23 Қазан, 2010

Бұл – тұлпардың шабысы

548 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ теннисші қызы Зарина Диас әлемнің ең күшті теннисшілерінің бірі Елена Янковичті тізе бүктірді Мәскеуде беделді теннис жарысы өтіп жа­тыр. Кремль кубогы АҚШ, Австралия, Фран­ция, Ұлыбритания ашық біріншілігіндей бол­мағанмен, күндердің күнінде оны сондай дәре­жеге көтеру орыс ағайындардың көңілінде жүргені анық. Жүлдеге бөлінген қаржысы да қомақты – 2 миллион доллардан асады. Оған әлемнің ең мықты ойыншылары шақырылады. Биыл да солай болған еді. Бірақ жыл маусы­мының соңғы жарыстарының бірі бол­ған­дықтан, біраз үздіктер бұрын қатысамыз деп уәде бергенімен, жарақат алып қалғандықтан жарысқа келе алмады. Сөйтсе де, қазіргі әлем­дік рейтингі жетінші орын болғанмен, кезінде әлемнің бірінші ракеткасы биігіне де көтеріл­ген сербиялық Елена Янковичтің қатыс­қанының өзі не тұрады! Бүгінгі әңгімеміз де сол атақты теннисшіге де қатысты болып отыр. Қазақтың теннисші қызы Зарина Диас ширек финалда онымен күш сынасты. Жасыратын несі бар, теннисші қызымыздың жеребесі Янковичке түсті дегенде, жүрегіміз зырқ ете қалған. Басқа бір өзімен деңгейлес ойыншымен кездескенде ғой, енді меселі қайтып қалмас па екен деп өкінгенбіз. Рас, Заринаның бұған дейінгі ойындары үлкен үміт күттірген. Ол ақтық ойындарға қатысу үшін үш кездесу өткізіп, бәрінде де жеңіске жетіп, одан кейін сол негізгі жарыстың алғашқы кездесуінде аргентиналық Хисела Дулконы да жеңгені бар еді. Әлемдік рейтингте 268-орындағы Заринаның 49-шы орындағы Дулкодан басым түскені бәрімізді қуантқан. Бірақ Янкович Дулко емес, ол талай мық­ты­ларды жеңіп, теннис тарихына өз атын ойып тұрып жазып үлгерген спортшы. Сірә, Еуро­спорт телеканалынан берілген сол кездесуді көрген адамның бәрі де жеңісті алдын ала-ақ Еленаға беріп, Заринаға жанашырлық сезіммен қараған шығар. Ал біз болмағанда тәжірибе жинақтар, мықты ойыншыға лайықты қарсы­лық көрсетсе екен деген оймен отырғанбыз. Күтпеген жағдай болды. Алғашқы сәттен-ақ Зарина мықтының алдында дегбірсіз­денбей, кемел ойын көрсетті. Бірінші геймнің өзінде-ақ көңілімізді сабасына түсірген. Есепті 5:0-ге жеткізгенде, бір геймді Еленаға бер­генінің өзін атақты ойыншы алдындағы әдеп­тей қабылдадық. Алғашқы сеттегі есеп – 6:1! Екінші сетті көп қобалжымай көрдік. 6:2 есебімен жеңді. Бұл нәтиже заңдыдай көрінген. Әдетте журналист ағайындар “тізе бүктірді” деген сөзді көбірек пайдаланады. Кейде ретті, кейде ретсіз қолданатынымыз бар. Тізе бүктіру деген күреске қатысты айтылса жөн дейміз-ау. Ал осы жолы Заринаның жеңісіне орай айтыл­ғаны өте орынды дер едік. Оның соңғы ұрған добын әлемнің саңлақ теннисшісі Янкович қайтара алмай, тізесін бүгіп тұрып қалған сәті жанкүйерлердің есінде қалатын-ақ шығар. Спортта кездейсоқ жайлар болады. Он жеті жасар қызымыз Зарина Диастың Елена Янковичті жеңгенін ойынның барысына қарап, кездейсоқтық қатарына қосқың келмейді. Янкович барын салып-ақ бақты. Ал Зарина кемел ойын көрсетті. Мұны біз хас тұлпардың шабысы дер едік. Тек сол шабыстан жаңылыс­паса екен деп тілейік. Зарина Диас ширек финалда мықтыны тізе бүктіріп, жартылай финалға шықты. Алдағы жарыстар қалай боларын кім біледі, қазіргісінің өзі үлкен жеңіс. Тұлпардың шабысын көріп қуандық. Мамадияр ЖАҚЫП.