20 Қазан, 2010

Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясы ашылады.

1948 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Біз – қазақстандықтармыз!

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ: ЕЛДІК НҰСҚА

Қазақта “Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады” деген. Қазіргі таңда еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты. Осы орайда, болашаққа бағыт-бағдарды айқындауға Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиялары маңызды рөл атқарып келеді десек, бүгін кезекті XVІ сессия шымылдығы ашылғалы отыр. Үстіміздегі жылы берекенің бастауы – бірлік пен қоғамдық келісімді қалыптастырудың өзегі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына он бес жыл толды. Тарихи өлшем тұрғысынан қысқа мерзім аралығында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында толайым табыстарға қол жеткізген іргелі институт бірлік пен келісімнің, ауызбіршіліктің қозғаушы күшіне айналды. Тәуелсіздік тұғыры Қазақ халқында бағзы заман­дар­дан бері ұрпақтан ұрпаққа ауы­сып келе жатқан, толағай мәнді “Жерұйық” ұғымы қалыптасқан. Ұлт дүниетанымында қанық бояу­мен жазылған аталған ұғымның мән-мағынасына бойлау үшін ұлы даланың тарих қойнауына көз жү­гір­тіп, кең-байтақ аймақты батыр­лық пен даналықты ұштастыра отырып қорғаған ата-баба өткеніне үңілу қажет. Ықылым заманда “Желмаясына мініп жерұйығын” іздеген Асан Қайғының идеясы хал­қымыздың ғасырлар бойғы аң­саған арманына, мұрат-мақсатына ұласты. Бабаларымыз “Жерұйық” жерді, құтты мекенді аңсап төрт құ­быласы тең, қазығы берік, мамы­ражай тіршілігі бар мемлекет құ­руды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Қайнар бас­тауын адамдық ізгіліктен, бейбітшіл көзқарастан, кіндік қаны тамған жерге адалдықтан алып жатқан ұлы мұрат, қазақ халқы басынан қан­шама қилы заман кешсе де атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа бұл­жымас аманат болып келеді. Бүгінгі Қазақстан осы санғасырлық мем­лекеттілік қағидаттары мен елдік ұстанымдардың заңды мұрагері. Ғасырлар тоғысында еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып, егемендікке ие болдық. Қазақ жерінде арайлап атқан елдіктің ақ таңы, ең алдымен, осынау дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қал­ған ата-бабаларымыздың ұлы күрес­терінің заңды да нақты нәтижесі. Қазақ елі қазіргі таңда қабыр­ғасы қатайған, пікіріне халықара­лық қоғамдастық өкілдері құлақ аса­тын беделді елге айналды. Ер­кіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұраты – тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың ерен істерінің жемісі. Қазіргі таңда, еңселі ел болудың даңғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр. Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады. Бүгінгі жетістіктер бізге өзді­гінен келе қалған жоқ. Өйткені, өт­кен ғасырдың соңғы онжылды­ғында тәуелсіздікке қол жеткізген туған еліміздің жағдайы өте күрделі еді. Ел экономикасы дағдарысқа ұшыраған, ауыл шаруашылығы тұ­ралаған, барлық өндіріс пен өнер­кәсіп технологиялары тозған жағ­дайда біз егемен мемлекет тарих сах­насына ендік. Республика аумағында жұмыс істейтін барлық мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы мен мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді өтеуге қаржы тапшы. Мемлекеттік басқару жүйесі жан-жақтан қаумалаған проблемаларды жедел шешуге қауқарсыз. Дүкен сө­ре­лерінде халыққа күнделікті қа­жетті тауарлар мен азық-түлік жет­кіліксіз. Өңірлерде жеке мүдде мен популистік ұпай жинауға тырысқан кейбір топтар ахуалды ушықтыруға тырысты. Әлеуметтік толқулар мен митингтер орын алып жатты. Ассамблея белестері 1993 жылғы қабылданған Конс­титуция мемлекеттік билік тармақ­тарының өзара тепе-теңдігі мен қа­рым-қатынасын реттеуге қауқар­сыз­дық танытты. 1994 жылы он үшінші шақырылған Жоғарғы Ке­ңес саяси дағдарыс салдарынан өзін өзі тарату жөнінде шешім қа­былдады. Осы саяси күрделі кезең­де ел халқының басын біріктіретін, этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан қоғамның барлық өкі­лін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйым құру тарихи қажет­тілік еді. 1995 жылғы 1 наурызда Мем­лекет басшысы Қазақстан халқы Ас­самблеясын құру туралы Жар­лық­қа қолды. Жарлыққа қол қой­ылған сәттен бастап, Ассамблея қо­ғамдық маңызды саяси іс-шара­лардың бел ортасынан көрініп, қоғамдық маңызды істердің қоз­ғаушы күшіне айнала білді. 1995 жылғы 24 наурызда Қазақ­стан халқы Ассамблеясының І сес­сиясы шақырылды. Сессия жұмы­сы­на мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек шығар­ма­шылық интеллигенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі сан алуан ұлыс өкілдері қатысты. Аталған сессияда Ассамблея мүшелері Мемлекет басшысының өкілеттілігін кеңейту туралы ұсыныс жасады. Сессияда баяндама жасаған Президент Н.Ә.Назарбаев “Мен, еліміздің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын”, – деп нақты атады. Осы жиында Елбасы ұлттық саясат мәселелерін қорытындылай отырып, оның алдағы уақытта да айқын және әділетті принциптер негізінде жұмыс істейтінін айтты. Аталған принциптерді берік ұстанудың арқасында Қазақстан тек этностық, діни негіздегі қақтығыстардың ал­дын алып қана қоймай, мемле­кет­тік ұлттық саясат саласындағы ре­формаларды жүзеге асыра отырып, қарқынды даму жолына түсті. 1995 жылы 29 маусымда өткі­зілген Қазақстан халқы Ассам­блеясының ІІ сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұңғыш рет Негізгі Заңның басты басымдықтарын айқындап, оның жобасын алғаш рет қоғамдық талқылауға ұсынды. 30 тамыз күні жалпыхалықтық ре­ферендумда республика халқы елдің жаңа Конституциясын қолдап дауыс беріп, құқықтық және демократиялық мемлекет құру бағытында тарихи таңдау жасады. Бұл елде өтпелі ауыр кезеңнен кейінгі күрделі саяси-экономи­калық, конституциялық реформ­а­лар­ды бел шеше іске асыруға бет­бұрыс жасалған сәт еді. 1996 жылы өткен Ассамблея­ның ІІІ сессиясында мем­лекет­аралық ықпалдасуды жетілдіру, еге­мендікті нығайту және қазақстан­дық пат­риотизмді қалыптастыру мәселелері талқыға салынды. Қа­зақстан аза­мат­тарының ұлттық идея айналасында ұйысуы маңызды екендігі айтылды. Ассамблеяның ІV сессиясы ер­ек­ше жағдайда өтті. Өйткені, сес­сия бірінші рет жаңа астанамызда өт­кі­зілген болатын. Келелі басқосу Ас­танада өткен тұңғыш жалпыұлт­­тық шара болатын. Сессияда сөз алған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің өткен тарихына баға беріп, қоғам­дық келісім біздің тарихи таң­да­уымыз екендігіне ерекше тоқталды. Алғашқы баламалы Президент сайлауында жеңіске жеткен Елба­сыны ресми ұлықтау салтанаты өткен күннің ертесі, яғни 1999 жыл­ғы 21 қаңтарда Ассамблеяның V сессиясы шақырылып, ол “Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақты­лы­ғы мен дамуының не­гі­зі” тақы­ры­бына арналды. Сессияда Елбасы Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскенін айтып, қиын-қыс­тау ке­зеңде елден қоныс ау­дар­ған азамат­тар­ды атақонысқа ор­алу­ға шақырды. Ассамблеяның VІ сессиясы жа­ңа мыңжылдықтағы елдің мем­ле­кеттік ұлттық саясатындағы басым бағыттарды айқындауға арналды. Еліміздің сындарлы дамуы үшін әрбір азаматтың ұстанымы мен отансүйгіштігінің маңызды екендігі сөз болды. Ассамблеяның кезекті VІІ сес­сиясы Мәдениетті қолдау жылы ре­тінде белгіленген 2000 жылғы 15 жел­тоқсанда өтті. Сессия бары­сын­да ұлт саясатында жаңа кезең – азаматтық біртұтастықтан мәдени ортақтастыққа қадам басу туралы бастама көтерілді. Президент Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде “қазақ мә­дениеті объективті тұрғыдан күллі Қазақстан халқының мәдени ортақ­тастығын бойына сіңіріп әкетпей­тін, қайта төңірегіне топтастыратын ұйытқы болуға тиіс” деп көрсетті. Аталған сессия жұмысы этносара­лық қарым-қатынастың қазақстан­дық үлгісін жетілдіруге елеулі үлес қосты. Ассамблея алдына оның мәртебесін көтеру, орта мерзімдік жоспар әзірлеу жөнінде міндеттер қойылды. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында өткен Ассамблеяның VІІІ сессиясында қазақстандық қоғамды терроризм мен экстре­мизм­­ге қарсы топтастыру, эко­но­мика және әлеуметтік мазмұндағы этностық саясат ауқымын кеңейту, жастарды патриоттық рухта тәр­биелеуді күшейту, жалпы қазақстан­дық мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал ету, мемлекеттің ұлт саяса­тын іске асыруда Ассамблея жұ­мысының тиімділігін арттыру мақсаттары айқындалды. 2002 жылғы 15 қарашада өткен Ассамблеяның ІX сессиясында Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздік және ұлттық саясатты жүргізу мәселелері көтерілді. Өз сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев “Елімізде орнаған этносаралық келісім үлгісі әлем мемлекеттеріне көпұлтты қоғамдағы азаматтық бейбітшілік тәжірибесі ретінде ұсынылды”, деп атап өтті. Ал Ассамблеяның Х сессиясы еліміздің экономикалық жүйелі даму жолына түскен 2003 жылғы 20 тамызда шақырылды. Сессия ба­рысында мемлекеттік ұлттық саясат тетіктеріне оң баға берілді. Сессияда Президент Н.Ә. Назарбаев “Біздегі ұлттық келісім – бүкіл осынау жылдар бойында азаматтық қоғам институттарының қолдауы жағдай­ындағы мемлекеттің тынымсыз жүр­гізілген жұмысының нәтижесі”, деп көрсетті. Сондай-ақ Елбасы діни мерекелер – Құрбан айт пен Рождествоны мерекелік демалыс күндері деп белгілеуді ұсынды. 2005 жылғы 22 қарашада өткен Ассамблеяның кезекті ХІІ сессия­сында Президент Н.Ә. Назарбаев бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мәселесін алға қойып, сауатты ұлт­тық саясаттың, қазақстандық пат­риотизм мен тіл саясатының ма­ңыз­ды екендігін атады. Мемлекеттік тілді дамыту бірінші кезектегі басымдық ретінде айқындалды. Ассамблеяның ХІІІ сессия­сында: “Біз қоғамды басты ұлттық басымдықтар төңірегінде топтас­ты­руға тиіспіз: олар – тыныштық, тұ­рақтылық және келісім” тақырыбы күн тәртібіне көтерілді. Сессия барысында Парламент Мәжілісіне Ассамблея атынан 9 депутат сайлау туралы шешім қабылданды. Ассамблея консультативті-кеңесші орган деңгейінен конституциялық орган мәртебесіне ие болды. Де­мо­кратиялық үрдістерді одан әрі ыр­ық­тандыруға бағытталған конс­ти­туциялық реформалар нәтижесінде Ассамблеяның саяси мәртебесі жа­ңа деңгейге көтерілді. Алдымен Ас­самблея атауындағы бұрынғы “ха­лық­тары” сөзі “халқы” сөзімен ал­мас­тырылды. Бұл өзгеріс елдегі ұлт­тық бірлік сипатын конституциялық деңгейде сәйкестендіру бағытын­да­ғ­ы бетбұрыс кезең еді. 2008 жылғы 23 қазанда өткен ХІV сессия Ассамблеяның жаңа ке­зеңге қадам басқанын айқындап берді. Бұл тұрғысында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев “Бүгінде біздің ал­ды­мызда келесі стратегиялық мақ­сат тұр, Ассамблея қызметінің жаңа сапалық кезеңі басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы кез келген дағдарысты, кез келген қатерлер мен қауіптерді жеңе алатын біртұтас және ұйымдасқан Қазақстан халқын қалыптастыру үдерісін жалғастыруы тиіс”, деп көрсетті. 2009 жылғы 26 қазанда өткен Ассамблеяның кезекті сессиясында Қазақстанның Ел бірлігі доктри­на­сы талқыланды. Елбасы Н.Ә.На­­­зар­­баев Ел бірлігі доктринасының басты бағыттарын және маңызын айқындады. Елбасы “Доктрина әрбір қазақстандық саясаткердің “үстел кітабы”, әрбір депутат, бас­­қарушы, ғалым және журналистің іс әрекетінде жетекші құрал болуы тиіс”, деп көрсетті. Осы жылдар ішінде Ассамблея қабырғасында елдің даму жолын айқындайтын Ассамблея стратегия­сы, Қазақстан Республикасының тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, “Қо­ғам­ның идеялық ұйысуы – Қазақстан дамуының басты шарты” тұжы­рымдамасы, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы сынды іргелі құжаттар қабылданды. Ортақ тарих – Қазақстан азаматтарын ұйыстырушы басты күш Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Төңкеріс пен алапат аштықты, жаппай қуғын-сүргін мен Ұлы Отан соғысы жылдарында қатары селдіреген қазақ халқының саны күрт кеміді, ұлттық құндылықтар мен ұлттық сананың дамуына тежеу салынды. Жекелеген ұлт мәселелері назардан тыс қалып отырды. Әділетсіз саясатты бастан кешкен Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ толғағы жеткен мәселелермен бетпе-бет қалды. Сыртқы күштердің ықпалына түскен кейбір топтар сепаратистік, шовинистік, қоғам дамуын тығы­рыққа тірейтін пиғыл байқатты. Ат­ал­ған күрделі жағдайға қарамастан, Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап “Бірінші экономиканы реттеп, одан кейін саясатпен айналысу қажет” деген қағиданы берік ұстанып, елдің эко­номикалық ахуалын көтеруге бел шеше кірісті. Ел билігі бейбітшілік пен келісім саясатын басты ұстаным ретінде жариялады. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың сеніміне ие болды. Қазақстан Елбасының сауатты саясатының арқасында халық­ара­лық нормаларға сәйкес Қазақстан шекарасын айқындау, оны көр­ші­лер тарапынан мойындату және нығайту бағытында орасан зор мін­деттерді жүзеге асырды. Солтүстік көршіміз – Ресей Федерациясымен шекара сызығы айқындалып, қос ел арасындағы әлемдегі ең ұзын шек­ара шектері заңды құжаттармен бекітілді. Ата тарихымыздан бері нақты ресми шегі белгіленбей кел­ген Қазақстан – Қытай шекарасы айқындалып, беделді сарапшылар тарапынан Қазақстан үшін өте нәтижелі келісім деп бағаланды. Елбасы Қазақстан тәуелсіз­дігінің алғашқы жылдарында Семей ядролық полигонын жабу, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымы­рандық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымын толықтай жою жөнінде тек еліміз ғана емес, әлемдік қауіпсіздік бағы­тын­да маңызы ерен тарихи шешім қабылдады. Қазақстан барша әлемге өзінің бейбіт ниетін паш етті, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды. Үстіміздегі жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдады. Жаппай қырып-жою қаруына қатысты Қа­­зақстан негізге алған ұстаным бүкіл әлемге үлгі болып отыр. Шетелдік әріптестер Қазақстанды аймақтық қауіпсіздіктің көшбасшысы ретінде мойындап, ел экономикасына ба­тыл инвестиция сала бастады, шет­елдік тұрақты өкілдіктер ашылды. Қазақстан этносаралық татулық пен ауызбіршілік бағытында әлем елдерін таңқалдырған жетістікке қалай жетті? Әлемнің дамыған елдері тарапынан ұлтаралық түсі­ністік саясаты бойынша Қазақстан тәжірибесін енгізуге мүдделілік қалай пайда болды? Қазақстан ең алдымен елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қа­рас­тырып, тең мүмкіндіктер бере білді. Этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды. “Қоғамдық бірлестіктер туралы” Заң арқылы этностық-мәдени орталықтар құру жүйелі жолмен іске асырылды. Қазір Қазақстанда қазақ, орыс театрларымен қатар, кәріс, неміс, ұйғыр, өзбек театрлары жұмыс істеп, этностық топтардың газет-журналдары жарық көруде. Аталған істердің ұйытқысы, этносаралық түсіністіктің өзегі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ел Конституциясын сақтау, әрбір қа­зақстандық азаматқа тең мүмкін­діктер беру, олардың құқықтарын құрметтеуге негізделген Ассамблея идеясы – адамзат тарихында адами-рухани өлшем тұрғысынан асқақ идея. Оның жұмысы қазақ халқының бауырмалдығы мен кеңпейілділік қасиетіне негізделе отырып, елімізде тұратын барлық ұлыс өкілінің ықыласын ел дамуына, өркендеуіне бағыттауға, үйлестіруге бағытталған. Доктрина – ел бірлігін қамтамасыз ету құралы Ел бірлігін қамтамасыз ету кез келген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемле­­кет құрудың айнымас негізгі шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өр­кендеуі, әлеуметтік ілгерілеуі, де­мо­кратиялық дамуы қоғам бірлігі ұй­ыс­қан жағдайда ғана жүзеге асуы мүм­кін. Ал қалған міндеттерді шешу жолында әлем мойындаған Қазақ­стан­ға қажетті экономикалық, саяси жә­не әлеуметтік ресурстар жеткілікті. Доктрина халықаралық тәжіри­бені терең талдай отырып, қазақ­стан­дық шынайылық негізінде дү­ниеге келді. Ол қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрінің ғасырлар бойы жи­нақталған тәжірибесіне негізделеді. Мәдениеттер мен өркениеттер то­ғы­сында орналасқан халықтың да­на­лығы мен өзара құрмет қасиетін негізге ала отырып, барша аза­маттың этностық тегіне, әлеуметтік, діни ерекшелігі мен шығу тегіне қарамастан, ортақ идея төңірегіне ұйысуы “Ел бірлігі” ұғымының берік орнығуына негіз болды. Доктринада қазақ тілінің мем­лекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар ау­дарылды: “Мемлекеттік тілді мең­геру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қо­ғамдық өмірге атсалысудағы бел­сенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық – рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы” ретінде нақтыланды. Доктрина мемлекетіміздің қа­лыптасу кезіндегі проблемалар мен оны еңсеруге бағытталған шешім­дердің, сондай-ақ Ел бірлігін қа­лыптастыру жұмыстарының заңды жалғасына айналды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлемдік тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады Үстіміздегі жыл Қазақстан үшін сыртқы саяси жетістіктерге толы болып отыр. Қазақ елі Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты қамтитын, әлемнің 56 елі мүше беделді халықаралық ұйым – Еу­­ропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының төрағалық туын қолына алды. Президент Н.Назарбаев Қазақ­­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі­нің төрт ұстанымын жариялады – Сенім. Дәстүр. Толеранттылық. Транспарент­тік. Аталған ұстаным­дардың мақсаты – ұйымның де­мократиялық дәстүрлі құндылық­та­рын қазақ менталите­тіндегі сый­лас­тық, құрмет сияқты маңызды қа­сиеттермен ұштастыра отырып, әлемдік тұрақтылықты қамтамасыз ету, мәдениетаралық үнқатысудың сара жолын салу. Қазақстан этносаралық және кон­­фессияаралық келісім тәж­і­рибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәдениетаралық диалог бағы­тын­дағы ел тәжірибесін ЕҚЫҰ кеңіс­тігіне ұсынып отыр. Аталған ба­ғыт­тағы Қазақстан халқы Ассам­блеясының мақсаты – этносаралық қатынастарды үйлестіру тәжірибесін ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге тарату. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер этнос­ара­лық келісімнің қазақстандық үл­гі­сіне үлкен қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға құлшыныс біл­діріп келеді. Осы бағытта, Ассам­блея және ЕҚЫҰ жанындағы Аз ұлттар жөніндегі Бас комиссар Кнут Воллебек арасында тығыз қарым-қатынас орнап, әріптестік дамуда. Өткен жылы Ассамблея делега­ция­сы Нидерланды Корольдігіндегі Га­ага қаласына сапар шегіп, тәжірибе алмасты. Аталған кездесулер Астана мен Алматы қалаларында жалғасын тауып, қазақстандық татулық үлгісі қызу талқыланды және жоғары бағаланды. Үстіміздегі жылы мау­сымның 10-11-і күндері Ассамблея өкілдері ЕҚЫҰ-ға төрағалық ая­сын­да өткізілген Копенгаген кон­фе­рен­ц­иясына қатысып, еліміздегі этностар құқықтары мен этностық-мәдени ерекшеліктерді сақтау үлгі­сін баяндап берді. 29-30 маусымда Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен кемсітпеу­шілікке арналған жоғары деңгейдегі конференциясында Ассамблеяның мәдениеттер мен өркениеттердің халықаралық тәжірибесіне қосып отырған үлесі таныстырылды. Жақында ресми сапармен Қа­зақ­станға келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасымен кездесуі ба­рысында 2010 жылды Мәде­ниет­тер­ді жақындастыру жылы және 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық сынақтардан бас тарту күні ретінде жариялау туралы Президент Н. Назарбаевтың ұсыныстарына үлкен баға берді. Мәртебелі мейман Ассам­­­­блея мүшелерімен кездесіп, оның жұмысымен танысты, ол өз сөзінде Ассамблеяның құрылымы мен мақсаты БҰҰ принциптерімен ұқсас деп баға берді. 21 сәуір күні БҰҰ өзі­нің Нью-Йорктағы бас штаб-пәте­рінде Қазақстан Респуб­ли­касы де­легациясының қатысуы­мен Мә­дениеттерді жақындастыру жылына арналған ауқымды шара өткізді. Осымен қатар, Қазақстанның эт­носаралық төзімділік пен қо­ғамдық келісім үлгісі көптеген шет елдер мен шетелдік ғылыми-зерт­теу ұйымдарының қызығушылығын тудыруда. Өткен жылдың өзінде Қазақстанның этностық тәжіри­бе­сі­нің үлгісімен танысуға елімізге то­ғыз шет мемлекет өкілдері келді. Олардың қатарында БҰҰ Жоғарғы Комиссары Басқармасының этнос­­тық мәселелер бойынша тәуелсіз сарапшысы Гэй МакДугалл, Фран­цияның Ұлттық Ассамблеясындағы ұлттық жандармерияның өкілі С.Привот, Ұлыбритания Сыртқы іс­тер министрлігінің саяси сарап­шы­сы А.Парфит, Қытай Халық Рес­пуб­ликасының арнайы делегациясы атбасын бұрды. Қазіргі таңда, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан алдында ауқымды міндеттер тұр. Еліміздің Ұйым төрағасы ретіндегі басты мақсаты – бүкіл әлемде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық орнатуға белсенді ат­салысу, мемлекеттер арасындағы үн­қатысуды жетілдіру. Бұл бүгін­гідей әлемдік дамудың маңызды мәселелері бойынша көптеген елдер бір мәмілеге келе алмай отырған кезеңде ерекше маңызды. Осы орайда, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуі аясында қатысушы елдердің Мемлекет басшыларынан тұратын Ұйымның жоғарғы дең­гей­дегі басқосуын өткізу туралы ұсы­ныс көтерді. Соңғысы 11 жыл бұ­рын Ыстамбұлда өтті. Қатысушы елдер­дің мемлекет басшылары еліміздің ұсынысын қызу қолдап, жоғарғы деңгейдегі басқосуды үсті­міздегі жылы желтоқсанның 1-2 күндері Астана қаласында өткізу шешілді. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған жоғарғы деңгейдегі бас­қосу болғалы отыр. “Бақ та, тақ та таласқанға бұй­ырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады”, деген дана бабала­рымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік етсін. Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары. Ұлт мәселелерін шешудің әмбебап әдістері болмайды Егемендіктің елең-алаңы. 1991 жылдың 17 желтоқсаны. Тәуелсіздік жарияланған күннің ертеңінде Елбасы Алматыдағы Республика алаңындағы митингіде “Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, жалған сезімге тізгін бермейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым”, дегенін ұмытпағандар бүгінде некен-саяқ шығар. Алайда, ұмытылмайтын бір шындық – Тұңғыш Президентіміздің алдымен ауызбіршілікке шақырған сол сөзінің ақиқатқа айналғаны! Мына бір қызықты қараңыз. Жу­ырда дәл осыдан жиырма жыл бұ­рынғы Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің бірінші хат­шысы, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сол кездегі “Социа­лис­тік Қазақстан” газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның сұхбатын оқып шықтым. Терезесі тең сұхбат деген осы! Шерағаң да КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесімен – Қазақ­стандағы бірінші адаммен әңгіме­ле­сіп отырмын демей, талай түйткілді мәселелерді төтесінен сұрақ етіп қой­ған. Жауаптар да тағдырлы, те­рең байыптаулардан тұрады. Эконо­ми­ка тұралап бара жатқан, келеше­гіміз дүдамал, тәуелсіздігіміз әлі жа­рияланбаған тұс. Сұхбат Нұрсұлтан Әбішұлының: “Қазақстан – шет­елдермен жемісті байланыс жасай алатын, сөйтіп, халықаралық абы­ройға ие бола алатын зор респуб­лика. Тек соның кілтін табу қажет. Сол кілтті іздемесең, өзінен өзі қолға түсе бермейді. Не болғанда да бұл жүріс әйтеуір халқымызға қайтсек жақсылық жасай аламыз деген қам-қарекеттен туындап жатыр”, деген Америка, Канада сапарларына қатысты оймен аяқталады. Бұл бүгінгі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Елбасы айт­қандай, біздің қиялымызда да бол­­маған кез ғой. Сәуегейлік пе, саясаттағы сұңғыла дарындылық па бұл?! Содан бері егемендіктің дида­рын­да болған баянды тірліктерді тізбектей берсең, айтуға бәрі оңай сықылды. Ал саясатты да ұңғыл-шұңғылына бойламай-ақ, аузы боста сынай беретіндер жеткілікті. Алайда, сол жылдары тарихтың кезекті сындарлы кезеңдерінен халықты алып шығатын төте жолдың шырағы – татулық болғанын және бола да беретінін Елбасы ашық та, астарлап та айтып келеді. “Тәуелсіздігімізді алған кезде қазақтар 42 пайыз және қалғаны басқа ұлт өкілдері болатын. Жаңа мем­лекетіміздің шаңырағын қазақ­тармен бірге өзге отандастарымыз да көтерісті. Осыны ұмытпайық”, де­генді Елбасы саясат үшін ғана айт­пай­тынын есті адам біледі. Бұл – тарихи шындық. Бүгінде төрт тарабына түгел алаң­даған төбе би секілді, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырса, саясат желкелерінен шеңгелдегендей етіп жат жерге лақтырған өзге ұлттарды өгейтсітпеген кең пейілінің өтеуі сынды көрінетіні бар. Осы арада Елбасының “Адам баласы қай жерде жүрсе де, өмірге шыр етіп түсіп, ана әлдиін естігеннен бастап өзін қазақпын, орыспын, украин­мын, өзбекпін деп сезінеді. Адам бойындағы бұл сезімді қандай аса зор идеологиялық қарумен атқы­ла­саң да құртып жібере алмайсың”, дегені еске түседі. Ал тарихтың бедерінде өзгелер­мен өз ұлтынан болмағаны үшін ғана өштесіп, қандасы болмағаны үш­ін жауласатын жабайы түсініктер­дің кесірінен болған қырғындар мен кикілжіңдер аз ба?! “Тарихтың парағы – кітаптың парағы емес қой”, дейтін Елбасы жаһандық тәжірибенің күнгейінен ғана емес, көлеңкесінен да тағылым алу қа­жеттігін алға тартып келеді. Бір кезде Адам Ата мен Хауа Ана­­дан тарап, дүниенің төрт бұрышына шашыраған адамзат баласы татулықтың тінінен айрылған алмағайып кезеңдердің бәрінде қанға бөгіп жатқан жоқ па еді?! Осының бәрін саралай келе Ел­басы тәуелсіздікті тұғырлы етер бір ұстын – Қазақстан халқы Ассам­­блеясын құрды. Елде тұратын барша ұлт өкілдерін Бәйдібек бабамыз армандағандай, бір үйдің баласын­дай, бір қолдың саласындай етуге көшбасшылық күш-жігерін де, тұл­ғалық парызын да салды. Өзгелер де ақымақ емес, Мем­ле­кет басшысының барлық кезде зә­ре­дей де жасандылықсыз татулыққа шақырып, ала қойды бөле қырық­па­ғанын барша қазақстандықтар біледі. Егер елімізде бір де бір адам отан­дасын, көршісін, жұмыстағы әріп­тесін өзге ұлттың өкілі болғаны үшін ғана кінәламаса, алакөзденіп, алау­ыздыққа ұрынбаса, бұл да мемле­кет­тік саясаттың жемісі, өркениетті­ліктің белгісі. Бір қарағанда, қоғамдық инсти­тут сияқты ғана көрінетін Ассам­блеяның қызметінде сан мыңдаған адамның тағдыры, тілегі жатыр. Оған егемендіктің өне бойындағы ке­лелі істер куә. Қазір Қазақстан хал­қы Ассамблеясына айналған ір­гелі ұйым отандастарымыздың үлкен мінбері болды. Ассамблеяның ал­қа­лы жиындарында әрбір халықтың өз болашағын өзі таңдауға құқы бар­лығы, алайда, оны жүзеге асыруда басқа этностардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілмеуі керектігі айқын көрініс тауып келеді. Осыдан бақандай 13 жыл бұрын Елбасы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында: “...Ассамблея мә­селесіне келетін болсақ, енді қазақ­тың басынан өткен нәубетті жас­тарымыздың басына бермесін. Біздің кезімізде болмаған тарих деп оны зерделемеуге болмайды. Егер та­рих­тан ешқандай қорытынды шы­ғар­май­тын болсақ, онда қалай алға қа­рай жылжитын ел боламыз”, деп 20-21 жылдары және 29-32 жылдарды аштықтан қырылған, 37-нің реп­рес­сиясынан шейіт болған азаматтарды еске ала отырып, солардың аруағына басымызды ие отырып, жарқын бо­лашаққа қызмет етуге елді шақырған еді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездерде құрбан болған қазақтың топжарған азаматтарын азалап, сол нәубеттер елдің басын кесіп алғандай болып, 60 жылға дейін бас көтерер боз­дақ­тарсыз, елдің сөзін айтар азаматтар­сыз қал­ғанымызды айтып, осыны ұмытпауы­мыз үшін Ассамблея жұ­мысын сан-салалы қызметке қа­тыс­тырып, жүргізіп келе жатқанын айтады. Айтқандай, 13 жыл бұрынғы сұхбат демекші, дәл сол 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланғанын ел ұмыта қоймаған болар. Бұл да кездей­соқ­тық немесе кезекті саяси шара емес еді. Қалай десек те, Одақ ыдыра­ғаннан кейін де татулық дейтін ең үл­кен ырысынан айырылмауға ұм­тылған Қазақстан 15 одақтас рес­пуб­лика ішінен ішкі саяси тұрақ­ты­лығымен ерекшеленген ел болды. Та­рихқа тағзым көрсетіп, тәуелсіз­дік­ті тұрлаулы етуге ұмтылған аумалы-төкпелі күрделі кезеңнің бірі еді ол да. Шежіреге айналып бара жатқан бір мүшел бұрынғы жыл­дар­дың өзінде “орыс мәселесін” көте­ретін, казачество проблемасын алға тартатын, тіл мәселесінен түйткіл іздейтін арандатушылар табылатын еді. Сондай кезде Елбасының: “... Бізде “саяси тұрақтылық бар” деп қайталай бергенше, оны ор­нық­тырып, нығайта түскен жөн, оның үстіне Қазақстанда көптеген ұлт өкіл­дері тұрады. Біле білсек, бұл – біздің рухани байлығымыз. Ендеше, сол алуан ұлттың өкілдеріне жағдай туғызу Елбасының да міндеті емес пе? Оның үстіне ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанға ұйғырлар мен дүнгендер, Столыпин реформасы кезінде орыс пересе­лен­дері, отызыншы жылдары кәрістер, Ұлы Отан соғысы жылдары Сол­түстік Кавказ халықтары, қалмақтар, Ресей немістері қоныс аударды. Олар Қа­зақ­станды екінші Отаным деп бі­леді”, – деп ұлан-ғайыр даланы бірге мекендеген этностарды бауы­­­­рына тарта сөйлейтінін және осыны нақты тірліктермен дәйектеп келе жатқанын отандастарымыз анық сезінеді. Осы арада Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның: “Ұлттық идеяны ұлттық астам­шылық идеясына айналдыру ешбір этносқа опа берген емес”, деген ұс­та­нымын жарқын келешекті көксе­ген әрбір қазақтың, әрбір қазақ­стан­дықтың түсініп келе жатқаны ға­нибет екенін айту керек. Әйтпесе, жоғарыдағы бастамаларына орайлас Елбасының “Қазақ халқы жиыр­ма­сыншы ғасырдың бүкіл өне бойында өзге халықтар түсінде көрсе шошып оянардай қасіретті оқиғаларды бастан кешірді. Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алатын қайратына таңқаламын”, дейтіні бекер ме? Ел болайық деген адал ниетке сүйеніп, тәуелсіздігіміздің өн бой­ын­дағы ілкімді тірліктерді саралайтын болсақ, мемлекетті қалыптастыру­да­ғы барлық әрекеттерді зердеге сал­ғанда, Мемлекет басшысы бірінші кезекте ауызбіршілікке арқа сүйеп, ынтымаққа иек артқанына ұдайы куә бола бересің. Тіпті, бабаларымыз да бір күн ұрыс болған үйдің ір­ге­сінен қырық күн қырсық кетпейті­нін айтпап па еді. Үлкен саясатты айтпағанда, берекесі кеткен шаңы­рақ­тың шәйі қойылмай, баласы бағылмай, оты жағылмай қалатыны әлімсақтан аян ғой. Жүзден астам ұлттар мен ұлыстарды ұйытпақ тү­гілі, бір отбасының берекесін келті­ріп, ынтымағын жарастырып оты­ру­­ға да саясат керек, ақыл мен пара­сат­қа суарылған сабыр, сыйластық қажет екендігін есті адам ұғады. “Тарихымыз бізді көп ұлтты ел ретінде қалыптастырды. Бұл біздің кемшілігіміз емес, керісінше, бізді томаға-тұйықтықтан сақтап тұратын фактор. Солай болғандықтан, біз бар­лық қазақстандықтарды бірікті­ре­тін ортақ ұғымның төңірегінде топ­тасуымыз керек. Қазақстан халық­тары Ассамблеясын Қазақстан халқы Асссамблеясы деп өзгерткенімізді қоғам түсіністікпен қабылдап отыр ғой. Бізде халық біреу – Қазақстан халқы. Түптеп келгенде, біз осы идеологиялық қадамның қазақтың ұлт ретінде әрі қарай нығаюына, этностық топтар өкілдерінің жәй ғана қазақстандық тұрғын емес, ділі мен дүниетанымының қазақстандық рухта қалыптасуына барынша ықпал ету жағын басты нысана етіп алуы­мыз керек. Бұл жолда қазақ халқы­ның алдына өзге этностарға өзінің рухани құндылықтарын сіңіре оты­рып, тұтастай елдікті қалыптас­ты­руға қатысты тарихи рөл жүктел­мек”, дейтін пайым да бірлігі жа­рас­қанның тірлігі тапшы болмайтынын терең түсінген Ұлт Көшбасшысының ұстанымы екенін тануға елден асқан ерек қабілеті керек емес. “Ауызбіршілік жоқ жерде еш­қа­шан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес, жаулықтың ең үлкені, ең қиы­ны – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау”, деген сөзді Елбасы ата-ба­балардың өсиетіне балап айтқанына ең қиын кезеңдерді еңсеріскен ел сенеді. Әу бастан-ақ, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: “Ұлт мәселелерін шешудің әм­бебап әдістері болмайды”, деп кесіп айтқан болатын. Ұлттық мәселелерді ұлттарды сыйлау, құрметтеу, дәстүрі мен тарихын, тілі мен ділін қас­тер­леу арқылы ғана, адамгершілік жо­лымен шешуге болатынын көш­бас­шысымен қосыла ұққан қазақтың, Қазақстан халқының көрер қызығы мұнан да кемел. Айнаш ЕСАЛИ.