті Қазақстан төрағалығының барысын мігірсіз бақылап отыр, тәуелсіздік алғанына жиырма жыл да толмай жатып бұл биікке күні кешегі кеңестік кеңістіктен, барша мұсылман мемлекеттерінен, тұтас түркі тілдес әлемнен тұңғыш рет көтерілгенін қанағат етіп қалмай, дүние дидарындағы аса беделді осы Ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін өткізудің орайын келтірген елдің әр қадамын құнттылықпен қадағалап отыр.
Шүкір. Тәубе. Қазақстан өзінің төрағалығы арқылы еуропалық үлгі-қалыптарға да сай келетін демократия құруға шындап кіріскендігін, бұдан былай әлемдік саясаттың сырттай бақылаушысы болып қалмауды айтпағанда оның қатардағы қатысушысы күйінде де тұрмайтынын, ендігі жерде сол саясатты қалыптастыратын мемлекеттердің қатарына қосылуға кіріскенін айдай әлемге танытты. Қазірдің өзінде. Енді Қазақстан тағы бір биікті бағындыруға кірісіп жатыр. Ол биіктің аты – Саммит. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Саммиті.
Астанада, яғни төраға елдің төрінде өтетін Саммит.
Мұны екпін түсіре айтатын жөніміз бар. Кеше біз Ослодан оралдық. Сонда әңгімеміздің басында еске алған Норвегия Сыртқы істер министрі Йонас Гар Сторе өз елі ЕҚЫҰ-ға төраға болған жылда Ыстамбұлда Саммит өткенін ауыз толтыра айтты. Неге? Негесі сол, ЕҚЫҰ құрылғалы бергі 35 жылдың ішінде Ұйымның тек 6 саммиті өткізілген. 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда. Осылардың ешқайсысы да сол жылы төрағалық еткен елдің астанасында шақырылмаған. Солай. Қазақстан – әрі төраға ел, әрі Саммит шақырушы ел мәртебесіне Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы тарихында тұңғыш рет қатар қол жеткізген мемлекет ретінде де әлемдік саясат тарихына еніп отыр.
Төрағалыққа кіріскеннен кейін біраз уақыт өткенде, жаңа мәртебеге бой үйреткенде: “Е, соншалықты қиын нәрсе болмады ғой мына төрағалық, шындасақ бұл ұйымның Саммитін де шақыратын шамамыз бар екен ғой”, деп барып ұсыныс жасаған ел емес Қазақстан. Ұйымның бірқатар өлшемдер бойынша дағдарысқа ұшырап, кейбір мәселелерде тіпті тығырыққа тіреле жаздап тұрғанын көргендіктен де, 11 жылдан бері талқылауды күткен талай мәселе қордаланып қалғанын білгендіктен де, соларды шешуге септесін болуға мүмкіндігі бар екеніне сенгендіктен де осындай ұсыныс жасаған ел Қазақстан.
Иә, Саммит шақыру идеясын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуге орай жасаған үндеуінде, төрағалық табалдырығын енді аттағанында, 2010 жылдың 14 қаңтарында жария еткен. “ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі ретінде Қазақстан Ұйымды дамыту мәселесінің негізі болып табылатын консенсустық алаңды нығайтуды және кеңейтуді қарастырады. ЕҚЫҰ Саммитінің 10 жылдан бергі уақыттағы үзілісі Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұрғанын аңғартады. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы жоғары деңгейдегі кездесуді шақыру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырамыз” – салтанатты Хофбург сарайының Нойер залындағы экраннан Елбасымыз осылай дегенде сондағы 56 ел делегаттарының талайы бір қозғалып қойғанын өзіміз көргенбіз.
Назарбаев бұл жолы да айтқанын өткізді. Арада жеті ай болмай жатып, 6 тамызда ЕҚЫҰ Саммитін Астанада шақыру туралы шешімнің қабылдануына байланысты Мәлімдемесін жария еткізді. Бұл тарихи шешімнің қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы екенін дүйім дүниеге жеткізді.
Біз төрағалық төріне көтерілгелі бері де тоғыз айдан астам уақыт өте шығыпты. Кәрі құрлық ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалығы туралы пікір қалыптастыратындай кез бұл. Жақында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісінің жұмысын газет бетінде көрсету үшін Палермоға барып қайттық. Біраз лауазымды тұлғалардан сұхбат алып қайттық. Олардың ішінде ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиу сияқты Ұйым басшылары да бар. Біз бүгін Палермодағы сол сұхбаттардың блиц күйінде, яғни аяқ астынан алынған үшеуін оқырман назарына ұсынбақпыз.
* * *
Ресей делегациясының басшысы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Александр Козловскийден сұхбат алғымыз барын, негізінен Қазақстан төрағалығы туралы пікірін сұрамақ екенімізді айтқанымызда бірден-ақ: “Я могу на эту тему наговорить кучу гадостей...” дегенінен секем алып қалғанымыз рас. Сөйтсек, Александр Александрович әзілді жақсы көреді екен. Сөзінің басы “қатты” болғанымен барысы басқаша шықты.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Александр КОЗЛОВСКИЙ:
ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫ
– Менің Ресей делегациясының құрамына қосылғаныма 7 жыл болды. Осы уақыт аралығында талай төраға ауысты. Ештеңе өзгере қойған жоқ. Ал мына төрағалықтың жөні тіпті басқаша. Сіздер жалпы Ұйым төрағалығы ұғымын жаңа биікке көтердіңіздер. Егер мен Президент Назарбаевтың орнында болсам, елді осы төрағалыққа дайындаған адамдарды да, Қазақстан делегациясының барлық мүшелерін де отанның жоғары наградаларымен марапаттар едім, өйткені сіздер Қазақстанды аспандата алдыңыздар. Мәселе, сіздердің қазақтардың қолынан не келетінін көрсеткендеріңізде ғана емес, мәселе осы Саммитке байланысты өте ақылды шешім қабылдағандарыңызда. Сіздер Саммит қалайда Қазақстанда өтсе екен деген жоқсыздар.
– Қайда өтсе де өтсін, ең бастысы шешуін күтіп тұрған мәселелер талқылансын дедік.
– Мәселенің мәйегі осында. Сіздер түйінді тұсты дәл таптыңыздар. Гималай тауындағы көбелектерді қалай көбейту керек деген сияқты мына әлемге келіп-кетері шамалы шаруаларға шашылып жүргендер сіздерсіз де жетіп жатыр. Қазақстанның ұстанымы Еуропадағы қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады, ынтымақтастықты қалай дамытуға болады деген көкейкесті жайға тікелей қатысты шыққандықтан Ұйымға мүше елдер төраға елдің ұсынысын ақыры бір ауыздан қолдады. Саммиттің әбден уақыты жеткенін, тіпті уақыты өтіп кеткенін жұрттың бәрі айтып жүрді, сіздердің алдарыңыздағы біраз елдер өздерінің төрағалығы тұсында осындай жиын шақыруды ұсынды да. Бірақ олар ондай жиынның дәл сол жылы, дәл сондай күн тәртібімен дәл сол елде неге өтуге тиіс екендігін дәлелдей алмады. Қазақстан дәлелдей алды. Осының бәрін жоғары әлемдік деңгейде, тамаша кәсіби шеберлікпен атқара білді. Қазақ басшылығының (осындай сөз саптауы бізге тосындау көрінеді, негізінде “Казахское руководство” деген сияқты сөз тіркестері әлемдік дипломатияда баяғыдан қалыптасқан – С.А.) Ұйымның іс-шараларына тек төрағалық өкілдік тұрғысынан емес, нақты қатысу, нақты ықпал ету тұрғысынан араласуы қандайлық күш-жігерді талап еткенін мен жақсы білемін. Мысалы, Қазақстаннан Англиядағы сайлауға байқаушылар ретінде қатысқандарды айтайыншы. Бұл шын мәнінде оқиғаға айналды. Ағылшындар жұрттың бәрін оңды-солды сынай беретін, өздеріндегі істің жайын байқауға ешкімді кіргізбейтін. Қазақстан төрағалығы тұсында олар өздеріндегі сайлауға байқау жасауға келісті. Сіздердің елдеріңізден келген байқаушылар делегация басшылары еді. Сайлау пункттерін шетінен қарап, бәріне баға беріп шықты. Ешқандай детальді назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл айтқаным – Қазақстан төрағалығының қандайлық беделді болғанына бір ғана дәлел. Қазақстан төрағалығы басқаларға үлгіге айналады. Төрағалық деп міне, осыны айтса болады. Мен бұл жайында Парламенттік Ассамблея мәжілісінің алғашқы күнінде сөйлегенімде де арнайы айттым.
– Неге “болғанына” дейсіз? Біздің төрағалығымыз жалғасып жатыр ғой. Алдымызда Саммит тұр.
– Енді Саммитті айтайын. Оны шақыру оңайлыққа түскен жоқ. Саясат шымылдығының ар жағына үңіліп қараған адам талай елдің біресе барамыз деп, біресе бармаймыз деп екіойлы болғанын бірден-ақ көреді.
– Айдаладағы Азия, желтоқсанның аязы дейді ғой баяғы.
– Енді ол сөздердің бәрі артта қалды. Шешім қабылданды. 56 елдің басшылығы Қазақстан астанасында бас қосуға келісті. Жарайсыңдар! Саммит өтеді. Осы Саммит арқылы ЕҚЫҰ ұйым ретінде қайтадан өз беделін биіктетеді. Мұны жасаған – Қазақстан. Мұны жасаған – Қазақстанның төрағалығы.
Сіздерде бар мәселенің шешіліп тасталмағанын мен жақсы білемін. Бәріміз бір бесіктен шықтық қой. Тағы да айтамын: жарайсыңдар! Жақсыны жақсы деу керек. Қазақстан делегациясының мына мәжілістерге қатысуын-ақ айтайықшы. Қай мәжіліске де, көктемгісі болсын, күзгісі болсын, Қазақстан белсенді түрде қатысады. Талқылайды, пікір қосады, қажет жерінде айтысады. Жарайды, ол жағын қояйын. Қазақстан делегациясының залға келіп кіргенін көрудің өзіне көзің қуанады. Ерте келеді, шетінен жинақы, шетінен талғаммен киінген, кілең бір әдемі кісілер. Сіздерден Парламенттік Ассамблея Төрағасының орынбасарлығына сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев туралы тіпті айтар сөзім жоқ. Ойы қандай, ағылшынша тілі қандай, сондай сүйсінемін.
– Тоқаевтың Торонтодағы сөзі туралы қандай пікірдесіз? Сіз түгелдей Грузияны кінәлап сөйледіңіз, бүкіл Еуропа Ресейді кінәлап сөйледі.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы солай сөйлеуге, белортадан шығуға тиісті еді. Екі жақты да бітімге шақыруға тиісті еді.
– Саммитте қандай мәселелер талқыланады деп ойлайсыз?
– Алдын ала айту қиын. Мәселе көп. Сол көп мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы, меніңше, лаңкестік те емес, биологиялық қару да емес, жаһандық жылыну да емес, ең маңыздысы – өзара сенім. Өзара сенім болса, шешілмейтін мәселе болмайды. Қалғаны – детальдар. Қай мәселенің алдымен, қай мәселенің кейіннен қаралуы келісіле жатады. Миграцияны алайық. Миграция Еуропа құрлығын өзіндік бет-әлпетінен айырды. Халықтардың араласып-құраласуы осылай жалғаса берсе, болашақта бүкіл адамзат біртекті болып кетеді. Құдай халықтарды бірдей етіп жаратқан емес. Тең етіп жаратқан, бірдей етіп жаратпаған. Еуропаға барғанымда бір елден бір елге ауысқан сайын бұрын басқа елге өткенімізді бірден сезінетінмін. Қазір қай елге барсам да қандай қонақ үйге тоқтап жатқаныма қарамаймын да. Аттарына дейін бірдей. Ресторандардағы тамақтарға дейін, теледидардағы бағдарламаға дейін бірдей болып барады.
– Мына ойыңыз көкейге әбден қонады. Шекараларды жоямыз деп жүріп халықтардың айырмашылығын да жойып жатырмыз дейсіз ғой.
– Заңсыз миграцияны полицейлік тәсілдермен тоқтатуға болар. Ал заңды миграция қалыпты шеңберлерге түсірілуге тиіс. Қай елге барсаң сол елдің заңымен, сол елдің салтымен өмір сүруге мәжбүрлейтіндей ахуал жасалуға тиіс. Ерте ме, кеш пе бұл мәселе сіздердің де алдарыңыздан шығады. Қазақстан қазір дәуірлеп тұр, өркендеп тұр, сіздерге мигранттар ағылмай қоймайды. Олар Тулаға өз самауырынын сүйретіп жүрмеуі керек. Егер Францияға барсаң, онда сен Францияның заңымен, Францияның дәстүрімен өмір сүруің керек, тіпті көшесінде де сол елдің тәртібімен жүруің керек. Адамдардың өмір салтының шайылуынан олардың ойлау жүйесінің шайылуы басталады. Онда өмір қызықсыз бола бастайды.
– Іргемізде Қытай тұрғанда бұл мәселе бізді айналып өтпейтіні анық.
– Қытайды қойғанда Қырғызстанның өзі проблема туындатуы мүмкін.
– Айтқандай, Қырғызстандағы жағдайға байланысты Қазақстан төрағалығының рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Қырғызстандағы оқиғадан кейін іле-шала Алматыда экономика мәселелеріне арналған конференция өтті. Сол күндерде қазақ достарымыз бізге Бішкекке бару мүмкіндігін жасады. Бәрін өз көзімізбен көрдік. Қырғызстандағы жағдайға Қазақстан төрағалығы қандайлық нақты ықпал жасағанына ешкім де таласа алмайды.
– Қырғызстандағы кейбір саяси күштер Қазақстан төрағалығы аясында біздің Бакиевті елден алып кетуді ұйымдастырғанымыз үшін сынап жатады. Осы арқылы біз бауырлас елдегі азамат соғысының алдын алған болуымыз да мүмкін ғой. Сіз қалай ойлайсыз?
– Әрине, қырғыз халқы өз елінің бұрынғы басшысынан жауапкершілік талап етуге құқылы. Алайда, дәл сол кезеңде, ел жаппай азамат соғысының алдында тұрғанда басқаша шешім қабылдау қателік болар еді. Ол күндерде ең алдымен экс-президентті елден әкету қажет еді деп ойлаймын. Қырғызстандық әріптестеріміз бізді де аямай сынап жатады. Қанша көмек берсек те жақпаймыз. Жалпы, Қырғызстанда осындай жанжал шыққан жылы ЕҚЫҰ-ға басқа ел емес, дәл Қазақстан төраға болып тұрғанына шүкіршілік ету керек. Қанша дегенмен Қазақстан басшылығының көрші елдегі проблемаларға өзгелерден гөрі қанық екендігі, бауырлас халықтың менталитетін жақсы білетіндігі көрінді. Негізінде мен мына жайды ерекше айтқым келеді. Қазақстанның өз төрағалығын мұншама жақсы атқаруы ол елдің Азияға да, Еуропаға да, мұсылман әлеміне де, христиан дүниесіне де бірдей ортақ екендігінің де арқасы. Ал Назарбаевтың Қазақстан төрағалығындағы орны тіпті бөлекше. Бұл жыл Назарбаевтың бүкіл әлемдегі ең беделді саясаткерлердің арасынан да ерекше тұрған саясаткер екендігін түпкілікті дәлелдейтініне сенемін. Астанадағы Саммиттің табысты өтетініне де сенемін.
Президент Назарбаевтың да алдында шешуін күтіп тұрған мәселелер аз емес шығар. Оны да сынайтындар бар шығар. Өмір болғаннан кейін, мемлекет болғаннан кейін онсыз болмайды да. Бірақ Назарбаевтың қазақтарды қазақ екендігі үшін, қазақстандықтарды қазақстандық екендігі үшін мақтанатын жағдайға жеткізгенін ешкім де теріске шығара алмайды.
Мен мұны неге айтып отырмын? Өз басымда орыс болғаным үшін, Ресейде тұратыным үшін ұялатындай кезең болғанын мойындаймын. Ресейдің бірінші президенті экраннан көрінгенде теледидарымды талқандап тастағым келетін кездер де есімде. Құдай-ау, не айтпады, не істемеді десеңізші?! Міне, он жылдан бері соның қайнатып кеткен ботқасынан қазанымызды тазарта алмай жатырмыз. Социализм кезінде де коррупция болды, әрине. Бірақ ол коррупция қазіргімен салыстырғанда, балабақша сияқты еді. Сол он жылдың ішінде біздегі коррупция нағыз спрутқа айналды. Енді қазір бір аяғын кессең екінші аяғы өсіп шығады. Комиссар Катани туралы фильмнен кезінде сицилиялық мафия болатынын біліп едік. Қазір қытай мафиясы, орыс мафиясы, грузин мафиясы болатынын біліп жатырмыз. Қазақ мафиясы да бар ма?
– Бізді өзге жұрттан кем деп ойлайсыз ба, немене?..
– Әзіліңіз ғой. Әрине, Қазақстанда да мәселе баршылық. Сонда да елдеріңіздің дұрыс жолда келе жатқаны, мәселелерді қордаландыра бермей, бірінен кейін бірін шешіп жатқаны анық. Қазақстан әлемдік деңгейдегі, қандай талап қойса да жарайтын елге айналғанын осы Ұйымға төрағалығы арқылы да көрсетіп отыр.
– Ел атына айтылған жылы сөздеріңіз үшін көп рахмет.
* * *
Мұнан кейінгі сұхбаттасымызды қазақстандықтар жақсырақ біледі. Қазір ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы деп қастер тұтылатын Жоао Соареш кезінде төрағалық қызметке ПА-ның біздің елордамызда 2008 жылы өткен 17-ші жыл сайынғы сессиясында сайланған болатын. Саясатқа жақынырақ адамдар оның кезінде Португалия үкіметін екі рет басқарған, 1986-1996 жылдары ел президенті болған Марио Соарештің ұлы екенінен де хабардар. Біздің әңгімеміз саясатқа да, Парламенттік Ассамблеяға да қатысы жоқ басқа бір тақырыптан басталып кетті.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы Жоао СОАРЕШ:
САММИТ ЗОР БОЛАШАҚ АШАДЫ
– Парламенттік Ассамблеяның 2009 жылы Вильнюсте өткен сессиясында сізбен жолығып, португалдың ұлы ақыны Луиш ди Камоэнстің жыр жинағы қазақ тілінде жарық көргенін, кітапқа біздің газетте мақала арналғанын айтып едім. Ол кітапты кейін көрген шығарсыз?
– Көрдім, алдым, әрине. Ол кітапқа менің қатысым да бар. Сіздің елдің сол кездегі Сыртқы істер министрі болған Марат Тәжин үлкен интеллектуал, менің жақын досым. Камоэнс кітабының аударылуына оның көмегі тиді. Кітап әдемі безендіріліп шыққан екен. Марат оны маған Корфуда табыс еткен. Рахмет.
– Ал біз сізге Парламенттік Ассамблеяның төрағасы болып тұрған кезіңізде Қазақстан төрағалығын барынша қолдағаныңыз үшін рахмет айтамыз. Сіз Қазақстан төрағалық ететін жылда Ұйым Саммитін шақыру идеясын да қолдадыңыз. Президент Назарбаев сізді өткен жылы қабылдағанда ондай Саммит көптен өтпегенін, Қазақстанның бағалы бастама көтеріп отырғанын, мұндай жаңа идеяны жүзеге асыру халықаралық ұйымның жұмысына соны серпін беретінін айтқан болатынсыз. 2010 жылға ЕҚЫҰ төрағасы сайланғанда таңдау неге Қазақстанға түсті деп ойлайсыз?
– Қазақстан – тәуелсіздік алғалы бері жақсы аты шығып келе жатқан ел. Экономикасы да, ішкі саясаты да, сыртқы саясаты да орнықты мемлекет ретінде құрметтеледі. ТМД кеңістігіндегі, Азиядағы алғашқы төраға ел Қазақстан болуы Ұйымның аясын кеңейтіп, мүмкіндігін молайта түсетінін біз осындай шешім қабылданбай тұрып-ақ айтатынбыз. Қазақстан төрағалығын мемлекеттің өзі үшін де үлкен қадам деп білеміз, бұл елдің алдынан зор болашақ ашады. Мен өзім Қазақстан делегациясының Парламенттік Ассамблеядағы қызметін дәйім қадағалап жүрдім, осындай делегаттары бар ел қандай жауапты міндетті де атқара алатынына сендім.
Қазақстан мұндай құрметке әбден лайық. Ел төрағалығы өте жоғары кәсіби деңгейде өтіп жатыр. Сондықтан да Парламенттік Ассамблея Ұйым Саммитінің Астанада шақырылуын бір ауыздан қолдады. Бұл жоғары кәсібилік сіздің елдің сыртқы саясат ведомствосын Марат Тәжин басқарып тұрған кезде де келісті көрінді, министрлікті аса тәжірибелі дипломат Қанат Саудабаев басқарған тұста жақсы жалғасып жатыр. Бұл істе парламенттік команданың да үлесі үлкен. Бұл арада мен Парламенттік Ассамблея төрағасының орынбасары, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты, сондай-ақ осы Палермода қайта табысып жатқан депутаттар Қуаныш Сұлтанов, Әділ Ахметов сияқты адамдарды айтып тұрмын. Ал бәрінен бұрын, әрине, Президент Назарбаевтың еңбегін ерекше атау керек. Президент әу бастан-ақ Қазақстан төрағалығының жоғары өлшемін белгілеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев алдағы Саммитке де үлкен үміт артқызып отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің арасында Қазақстанның Саммит жөнінде шешім қабылдата аларына сенімсіздікпен қарағандары да болды. Алайда сіздер төрағалықты осындайлық етіп атқару арқылы алға қойған міндеттердің бәріне де қол жеткізетіндеріңізге күмән қалдырмадыңыздар. Дәл қазір Саммит Ұйымның өзі үшін ерекше қажет. Өйткені, Саммитті ойдағыдай өткізу Ұйым қызметіне құрметті күшейте түседі. ЕҚЫҰ – әлемдегі ең тиімділігі жоғары халықаралық ұйым.
– Дәл қазір де солай ма?
– Қазір де солай. Бәлкім, оның жұмысы басқа халықаралық ұйымдардай соншалықты бадырайып көріне қоймайтын шығар, бірақ тиімділігінің жоғары екендігіне күмән жоқ. Әрине, біздің Ұйымға бір сілкініс керек еді, Саммит осындай мүмкіндікті беріп отыр. ЕҚЫҰ-ның мүмкіндігін Қазақстан төрағалығы Қырғызстандағы қиын жағдай кезінде жақсы көрсетті. Созылмалы қақтығыстар, мысалы, Таулы Қарабақтағы, Приднестровьедегі жағдайға байланысты ЕҚЫҰ-ның жасайтынын ешқандай басқа ұйым жасай алмайды. Ол өңірлерде де Қазақстан төрағалығы жоғары динамизмімен танылды. Желтоқсанда Астанада өтетін Саммит Ұйымды дүр сілкінтіп тастайтынына талас жоқ. Қазақстан төрағалығының ЕҚЫҰ үшін басты құндылығы да осы болғалы отыр.
– Біз бұрын ЕҚЫҰ десе тек демократияны, тек сайлауды, тек адам құқын еске алатынбыз. Әскери-саяси өлшемді құрайтын бірінші себетке, экономикалық-экологиялық өлшемді құрайтын екінші себетке назар аз бөлінетін. Ұйымның үш себетінің қатар толтырылуын сарапшылар Қазақстан төрағалығының нақты нәтижесі деп айтып, жазып жүр. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Келісемін. Мен мұны Қазақстан төрағалығының жақсы стратегиясы деп санаймын. Қазақстанды сынға алып жүрген елдер бар екенін біз білеміз. Сонымен бірге біз Қазақстанның жекелеген салаларда өзгелердің қолы жете қоймаған тәжірибеге ие екенін де білеміз. Мысалы, Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш ел. Бұл – Назарбаевтың жеке басының ерлігі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына музей орнатқан ТМД-дағы жалғыз ел Қазақстан болар деп ойлаймын. Мен ол музейге сенатор Әділ Ахметовпен бірге барғанмын. Бұл арқылы сіздер өткендегі қателіктерден сабақ алуға тырысатындарыңызды көрсетіп отырсыздар. Қоршаған ортаны қорғау ісінде, соның ішінде Арал теңізін құтқаруда да біраз жұмыс атқарылып жатыр. Елдің жаңа астанасын салу идеясы да маңызды.
– Сіз Астанада бірнеше рет болдыңыз ғой?
– Астанада да, Алматыда да. Сіз білетін шығарсыз, ХХ ғасырда екі ел ғана жаңадан астана салды. Оның бірі – Бразилия, екіншісі – Қазақстан. Бірінші астананы – Бразилианы салдырған адам португалдық (Жуселину ди Оливейра Кубичек – Бразилияның 1956-1961 жылдардағы президенті – С.А.) екенін мақтан етемін.
– Екінші астананы салдырған адам қазақ екенін біз де мақтан етеміз.
– Дұрыс. Табыс тілеймін.
– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет.
* * *
Сенбі күнгі мәжіліс соңында қысқаша ғана тілдесе алған тағы бір адамымыз америкалық сенатор, Хельсинки комиссиясының тең төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бенджамен Кардин болды.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, сенатор Бенджамен КАРДИН:
ТӨРАҒАЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ӨТІП ЖАТЫР
– ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің 2007 жылы Мадридтегі кездесуінде Қазақстан Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сайланғанда халықаралық қоғамдастық та, саяси сарапшылар да бұл таңдаудың тосындығына назар аударды. Бұған дейін бұрынғы ТМД-ның, Азияның еліне мұндай сенім көрсетілмеген еді. Неліктен мұндай шешім қабылданды?
– Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел болып табылады. Сіздер Ұйым төрағасы ретінде көп іс тындырдыңыздар. Ұйымның Іс басындағы төрағасы АҚШ-та бірнеше рет болды, Еуропаның көптеген елдеріне барды. Ел төрағалығының белсенді өтіп жатқанының бір дәлелі де осы.
– Осы белсенді қызметтің нақты нәтижесі қандай деп ойлайсыз?
– Дәл қазір Қазақстан төрағалығына барлық өлшемдер бойынша түпкілікті баға беруге болмас. Ең басты баға Астанадағы Саммиттің қалай өткеніне байланысты беріледі ғой. Соның өзінде, тұтастай алғанда, Қазақстан өз міндетін ойдағыдай атқарып жатыр дей аламыз. Әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның үш өлшемін – гуманитарлық, саяси, экономикалық өлшемдерін қатар толтыруға ұмтылысын атап айту керек. Төрағалық кезінде оның табысты өтуіне бірнеше қауіп болғанын ескерсек, мұның өзі қолдауға тұрарлық.
– Төраға ел ретінде бізге сондай қауіптің бірі Вашингтондағы жаһандық саммит кезінде төнді. Мен Қырғызстандағы жағдайды айтып тұрмын. Сол күндер мен түндерде президенттер Обама, Медведев пен Назарбаевтың бірлесе қимылдауына тура келді. Осы үйлесімді жұмыстың нәтижесі қандай болды деп ойлайсыз?
– ЕҚЫҰ сол тұста, сөз жоқ, сындарлы рөл атқарды. Қазірше Қырғызстандағы ахуал толық реттеліп кетті деуге ерте. Соның өзінде Ұйым төрағасы сол өңірден болғанының көп пайдасы тигені талассыз.
– Сіз Астанадағы Саммиттен не күтесіз?
– Ауғанстандағы жағдайды қарастыру өте маңызды. Астана Саммитінде Ұйымға мүше елдер Ауғанстанға қатысты өздеріне алған міндеттемелерін нықтап қана қоймайды, ондағы ахуалды сауықтыру үшін нақты іс-қимыл жоспары жасалады деп ойлаймын.
– Бүгін Саудабаев мырза Саммитте қаралуы мүмкін деген мәселелердің жалпы ауқымын айтып өтті. Іс басындағы төраға ұсынған тақырыптарға қалай қарайсыз?
– Саммит нақты шараларды белгілеуге тиіс. Қазір қорытынды құжатты дайындау жөнінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Оған қол қойылуы үшін барлық елдердің толық консенсусқа жетуі қажет. Осы орайда сіздер Варшавадағы кездесуде кейбір үкіметтік емес ұйымдар тарапынан айтылған жайларды ескерерсіздер, ол мәселелерді шешерсіздер деп ойлаймын. Саммитке де, Қазақстан төрағалығына да табыс тілеймін.
– Рахмет.
* * *
Журналистикадағы жолы қиын шаруаның бірі – блиц-сұхбат. Сөйлесетін адамыңмен әңгіменің тақырыбын алдын ала келісе алмайсың, оның сенімен сұхбатқа қанша уақыт бөлуге мүмкіндігі бар екенін де білмейсің, оны айтасыз – кейде тіпті сұхбат беретін-бермейтінін де білмейсің. Өзіміз блиц-сұхбат алудан аулақтап жүретінімізді жасырмаймыз. Әйткенмен, Палермода біз сөзге тартқан адамдардың ешқайсысы сөзден тартынған жоқ. Осының өзі де елімізге деген құрметті танытып тұрғандай.
Биылғы жыл – Қазақстанның жұлдызды жылы. Бүкіл әлем тәуелсіз ел атанғанына жиырма жыл да толмаған жас елдің кәрі құрлық тізгінін қалай ұстайтынына қадала қарап отыр. Тіл-аузымыз тасқа, қазірше қарқынымыз да, қарымымыз да жақсы. Күні кеше бір апта ішінде Еуропаны желе-жорта аралап қайтқанымызда халықаралық қоғамдастық Астана Саммитіне де үлкен үміт артатынын, бізге сенетінін көрдік. Сол сенімді ақтауға тиіспіз. Ақтаймыз да.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан бері ел өміріндегі санаулы да салтанатты оқиғаларды сәрсенбінің сәтіне орайластырып келтіретінін көзі қарақты қауым жақсы біледі. 2010 жылдың 1 желтоқсаны да – сәрсенбі. Айтқандай, ұмыта жаздап барады екенбіз, Астана Саммитінің рет санын білесіз бе? Бұл – жетінші Саммит. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан. Иә, сәт!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.